Нұрғиса Тілендиев туралы толғаулар
07.04.2025
176
0

Серік Тұрғынбекұлы

Ай мен Нұрдан
Таратылған Нұр-аға,
Жаратылған Нұр-аға.
Жалғыз өзі Алатауға теңесіп,
Жалғандағы дара тұрған,
Ән мен жырдан Мұнара!

Аққу-қаздың,
Әсем саздың сыршылы.
Асылдардың,
Жасыл талдың бүршігі.
Талантыңа тарту үшін
Сыйласам,
Аздық етер,
Алатаудың бір шыңы.

Атылғанда-ақ жамбыдай
Айға астың,
Тайбурылдай нағыз өзі таймастың.
Жыр алыбы,
Жалғыз неғып жатыр деп,
Жамбыл ата жанына кеп жайғастың.

Жалғыз өзің – күй қазына,
Ән мұра,
Жалпақ елдің жан сусынын қандыра.
Қыран болып
Қанатыңды қағушы ең,
Қолыңа кеп қонған кезде домбыра.

Сол бір сәтте күмбір қағып күй-кеуде,
Тәнті болып,
Тыңдаушы бас игенде.
Сау адамды жынды қылып жіберер,
Саусақтарың пернелерге тигенде.

Дирижер боп шыға келген кезіңде,
Жалын атып,
От ойнайтын көзіңде.
Күй құдірет құшағында тұншығып,
Күйіп-жанып берілгенде сезімге.

Тоқсан өнер тоғыстырған бір өзі,
Жан адамға ұқсамайды мінезі.
Бар адамға нұр-шапағын сыйлаған,
Бар әлемге түсіп тұрған күн көзі.

Ол – Нұрғиса!
Ол – сағыныш,
Мәңгі үміт,
Тыңдаушының бір құмарын қандырып.
Домбыра боп жаратылған адамдар,
Ән – мұра боп қалуы да
Заңдылық!

ӘЛҚИССА

Бісміллә деп бастайын,
Сөздің басы – әлқисса,
Көздің жасы – әлқисса.
Ән дарасы – әлқисса,
Жан дауасы – әлқисса.
Сый көкесі – әлқисса,
Күй көкесі – әлқисса.
Әлқисаны әсемдеп,
Тартады екен Нұрғиса.
Егіледі бір әуен,
Төгіледі бір қисса.
Жүректерге жыр жиса,
Көңілдерге нұр құйса,
Бақытты ғой Нұрғиса.
Жақындайды бір арман,
Жетектейді бір үміт,
Шыққандай-ақ құмардан.
Бір ғажайып сыр ұғып.
Бұл не деген асқақтық,
Бұл не деген ірілік.
Көз алдымда тұрғандай,
Құрманғазы тіріліп.
Бер батаңды Әулием,
Бер батаңды Киелім,
Күйіп-жанып жан жүйем,
Сені ғана сүйемін.
Қолымдағы домбыра –
Сенен қалған сол мұра,
Қастерлеймін қос шегін,
Әспеттеймін тиегін,
Ардақтаймын асылды,
Досқа имейтін басымды,
Домбыраға иемін!

Уа, аруақ, Әлқисса,
Домбырада Нұрғиса.
Бес саусағы пернеде,
Әуен жиса, үн жиса,
Бес саусағы шанақта
Шүйлігеді қырғиша…
Самғағандай не бір саз,
Бір әуені – қоңыр қаз,
Бір әуені – аққудай,
Бір әуені – бұлбұлша,
Сайрайды екен, дүние-ай!
Күйіп-жанып сезімге,
Күй тыңдаған күнім-ай,
Ақылымды, есімді
Сиқырлаған күнім-ай.
(Демеңіздер мұны жай)
Асыл сөздің атасы
Алқымыма тығылып,
Айтылмаған күнім-ай,
Бұл дүниенің қуын-ай,
Бұл өмірдің сұмын-ай.
Сыртқа шықпай тұншығып,
Ішімде өлген мұңым-ай,
Быт-шыт болып жарылшы
Тасқа тиген шыныдай…

Уа, әлқиса, әлқисса,
Алатаудың бар асу,
Қарлы шыңы – әлқисса,
Көкшетаудың жарасым,
Сән-мүсіні – әлқисса.
Қаратаудың қарайған,
Қия-тасы – әлқисса.
Бар әулие, абыздың
Қорқыт тартқан қобыздың
Сияпаты – әлқисса.
Күй атасы – әлқиса,
Құрманғазы – аптығы,
Тәттімбеттің тәтті үні,
Ықыластың ызасы,
Қазанғаптың қазасы,
Дәулеткерей шаттығы.
Шалқып, мұхит, құрлығым,
Тербетіліп тұр бүгін.
Адалдықтың ақ Туы,
Махаббаттың ақ гүлі.
Жұлдызымның жарығы,
Ұл-қызымның пәктігі.
Туған дала дидары,
Ел-жұртымның иманы.
Бас изейді мақұлдып,
Күнде естіген біз түгіл
Шет елдердің мейманы.

Уа, әлқисса, әлқисса,
Алты Алаштан әрі асып,
Әуелеші, әлқисса.
Бәйтеректей жарасып,
Мәуелеші, әлқисса.
Сенің үнің естілсе,
Көз алдыма келеді,
Кең даланың бедері.
Тау елесі – әлқисса.
Көңілімді желпиді
Сарыарқаның самалы,
Мөлдірейді мойылдай,
Жетісудың жанары.
Көздің жауын алғандай,
Алатаудың анары.
Сиқыр сазды осынау,
Тыңдамаған – тұл болар,
Тыңдағанда тағат жоқ,
Таусылғандай амалы.

Уа, әлқиса, әлқисса,
Сый иесі – әлқисса,
Күй иесі – әлқисса.
Екеуінде арман жоқ,
Бір-біріне жан қиса…
Екеуінде арман жоқ
Ел мейірін қандырса,
Ет жүректі жандырса,
Ес-ақылдан тандырса.
Құдіретті екен-ау,
Күйге айналса ән мұнша!

Өнер ұлы – арда екен,
Атан ба екен, нар ма екен?
Жапырағын жұлдырмас,
Жалғыз Құдай жар ма екен?!
Шөліркеп бір келгенде,
Жан сусынын қандырған
Шәрбат па екен, бал ма екен?
Қатал қыстан қаймықпай,
Туған жердің төсінде,
Тамыр тартқан мәңгілік
Қайың ба екен, тал ма екен?
…Бұл өмірден кетерде,
Соңғы демің бітерде,
Тыңдар болсаң бір рет,
Күйден асқан құдірет
Бұл дүниеде бар ма екен?!

Ата толғауы

Тұла бойы емендей,
Ақ сақалы селеудей,
Араласып асылмен,
Құрдас болған ғасырмен –
Жамбыл менен Кенендей,
Кейде жырды төгілтіп,
Кейде әнді егілтіп,
Солар жазған өлеңдей.
Тоқсан тоғыз толғанып,
Ақ домбыра қолға алып,
Өзгелерді таңғалтып,
Өзі де оған таңғалып,
Салтанатын асырған,
Сан ықылым ғасырдан.
Келе жатқан көнермей,
Ата толғауы,
Ата толғауы!

Үн болып пернеден,
Күмбірі көңілді тербеген.
Бір сиқыр
Жаныңды баурайды,
Арбайды,
Арылтып дертіңнен меңдеген.
Дәл осылай толғайтын
Батырлар мүлдем аз,
Ақындар кемде-кем.
Домбыра мың балқып,
Шын шалқып,
Шанақтан,
Сағақтан,
Ағызған
Зарлы жыр,
Шерлі өлең,
Ата толғауы,
Ата толғауы!

Ақ таңның сәулесі сібірлеп,
Жайылып барады жотаға…
Тұрасың ішіңнен күбірлеп:
О, тоба!
О, тоба!
О, тоба!
Айнала алтын бақ,
Алдымда – Абайым еңселі.
Жай оғы секілді жарқылдап,
Махамбет семсері.
Сыр ұрлап сыңғырдан,
Құлаққа жағымды қазақы нағыз үн.
Шыңырау түбінен шыңғырған
Тыңдадым Қорқыттың қобызын.
Долы жел ышқынып,
Шулайды жағада нар қамыс.
Нар қамыс ішінен,
Аспанға (айға емес!)
Атылған жолбарыс.
Жолбарыс емес, ол –
Бойдағы бұла күш,
Ол – намыс!
…Ата толғауы,
…Ата толғауы!

Көш – керуен

Көш келеді!..
Керуен көші келеді.
Қаннен-қапер ойламай ештеңені.
Жалпақ ауыл, қалың ел көшкен кезде,
Жаудың да өзі жолауға сескенеді.
Көш келеді…
Қозғалып қоңыр белде.
Көшкен кезде қайғың да жеңілдер ме?
Қоңыр әуен,
Қоңыр мұң,
Қоңыр тірлік,
Жаныңды жеп, кеудеңді кеміргенде.

Көш келеді…
Қалғандай жел де тынып,
Аққу-қаздар қалқиды көлде тұнық.
Көш келеді,
Қозғалып боз далада,
Бозторғайдың үнімен тербетіліп.

Көш келеді,
Немере атасымен,
Атасының кешегі батасымен.
Қозы-лағы жамырап қойнауында,
Аруана аңырап ботасымен.

Көш келеді,
Бар қызық бізбен жүріп,
Қайран елім көшуден үзген бе үміт?!
Анда-санда естіліп дыбыстары,
Қалжыңдасқан кешкілік қыз бен жігіт.

Көш келеді
Өмірдің керуені,
Бұл неғылған ғажайып шеру еді.
Таңнан тұра үдере көшкен елдің,
Керегесі күн бата керіледі.

Ай астында шалқиып шаңырағы,
Түні бойы ән мен күй аңырады.
Қызық қуып қыз-жігіт жанығады,
Өткен күнін кемпір-шал сағынады!
Түні бойы сауылып биелері,
Түні бойы таңылып түйелері.
Таң сәріден тартады көш-керуен,
Көш-керуен –
Қазақтың киелі Елі!

Көш-керуен,
Қазақтың киелі Елі,
Қазақ қана бұл жердің иегері.
Қайран халқым, қалжырап, қажығанда,
Даласына тек қана сүйенеді!

Көш-керуен,
Малынып таң нұрына.
Қалдырғандай артына мәңгі мұра.
Қарамайды соқса да қара дауыл,
Қарамайды желіңе, жаңбырыңа.

Көш-керуен,
Созылып жол жатады,
Бақыт құсы қонғандай қолға тағы.
Қос өркештің арасы киіз қоршау,
Жас келіншек тынымсыз толғатады.

Сәби үні шырқырап «шыр» еткенде,
Боз көдеден бөдене «пыр» еткенде.
Көш-керуен бір сәтке кідіреді,
Шаттық оты жалындап жүректерде.

Қариялар қосарлап тілектерін,
Бозбалалар сыбанып білектерін.
Жігіт-желең жиылып таңға дейін,
Ән мен жырды көрсең ғой үдеткенін!

Ана жақта – ат жарыс,
Мына жақта…
Палуандар күштерін сынамаққа,
Сай тасындай
Сайланып кілең жігіт,
Жайраңдайды жеткендей рақатқа!

Кең далада тартылған көкпар қандай,
Кеудесінде әркімнің от жанғандай.
Ай астында тербетіп алтыбақан,
Ай астында ақсүйек атқан қандай!

Көш-керуен!
Ой, шіркін, көш-керуен.
Осылайша, түсесің еске кілең.
Күй боп бүгін оралып келіп тұрсың,
Елес беріп ескі әуен – ескі өмірден.

Сахараның сан жылғы серуені,
Шаттығымның шалқыған шеруі еді…
Тоқтамасын уақыттың керуені,
Тоқтамасын бақыттың керуені

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір