Алматыдағы тұңғыш қазақ мектебіне 100 жыл толды
04.11.2024
426
0

Бәріміз де бала болдық. Бірақ сол балдәурен балалық шақ дуылдап, шуылдап сонау мектеп қабырғасында қалыпты. Бүгінде сол алыс қалған мектебімізге қарайлаймыз. Ұстаздарымызды ойлаймыз. 1966 жыл. Алматыдағы №12 қазақ орта мектебін бітірдік. Әдебиет пәнінің мұғалімі Әлия Дүйсеновамен, қоғамтану мұғалімі Сәуле Қабдоловамен, «физика апайы­мыз» Дәмелі Данияровамен қимай қоштастық. Қоштассақ та, оларды ұмыта алмадық. Қара үзіп кете алмадық. Көкірегімізге сөз сәулесін құйған әдебиетші Әлия апайымызбен, қоғамтануға көзімізді ашқан Сәуле апайымызбен, физиканы түсіндірген Дәмелі апайымызбен байланыста бола бердік. Әсіресе Әлия апайымыз Дүйсенова даңғыл ұстаз еді.

Бізді өмір айдынына алып шыққан №12 мектеп жай мектеп емес екен. Мектебіміз елдігіміздің елең-алаңында 1924 жылы қазанда Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш ардагерлерінің арқасында өмірге келген Алматыдағы тұңғыш қазақ мектебі екен. Қараңыз, мектептің алғашқы шәкірт­тері кімдер болғанын! Күләш Бәйсейітова, Әбілхан Қастеев, Кәкімжан Наурызбаев, Нұрғиса Тілендиев, Сұлтан Қожықов, Асқар Тоқпанов. Өнер тарландары. Ал, ғылым, саясат, дипломатия және еңбек ерлерін есептеп кетсек, тіптен сан жетпейді.
Ол аз болса, №12 мектеп үйірмелерінде әр жылдары Күләш Бәйсейітова, Шара Жиенқұлова, Сәбит Мұқанов, Ахмет Жұбанов, Құрманбек Жандарбеков, Сералы Қожамқұлов, Әбділдә Тәжібаевтар келіп, дәріс оқып тұрған. 1956 жылы әдебиет пәнінің мұғалімі Әлия Дүйсенованың ұйымдастыруымен мектеп табалдырығын ұлы жазушы Мұхтар Әуезов ат­тайды. «Абай жолы» эпопеясы, Абай туралы естен кетпес естеліктер айтады.
40–50 жылдар Алматыда орыс мектептері – 93, ал қазақ мектебі жалғыз осы №12 мектеп қана болыпты. Сол жалғыз мектептің өзі империялық идеологияның көз түрткісіне айналыпты. Ақыры, қызыл идеология балтасы осы мектепті қиып түсіпті, яғни №12 мектеп 1967 жыл жабылып тыныпты. Себеп, Қазақ­стан астанасында қазақ мектебіне баратын қазақ баласы жоқ.
Сөйтіп, №12 мектеп, айдың-күннің аманында, «Қазақ­станда қазақ тілінің болашағы жоқ» деген сая­сат­тың құрбаны болды, 1967 жылы үш жыл із-түзсіз жоғалып кет­ті. Тек Шона Смаханұлы, Сағи Жиен­баев, Қадыр Мырзалиев тәрізді ұлт жанашырларының жанкешті қимылдарының арқасында ғана, араға үш жыл салып, Қазақ­стан басшысы Д.А.Қонаевтың қолдауымен 1970 жылы №12 мектеп өмірге қайта келді.
Қайта ашылған қазақ мектебін Социалистік Еңбек Ері Рафиға Нұртазина басқарды. Даңқты директор Рафиға Нұртазинадан ке­йін мектепті осы білім ордасының бір айтулы ардагері Дәмелі Даниярова басқарды.
Біз осы мектепте 1963–66 жылдары оқыған едік. Біздер бір сыныпта саудыраған 36 бозбала болдық. Бір күні есігімізді пәпкі ұстаған бір жас келіншек имене келіп ашты. Біз орнымыздан дүр көтерілдік. Ап-арық жас апайды бізге: «Балалар, бұл апайларыңның аты – Дәмелі Нұғманқызы! Бүгіннен бастап сіздердің сынып жетекшілерің!» – деп таныстырды. Жаңа сынып жетекшіміз ЖенПИ-ді биыл ғана бітірген екен. Сол күннен бастап, біз жап-жас апайымызды жақсы көріп кет­тік. Мінеки, содан бері ат­тай 60 жыл өтіпті.
Біз апайымызды өтіп кеткен даңқты ұстаздар шоғырының арамызда жүрген көзіндей көреміз. Қарап отырсақ, қаншама ұстаздарымыз келместің кемесіне мінген. Рухтары биікте. Жұлдыздар шоғырында. Сол жұлдыздар шоғырындағы бір ұстазымыздың орны бөлек болды біз үшін. Ол Сәуле Қабдолова еді. 1966 жылдың көктемі. Қоңырау соғылды. Біз, балалар дәлізбен сыныпқа қарай топырлап келеміз. Қолтығында пәпкесі бар пәкене бойлы Сәуле апай да біздің сыныпқа қарай бет­теп келеді екен. «Сәлеметсіз бе, апай!» – деп жанынан жүгіріп өте бердік.
– Тоқташы! – деді, апайым. Маған қарап. Тоқтай қалдым.
– Смағұл, сен осы қай оқуға түскелі жүрсің? – деді апай тосын сұрақ қойып. Әңгімелерім бұ кез­де баспасөзде жарияланып жүрген.
– Журналистикаға! – дедім ентігіп. Бірақ «неге сұрады екен» деп іштей аң-таңмын.
– Мен сені біздің үйдегі ағайыңмен таныстыра­йын! «Сыйынғаныңнан сүйенгенің күшті болсын!» деген заман ғой! – деді Сәуле апай. Мен одан бетер таңғалдым. Әңгіменің менің тағдырым туралы екенін түсініп: «Рақмет апай!» – деп оза басып, сыныпқа кіріп кет­тім.
Осы әңгімеден ке­йін көп ұзамай Киров пен Мир көшелерінің қиылысындағы Сәуле апайдың үйінде дастарқан басында отырдым. Қысылып-қымтырылып. Өйткені төрде отағасы профессор Зейнолла Қабдолов отыр еді. Мол иық, кең маңдайлы, қоңқақ мұрынды, бадана көзді келісті жігіт ағасы:
– Смағұл, жазғандарыңмен таныспын. Апа­йың әңгімелеріңді әкеліп, менің алдыма үйіп қояды… – деді. Үні әуезді. Әндей естіледі. Мен сонда барып ұстаздардың ұстазымен бетпе-бет келіп отырғанымды түсіндім. Одан сайын қысылдым. Кемеңгер соны сезсе керек, мені ұят құрсауынан құтқарып, ауылым туралы оңай сұрақ қойды. Сонда барып сайрап қоя бердім. Біз сияқты ауыл баласының Алматы зиялы қауымымен тұнғыш қауышуы еді…
№12 мектепті «№12 мектеп» еткен сол ұлық ұстаздар шоғырының алдын көрген шәкірт­тердің бірі – Рахима Бөлекбайқызы. Рахима Сәкенова – Семейдегі Ж.Аймауытов, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Ш.Аймановтар оқыған педагогикалық училище түлегі. 1978 жылы ҚазМУ-дің филология факультетін бітіреді. Еңбек жолын осы №12 мектептен бастайды. Рахима Сәкенова 11 сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті», «Абайтану» ат­ты оқулықтардан бастап, бірнеше оқу құралдарын жазады. Ғалым, ұстаз 200-ге тарта оқу-әдістемелік мақалалардың авторы. Ол №12 мектепті басқарған 12 жыл ішінде мектепті 121 бала алтын белгімен бітірген. Түлектердің 90 пайызы жоғары оқу орындарына түскен. Мектеп Алматы қаласы бойынша 2016 –2019 жылдары, үздіксіз «Үздік педогогикалық ұйым» Гран-приін алған. Рахима Бөлекбайқызы 2022 ҚР Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың алғысхатымен, 2023 жылы Құрмет орденімен марапат­талған.
Мектеп тарихы туралы осынау шағын шолуымызда біз тек өз көзімізбен көрген санаулы ұстаздарды ғана атадық. Ал шындығында, осынау ғасырлық тарихта №12 мектеп алған асулар, алдарынан жүздеген мың шәкірт өргізген жүздеген ұстаздар қауымының қыруар табан ет, маңдай терінің арқасы.
Талайлы №12 мектеп тағдыры – шынтуайтына келгенде, ғасырлық қазақ мектебінің тағдыры. Осыдан шығарып, «Ел болам десең, мектебіңді түзе!» дегіміз келеді. Бұл ұран – бүгінгі күннің ұлық ұраны болуға тиіс. Өйткені бүгінгі мектеп – ертеңгі ел болашағы.

Смағұл ЕЛУБАЙ,
Қазақ­станның халық жазушысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір