Н.Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Нұрғиса Тілендиев атындағы Республикалық дирижерлер» конкурсы өтеді

ЖАМБЫЛ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІК ФИЛАРМОНИЯСЫ
Баспасөз баяны
2025 жылдың 8-10 қазан аралығында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында Қазақстан және КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Халық қаһарманы, күйші-композитор, дирижер Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевтің 100 жылдығына арналған «Нұрғиса Тілендиев атындағы Республикалық дирижерлер» конкурсы өтеді.
Конкурстың басты мақсаты — Қазақстанның дирижерлік мектебінің дәстүрлерін сақтай отырып, оны кеңінен насихаттау, кәсіби мамандармен әріптестік қарым-қатынас орнату, дирижерлік шеберлікті жетілдіру, сондай-ақ дарынды жас дирижерлерді анықтау мен ынталандыру, шеберлік алмасу арқылы ұлттық мәдениеттің деңгейін көтеру және Қазақстанның мәдени имиджін арттыру. Конкурсқа Қазақстан Республикасының музыкалық өнер саласындағы 18 бен 35 жас аралығындағы талантты жастар мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысады. Конкурс 2 кезеннен тұрады. Қатысушылар Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің сүйемелдеуімен музыкалық шығармаларды орындайды. Конкурс жеңімпаздарын құзіретті қазылар алқасы қорытындылайды. Конкурс номинациялары бойынша — Гран-при, І орын, ІІ орын, ІІІ орын, диплом және«Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын үздік орындағаны үшін» дипломы белгіленді.
2025 жылдың 10 қазан күні сағат 19:00-де Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармонияның Үлкен залында конкурстың қорытындысы шығарылып, жеңімпаздарды марапаттау рәсімі және Гала-концерт өтеді.
Іс-шара — ұлы тұлға Нұрғиса Тілендиевтің рухани мұрасын қастерлеп, болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталған мәдени алаң. Қазақ музыкасының алтын қорына енген туындылар арқылы жас дирижерлер кәсіби біліктілігін шыңдап, сахнада өз шеберлігін паш етеді. Байқау ұлттық музыка өнерін дәріптеп қана қоймай, жаңа есімдерді танытып, олардың шығармашылық дамуына серпін береді.
Қазақтың көрнекті композиторының 100 жылдығына арналған іс-шаралар елімізде және шет елдерде жыл бойы атап өтіледі.
