Ашық тарих театры
29.04.2025
578
1

Өлкебасын ақтық сапарға шығарып салу рәсімі бұл елде бергі тарихта болмаған биік дәрежеде ұйымдастырылды. Рас, бағзы заманның әлемді аузына қаратқан билеушілері қалай жерленгенін аңыздардан естіп, шежірелерден оқығандар болмаса көзімен көрген ешкім жоқ бүгінде. Десе де қазіргі өркениеті озық деген елдерде көшбасшы көсемдерін қалай құрметтейтінін көріп жүрміз. Әсіресе бұл елдердің жеке-дара билігінен әлдеқашан айырылып қалған «императорлары» мен «корольдарын» күні бүгінге дейін сары майдай сақтап, тұмардай тағынып жүргенін айтсаңызшы. Оларды қайтпас сапарына шығарып салғанда да «ас та, төк» қылып асыра шашылмаса да, жоқтағанның жөні осы екен деп сырт жұртқа көз қылып етегі толғанша еңіремесе де, қабырғасы қайысқан қайғысы мен сол қайғысына шақ салтанаты жарасып-ақ тұрады, әйтеуір.
Жайшылықта ғой ол елдердің бұқаралары жалақысы мен жағдайы үшін қаншама ереуілге шығып жатса да, құданың құдіреті бірі «төңкеріп тастаймын», екіншісі «қырып жіберемін» деп едіреңдемейді. «Тиынға тістері сынғанша» қасарысса да «арыстаны айға шаптым, ал айы бетімді тырнап алдың» демей әмісе, «қойы да аман, қасқыры да тоқ» болып, мамыражай күйге түсіп отырғаны артынан. Соған қарағанда, бұқарасы мен билігінің арасында біз білмейтін, білсек те қолымыздан келмей жүрген бір әдемі жарастық бар, әйтеуір.
Ол жарастық қайдан, қалай пайда болды? Ұлтының тегінде жатқан бекзаттығы ма? Әлде бір-бірінің ара қатынастарын заңмен әбден шегелеп тастаған сұңғылалығы ма? Әйтеуір, олардың араларында екі жағы да қия баспай қаздиып қалатын бір шекара бар. Кәдімгі аттамайтын ала жіп сияқты.
Бірақ «ақыл ауысады», «ырыс жұғысады» деген сөз ып-ырас па деймін.
Өйткені ата-бабасы ала жіпті аттамаған бұл елдің бүгінгі ұрпақтары сол дәстүрін ұмытып, керісінше, «тиынға тісін сындырғандар» еншіліп кеткендей көрінеді маған.
Құрысын, ескіні талақ етіп, мемлекетті жаңаша құрып жатырмыз деп бүкіл әлемге жар салған біздің елден беті аулақ десек те, әр нәрседен құлағдар болып отырғанның артықтығы жоқ-ау деп қозғап отырмыз бұл әңгімені.
Жә, тым ақылдымсып кеттім-ау деймін. Бұдан әрі өз тарапымнан ештеңе қоспай көргенімді көргендей, естігенімді естігендей ғана көркемдеп беремін.
Хош, сонымен, бұл елдегі Өлкебасының өмірден озуына байланысты үш тәулік бойы қаралы күн жарияланып, елдің Мемлекеттік Туы төмен түсірілді. Басқа барлық тірлік тоқтап, тек бұқаралық ақпарат құралдарынан қазанама қайта-қайта оқылып, азалы әуен азынап тұрды.
Арасында марқұмның үзеңгілес серіктері мен қоғамдағы әртүрлі топ өкілдерінің, зиялылардың, кәсіпкерлердің, қарапайым жұмысшылардың, білімгерлердің көкіректері қарс айырылған қоштасу сөздері мен көңіл айтулары беріліп жатты.
Үшінші күні таң сәріден бас қаланың үлкен театрына қарай қара жамылған жұрт лек-лек болып ағылғаны сонша, сәскеде оның ат шаптырым алаңында ине шаншар жер қалмады. Биліктің де қалағаны осы болатын. Сол үшін де бас қаланың тұрғылықтыларымен қоса, әр аймақтан ұшақ-ұшақ, вагон-вагон жұрт ебіл-дебіл жеткізілген-ді. Ондағы мақсат халқының Өлкебасын қалай қадірлейтінін бүкіл әлемге паш ету.
Марқұмның осы ниетпен абылып-қабылып жатқан командасы көзі тірісінде Өлкебасының «Менің жолым – елімнің жолы» атты еңбегіне алақанын басып тұрып «Менің жолым – көсемнің жолы, ол жолдан еш уақытта айнымаймын» деп шетінен ант бергендер-ді. Бұл енді баяғы «қаған» «сұлтан» деген көсемдерін жадынан айырған бодандықтан жаңа босаған елдердің жаңа дәстүрі болу керек, сірә. Құдайға шүкір, біз бұндай дәстүрді бойымызға дарытқан жоқпыз. Жағымсыз бірдеңе жұққандай тітіркеніп сілкіп тастадық. Ал бұлар «Өлкебасы» деп одырайтып атап, оған жаппай ант беруді жосық етіп алған. Сөйтіп, Өлкебасының «Менің жолым – елімнің жолы» атты еңбегі адамдар адамзат болғалы шыққан данышпандарын былай қойғанда аспаннан түскен кітаптардың өзін көлеңкеде қалдырып, бұл елдің бас кітабына айналып кеткен-ді. Тіпті биліктің орта, төменгі буындарынан үміткерлер де осы еңбектен сынақ тапсырып қана қызметке қол жеткізе алады. Ол аз десеңіз, бұл еңбек бүкіл оқу орындарында, үйірмелерде, қоғамдық ұйымдарда оқылатындықтан оның басты қағидаларын тілі шыққан баладан еңкейген кәріге дейін сақылдатып айтып берер еді. Дегенмен бес саусақ бірдей емес. Ел болған соң «бүйректен сирақ шығарғысы» келіп тұратындар да табылады, әрине. Міне, сол өздерін оппозициямыз деп атайтындардың мысын құртатын да осы жауаптар еді. Олар өздерінше ел өмірін жүз құбылтып жамандаса халықтың тоқсан пайызы «менің жолым – көсемнің жолы» деп жауап берген сауалнаманы алға тарта қояды. Бұған қанағаттанбаса референдумдар, мезгілінен бұрын сайлаулар өткізіп жібереді де, олардың нәтижелері тіпті тұралатып тастайды «бүйректен сирақ шығарғысы» келгендерді. Жалпы, мұндай нәтижелер қалыс елдерді де таңдайын қаққызып, бастарын шайқатқаннан арыға барғызбайтын. Сондай кісі еді ғой жарықтық. Әлемді аузына қаратқан шахматшылардың бес-алты жүрісті бұрын ойлайтын есебі Өлкебасының саяси ойындардағы жүрістерімен салыстырғанда, түк емес деуші еді білетін жұрт. Шынында да, қанша данышпан болса да әлемде чемпиондықты өмірінің соңына дейін ұстап қалған шахматшы кемде-кем. Күндердің күнінде, әйтеуір, одан мықты жас пері шығады да тәжін тартып алады. Ал бұл елдің Өлкебасының тағын жас пері де, кәрі пері де, тіпті топ пері де тартып ала алмады. Қанша айла жасап, небір комбинациялар құрса да қарсыластары жеңіліп қала берді. Тіпті оларға ел конс­титуциясы берген хұқықтардың өзі көмектесе алмады. Небір талқылаулардан өтіп қабылданды деген Заңдардың өзі шулер сапырған карталар сияқты жеме-жемге келгенде, қарсыластарының емес Өлкебасының пайдасына шыға беретін. Тіпті болмай бара жатса құзырлы органдар жауынды күнгі қозықұйрықтай қаулатып жіберетін түрлі нұсқаулықтар мен бұйрықтар заңның өзінің шәпкесін айналдырып, тағы да оппозиция үшін «кішкентай ғана қаратас, атан түйе тарта алмастың» өзі болып көлденең жатып алады.
Сондықтан да білетіндер Өлкебасын «өлместің емін таба алмас, өңгенің бәрін істейді» деп отырады екен. Айт­қандары айдай келді. Өмірінің соңына дейін билікті уысынан шығармай өтті жарықтық. Тірісінде ешкімге дес бермесе енді, міне, қаралы салтанатының өзімен-ақ о дүниеден бұ дүниеге қыр көрсетіп жатқандай.
Мынау үлкен театрды астанасының қақ ортасына кең-мол етіп, көркем піштіріп, өзі салдырды кезінде. «Бұл өнер ордасы арқылы өзіміздің кім екенімізді бүкіл әлемге танытамыз. Оның жаңа сахнасында бүгінге дейін бүркемеленіп жатқан ежелгі тарихымыздың шындығын көрсететін боламыз. Сол арқылы халқымыздың сан измдерден уланған санасын тазартып, келешекке деген құлшынысы зор жаңа ұрпақ тәрбиелейміз» деген екен қазығын қағып тұрып. Содан бері бұл өнер ордасына кие қонды деп сенген жұрт та оны Ашық тарих театры деп те атайтын.
Міне, сол Ашық тарих театрынан шығармақ еді оны ақырғы сапарға.
Ашық десе ашық болып қаралы қош­тасу теледидар арқылы күллі елдің көз алдында өтіп жатты. Экраннан еш нәрсе тыс қалмады. Қара киініп, бастарын төмен салбыратып алған сансыз лектер тура бір Отанынан айырылып, айдалып келе жатқан тұтқындар дерсің. Ал оларды жақын алғанда кейбірінің жүздерін көз жасы жуып тұрғаны да анық көрінеді. Тіпті жетектегі балалар да жылаған. Тек көтеріп алған сәбилер ғана ештеңенің мәнісін түсінбей ата-анасының бауырына тығыла түседі.
Көшені жағалай орналасқан кеңселердің тулары төмен салбырап, жетімсіреген жанның күйін кешіп тұр. Жайшылықта жайнаң қағып «кел мұндалап» тұратын дүкендер мен сауықханалардың есіктеріне қара мата ілініп, қабақ түйіп қалған. Автобус аялдамалары қаңырап тұр.
Осының бәрін қайта-қайта көрсете берген телекамералар, бірақ Өлкебасының денесі салынған табытқа бір жоламай-ақ қойды. Қоштасу рәсімі ресми басталғанда көрсетер, отбасы мен жақын туыстары да іште отырған шығар деп ойлаған жұрт бұған онша мән бермеді. Ақыры мерзімді сағат сәскелік 10:00-де соқты. Бірақ Өлкебасының денесі салынған табыт пен оның туыс-туғандарын көрсетпек түгілі меңірейген ғимараттың есігі ашылмады да. Міз бақпаған күйі мелшиіп тұрды. «Бұл қалай?» деген сұраққа қызыл байлаған жерлеу комиссиясының мүшелері «қазір», «қазір» деп сипақтатты да, артынша өздері де жер жұтқандай жоғалып кетті. Дегенмен төтеннен бірдеңе ұрып кетпесе халық шіркін мұндай қайғы үстінде сабырлы ғой. «Ел аман, жұрт тынышта қаралы жиынды кешіктіретін қандай жағдай» деп ашу шығармады азаматтар. Әсіресе алдыңғы лектегі мемлекеттік қызметкерлер мен олардың ардагерлері, Өлкебасы өз қолымен кеуделеріне алтын жұлдыз таққан Ел батырлары мен Еңбек Ерлері, ең биік атақтар мен марапаттардың иелері бір-біріне барлай қарағанымен әліптің артын бағып, тіпті тіс жармады. Дегенмен бес саусақ бірдей емес. Ойына келгенін аузымен айтып қалған бірен-саран шапшаңдар болды. «Шынында, көсеммен қоштасу неге кешеуілдеп жатыр?» – деп таңданысын сыртқа шығарды кеудесінде орден, медальдан бос жер қалмаған бір қарт қасындағы замандасына қарап. «Басқа сиятын гәп емес», – деп қоштады ол. Содан соң біреу-міреу әңгімемізді естіп қалмады ма дегендей жан-жақтарына жалтақтады. Ел бірін-бірі тыңдайтын халде емес екен. Шілденің түсті күтпей-ақ шақырая бастаған күнінен пана іздеп әлек. Қолшатыры жоқтары қол сөмкесін қалқалап, шанда-шанда біреуі газеттен қалпақ жасап жатыр. Ал арттағылар болса, алға ұмтылып бұларды ғимараттың есігіне қарай жапсыра түседі. Дегенмен билік партиясының оттан, судан өткен нағыз солдаттары емес пе, шыдап тұр алғы шептегілер. Тіпті жүрегі жамандары, өкпесі қысылғандары да. Не болса да саптан қалмаймын деп тырысады. Артындағылардың итергеніне қарамастан, әр жерден сампылдаған радиоға қарап емінеді. Ал радио болса, азынаған азалы музыкадан өзге жақ ашар емес. Сағат тілі оннан салбырағанына едәуір уақыт өтті. Бірақ ешкім ештеңе айтпады. Бұндай белгісіздікте сабыр да сыр береді. Әсіресе Республика даңғылындағы әлденеше шақырымға созылған шеруден маза кетті. Таңғы алтыдан бері тұрғандардың шаршағаны білініп, аяқтарын суыта алмай ары-бері қозғалақтатып әбігерге түсті. Көздеріндегі жас құрғап, жүздеріндегі азаны ыза алмастыра бастады. Күтудің шарасыздығынан шығатын ыза. Шерушілер бағана бір-бірінің қайғылы жүздеріне түсіністікпен қараса, енді түк түсінбей қарады. Таңертең ғана бір-біріне артық тіл қатуды әбес көрсе, енді әр дыбысқа елеңдеп құлақтарын тосады. Ақыры болмады. Базар саудасындағы әйелдер қайғылы шеруге келмейтін әңгіменің тиегін ағытты да жіберді. Кім біледі, қаралы митинг уақтылы басталса, халық та артық-ауыс сөзге бармас па еді? Әйтеуір, биліктің белгілеген межелі уақыты бұзылған соң, бұқараның аузындағы сөз де бұзылды.
– Ана, кеңсе қызметкерлерінің есебі түгел, – деді бір сылаңдаған сұрша келіншек шерудің алдыңғы легін нұсқап, – мұндай жиында тұра ма, жоқ жиналыста отыра ма қара көбейтіп, бәрібір жалақысы жазыла береді.
– Рас-ау, – деп қоштады оны қасындағы кекселеу қараторы әйел. – Олардың есебі түгел, ал біздің мұнда тұрған әр минутымыз өз қалтамызға ұрады.
– Жылыстап кетіп қалсақ қайтеді, – деді жылмақайлау келіншек.
– Кеткенде қайда барасың?
– Қайда болушы еді, базардағы орнымызға да баяғы!
– Базардың бар алымсағы осында тұр. Кіммен жасайсың сауданы?
– Тамақсыз отыра ала ма, халық? Кемпір-шал, бала-шаға болса да келер.
– Базарға кіргізбейтін де шығар қарауылдар.
– Сендер, алдымен, осы жерден шығып алыңдар. Әне, көрмейсіңдер ме? – деді бұларға бағанағы сұрша келіншек даңғылдың екі қапталына қаздай тізілген қара киімділерді көрсетіп. Сонысымен өзі бастаған әңгімені өзі тамамдағандай болды.
«Олар таңертең жоқ сияқты еді, әлде қайғырып жүріп байқамағанмын ба?» деп ойлады оларды жаңа көргендей болған кексе әйел.
Бірақ бұндай жерде бір басталған әңгіме қауға түскен ұшқындай ғой, оңайлықпен басылсын ба? Олардың әңгімесін көрші тұрғандар жалғап әкетті.
– Білемін, мен билікті, – деді пәтер кезегі он жылдан бері жылжымай зәрезап болып жүрген еден жуушы әйел, – олар өз таныстарын төте жолмен әкеліп, кезектен тыс кіргізіп жатыр театрға.
– Ең ақыры, марқұммен қоштасу үшін де тамыр-таныс керек болғаны ма? Не болып барамыз өзі? – деп бұлданды мұны естіген мұғалім әйел.
– Өздеріңе обал жоқ. Осылай болуын қалаған сендер емессіңдер ме? – деп табалады бақалшы әйелдің бірі оны.
– Біз нені қалаппыз? – деп ыршып түсті мұғалім әйел.
– Сыбайластықты!
– Мұғалім сыбайластықты қалай ма? Күлкімді келтірмеңізші!
– Күлетін түгі жоқ. Сайлау сайын бюллетендерді биліктің қалауынша сапырылыстырып, үнемі біздің дауысымызды ұрлап келесіңдер, – деп одан сайын нығырлай түсті бақалшы әйел.
Тура төбесінен түскен соң қапелімде ұтымды уәж таба алмады ма, әйтеуір, мұғалім әйелдің үні шықпай қалды. Есесіне бағанадан бері оларды үнсіз тыңдап тұрған ұзынтұра еркек іліп әкетті ары қарай.
– Жасасын, мұғалімдер мен биліктің сыбайластығы! – деп екі қолын шапалақтады ол, – Біздің қоғамымызды мызғымастай берік қамалға айналдырған осы сыбайластық.
– Әр мектептен комиссияға кіретін екі-үш мұғалім үшін бүкіл ұстаздарды жазғырғанша, өз жөніңізді жөндеп алыңыз, – деп тағы суырылып шықты сылаңдаған сұрша келіншек.
– Мен, не жөнімді жөндейді екенмін? – деп енді ұзынтұра өзінше бұлданды.
– Бүгін қараны – ақ деп, ертесіне көк деп, одан соң сары деп, кім ақшаны көп төлесе соның сойылын соға жөнелетін белгілі бекбике блогерді кім білмейді, білеміз сіздің жайыңызды, – деп өршеленіп кетті сұрша келіншек.
– Сірә, сен де мұғалім болғансың-ау, жауабың үнемі жанқалтаңда тұрады, – деп әйелдің өзіне жармасты тура жауаптан тайсақтаған ұзынтұра.
– Иә, мен мұғалім болғанмын. хұқықтанудан, әдептен сабақ бергенмін.
– Мұғалімнің жалақысын азырқанып саудадан мол ақша күреп алғың келген екен ғой, – деп енді ұзынтұра өршеленді.
– Жоқ, мен мұғалімдікті сіз ойлағаннан кеш тастадым. Ол кезде мұғалімнің жалақысымен жан бағуға болатын еді.
– Енді неге тастадың?
– Мұғалім қолжаулыққа айналып кетті. Ал менің қолжаулық болғым келмеді.
– Сондағы тапқаның алыпсатарлық па?
– Тапқаным – адалдық пен әділдік.
– Саудагерліктен бе?
– Иә, саудагерліктен. Мұнда шәпке де бермейсің, шәпке де алмайсың.
– Әркім қарабасының тазалығын күйттеп кете берсе, ұрпақты кім тәрбие­лейді? Сен жауапкершіліктен қашқансың! – деп дауыс шығарды бағанадан бері басылып тұрған мұғалім әйел.
– Жә, қойыңдар, бұндай әңгіме айтылатын күн емес бүгін, – деп басу айтты басалқалы мосқал адам.
– Одан да араларыңа адам кіргізбеңдер, кезектеріңді жібермеңдер, – деп гүр-гүр етті бағанадан үнсіз тұрған шой қара.
– Айттым ғой, мен сендерге. Мұнда құрғақ әңгімені сапырып жатқандарыңда олар таныстарын кезектен тыс өткізіп жатыр, – деп қайта дауыс көтерді үй сыпырушы әйел.
– Ханым, дұрыс айтады. Қане, жиналыңдар. Ең болмаса кезектеріңді жібермеңдер, – деп тағы гүрілдеді дәу қара.
Сол-ақ екен жұрттың барлығы жапатармағай бір қадам, екі қадам алға жылжып шеру гармон құсап жиырыла түсті. Бірақ қанша жиырылса да биліктің құшағына ғана әзер сыйып тұрған бұл шерудің шегі-шеті көрінбеді. Тура бір тоқтаусыз жұмыс істейтін инкубатордан шыққандай құйыла берді, құйыла берді бірінің үстіне бірі. Сонда да ешкім ешкімді алға шығарғысы келмеді.
Сөйтіп, итіне-итіне бір-бірінің арасынан адам түгіл шыбын өте алмастай күйге түсті. Сонда барып өкпесі қысылып мазасы кеткендер, сәл-пәл де болса, кеңістік тілеп, бұлқынып көріп еді, кеш қалыпты. Уақыттың кері айналмайтыны секілді шеру де кері шегінбеді. Дәлірек айтқанда, шегіне алмады.
Шұбатылған шеру осылай домбыраның қатты бұралған ішегіндей ширатылып үзілуге шақ қалғанда кенет елге мәшһүр сарай ақыны өлең оқи жөнелді. Арнайы күшейткіштер арқылы шерудің бас-аяғына түгел естілген бұл саңқылдаған сенімді дауыс, сөйтіп, абырой болғанда орынсыз өрекпудің бәрін сап тыйып ел назарын өзіне аударып кетті.
Ұзақ толғаған ақын арғы бабалары боз далада босып жүріп, ақырында бодандыққа түскен халық Өлкебасының арқасында ғана шекарасын белгілеп, Туын көтеріп, ел санатына қосылды, Өлкебасының істегенін бұрынғы тарихта ешқандай ел билеуші істеген жоқ деп түйді жырының соңын.
– Шып-шылғи өтіріктің ішінен бір шын сөз табылды-ау, – деді осы жерде жас ақын қасындағы тарих магистріне қарап.
– Оның несі шын? – деді магистр бұрқан-талқан болып, – бұл далада мемлекет түгілі империялар өмір сүрген. Соңғы бірер ғасыр бодандыққа түсті екен деп бәрін жоққа шығаруға болмайды ғой. Тіпті Социалистік Республикалардың да өз шекарасы, Елтаңбасы, Туы, Әнұраны болды.
– Бірақ олардың билеушілерінің ішінде халықты несібесінен айырып, мемлекетінің қазынасын тонағандар болып па еді? – деді жолдасына көзін сығырайтып қулана қараған жас ақын.
– Болған жоқ, – деді ашуын әрең тежеп тұрған тарих магистрі.
–Ендеше, сарай ақыны дұрыс айтып тұр. Біздің тарихымызда елді емегендей, жерді жемеңгердей сорып, оны да азырқанып мемлекеттің қазынасын қоса опырып жеген мұндай обыр билеуші болған емес. Міне, Өлкебасының «феномені» осында жатыр! Тарих магистрі ойланып қалды.
– Бірақ оның атына бірде-бір нысан тіркелмеген ғой.
– Күнәнің көкесі де – осы. Бүкіл халыққа өзін «сүттен ақ, судан таза» етіп көрсетіп, бір адамды, бір ұжымды емес, бүкіл халықты алдады! Демек, заң кешірсе де, түбі халық кешірмейді.
Көше ақынының даусы қаттырақ шығып кетті білем, жол жағалауындағы қара киімділердің де құлақтары елеңдеп қалды.
–Тәртіп сақтаңыздар! – деді біреуі жақындап, – қайда тұрғандарыңызды ұмытпаңыздар.
– Қайда тұрсақ та көршімен сөз алмасу қылмыс емес шығар, – деді ақын. Бірақ сөз қайырғанын ұнатпаған бірнеше қара киімді өзіне қарай ұмтылғанда «қойдық бастық, қойдық» деп қайта жиырыла бастаған топтың ортасына қалай жылп етіп кіріп кеткенін өзі де байқамай қалды.
Қанша сыр бермейін десе де белгісіздік деген қиын екен. Қаралы митингінің кешігуі басқарушы партияның бұрынғы-соңғы солдаттары мен олар күріш болса, күрмек болып су ішіп жүрген түрлі санаттағы адамдардың легінде де қыбыр-жыбыр туғызды. Мәселен, жүздеріндегі құлқынсәріден бергі қара белдерін қайыстырған қайғының табы бірте-бірте сұйылып, оның орнын кейбірінде жан-жаққа алаңдау, бірдеңені білгісі келген құмарлық, енді бірінде шарасыздық, тіпті сол шарасыздықты ашуы алмастыра бастағанын өздері де байқаған жоқ.
– Сенің айтқаның рас, басқа сиятын гәп емес, – деп кеудесіндегі орден-медальдары сыңғыр-сыңғыр етіп бұрылған бағанағы қарт қатарындағымен қайта жауаптасты.
– Әне, жерлеу комиссиясының мүшелері келе жатыр. Солардан білеміз қазір, – деді де ол білегіне қызыл орамал байлағандардың біреуін қолын бұлғап шақырды. Бұл жолы кезекші қашқақтамай қастарына бірден келді. Әрі бұлардың көкейіндегі сұрақты қойғызбай-ақ жауапты көпке естірте айтты.
– Сәл сабыр етіңіздер, – деді ол. Қаралы митинг бір себептермен кешігіп жатыр.
– Ол не қылған себеп?
– Бірсыпыра шетел делегациялары келіп үлгерген жоқ.
– Түсінікті, – деді қарттың бірі.
– Түк те түсініксіз, – деді екіншісі. Сөйтті де тағы бірдеңе сұрамақ болып, қызыл шүберектіге қарай бұрылғанда оның қасынан кетіп қалғанын көрді.
Қарттардың сөзін құлағы шалып қалған кәртәміш кәсіпкер:
– Шетелдік делегациялардың кешігуі мүмкін емес. Күн ашық, дауыл жоқ, – деп қасындағы шашы буырылдана бастаған серігіне мақұлдата қарады.
– Бұндайда өздеріне шық жуытпай бар кінәні шетелдерге аудара салатын әдетін қалың бұқара қайдан білсін, – деді ол көңілдегісін тауып. Олардың сөзін құлағы шалып қалған көше ақыны:
– Сорлаған халқым-ай, атан түйенің жүгін арқаласақ та, есек құсап кәшек-құшақтан өзге түк көрмей өтетін болды-ау өмірің! – деп зарлана жөнелді. Оның дауыс сарыны ұнамаған қара киімділер бұл жолы қашып тығылуына жол бермей қатардан суырып алып, қоршалап алып кетті. Қасындағылар «ой, ой» дескенше болған жоқ, бір жас қыздың даусы саңқылдап естіліп, өзі де жағалай тұрған теледидар экрандарынан желбіреген жалау болып көрінді. Мына қаражағалданған белгісіздіктен көңілдеріне шайтанның салқыны тиіп, әңгімелерінің ауаны өзгере бастаған жұрттың көкіректеріне жылу, жүздеріне шырай кіргізді бұл ақ жалау. Қыз бірлік туралы, «досқа күлкі, дұшпанға таба болмай» «Өлкебасының туының астына бұрынғыдан да тығыз топтасып, жарқын болашаққа аршындай адымдайық» дей келіп, «біздің жолымыз – Өлкебасының жолы, бұл жолдан ешуақытта таймаймыз!» – деп аяқтады сөзін серт бергендей. Езуінен анасының уыз сүті кеуіп үлгірмеген балапан қыз бұлбұлдай сайрағанда, «таймаймыз!» деп қоштаған дауыстар бүкіл ашық тарих алаңын жаңғырықтырып, бағанадан бері ойлары он саққа жүгіріп ауа жайылған әр көңілдің қиялын қайтадан бір арнаға бұрғандай болды. Ағынан жарылған сөздің құдіреті осы ғой шіркін! Арғы жағынан айтушының адалдығы көрініп тұрса, адасып айтқан сөзіне де пейілді бұл халық. Алданса да адал адаммен бірге алданғысы келеді. Ал, залымның шын сөзінен де күдіктеніп тұрады. Жалау қыз дер кезінде желбіріген екен. Жұрт ойын жиып, бойын түзеп, көше жиегіндегі қара киімділердің де иықтарындағы жүктері жеңілдегендей болып, бір-біріне қарасып көңіл күй бөлісті. Жұрт осы әсерде тұрған кезінде жеткізілген Өлкебасының денесі салынған табыты театрдың қақ төріне қойылып, залдың алдыңғы қатарына жақындары үн-түнсіз келіп жайғасты. Оның бәрін көріп тұрған алдыңғы лектегі әлгі кеудесі орден-медальға толы қарт:
– Сағат 15:00 болды. Тура бес сағат кешікті, – деді қасындағыға ұялы телефонын көрсетіп.
– Не де болса бір гәп бар, – деді ол.
– Су бетіне шығар ол гәп, естірміз, — деді орденді.
– Естірміз де тынармыз, – деді серігі. Осымен сөз тыйылып, бұдан әрі бағдарламадан ешқандай ауытқу болған жоқ.
Өлкебасының қайран қалдырар қайраткерлігі мен жекебасының айы­рықша әділдігі hәм адалдығы баса айтылған қаралы митинг үлкен қайғының мазмұнын аша алды. Содан соң автокөліктерге алмасқан қаралы шеру атақ-даңқына сай сән-салтанатпен алып келіп, ол кісінің денесін елдің аса аруақтылары жатқан қабірханаға жерледі. Халықтық қайғыны бейнелеген бұл ұлан-асыр рәсім ізбасарларының өлкебасы ісіне адалдығын бүкіл әлем жұртшылығы алдында айғақтады. Тек ашық тарих театрындағы қаралы митингтің, шын мәнінде, бес сағат бойы неге кешіктірілгенін бұқара халық шетелдік делегациялардың уақтылы келмеуінен көрді де қойды. Ал оның шындығы былай еді. Өлкебасының денесі үш күн бойы жаңа мәйітханада жатқан. Советтік кеңістіктен ыдыраған елдерде тендердің мезгілін сағызша созып артынан уақыт қысатыны сонша құрылысты жау шапқандай апай-топай жүргізіп, болды-болдымен бітіре салатыны бар емес пе? Бұл мәйітхана да солардың кебін кигендіктен бір күн болмай жатып электр желісі үзіліп, Өлкебасының денесі жатқан мұздатқыш істемей мәйіт иістеніп кетіпті. «Су жаңа ғимараттың электр жүйесі неге өшіп қалады?» деген сұрақ тумай ма осы жерде? Сөйтсе, ғимарат жаңа болғанымен, оның мұздатқышына ток алып келген сымтемірлер шіріп тұр екен. Тендер ойнатушыларға құнының жиырма пайызын аударуға мәжбүр болған құрылысшылар осылай ескі материалдар араластырып жіберіпті. Ал көмекейлерінен өтіп кеткен тапсырыс берушілер бұған көз жұмып қабылдай салған. Айтпақшы, сол жиырма пайыз тұп-тура Өлкебасының есепшотына көзі тірісінде-ақ айналма жолмен болса да, адаспай тауып келіп құйылған екен. Бұл елдің бұрыңғы ата-бабалары аттамаған ала жіпті мүлде ұмытып кеткенінің сыры осындай болса керек. Шетелдің делегациялары кешігіп жатыр деген сыбыс та тегін шықпапты. Елден мәйіттің сасық иісін кетіретін ештеңе табылмай, ондай затты ұшағы бес сағатта жететін шетелден алдырыпты. Айтпақшы, бұрынғы партияның кеуделері орденге толы қос ардагері бұл сырдың шет жағасын естіді ақыры. Бірақ жоғары кеңселерде қызмет істеп жүрген немерелеріне зияны тиіп кетеді деді ме, әйтеуір ,сүйектеріне сіңген сақтықпен ары қарай қоздырған жоқ. «Ала жіпті аттағанымыз да, аттамағанымыз да аман жүрейік, елде тыныштық, бірлік болсын» деп бір-бірімен бастагөйлесті де қойды.

 

Елен ӘЛІМЖАН,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 03.05.2025 | 08:18

Елен ағаның мына шебер жазылған әігімесі қазіргі өмірді керемет әсерлі суреттепті. Шындықты, әділеттікті, адалдықты ту еткен қаламгерге ризашылығымызды білдіре отырып, мына сайқымазақ өмірде болып жатқан шынайы көріністерді шеберлікпен ақ қағазға түсіре беруіңізге тілектеспіз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір