ЕЛ-ТҰТҚА ҚАЙРАТКЕРДІҢ ҰЛТҚА ҚЫЗМЕТІ
18.04.2024
237
0

Беу, дүние ай! Әне-міне дегенше Секе деп халқы әспеттеген Сейдахмет Құттықадам ағамыздың қырық күндік аза тұту, ас беру күні келіп жетіпті. Осы, қамшының қысқа сабындай келте ғұмырда Секең артына қандай мұра қалдырды десек, «шорт-лист» хабарламасы қайраткер ағамыздың адами-тұлғалық, қоғамдық-саяси, рухани-ағартушылық сегіз қырлы, бір сырлы қасиетін толық ашып бере алмайды екен.
Саясат пен саяси толғауда, қоғамдық пікір қалыптастыру мен ой тұжырымдамасында, өз ойын жеткізуде қалың бұқара халық алдында кез келген кемшін тұсты, келте ойды парасатпен тәржімалай түсіндіре білген, саясат ұғымының жарқын беті мен көлеңкелі тұсын қазақ қоғамының ішіндегі қазақтілді оқырман мен орыстілді оқырманға екі тілде бірдей жеткізіп, қазақтілді зиялы қауым мен орыстілді зиялы қауымды мемлекет құрылысының ісіне жұмылдырған, біртұтас ұлт болып ұйымдасудың ұйытқы формасын тапқан, мемлекетіміздің ішіндегі ұлт-аралық ішкі саясаттың өзіндік моделінің өрбуіне де үлес қосқан Секең еді. Қазақ қоғамына, мемлекет құрылыс ісіне «коммунистік» партия, «Отан» партиясы, «Нұр-Отан» партиясынан өзге де саяси партиялар мен құрылымдар, ұйымдар керегін, «үкіметтік емес ұйымдардың» тарихи сұраныста екенін, «оппозицияның» қажеттігін өз деңгейінде билік пен халық арасында түсіндіре білген, тыңдата алған да Сейдахмет ағамыз еді. «Тамшы тас жарады» деген қазақ мәтелін ұстанған ойшыл ұстаз осы парадигмаларымен биліктегі тұлғалар арқылы қазақ қоғамының саяси трансформациясына, саяси реформалардың теориялық бастауына мұрындық бола білді.
Қазақ жұртшылығына айта кететін бір жайт, бүгінгі Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасының қалыптасу тарихына алғаш рет қалам тартқан да – Секең. Қазақтілді оқырмандарға қазақ-қытай шекара тарихын кең көлемде баяндаған – Қабдеш Жұмаділов ағамыз. XVIII-XIX ғасырдағы қазақ-қытай этностарының тұрмыстық, мәдени, экономикалық байланысы осы ақжолтай-ардагер жазушы ағамыздың «Соңғы көш», «Тағдыр» романдары арқылы Тянь-Шань сілемінің Тарбағатай, Барлық, Сауыр, Мұзарт таулары арқылы екі ел арасында шекара сызығы жүргені туралы оқырманға баяндалса, Сейдахмет Құттықадам мемлекеттік шекараның бөліну принципі, шекараның түрі, қазақ публикациясында делимитация, демаркация, редемаркация, ректификация сөздерінің мемлекеттік шекара терминдерін енгізіп, осы сөздердің қазақтілді баламасын тауып, қолданылу аясын айқындаған болатын. 2017 жылдары Қазақстан Республикасының сол тұстағы Президенті Н.Назарбаев: «Қазақта мемлекеттік шекара болмаған, шекараны мен айқындадым, сырт елдермен жерге таласпау, қазаққа көз алартпау менің арқамда болды», – деген «сәуегей» сөзін айтқанда, Секең 1990 жылдардан бастап түрлі мемлекеттік құрылымдарда сарапшы қызметінде жүріп өзінің ел шекарасы, қазақ жерінің тарихы, шекараның теориялық аспектілері туралы қалың оқырманға қазақ тілінде де, орыс тілінде де мақалаларын қарша боратып, осы мақалалардың соңы сүбелі монографияларға айналған.
Түрлі жоғарғы оқу орындарындағы ғылым докторларынан бұрын еліміздің Шығыстағы шекарасының айқындалу кезеңін, нақты уақытын, қай мемлекет пен қандай мемлекеттер арасында қандай келісімдер, қандай протоколдар арқылы жүзеге асырылғанын, қазақтың оңтүстік бағыттағы мемлекеттік шекарасының Орталық Азия мемлекеттерімен (Қырғызстан, Өзбекстан, Түркменстан) ұлт­тық межелену, жер-су реформалары арқылы жүзеге асырылғаны туралы егжей-тегжейлі жазып, Солтүстіктегі көршіміз Ресеймен әкімшілік-территориялық бөліністің мемлекеттік шекара бөлінісіне алып келу принциптерін айқындап көрсеткен, қазақ елінің теңіздегі шекарасының бөліну принципінде Вена конвенциясына, халықаралық конвенцияларға сілтеме жасап нендей басымдыққа мән беру керегін айқындаған жұмыстарда Қазақстанның сыртқы істер министрлігіндегі қызметкерлері емес абыз публицист ағамыздың атқарған қызметі өте зор.
Атадан абадан ұл боп туған асыл ер, қазақ қоғамының көкпар қазанында ой толғаған абыз ұстаз, рухың жәннаттың төрінде шалқысын! Артыңда қалған ұрпақ пен қазақ елі елдік пен егемендіктің баракат тұрмысын көрсін!

Ғабиден ЖӘКЕЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір