Тарихи жырдың тамыры
04.02.2023
957
0

Кезінде үш елдің (Ресей, Қытай, Моңғолия) құзырына қараған қазақ халқына кеңінен танымал болған тарихи жырлардың бірі – «Арқалық батыр». Жырдың бір нұсқасы (Е.Ахметов) алғаш рет 1961 жылы «Батырлар жырының» екінші томында жарық көреді. Осыдан кейін ғана ғалымдар назар аударып, пікір айта бастаған. Алайда жырдың нұсқаларын (Е.Ахметов, Е.Құлсариев, И.Байзаков, С.Нұралин, С.Мәжитұлы, А.Түгелбаев, А.Татанайұлы, Ж.Әбілғазыұлы т.б.) толық қамтып жазған монографиялық еңбек бола қойған жоқ-ты. Осы олқылықтың орнын филология ғылымының кандидаты Советхан Тілеубаевтың «Арқалық батыр» атты зерттеу еңбегі толтырғандай.

Ғалым алдымен жыр нұсқаларын қашан, қай кезде кімдер жырлаған, қалай жырлаған дейтін мәселеге назар аударады. Алайда кезінде екі елдің арасындағы қарым-қатынасқа байланысты Қытайдағы рухани мұраларды оқуға, зерт­теуге мүмкіндік болмағаны белгілі. Сол себепті бұрынырақ тарихи оқиға мен жыр кейіпкерлерінің қай дәуірде өмір сүрген адамдар екені жайында жаңсақ, үстірт пікірлер де айтылған. Алайда бұл мәселе тәуелсіздік алғаннан кейін ғана оңды шешімін тапқанын еске салады. Зерттеу­ші соңғы кезге дейін айтылып, сақталып келген жырдың барлық нұсқаларын тұ­тас­тай қамтып, кешенді түрде талдап-зерделеуге қол жеткізген. Осы ретте Қытайдан шығып тұрған «Шалғын», «Мұра» және әр аймақтың қисса-дастандарын жариялап тұрған арнаулы журналдарда жарық көрген «Арқалық батыр» жырының нұсқаларымен де танысқан, оларды да кәперіне алған. Сөйтіп жырды мазмұнына, образдар жүйесі мен көркемдік-тілдік өзгешеліктеріне қарай үш түрлі версияға бөле отырып, ой өрбітеді. Осының нәтижесінде зерттеушілер еңбектерінде айтылған артық-кем пікірлерді бір ізге түсірген. Оқиға тым арыда емес, ХІХ ғасырда болғанын дәлелдейді.
Алдымен ғалым әр ақын-жыршының жырды қалай бастағанына ден қояды. Әр нұсқаны айтушы өзінше бастап, азды-көпті өзгеріс енгізе жырлаған. Ар­қалық бастаған жігіттердің дөрбіттен жыл­қы алуы, Ертіс өзенінен өтуі әр нұс­қада әртүрлі баяндалады. Жылқы бағып жүрген дөрбіттердің кейбірі ұйықтап жатса, кейбірін Арқалықтар байлап кетеді. Осы тәрізді түрлі эпизодтарды кейбірі қысқа қайырып, хабарласа, кей нұсқада кеңіте жырланады. Бұған қарағанда әр жыршы халық жадындағы түрлі аңыздардың мағлұматына сүйенген. Сол себепті біріне аян оқиға, екінші біріне беймәлім болуы мүмкін. Осыған орай әр нұсқада өзгешеліктердің болуы табиғи деген түйін­ге келеді. Жырдың барлық нұсқасында қуып келген жауға Арқалық жалғыз өзі тосқауыл болады. А.Түгелбаев пен Ж.Әбілғазыұлы нұсқасында он бес қалмақтың он төрті Арқалықтың қолынан қаза табады. Бұл бас батыр Арқалықты дәріптеудің бір тәсілі деп біледі. Е.Ахметов нұсқасында Жұбай Арқалыққа ақылшы ретінде көрінсе, А.Түгелбаев нұсқасында керісінше Жұбай аңқау батыр ретінде суреттеледі. Тіпті Арқалықтың мінген аты әр нұсқада әртүрлі (Көкшегір, Көкшеке, Көкмойын) аталады. Жылқы алған батырлар аман-сау оралып, Әжіге болған жайды хабарлағанда, оның қалай қабылдағаны әр нұсқада түрліше баяндалады. Жыршы-айтушылар жырдағы оқиғаның ұзын ырғасын жадында ұстап, өз мүмкіндіктеріне қарай өзгерте жырлауына тағы бір дәлел осы болмақ дейді.
Ертай Құлсариев нұсқасының өзіне тән ерекшелігі көп. Бұл нұсқада Әжіні хан дейді. Әжіні осылай таныстыру Иса Байзақов нұсқасында бар. Ал басқа нұсқаларда Әжінің лауазымы хан деп айтылмайды. Е.Құлсариев Әжіні Орманбеттен таратып «ешқандай хан болмаған одан өткен» деп әсірелей сипаттауы шығармашылық мақсаттың ықпалы екенін дұрыс аңғарған. Сонымен бірге Әжінің хан болмағанын айғақтайтын құжаттарды келтіре отырып дәлелді дәйектейді. Әжі мен дөрбіт арасындағы жауласушылық та екі түрлі түсіндіріледі. Көтбай мен Сағдолла нұсқасында Әжінің алпыс жылқысын дөрбіттер алып кетеді. И.Байзақов нұсқасында дөрбіттер үш рет шабуыл жасаған. Әжі билеп отырған елдің он бес мың жылқысын айдап әкетеді. Бұл жағдай қазақтарды кек-қарымта қайтаруға итермелейді. Ал Е.Құлсариев нұсқасында Әжінің Көкжал дейтін тұлпарын ханның тапсырмасы бойынша дөрбіт батыры Жыңғыл ұрлап кетеді. Сөйтіп, «мал ашуы – жан ашуы» дейтін заманда екі ел арасында кикілжің басталады. Әжінің шешімі бойынша Арқалық бастаған төрт батыр жорыққа аттанады.
Автор аракідік «Арқалық батыр» жырын «Алпамыс батыр», «Шора батыр», «Олжабай батыр», т.б. жырлармен салыстыра қарап пікір түйеді, кейбір ортақ мотивтерді анықтайды. Арқалық тұлғасын «зорлығы денесінің алып таудай» деп ұлғайта, үлкейте суреттеуі эпикалық дәстүрге сүйенген көркемдік тәсіл болса, батырдың мінген атын «құмдай боп кетіледі тасты басса, оятар Арқалықты ұйықтап жатса» деуі де классикалық эпостардағы ақылды аттарды еске түсіреді. Қисынды байлам екенін айту керек.
Арқалықтың жауға аттануы – ханға тәуелді болғандықтан емес, «ел үшін ер жігіттің басы құрбан» болатынын ойлаған батырдың әрекеті деп ұғындырады. Ғалым жыр мәтіндеріне сүйене отырып, Е.Құлсариев пен И.Байзақов батыр өмір сүрген тарихи уақыт пен ортаның шындығынан бейхабар болып жете білмеген деген тұжырымға келеді. Сон­дық­тан бұл екі нұсқа қазақтың қаһар­ман­дық эпостарында қалыптасқан тұ­рақ­ты сарындардың ықпалымен оқиға­ға өзгеріс енгізе жырлаған. Оқиға болған жерде (Қытайда) өмір сүрген жыршылар арқылы жеткен нұсқаларда төрт (Арқалық, Жұбай, Қияқ, Тұяқ) жігіттің тұрмыстарының ауырлығы өмір шындығына сәйкес жырланады. Қытай қазақтарында айтылатын нұсқаларда батырлар Әжінің айтқанынан бас тарта алмайды. Бұлар оған бағынышты адамдар болғандықтан көнбеске шаралары жоқ. Ал Ертай мемлекетті билеушінің бұйрығын орындауды санаған вассалдық түсінік себеп болғаны аңғарылады. Көтбай, Сағдолла нұсқаларында батырлар таулы жолдардан өтуге көп күш-қайрат жұмсауы ақиқат екені дәл суреттеледі. Құлсариев пен Байзақов нұсқаларында ғажайып көмекшілердің көмегіне сүйенеді, яғни эпос пен ертектің суреттеу тәсілін ұстанады.
Е.Құлсариев пен И.Байзақов нұсқаларында қуып келген жаудың саны басқалардан көп. Бірақ соған қарамастан Арқалық бәрін жер жастандырады. Қалмақ пен қазақтың бас батырлары алдымен сөзбен шарпысып онан соң ұрыс қимылдарына көшуі түркі-моңғал халықтарының эпикалық аңыздауларына тән типологиялық ұқсастық ретінде қаралуы көңілге қонады. Тұтқында жатқан Арқалық батырды ғашықтық сезімі билеген хан қызының келіп көмек көрсету мотиві әлем халықтарының эпикалық жырларында кездесетін формулалық екені белгілі. Тұтқыннан босаған Арқалық өз елі­нің билеушісі Әжіден де, Мәлік хан бастаған жауларынан да кек алады. Арқалық бастаған батырлардың бәрі мұраттарына жетеді. Мұндай ерекшеліктердің болуы – оқиға алдымен аңыз-әңгіме түрінде таралған да кейін біртіндеп бірнеше версиядан тұратын көркем жырға айналған деген орынды байлам жасайды.
Арқалық оқиғасына онша ұзақ уақыт өтпегендіктен С.Нұралин нұсқасында қиял қоспасы жоққа тән. Ал Көтбай версиясында қаһармандық эпос поэтикасына тән аздаған әсірелеулер ұшырасады. Е.Ахметов және басқа жыршылар болған оқиғаны қайталап айтуды ғана көздемей, эпикалық дәстүрдің сан ғасырлық даму барысында қалыптасқан қалып-нормаларына сәйкестендіре жырлау­ды мақсат еткенін байқауға болады. Байзақов пен Құлсариев жырға арқау болған тарихи шындықты жете білмеген және Қытайда болмаған адамдар. Сондықтан батырлық жырлардың дәстүріне, көркемдік қиялға көбірек сүйенген деген тұжырымы қолдау табары хақ.
Ғалым зерттеу еңбегінде «Арқалық батыр» жырының тарихи және көркемдік негіздерін анықтауды мақсат еткен. Қытай қазақтары ортасынан шыққан зерттеуші-әдебиетшілер Н.Мыңжанидың, Ә.Баймаханованың, Н.Мұхаметжанұлының және ақын С.НұралиннІң еңбектеріне назар аударып, қосымша деректер арқылы Арқалық пен Әжінің өмір сүрген кезеңін, олардың ата-тек шежірелерін, қай жерде жерленгені сияқты мәліметтерді нақтылай түседі. Автор көптеген деректерді салыстыру нәтижесінде «Арқалық батыр» жырының «Қытайда тұратын қазақтардың арасында өмірге келіп көптеген нұсқалы жырға айналғандығын, кейініректе Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған Е. Ахметов, С.Нұралин және басқа жыршы-ақындардың шығармашылығы арқылы Кеңестер одағын мекендейтін қазақтарға да белгілі болып, олардың И.Байзақов пен Е.Құлсариев нұсқаларының пайда болуына түрткі болған» деген пікірі – дәлелді тұжырым екені хақ. Осы ретте зерттеуші өзінің алдындағы ғалымдардың еңбектеріне жүгіне отырып, Қытайдағы қазақ өмірінен туған тарихи жырлардың баршылық екенін және жыршылық өнердің бертінгі уақытқа дейін гүлдене дамып отырғанын аңғаруы өте орынды деп білеміз.
«Арқалық батыр» жырының алғашқы жарық көрген нұсқасын айтушы Е.Ахметов (1879-1967) Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында туған. Ол – көптеген өлең-жырларды шығарушы, орындаушы, өнерпаз. Сондай-ақ Қамыш Сеңсенұлы, Құсайын Мойтыкеұлы, Әсет Найманбаев, Көтбай ақын сияқты өнер тарландарынан өнеге-үлгі алған, жыршылық дәстүрдің дамуына ықпалы болған дейді. Жыр әу баста шағын өлең, әңгіме-арыз түрінде сол өңірдегі халықтар арасында кеңінен тараған. Алғашқы айтушының бірі – әйгілі Көтбай ақыннан естіп, көлемді жырға айналдырушы Е.Ахметов болғанын атап көрсетеді. Ержан қағазға түсіргенге дейін бұл жыр халық арасында ауызша айтылып жүрген. Өйткені 1924 жылы Ж.Шанин «Арқалық» пьесасын жазып сахналаған және Жұматтың өзі де «Арқалық батыр» трагедиясын Ержан аузынан алғанын айтқан көрінеді. Сондай-ақ «Арқалық батыр» жырын айтушы, шығарушы ақын-жыршылардың өмірінен, шығармашылығынан жан-жақты мәлімет беріп отыруы – монографияның мән-маңызын арттыра түскен. Жырдың версия, нұсқаларының көп болуы – жырды шығарушылардың көпшілігі өз жандарынан өлең шығаратын ақындық қабілеті бар адамдар болуының әсер-ықпалы болған деуі көңілге ұялайды.
Жырдың бір өзгешелігі оқиға бас кейіпкердің аузынан, яғни бірінші жақтан баяндалуына зерттеушілер назар аударған. Ал С.Тілеубаев «Арқалықтың өз аузынан айтылған әңгіме келе-келе бір ақынның өлең өрнегіне түсіру арқылы жырға айналғаны анық. Жырдың кей нұсқаларының айтылу стилінен оларда бір кездері баяндалған оқиғалардың елге әуел баста сол оқиғаның бас кейіпкері – Арқалық батырдың өзі айтқан әңгіме арқылы тарағаны туралы кіріспе болғаны аңғарылады. Кейінгі нұсқаларда сол кіріспе сақталмағанымен, жырдың негізгі оқиғаларын кейіпкердің өз аузынан баяндау мәнері сақталып қалған» деп жазады.
Ғалым жырдың келісті өлең өріміне құралғанын сөз етеді, кейіпкерлердің азды-көпті монологының берілуі бұл нұсқалардың қағазға түсірілген кездері жазба әдебиеттің дамыған уақытымен тұспа-тұс келуінің әсері екенін көрсетеді. Әсерлі диа­логтар кейіпкерлер қоштасқан не қайта табысқан кезде айтылған өлең үлгілерін «Арқалық батыр» жырының кез келген нұсқасынан табылады. Ішкі мо­нолог жырдың әр нұсқасында әртүрлі дең­гейде кездесетінін аңғартады. Кейіпкер­лерге портреттік сипаттама беру әр нұсқада түрліше беріледі. Әсіресе портрет үлгілері және олардың мінез-құлықтары С.Нұралин нұсқасында ғана ұшырасады екен.
Жырдың барлық нұсқалары он бір буынды өлең үлгісімен жырланған. Тек Е. Құлсариевтың нұсқасынан басқалары төрт тармақтан тұратын шумақтарға құрылса, Құлсариев нұсқасында төрт, алты, сегіз және он тармақтан тұратын шумақтар кездеседі. Осы нұсқада кейіпкерлер сөздерінде жеті буынды жыр үлгісі де кездесетінін еске салады. Тұтастай алғанда жыр нұсқаларында теңеу, метафора және басқа бейнелеу құралдарының тамаша үлгілері жиі қолданғанын дәлелді зерделейді. Сонымен ақындық дәстүрдің іздері кейінгі дәуір эпосының ұйқас жүйесінен де басқаша айтқанда, бұрынғы жеті-сегіз буынды жыр үлгісінің орнын қара өлең ұйқасы алмастыра бастағанын аңғарады. «Арқалық» батыр жыр үлгілерін қарастыра келгенде кейінгі дәуір жыршыларының да жыр үлгісінен қолүзбегенін байқайды. Мәселен, Е.Құлсариев нұсқасында Арқалық қолға түсу сәті, жарымен қоштасуы және Қаракөздің жауабымен Дудуға айтқан сөздеріне қарағанда жыршылардың жеті-сегіз буынды жат көрмеген деген пікір ұсынады.
Қорыта айтқанда, ғалым «Арқалық батыр» жырының барлық версияларын топтастыра талдап ұқсастық-айырмашылықтарын жете дәйектейді. Жыр халық қамын ойлаған Арқалық сынды батырдың туып-өскен ортасы, ерлік әрекеті шындық тұрғыдан бейнеленген. Жырды қазақ халқы руханиятының танымдық-тағылымдық, эстетикалық құндылығы зор бағалы мұрасының бірі деп бағалайды, біз де құптаймыз. Алты асуға көтерілген ғалымның жазары көп болғай!

З.Сейтжанұлы ф.ғ.д., профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір