Алматы облысында Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы кең көлемде аталып өт­ті
02.10.2025
161
0

Өткен аптаның соңында Алматы облысының Жамбыл ауданында қазақтың ұлы композиторы, күйші, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына арналған салтанат­ты шара өт­ті. Мерейтой ел руханияты мен өнерін ұлықтаған үлкен мереке болды.
Мерекелік іс-шара Жамбыл Жабаев ескерткішіне гүл қоюдан басталып, қонақтар ақынның кесенесіне зиярат ет­ті. Одан кейін Нұрғиса Тілендиевтің мәңгілік мекеніне барып, тағзым жасалды. Айта кетейік, композитордың аманаты бойынша ол Жамбыл Жабаевтың жанына жерленген.


Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейінде директор Салтанат Тезекбаева қонақтарға экскурсия өткізіп, ұлы жыраудың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндады.
Негізгі мерекелік жиын «Көкбастау» ипподромында ұйымдастырылды. Мұнда бес мыңнан астам адам жиналды. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев атап өткендей, ЮНЕСКО Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығын 2025 жылғы маңызды мерейтойлар тізіміне енгізді.
– Нұрғиса Тілендиевтің шығармашылығы қазақ руханиятының алтын қазығына айналды. Оның күйлері мен әндері – халықтың жаны мен тарихының үні, – деді аймақ басшысы. – Кеше ғана Іле ауданында оның аты берілген мәдениет үйі ашылып, ескерткіш орнатылды. Ұлы тұлғаның есімі еліміздің барлық өңірлерінде ұлықталуы тиіс.
Шарада қоғам және мәдениет қайраткерлері Нұрлан Оразалин мен Серік Үмбетов те сөз сөйлеп, композитордың адамдық болмысы мен өнердегі орнын ерекше атап өт­ті. Серік Үмбетов Нұрғиса ағаның соңғы аманатын орындап, оны Жамбылдың қасына жерлеу тарихын еске алды.


Мерейтой аясында өткен концерт­те қазақ фольклоры мен эстрадасының танымал әртістері өнер көрсет­ті. Орталық сахнада «Отырар сазы» оркестрі орындаған күйлер көрермендерді даланың әуезді үніне бөледі.
Кеш соңында қонақтар дәстүрлі тағамдар ұсынылған киіз үйлерге шақырылды. Ал мерекенің спорт­тық бөлігі бәйгемен жалғасты. «Көкбастау» ипподромында өткен аламан жарыста түрлі өңірлерден келген шабандоздар бақ сынады. Нәтижесінде, «Аламан бәйге» бойынша Жетісу облысынан келген Марат Ақперлиновтің «Жұмыртұяқ» ат­ты тұлпары бірінші келді.
Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығына арналған мерейтой – ел мәдениетіне, рухани сабақтастыққа деген құрмет пен мақтаныштың айғағы. Бұл күн қазақ музыкасының мәңгі жасайтынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Бұған дейін Алматы облысындағы Өтеген батыр ауылында ұлы тұлғаның ескерткіші бой көтеріп, жаңа мәдениет үйі ашылды.
Салтанат­ты іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, қоғам және мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен өнер майталмандары қатысты.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құт­тықтау сөзінде ескерткіштің ашылуы халқымыздың әйгілі тұлғаға деген айрықша құрметі мен ыстық ықыласының белгісі екенін атап өт­ті.


«Нұрғиса Тілендиев өркениетіміздің өрісін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты, еліміздің мәдени мұрасын жаңғыртуға, қазақтың ән-күйін жер жүзіне танытуға зор еңбек сіңірді. «Отырар сазы» оркестрінің негізін қалап, ұлтымыздың рухани дүниетанымын байыта түсті. Ол алтын қорымызға енген пьесалар мен фильмдерге музыка жазып, театр және кино саласында қайталанбас қолтаңбасын қалдырды. Нұрғиса Тілендиевтің теңдессіз мұрасы әлі талай ұрпаққа тағылым берері сөзсіз. Оның есімі қазақ мәдениетімен бірге мәңгі жасай береді», – делінген құт­тықтау хатында.
Мемлекет басшысының мерейлі сәтке орай жолдаған лебізін жеткізген Аида Балаева өз сөзінде ұлы композитордың қазақ мәдениетіне қосқан өлшеусіз еңбегін ерекше атап өт­ті.
«Ұлы композитор халқымыздың тарихы мен тағдырын, қуанышы мен қайғысын, арман-мұратын өнермен өрнектеп, артында мол мұра қалдырды», – деді А.Балаева.

Аймарал БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
ҚазХҚжӘТУ журналистика

факультеті, 1-курс

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір