ҚАЙТСЕК «БІЛІМДІ ҰЛТҚА» АЙНАЛАМЫЗ?
26.03.2023
858
0

Еліміз «Білімді ұлт сапалы білім беру» ұлттық жобасын қабылдағалы біраз жыл болды. Білім мен ғылым саласында көптеген өзгерістер болып жатыр. Ұстаздардың беделі туралы арнайы заң қабылдап, жалақылары жыл санап өсіп келеді. Десе де, бұл сала да түйткілді мәселелер өте көп. «Қайтсек білімді ұлтқа айналамыз?» деген сұрақ кім-кімді де толғандырары хақ. Осы сұрақты әртүрлі сала мамандарына қойып көрген едік.

 

БАЛАНЫ ЕРТЕ ДАМЫТУДАН КЕШ ҚАЛЫП КЕЛЕМІЗ

Жанұзақ ӘКІМ, ғалым, қоғам қайраткері

Елді алға жетелеуші негізгі күш – ғылым мен білім. Білім жүйесі жоғары деңгейде дамыған ел Жапония екені баршаға мәлім. Әрі бұл халық бізге менталитеті жақын, Алтайдан тараған ағайындар болып келеді. Жапондар бес жасқа дейін балабақшада еркін ойнату арқылы баланың жан-жақты ой-өрісін қалыптастырады. Адам интеллектісінің 40-42 пайызы 5 жасқа дейін, 70-73 пайы­зы 7 жасқа дейін, 90-95 пайызы 15 жасқа дейін қалыптасады екен. Міне, жапон халқы баланы бес жаста, яғни интеллектісі қырық пайызға дейін дамып болған соң даярлық сыныбына беріп, аптасына 51 сағаттық системамен он екі жыл оқытады. Ал бізде алты жаста даярлық сыныбына қабылдап, жеті жаста, ақыл-ойы жетпіс пайызға дамып қоятын кезеңде бірінші сыныпқа қадам бастырады. Аптасына қырық бір сағат­тық жүктемемен он бір сынып оқиды қазақ балалары. Осы негізге сүйенсек, он сегіз жасқа келіп мектеп бітіргенде жапон балалары қазақ балаларынан 6000-6400 сағат артық оқитын болып шығады. Жапондықтар мектептен соң бакалавриатты төрт жыл оқиды, осы кез­де қазақ түлектері манағы жапондар он сегіз жасқа дейін игерген білімге мектеп тәмамдағаннан кейінгі төрт жылдан соң барып жете алады. Көрдіңіз бе, өмірден қалу деген осылай басталады.
Университет бітіргеннен кейін басқа мәселелердің шеті шығады. Жұмыс істеу, отбасын құру… Магистратура, докторантура оқу қажет… Жапондықтар бұл сатыларды да жиырма бес жасқа де­йін үлгеріп оқып алса, қазақ азаматтары әупірімдеп жүріп отыз жаста да оқуды кеш көрмейді. Уақыт ескерілмейді.
Бүгінгі күні біздің ғалымдардың ашып жатқан жаңалығы Батыс елдеріндегі ғылыми жаңалықтардан 15-20 есе аз. Неге? Себебі олар кешікті, ғылымды уақытында игере алмай қалды. Содан артта қалып қойды. Бұл – бір. Келесі бір кемшілік – методикада. Еліміздегі жоғары оқу орындарының көбі әлі күнге дейін Ресейдің методикаларымен оқытып келеді. Ал Ресей ЖОО-ның методикасы – немістердің XVIII-XIX ғасырдағы университеттерінің білім методикасының көшірмесі.
Батыста методика үш деңгейден тұрады. Бірінші – білу, екінші – ұғыну, үшінші – даналық, яғни бала білімді біліп қана қоймай, оны ұғына отырып, түсінгені бойынша өз ойын дамытады. Бізде тек білу деңгейі ғана қарастырылған.
Қазіргі қоғамды алға жетелеуші инновациялық технологияның негізгі саласы болып есептелетін кванттық технологиялардан да Батыс елдерімен салыстырғанда, шамамен жүз жылға артта қалып қойдық. Копенгалинде Кванттық физика институты 1923 жылы ашылған. Тап осы бағытта бізде тіпті бірде-бір маман жоқ. Сондай-ақ инновацияны дамытудан елу-алпыс жылға, адам капиталын дамытудан қырық-елу жылға арттамыз.
Қазақстанда бес түрлі мектептер бар: Назарбаев интеллектуалдық мектебі, Түрік-қазақ лицейлері, орыс тілінде сабақ беретін мектептер, аралас мектептер және қазақ мектептері. Осылардың ішінде, жасыратыны жоқ, қазақ мектептерінің білім деңгейі төмен. Бұған қашықтан оқыту кезінде көзіміз жетті. Өйткені қазақ ата-аналарының дені баланы қатаң талаппен қадағалай бермейді. Тәрбие де осал болып тұр. Бастысы, бала тыныш отырса болды деп қолына телефонды беріп қоямыз. Бала да тик-ток, ютуб қарағанына мәз. Ал оның уақыты өткен сайын интеллектісі де кемшін түсіп бара жатқанына ешкім мән бермейді. Алматы қаласында Мантессори методикасымен балаларды ерте дамытатын жиырмаға жуық мектеп бар. Бәрі де – орыс тілінде. Бірде-бір қазақ сыныбы да, қазақ мектебі де жоқ. Міне, көрдіңіз бе мәселе қайда жатыр? Дамыған елдердің қатарынан көрінеміз десек, қазақ балаларын ерте дамытуды кешіктірмей қолға алу қажет.

 

ТАМЫРСЫЗ ҰЛТ ДАМУҒА БЕТ БҰРМАҚ ЕМЕС

Айгүл ЖҰМАДІЛ, ақын, мектеп мұғалімі

Саналы ұлт, сауатты ұрпақ туралы әңгіме қозғалса, кезінде Алаш зиялыларының Жапон елімен серіктес болуға ұмтылуы менің де ойыма орала береді. «Азуы алты қарыс Америка емес, өздерін ақсүйек, ұлы санайтын Ұлыбритания емес, қасында отырған Қытай емес, әйтсе де «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» дейтін қазақтың сонау Жапон еліне неге аңсары ауды екен?» – деуші едім. Көкейдегі осы сауалға кешегі стадионда шашылған қоқысты жинап, шешінетін бөлмелерін жуып-тазалап, оригами-аққулар жасап, тізіп кеткен жапон спортшыларының, бауырлас Түрік еліндегі 7-9 балдық жер сілкінісінде міз бақпай тұрған жапон құрылысшыларының салған үйлері, ұшақтарының 3 минут кешіккеніне басын иіп кешірім сұрап тұрған әуе жолы компания басшыларының іс-әрекеттері толық қанағаттанарлық жауап болғандай. Әлемді мойындатқан ғылым мен техникаға қалай қол жеткізгендері осыдан-ақ белгілі емес пе? Ал осылай боларын 100 жыл бұрын болжай алған арыстарымыздың әулиелігіне қалай басыңды имейсің!
«Еліктеуден солықтау жаман» деп, әркімге бір бас шұлғып, көрінгеннің қаңсығын таңсық етеміз деп, талай жолдан жаңылдық-ау осы. Тәрбиенің алдына білімді қойып білгірсідік, соның ішінде ұлттық тәрбиеден қол үзіп – өзіміз ғана емес, ұрпағымызды да адастырдық.
Ешкімнен ештеңені көшіретін де, ешкімге еліктеп, соңынан еріп кететін де жөніміз жоқ еді. Жүздеген емес, мыңдаған жылдардың сынағын мыңқ етпей өткізетін, тәрбие мен білімнің қазынасын мол етіп жиып беріп кеткен ата-баба салт-дәстүрі, әдебиет-мәдениеті, таным-білімі, ілім-ғылымы бар емес пе еді? Соларды негізге алып, ұлт­тық идеологияны жолға қойсақ, бүгін Жапон елімен иық тіресіп отырмас па едік?..
Семенов Тянь-Шанский қазақтар туралы: «Бұларды оқытудың қажеті жоқ, салт-дәстүрлері түгел тұнып тұрған білім!» деген екен. Өзгелер солай тамсанғанда, өзімізден-өзіміз неге жеріндік? «Сөз мәйегі – мақал» деп, тәрбиесін де, тәлімін де, білімін де, ғылымын да сөзге жасырған, табиғат пен Тәңірін тең көрген, «Адалдық – ардың ісі» деп, адами құндылықты алтыннан да биік қойған, ала жіпті Алланың таразысындай ардақтап, аттап өтпеген, Айға қарап алдағысын, Жұлдызға қарап жылдағысын болжаған, жыланның уынан да дәрі жасап, тасқа тіл бітіріп, қыл аяғы қойдың да құмалағын сөйлеткен қазақ емес пе едік?
Тамырсыз терек құлап тынады. Ұлт­тың тамыры – тіл. Тілдің қорегі – салт-дәстүр, таным-мәдениеті. Тамырсыз ұлт дамуға бет бұрмақ емес. Дамимыз десек, тамырымызды қоректендіргеніміз дұрыс болар. Бұл – бүгінгі күннің атқарылар ісі. Ертең кеш болады…

БІЛІМ АДАМЗАТ ИГІЛІГІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТКЕНІ ЖӨН

Әлібек БАЙБОЛ, жазушы-драматург

Ғылым мемлекеттің әлемдегі өзіндік орнын айқындау жолында аянбай еңбек ету керек. Ғылым мен билік қолтықтаса қызмет қылса, үлкен өзгерістер болады. Осыған шейін бұқаралық мәдениет, шоу-бизнес индустриясы халыққа айтарлықтай әсер етіп кетті, есеңгіретіп жіберді десем, артық емес. Енді, ғылым төрге озуға тиіс. Әйтпесе, ел ретінде жаһандық «ойында», асимметриялық соғыста, ақпараттық соғыста, идеологиялық соғыста, психологиялық соғыста, киберсоғыста, гибридтік соғыста ұтылып қаламыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазақстанның әскери доктринасына» түзетулер енгізіп, жаңа нұсқасын мақұлдады. Дұрыс шешім деп ойлаймын. Себебі әлемдегі геосаяси жағдай тұрақсыз болып тұр. Соғыс – адамды, адамдар топтасқан қоғамды, мемлекетті, жалпы адамзатты кері кетіретін фактор. Соғыс болған жерде даму болмайды, ғылым дамымайды, өнер өрістемейді. Техникалық және жаратылыстану ғылымдарының қолданбалы жағы гуманитариймен салыстырғанда жоғары болуы – заңдылық. Ендігіде әлеуметтік ғылымдар әлеуетін көтеріп, қолданбалы жағын ойластырып, оңтайлы етудің жолдарын қарастыруымыз керек. Жан-жағымызды соғыс пен пандемия жайлаған беймаза уақытта үкіметке ғылымды, өнерді, мәдениетті дамытқаны орынды. Республиканың басты базисы – осылар. Элитарлық топтың ниеті бұзылмай, елдікке бет алса дейміз…
Мемлекет даму үшін тарихи-мәдени таным, саяси, діни, қаржылық, заң сауат­тылық қажет. Ондай болмаған жағдайда, көптің бірі, көштің соңында қаламыз. Әгәрәки, халық білімді, сауатты болса, ол елдегі, әлемдегі әр реформаға өз үнін қосып, пікірін білдіріп отырады, жамандықтың алдын алып, жақсылықтың жаршысы деңгейіне дейін көтеріледі. Ал республиканы құрайтын, бұл – халық. Мемлекеттегі күрделі өзгерістер мен модернизациялардың дұрыс-бұрысын да айтатын – ел-жұрт. Жаңалық адам үшін, мемлекеттің тұрғындары үшін ашылады. Білімсіз елді де, тобырды да басқару, басып алу, ерінбегеннің аузында жем боп кету де – оңай. Біз жасампаз ұлтқа айналуымыз керек. Бұл дегеніңіз – әдебиет, мәдениет, тарих, өнер, ғылыми-техникалық революция, білім әлеуетін көтеру, жаңа өндіріс орындарын салу, халықты мейлінше жұмыспен қамтамасыз ету, оны расында да «адами капитал» екендігін сезіндіру. Бүгінгі әлем – ашық, бүгінгі әлем – жаңа форматқа көшкен әлем. Жазған дүниеңді бір сәтте-ақ Америка я Австралиядағы әріптесіңе жолдай аласың, технология сондай тамаша мүмкіндіктер сыйлауда. Бір байқағаным, жаһан технократияланып барады. Жақсы жері көп, әлбетте. Жаман жерін айтайын, адамның жүрегі қатайып, мейірімсіз болып бара жатыр. Үлкен тұрмақ кішінің өзі адам өміріне, сезіміне, тұлғалық қасиеттеріне селт етпейтін болды. Техника қарыштап дамығанымен де, адамның жаны руханиятты, эстетиканы, биік армандарды, ерліктерді аңсап тұрады. Бізге шейінгі талайлаған өркениеттер тіршілік кешкен, небір ұлы ғылыми жаңалықтар ашылған, мәдени жәдігерлер жасалған. Ойды жаманға да, жақсыға да бағыттауға болады. Атом бомбасын ойлап тапқан – ғылым мен ой. Дәл сол секілді атом электр стансасы да ғылымның игілігі, бірақ алғашқысы адамзатқа қарсы жұмыс жасаса, екіншісі ел үшін қызмет етуде. Қазіргі кезде жазушы үшін тың тақырыптар табылуда. Автор – транзистор, тасымалдаушы, жанның сөзін жеткізуші. Адамзат мұңын қозғау әуелі жүректен басталады. Жүрек не затқа ауырса, жүрек шіркін нені қаласа – соны адамзаттың игілігіне айналдырған жөн. Ғылым мен білімді де руханиятпен ұштастырып дамытқанда, оң ықпалы зор болмақ.

Әзірлеген Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір