«Тура сөзін айта алмаған»
16.01.2024
212
0

Газетіміздің №51 (22.12.2023 ж.) санында академик Ғарифолла Есімнің «Абайды оқырманнан адастырмайық» ат­ты мақаласы шыққан болатын. Абайтанушы, ғалым Тұрсын Жұртбай мен Сұлтан Ыбырай бірлесе жазған («Егемен Қазақстан», 26.12.2023 ж.) «Жан және «Еуропаның жағалауы» мақаласында келтірілген тұжырымдарға қарсы уәжін айт­қан философ: «Ендігі абайтану ілімінің жаңа арнасы Эдуард Бенкеден басталады деп, сен Абайды білместігіңді немесе білгің келмегендігіңді жария етіп отырсың. Христиан ілімінің насихатшысы Эдуард Бенке кім? Мұсылман әлемінің ғұламасы Абай кім?
Тұрсын мырза, сен философияның нендей білім саласы екенінен хабарсыз екенсің. Айтайын, философия – Еуропада қалыптасқан материалистік, атеистік білім саласы.
Абай философияны білген, бірақ мойындамаған. Абай – ойшыл, дін жолындағы мұсылман», – деп қорытындылаған еді сөзін. Басылым бетінде жарияланған осы мақалаға байланысты ойын тарқата жеткізген Тұсын Жұртбай: «Абайдың жан қуаты туралы философиялық ойларын салыстыра талдаудың реті келді», – дейді абайтанудың жаңа бір белесін алға тартып…


Абайдың Жанның үш қуа­ты туралы пікірінің түпкі таным-тамыры туралы «Жан және «Еуропаның жағалауы» ат­ты мақаламызға орай өзінің «Абайды дұрыс зерделейік» ат­ты мағынасыз шаптығуында біздің бетімізді теріс қаратып қойып: «Тұрсын мырза, сіз философияның нендей білім саласы екенінен хабарсыз екенсіз», – деп, өзін «ұлт қамын ойлаған» абайшыл, ал бізді («Абай өмірде болмаған, ол – қолдан жасалған жалған тұлға. Оның өлеңдерін Ә.Бөкейханов пен А.Байтұрсынов, ал «Қарасөзін» М.Әуезов жазған», «Абай жолын» Л.Соболев жазған», «М.Әуезов Сталиннің фавориті» деп «жаңалық ашқан» шәкірт­тің ғылыми жұмысына жетекшілік етпесек те) Абайды «шоқындыруға ұмтылған «кәпір таным иелері» ретінде жексұрын етіп көрсетеді.
Мейлі. Десін. Білгені сол шығар. Ал Ғарифолла Есімді шамдандырып отырған («Пифагордың» (-?) да, Бенекенің де, жалпы батыстың да, сондай-ақ өзі жиырма бес жыл диамат­тан лекция оқыған матерализмнің де, тіпті Абайдың да еш қатысты жоқ) аталмыш мақаладағы «Тұрсын мырзаның»:
«Абайтану ілімі пайда болғаннан бергі жүз пәленбай жыл болғанына, Абайдың тек қана философиялық-психологиялық көзқарасына қатысты отыздан астам докторлық және кандидат­тық диссертациялар қорғалғанына қарамастан (Мысалы, «1-8, философтардың аты мен кітаптары аталады) және 9. Есім Ғ.Есім. Хакім Абай// Астана: Фолиант, 2012. -400 б.], олардың бірде-біреуі Абай анықтап тұрып атап өткен «жан қуа­тын»: «Подвижной элемент», «Сила притягательная однородного», «Впечатлительность сердца», – деп үшке бөлген анықтаманы кім жазғанын, Абай бұл түйінсөздерді қайдан алғанын, онда не айтылғанын көрсетіп бере алмаған. Зады, философ ғалымдар дәйексіз сөзден дәрмені таусылып, шарасыздығын мойындаған сияқты… Бұл үш терминнің – түйінсөздің төркінін тап­пастан, онда Абайдың философиялық, психологиялық көзқарасы туралы қандай пікір талдауы болуы мүмкін? Философтардың бір ауыздан: Абай – философ емес, исламист, жәй ойшыл – деп қысқа қайыра салғандарына біз де түсінбей келіп едік. «Түгел сөздің төркінін білмей», қалай докторлық, кандидат­тық диссертация қорғап, оқулық жазып, академик атанып, мемлекет­тік сыйлық алуға болады?» – деген пікірі.
Біз осы пікірімізді мына шаптығудан кейін де қайталап айтуға бармыз. Себебі мұнда нақты шындық айтылған. Философия мен психология ілімінен отызға жуық кандидат­тық, докторлық диссертация қорғаған философтарға Абайдың «жан қуаты» туралы нақты көрсетіп берген философиялық үш ұғымды – терминді кім, қашан, қай еңбегінде және қандай пайыммен айт­қаны беймәлім болған. Ғ.Есімнің өзі: «Абай жан қуатының үш элементін айт­қан. Сірә, оның оқыған кітабы орыс тілінде болса керек, сондықтан ол үш элемент­ті былайша атаған: «Подвижной элемент» – бұл тез ұғыну деген сөз; «Сила притягательная однородного» – ұқсас нәрселердің бір-біріне тартылуы; «Впечатлительность сердца» – мұнда төрт нәрсеге мұқият болу керек, олар – мақтаншақтық, пайдакүнемдік, жеңілдік, салғырт­тық. Бұлардан жүрек таза болғанда, әр нәрсенің сәулесі жүректің айнасындай анық раушан болып түседі, Олай болмағанда…» (Абай туралы философиялық трактат, А. Қазақ университеті, 2004,192 б.), – деп, (бұл терминді орыс­ша оқыған кітаптан алғанын дәп басып) әрі қарай Абайдың өз айт­қанын өзіне қарата ұзын-сонар қысыр сөзбен баяндап береді.
Ғылымның, ғалымның міндеті сол ма? Ал біз екеу­міз, «философия ілімінен сауатсыз» болсақ та, Абайдың философиялық көзқарасынан арнайы кандидат­тық, докторлық диссертация қорғаған отызға жуық философ-ғалымдар таба алмаған, дәлірек айт­қанда, қарымы жетпеген осы үш ұғымды: Абай кімнен және оның қай еңбегінен алғанын, олардың өзара ой сабақтастығын, яғни Абайдың ізденіп, тапқан ой-өрісін анықтап, соны жұртшылыққа қуана жеткізіп отырмыз. Сол үшін, сауат­ты, әдепті білім иесі жалған намыстанбай, соншалықты іштарлық танытпай: Абайдың жан қуаты туралы философиялық көзқарасын енді салыстыра талдаудың реті келді. Бұл бұрын біздің көзімізге түспеген дереккөзі еді. Енді, Бенекенің ол еңбегін қаперге алатын боламыз, – деп өзіне қарата айтылған пікірге өкпесі бар екеніне емеурін танытса, ешқандай зілсіз, түсіністікпен қабылдар едік. Ол үшін өзі өмір бойы су ішіп келген батыс философиясын қарғап-сілеудің, ғылымды Алланың бір аты ретінде таныған Абайды «философияны мойындамады» деп жалған пайымдаудың қажеті жоқ еді.
Сонымен, Ғ.Есім тақырып­қа қатысты «тура сөзін айта алмаған. Әйтпесе, неміс ғалымы Э.Бенекенің Абайға жақсылығынан басқа зияны тиген жоқ. Абай мен Бенекенің ой сабақтастығы, Ғарифолла мырза қалай ма, қаламай ма, қалайда зерт­телетіні кәміл. Ал біз, ілгеріде айтылғандай, «діт­теген мақсатымызға жетіп тынғанымызды сондай бір қанағат­танған сезіммен тағы да атап өткіміз келеді».

Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
Сұлтан ЫБЫРАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір