ҰЛТҚА СӨЗ АЙТА АЛСАҢ
22.04.2025
71
0

Биылғы наурыз бұрынғысынан бөлектеу өт­ті. Өзі де мереке-мейрамға толы көктем айы ғой. Бұл жылы бүкіл планета жөнінен де, өз еліміз көлемінен де елеулі уақиғаларымен өзгеше өт­ті. Жұрт­ты Араб түбегіне елеңдетіп басталған бейбітшілік келісіміне бей-жәй қарамап едік. Аты-насихаты айғайлап тұрғанмен, үміт – бәсең, күдік – басым болды да, «береке берсін» деп бет сипадық…

Дәл сол тұста күллі еліміз ауқымында нау­рыздың 10 күндік мерекесі басталып жатқан. Тойладық.
Одан да маңызы биік болып, біздің назарымыз көбірек ауған құбылыс, ол — елімізде жыл сайын өте бастаған Ұлт­тық құрылтай болатын. Жасырары жоқ, ай бұрын Астанаға әдейілеп жетіп, Бурабай жаққа айтулы жиынға баратын кісілерге жолығып, «Құрылтайда не айтасыз?» деген әңгіме, сұхбат­та болғанбыз. Кейде үй төбесіне шығып, айғайлағаннан гөрі сөз өтер кісіге жақын келіп жайы­мен айтсаң жақсырақ естілетіні бар. Ұлт сөзін айтатын азамат­тарға сол үшін де жолыққан­быз. Құрылтайдың өту барысын ақпарат көздерінен жылт еткенін жібермей қадағаладық.
Соңынан Құрылтайға барған көңілжетер жігіт­термен, ішінара, жалынды жастармен де қайта жолығып, Құрылтайдың сахнаға дейінгі айтылған сөзден тартып, сөз айтылғаннан кейінгі әңгімелерге дейін көңіл аудардық.
Құрылтай өкілдері бір-бірін қолдап көтерген соң барып, жолға қойылған нақты істің бірі – Арқалыққа жол салу. Ол дегеніңіз, шын мәнінде, Ұлт­тық мега жоба. Ол — игілігі қазаққа тиетін қызмет.
Білім беру саласына да біраз ұсыныс айтылған. Елдегі он мың мектептің әрбіріне кемінде 30 білікті педагог керек болса, ол — үшжүзмыңдық ірі қосын деген сөз. Құрылтайда білікті ұстазбен қоса, «Тәрбиелі білім» идеясы алға қойылды. Ол дегеніңіз – идеология. Ол — ұлт­тық мемлекет құрудың басты тұжырымдарын белгілеу және күллі халықты соған жұмылдыруға маңыз беру деген сөз.
Президент сөзінде Ермұрат Бапи қатарлы депутат­тар діни ағымдардың әсеріне алаңдаушылық білдіргенін айта келіп, дін ұлт­ты біріктіруге қызмет етуі керек екенін ескерт­ті. Осыдан кейін сұрақ туады. Егер дін ұлт­ты біріктіруге қызмет ете алмаса ше? Шынында, 73 ағымға бөлінген біздегі басты дін, ол үміт­ті ақтай ала ма? Ақтап жатыр ма?! Ақтамаса ше?!
Қайрат Жолдыбай мырза «Уағызшыларға лицензия берейік» дейтін көрінеді. Лицензиясы бар молда не айтуы мүмкін? Ғылым сағат санап дамып жатқанда, әлдеқандай мұғжиза сенімге ұрпағы ұйып қалған ұлт ол, ұлт болып қала ала ма, сақтала ма? Бұл да Ұлт­тық құрылтай көтерген «күйіп тұрған мәселе» (солай деп пост та салған­быз). Ермұрат­тың ғана емес, ардагер аға, мәжілісмен Бақтықожа Салахаддинұлының да аталған мәселе бойынша алаңдаулы екенін естігенбіз.
Академик Асқар Жұмаділдаев Ұлт­тық ғылым академиясының қызметі, қаржылануы және ғылымның үш саласын дамыту туралы батыл әрі нақты бағыт ұсынды. Ол ұсыныстың жалпақ жұртқа жетуі де құрылтай платформасының мүмкіндігі.
Ақын-жазушы – сөз айтатын және айта алатын адам.
Ол – ойындағысын жеткізу, жазу қолынан келетін жан. Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов те Ұлт­тық Құрылтайға қатысып, ұлы жиынның басы-қасында болып қайтқан. Алматыға оралған бет­те біраз қаламгердің басын қосып, жиын ашты. Ол — Ұлт­тық құрылтайдың, шын мәнінде, ұлт­тық платформаға айналғанын тебіреніп отырып, дәйекпен жеткізді. Оның ойынша, «осындайда жазушы қауымы ұлт­тың рухын қолында ұстауға тиіс. Оны қазақтың рухын сусытып, қолдан шығарып алмауы қажет».
«Қаламгерлер де Ұлт­тық құрылтай көтерген ауқымды ойларды тани алуы, талдай алуы керек. Оны тарата білсе тіпті оң болар», – деді Одақ төрағасы.
Айдос Сарымның «Біз кімбіз, қайдан келдік, қайда бара жатырмыз?» және «Кім болуымыз, қандай болуымыз шарт?» деген сұрақтарға жауап іздеген ұлт­тық идеал сөзі де тыңдаушы жүрегіне жеткені көрінеді. Оның Құрылтай мінбесінің ұлт­тық рухын бейнелегеніне жұрт сүйінген. Бұндай ой жерде қалмас деген. Ұлт рухының тізгіні қолыңда болсын, қаламгер! Сусып кетпесін!

Алмас АХМЕТБЕКҰЛЫ,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының Басқарма мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір