Наурыз мейрамының тарихи қатпары
Ұлыстың ұлы күні – төл мерекеміз. Қазақ бола тұрып ұлыс күнінің ұлылығын, бабалар ақыл-парасатының ұлыс күнінің өн-бойына біткен асыл нәрін жан ділімізбен түсінбеу, түгендемеу үлкен сын.
Мен шопан отбасында, май ішек мамыр айында дүниеге келіппін. Әкемнің тұңғышы болғандықтан, ұлы шешемнің төл баласы болып, ақылын еміп, соңынан еріп ер жеттім. Апам өте дәстүршіл адам болатын. Қандай қытымыр кезең болса да, асынан биссімілләсін, бес уақыт намазын үзбеді. Мен ес білгелі – ұлыстың ұлы күнінің наурыз көжесі, құрбан айтта шалынған құрбандық ақсарбасы, оразада берілген ауыз ашары апамның ақ ділімен санама сіңген қазақтың атаулы күндері еді. Менің апамның айтқанынан жадымда қалған:
Ақ қойдың кеудесі,
Қара қойдың кеудесі,
Мен – құдайдың пендесі.
Қыдыр болсын жолдасың.
Оң әулие қолдасын.
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын,
Қайда барса жол болсын!
Алалынан берген астан айырма,
Бір Алла деген достан айырма,
Мың бір атты пәлеңнен сақта,
Жүз бір атты қатеріңнен сақта.
Алты алаштың алалығынан сақта,
Төрт төңіректің бөлелігінен сақта,
Патшаның құрығынан сақта, – ықылас батасымен наурыз көже, көп көже, көк көже, тілеу көже ішкеніме тұп-тура алпыс жылдың жүзі болыпты.
Ел абызы тоғыз күй орындайды
Наурыз мерекесіндей ұлы күннің тарихы жайында әлемдік тарихи деректердің, ғылыми зерттеудің, ежелгі ел аңыздарының жүлгесіне назар аударсақ, тарихының тым арыда жатқандығын аңғарамыз. Қытай «Ханнамасының» 94-бумасының ғұн баянында: «Ғұнның барлық ағаман ақсақалдары жаңа жылдың басқы айында Тәңірқұт ордасына жиналып, шағын мәжіліс өткізіп, тасаттық береді. 5-айда Ұлубалыққа жиналып, ата-баба аруағына, жер-көкке, ие-киелерге арнап шек береді», – дейді. Қарап отырсаңыз, ғұндардың Тәңірқұт жетекшілігінде жаз шыға ордада, Ұлубалықта жиналып, ұлыстың ұлы Жаратушыдан, ие-киеден тілек тілеген наурыз тілеуін көреміз. Бұл б.з.д 179-178 жылдарда жазылған дерек. Грек тарихшысы Квинт Курций Руф (б.з.д I ғ.): «Көшпенділер ұлыстың ұлы күні қаған ордасында жалау көтеріп, алаңда шымқай қызыл киген 365 өнерпаз бала күй тартады. Одан соң елдің абызы, бақсысы қағанаттың үміт-тілегін Тәңірге жеткізетін қобызбен тоғыз күй орындайды», – деп жазады. Бұл туралы біртуар ғалым Ақселеу Сейдімбек өзінің «Қазақ әлемі» кітабында айшықтап жазған. Ал енді наурыз десе, ел есіне алдымен Қыдыр ата оралатыны түсінікті. «Қыдыр ата» аңызында Әу апа елдің малымен қыстық отарға кеткен ұлы Қыдырды жазғытұрым күн мен түн теңелген түнмен күзетіп, наурыз көже жасап күтіп алады. Қыдыр кейін жұрттың малын бағып жүріп, ғайып болып, елдің қамқоры, жарылқаушысы Қыдыр атаға, Қыдыр әулиеге айналады дейді. Міне, осы сияқты наурыз мерекесіне қатысты қытай, еуропа, араб тарихшы саяхатшыларының тарихи деректері мен зерттеулері, ата заманнан ғасырлардың алтын қадаларына ілініп жеткен аңыздардан ұлыстың ұлы күні – наурыз мерекесінің тарихының тым арыда, біздің заманымызға дейінгі I-II мың жылдықтарда әлдеқашан қалыптасып, сақ, ғұндардың Тәңірқұт, Қаған, Күнби ордаларынан бастау алып, кең бұқаралық сипат алған ұлыстың мерекесі екендігін көруге болады. Мұны бір деңіз.
«Ханнамадағы» деректе ғұн ақсақалдары көктемде тасаттық беріп (наурыз) «күзге салым жылқы қоңданған кезде тасаттық орманында бас қосады да, мал мен жанның санағы алынып, соған қарай алынатын салық мөлшері есептеледі», – дейді. Бұдан ғұн Тәңірқұты империясының дәстүрінде бір жылда екі рет бүкіл қағанаттық ұлыстың ұлы күні болғанын білеміз. Бірі – наурыздың (көкек) 22 жұлдызы күн мен түн теңелгенде атқарылатын ұлыстың ұлы күні – наурыз мерекесі. Бұл – жұртшылықтың, көптің мерекесі. Енді бірі – күреңшелі қоңыр күз, елге ел, етекке жең қосылған, «жетім балаға бір құлақ су тиген» қыркүйектің 22 жұлдызы. Күн мен түн күзгі теңелгенде атқарылатын мереке – ұлықтың мерекесі. Бұл – ұлы Жаратушы Тәңірдің құдыретімен кім ұлық болса, бақытқа қолы жетсе, арманы орындалса, біреуі екеу болса, сол үшін жүзеге асатын ұлысты ұйытқы еткен мейрам. Жоғарыдағы «Ғұнның барлық ағаман ақсақалдарының күзге салым жылқы қоңданған кезде тасаттық орманында бас қосады» деген дерегі осы мерекені меңзейді.
Ұлық мерекенің сыры
Осы ұлық мерекенің сыры арыда жатыр. Айталық, қазақтағы хан сайлау дәстүрі біздің заманымыздың IV-V ғасырына, көне ғұн дәуіріне барып тіреледі. Хан сайлауын ел еңбегі саябырсыған, күн жылы, мал тойынған, ел мен ел тоғысқан, ұлы Жаратушы күн мен түнді теңестірген күреңшелі күзге туралайды. Ұлыс ханын сайлап, ақ киізге отырғызып, тағына міндіреді. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» дегендей үлкен той болады. Қазақтағы «отыз күн ойын, қырық күн тойы» деген сөз осындай орайда айтылса керек. Уәлидің хан көтерілуі турасындағы орыс деректерінде хан тойы жеті күнге созылғаны нақты атап көрсетілген. Бұл жөнінде «Қазақ тарихының әліппесінде» ашалап айтылған.
Қазақ тарихында іргелі рулардың бас ие адамдары өз аясындағы әулеттің өсіп, өркендеп, жеті атаға толып, оңаша рулы ел болып шығуын үлкен мәртебе тұтқан. Ол үшін елінің сөзін сөйлер биі, қорған болар батыры, асырар байы болса, ұранын, туын, таңбасын, қонысын алып, жомарт күздің күн мен түні теңесуімен біз де ел болып, есе теңдік алдық деп, боз бие, ақ түйе құрбандық шалып, анттасып, торқалы тоймен ту көтеріп ел болған.
Ата тарихтан қарапайым халықтың сүндет, құдалық, қыз ұзату, келін түсіру, отау көтеру, ас-тойлары елге ел қосылған, мал шелденген осындай қоңыр күзде қолға алынатынын байқаймыз. Міне, осылай, көшпелілердің ұлыстың ұлы күні мен ұлықтың ұлы күні күн мен түн теңелген екі мезгілде тойланған. Мұны екі деңіз.
Егер адамзат көшпелілер және отырықшылар деп екіге бөлінеді деп қарасақ, аңның аңысын аңдап, төрт түліктің бағысын барлап өмір кешкен көшпелілердің ұлы табиғаттың қабағына қарап, жыл он екі айдың әр күнін санап, үркер мен қоңсы ай бетінде тоғап өмір кешкендігі ақиқат. Жер мен аспан әлемінің, айдың ауысуының, ауа райының тоғысуының сырын адамзатта ұлы табиғаттың бетінен бірінші оқыған, әрине, көшпелілер. Көшпелілер үшін ең әуелі астрономияны білу тіршіліктің алғы шарты саналды. Қазақты құраған ежелгі сақ, ғұн, үйсін, түрік тайпалары астрономияның сыр-сипатын өзгеше түйді. Жыл он екі айды, он екі мүшелдік жыл санауды, төрт маусымдық бөліністі әдемі ажыратты. Көшпелілер мәдениетін танушы Ясин Құмарұлы көшпелілердің бұл табысы туралы: «Астрономиялық білімдер және уақыт белгілеу әдеті б.з.б. 4000 жылдар айналасында месопотамияда пайда болды. Бұл Қосөзен алабына алғаш келіп мәдениет жаратқандар Орта Азия көшпелілері еді» деген ой түйеді. Қытайдың Ішкі Моңғолдағы Байлиңмиаудың шығыс терістігіндегі жайлаудан сақ-түркілердің жыл қайыруындағы он екі жануардың кескіні айна-қатесіз ойылған таңбалы тас табылды. Бұл таңбалы тасты ғалымдар Қытайдағы жауласқан бектіктер дәуірі (б.з.д 403-221), хан патшалығы дәуірі (б.з.д 206– б.з 220) аралығындағы туынды деп бағалайды. Шүй Шүнлин атты Қытай ғалымы: «Бұл дәуірде осы арада дәурендеген көшпелі тайпа – ғұндар. Сондықтан он екі жануардың бейнесі түсірілген таңбалы тасты ғұндардікі деу орынды» деп байлам жасайды.
Біздің бұлай сақ, ғұн, үйсін, түріктің астрономиялық табыстарын түгендеудегі түпкі мақсатымыз – наурыз мерекесінің тарихының тым ұзақтығын дәлелдеу. Адам баласы «төрт маусымдық меже орныққанға дейін бір жылды қыс пен жаз деп екі кезеңге бөліп есептеу қалыптасқан. Мәселен, Мохонджо – даро мен Хараппа өркениеті (б.з.д III мыңжылдық) жыл уақытын көктемгі және күзгі күн мен түннің теңелуі деп екі межеге бөледі. Дәл сол сияқты Қазақтың ұлыстың ұлы күні – наурыз мерекесінің жазғытұрымғы күн мен түн теңелген наурыздың 22 күніне, ұлықтың мерекесінің күзгі күн мен түннің теңелген қыркүйектің 22 күніне туралануы да біздің ата-бабаларымыздың жылды төрт маусымға бөлу каперіне кірмеген, бір жылды алты ай жаз, алты ай қыс (ұлан жаз, ала қыстай) деп бөліп есептеген дәуірдің туындысы екендігін еске салады. Осы үрдіспен ұлыстың ұлы күнінің тарихы осыдан кем дегенде 5-6 мың жылды көрсетеді. Мұны үш деңіз.
Көк көже мен көп көже
Қазақтың ұлыстың ұлы күні – наурыз мерекесінің жұрт ортасындағы есімі наурыз көже, көк көже (Тәңірдің көжесі), көп көже (жұрт ішетін көже). Бұл ханның да, қараның да жасау қолынан келетін экономикалық шығымы төмен, хан да, қара да ішетін (орын, дәреже, байлық, салауат санаспайтын) көже дегені. Бұдан да маңыздысы, көже – дәм, ас. Асты ардақтау, дәмді қадір тұту, сертті, уағданы, шартты дәмге тапсыру, қара қойдың, боз бие, ақ түйенің қанына бармақ батырып серттесу, нан, тұз, ақ ұстап уағда байлау, оны дәмге тапсыру анау сақ – ғұн – үйсін – түрік – қазақтың ең ұлы қасиеті екендігі жалпақ әлемге жаттанды жай. Қазақ ұлыс пен үйдің шаруасын Құдайдан бұрын дәмге тапсырады. «Тас атқанға, ас ат» дейді. «Дәм атсын!» деп қарғайды. Дәмдес болу, бір түйір дәнді бөліп жеу, ашаршылықта жарты жапырақ құйқаны жарып жеу – Тәңірі теліген татулық. Ұрпағына «су ішкен құдығыңа түкірме» деп өсиет қалдырады. Ал наурыз көжеге бидай, су, сүрі, қатық, тұз… қатарлы жеті түрлі дәм қосады. Ауылдың абыз ақсақалы батасын жасайды, көпшілік хан, қарасы болып дәм татады. Бұл – жұртты дәмдестікке, береке-бірлікке, қарапайым халықшылдыққа, тәрбиелеу, адам баласының орнының, құнының тең екендігін насихаттау. Бұдан да маңыздысы көже, дәм сынды еңбек жемісін, еңбек адамдарының табан ет, маңдай терін қадірлеу, еңбекті, қарапайым халықты ардақ тұту. Мұны төрт деңіз.
Ақбоз атқа мінген Қыдыр ата
Қыдыр ата, Қыдыр әулие, Қыдыр баба – Қазақ фольклоры ықылым заманалар керуенімен кемеліне келтірген ғажайып образ. Көшпелі халықтардың табиғаттың таңғажайып жұмбақ сыры алдындағы сәби, тұмса түсінігі тудырған, сан ықылым ұлыстан ұлтты еміренткен ерен мифтік сенім тұлғасы. Қазақта Қыдыр атаның ғажайып құдыреті жайындағы аңыздар мен мифтер санап тауысқысыз. Қыдыр ата кірікпеген ертегі, қиссалар кемде-кем. Бұл қиссалар ұлыстың ұлы күнінің алғашқы түні – Қыдыр түнінде Қыдыр атаны күзетумен тоғысым табады.
«Оғызнамада» «Оғыз қағанның қасында ұлық Түрік атты ақ сақалды, күміс шашты, ақылы асқан бір қарт кісі бар еді. Ол әділ, ізгі ниетті әулие болатын» деген сөз бар. «Түрік сөздігінде» Махмұт Қашқари «Құлбақ түріктердің үлкен әулие адамдарының біреуінің есімі. Ол Баласағұн тауларында тіршілік етті. Ол қара тасқа (Тәңірдің құлы Құлбақ) деп жазса, ақ жазумен, ақ тасқа жазса, қара жазумен шығады екен» деп жазды. Қорқыт ата «Қарқаралы Қазылық тауында Бұқаш атынан жығылған заман ақбоз атқа мінген Қыдыр келіп: «Қорықпа, сен бұл жарадан өлмейсің», – деп қолымен оқ тиген жерді үш рет сипап, – таудың гүлі мен анаңның сүті ем, – деп ғайып болды» деп әңгіме шертеді. Бұл үш деректен де Қыдыр ата образын көреміз. Қытай ғалымы Ли Шияу би Қыдыр атаны: «Чиң хай көлінің батысына орналасқан көшпелілер тайпасының әулиесі» деп зерделейді. Ұлттық ұстанымымызда Қыдыр ата – ұлы Жаратушының сүйген құлымен жолдас болып, мың бір атты пәледен, жүз бір атты қатерден сақтайтын, ырыс жұқтырып, байлық бақыт болып қонатын ұлы әулие. Ол ғарып-міскін, кем-кетік, мүсәпір-жолаушы, сәби бала, ақсамайлы ана, ақсақалды ата тұлғасында бір адамның өмірінде үш рет жолығады дейді. Сен Қыдыр атаға жолдас болу үшін еш адамның қарыз-қақын жемеуің, қатты сөз айтып көңілін ауыртпауың, адал, турашыл, халықшыл, еңбекшіл, иманжүзді, ақ та пәк болуың керек дейді. Наурыз, міне, осылай Қыдыр ата құдыреті арқылы жұртты парасатқа, адамгершілдікке, мәдениетке, бірлікке, қайырымдылыққа, сый-құрметке бастайды. Мұны бес деңіз.
Ұлыстың ұлы күні – жадыраған жаздың басы, түнді күн ұтқан жарықтың басы. Жер де, төрт түлік мал да, жан-жануар, орман-тоғай да өсіп-өнетін шақ. Жер Ананың тас емшегі жібитін, Самарқанның көк тасы еритін кез. «Ұлыс күні хан мен қара, бай мен кедей, үлкен мен кіші, т.б. әлеуметтік топтар әзіл жарастырып, ниет тоғыстырып, әркім өзін шын мәнінде уақыт пен кеңістіктің аясындағы ұлы құбылыстың бір бөлшегіндей сезінеді» («Қазақ әлемі»), жұрт қарыз-қауғадан құтылады. Өкпе-назды ұмытып, ренішті кешіріседі. Құлды құрықтан, күңді сырықтан құтқарып, азат етеді. Бұл ұлыстың ұлы күнінде әр жан иесі атқарар міндет, орындайтын парыз саналады. «Ұлыстың ұлы күні Самарқанның көк тасы ериды» қағидаты арқылы халқымыз иманжүзді, жібек мінезді, кеңпейіл кешірімді болуға, ызыт, кек, өкпе, өсек деген індеттерден бойын таза ұстауға тәрбиелейді. Міне, мұны алты деңіз.
Сараптай берсек, саралай берсек, ұлтымыз мың өліп, мың тіріліп жүріп, анау атам заманнан бүгінге әкелген әр салт-санасының астарына үңілсеңіз, осындай әлемдік, адамзаттық әйдік асыл қасиеттерді тізе беруге болады. Бұның барлығын ата-бабаларымыз: «ұрпағым адам болсыншы, есті болсыншы, десті болсыншы» деп жыйған рухани мол қазынасы, кие дарыған өнегесі.
Әбділ
ТӘУЕКЕЛҰЛЫ,
этнограф, мәдениеттанушы
ПІКІРЛЕР2