МЕНІҢ ОЛЖАСЫМ
13.05.2016
1459
0

2Олжас туралы алдыма ақ қағаз жайып, қолыма қалам алғанда ол туралы не жазам деп толғандым. Көп айтылды, көп жазылды ғой. Тіпті соңғы жылдары мақтау мен даттау қатар жүріп жатты, соларды оқығанда менің жүрегім сыздап қоя беретін. «Ит үреді керуен көшеді» деген халық мақалына сүйеніп жүре беретінмін. Кейбір оған айтылған сындар шыбынның шаққанындай да болмаушы еді. Олжас ол кедергілерге мойымай, бойын да ойын да тік ұстап тарихтың даңғыл жолымен кетіп бара жатады. Екі иығынан жел ескендей адуындап алдыға асығып бара жатқан Алпамыстай асқақ, арлы жігітті әлі тірі пенде тоқтатып көрген жоқ. Біз XXI ғасыр етегінде жүрсек, Олжас отызыншы ғасырдың иығында тұр.


Өтеген КҮМІСБАЕВ

 

Бір ғасырда бір-ақ рет дүниеге келетін алыптар сондай шығар деп ойлаймын. Ол кемел келешектің етегінен ұстап, жалына жабысып жүрген жарқылдаған жұлдыздың нағыз өзі. Ол өзінің айтқанынан шегініп екі сөйлеген емес. Ол біздің арамызға Прометей тастап кеткен от сияқты қиял жетпес қияңдарға, алыс ғасырлардың түкпіріне сәулесін, жарығын түсіріп тұрады. Құдіреті күшті Аллам, табиғат оған түрді де, ойды да, бойды да, сүйкімді тәкаппарлықты да, салмақты сабырды да бәрін берген. Олжасқа қарап тұрып мен Алатауымыздың асқақ шыңын елестетіп тұрамын. Мен жағымпазданатын жастан аулақ кеттім. Қазір жетпістің сегізіне секіріп шықтым. Арамызда екі-ақ жас айырмашылық бар. Кей кездері Олжас үнсіз қалса, газеттен оқымасам, теледидардан көріп, радиодан естімесем сырқаттанып қалмады ма екен деп мазам кетеді. Ойламаған тұстан Олжастың сөзі, не өзі жарқ ете қалғанда жерден жеті қоян тапқандай балаша қуанамын. Бұл сөзді көпке айта бермейтінмін, өйткені біреу ұнатады, біреу ұнатпайды. Менің Олжасым аман сау жүрсінші деп іштей тілейтінмін. Қазіргі заманда алыптар сирек, барлары алыстап кетті.

Менің Олжаспен алғашқы кездесуім қызық еді. «Қазақ әдебиеті» газетінде әдеби қызметкермін. Бір күні ақынның бірнеше кітабы қолыма түсті. Бұрын өлеңдерін оқып тәнті болып жүретін­мін. Отыра қалдым да мақала жаздым. Арғымақтар қолтығымнан демеп дем бергендей қанаттанып кеттім. Ол уақытта редактор Сыр аға, Сырбай Мәуленов еді, бірден қол қойып жіберді. Мақала шықты, ойымда ешнәрсе жоқ, кенет коридорға шығып ем, қолында «Қазақ әдебиеті» Олжас Сүлейменов келе жатыр. Газетті жайып оқып келе жатыр екен, рахметін айтып, қолымды қысты. Жаңа ғана киоскіден алдым дейді. Жуайық Өтеген, жүр деді. Төбем көкке жеткендей болды. Кейбір қаламгерлер жайында көлдей мақала жазсам да, ризашылығын айтқаны есімде жоқ.

Бір күні екі ұлымды Арман мен Бағланды ертіп, Жазушылар одағына қаламақымды алуға келе қалмасым бар ма? Олжас пен Мұрат қатар тұр екен. Есепші маған сізге ақша бере алмаймын, құжатыңыз жоқ демесі бар ма? Сол кезде Олжекең тұрып: «оған қалам­ақысын беріңіз» әнеки қасында екі бірдей өзінен айнымайтын екі паспорты тұр ғой деп еді, бухгалтер әйел күліп жіберді. Сол бір ауыз сөзі әлі есімнен кетпейді. Көрсеңдер Олжас ағаңа сәлем бер, тағзым ет деймін балаларыма. Кіші балам Бағлан, қонақ кісілерін тасып кәріс күйеу баласымен бірге істеді. Олжас оның арқасынан қағып, ризашылығын айтыпты.

Жазушылар одағында істеп жүр­генім­де партия қатарына өткім келді. «Партия әкем де сен, шешем де сен» деп жұлдызға өлең жазғаным бар. Ол заманда Жазушылар одағының төрағасы Ғабиден Мұстафин ағамыз еді. Бәріміз соның кабинетіне жиналдық. Партия жиналысы қызу жүріп жатыр. Марқұм ақын партия ұйы­мының хатшысы Әбіраш Жәмішев документтерді дайындаған еді. Кезек маған да келді. Ғабиден ақсақал жас екен, кейінірек өтер деп ұсынысты іркіп тастапты. Сол кезде Олжас орнынан тұрып: «Өтегенді КПСС қатарына парсы тілін білетіні үшін қабылдауға  тиіспіз» деді. Бірақ қисықтау сары шал оған  көнбеді. Сол бір Олжекең айтқан жалғыз ауыз сөзі әлі жадымнан шығар емес. Оның есімі аталған сайын ойыма орала береді.

Хош, содан мен Москваға оқуға кеттім. СССР Ғылым Академиясының Шығыстану институтына аспирант болып тіркелдім. Ол кезде СССР Жазушылар одағы басқармасында Қазақ әдебиеті бойынша консультант белгілі жазушы Тәкен Әлімқұлов еді. Анда-санда елді, жерді сағынғанда сол кісіге барып тұратынмын. Адам ретінде де, жазушы ретінде де жақсы көретінмін. Кел Өтеш, қарның ашып жүрген жоқ па деп, әңгімесін айтып тамақ, кофе әперетін.

Жазушылар одағы үйінің асты толған залдар, ресторан, кафелер, қойдың бүйеніндей ширалаң жолдар, орыстың бар мықтылары сонда отыратын. Тәкең бәрімен сырттай таныстырып шығады. Анау үшеуі Белла Ахмадулина, Евгений Евтушенко, Андрей Вознесенский. Мыналары: Семен Кирсанов, Вас Шукшин, Виктор Астафьев, анау шығып бара жатқандар: Римма Казакова, Валентин Распутин, Виктор Лихоносов дейтін. Тәкең орыс қаламгерлерімен тепе-тең сөйлесетін, тайсалмайтын, кеудесін тік ұстайтын, ашуын келтірсе «шешеңді» деп боқтап жіберуші еді, шахматқа да мықты еді. Қазір мына сары басыңды шекесінен ұрып құлатам деп, маған қарап жымиып қоюшы еді. Абай жөнінде бір кітабын маған қолтаңбасымен беріп еді, кейін қолды болып кетті. Қай жылы екені есімде жоқ, Бүкілодақтық жас жазушы­лардың бірінші құрылтайы өтті. Қазақ­станнан он жас қаламгер қатысты, Ақұштап, Бекежан жадымда қалыпты. Мен Михаил Львов атты атақты орыс ақынының семинарында болдым. Орысша аударылған өлеңдерімді оқып, тәуір баға алдым.Күндердің бір күнінде Тәкең Әлімқұлов ағамыз шақырып алып: «Өтеш, сен кандидаттығыңды қорғадың, жассың, қолыңнан іс келеді», мен елді сағындым, қайтқым келді, менің орныма сен қал, Г.М.Марковқа апарып таныстырамын» деді. Марков СССР Жазушылар одағының басқармасының бірінші секретары еді де, Г.Федин басқарма төрағасы болатын. Содан Тәкең айтқанынан бір қайтпайтын азамат болатын. Бастығына мені алып барып мән-жайды баяндады да, мені таныстырды. Ол кісі қарсы бола қойған жоқ. Жартылай кеңесшілік атқаратын болып келістім. Бір жағынан докторантураны жалғастыру ойымда бар-тын. Міндетім сол Алматыдан келген жазушыларды Домодедовадан қарсы аламын, қонақ үйлерге орналастырамын, кітаптарын Мәскеу баспаларына мадақтап өткіземін, шығарып саламын. Ал Твардовскийдің медалін көтеріп жерлеуіне қатыстым. Абай, Әуезов, Мұқанов тойларын өткізуге атсалыс­тым. Әсіресе, Олжасты Алтайдан қарсы алу мені үлкен қуаныш сезімге бөлейтін. Герцен көшесіндегі Орталық әдебиетшілер үйіне бара қалсам, маған «сіз Олжас Сүлейменов емессіз бе?» дейтін, әлбетте бойым биіктеу, шашым қалыңдау, бұйралау әдемілеу болатынмын. Жоқ, мен Олжас емеспін, ол жақында келеді, келіңіз кездестіремін дейтінмін. Орыс қыздары мен жігіттері оны жиі сұрайтын. Көп жасағыр Олжас-ай, осындайда келе қалсаңшы деп іштей тілек тілеп жүруші ем. Бір күні келе қалды. Москва қонақүйіне жайғасты. Орыс оқырмандарының оған ғашық екеніне сонда көзім жетті. Келсе алдынан шығып амандасып, жүргізбейтін, қолтаңбасын, кітаптарын сұрайтын. Мәскеу түбінде тұратын оқырмандары қала кезіп, оның шығармаларын іздеп кетуші еді.

«Аз и Яның» дүниені дүбірлетіп шулатып тұрған кезеңі болатын. Шыққан бойда бірнеше шет ел тілдеріне тәржімаланды. Ол кітапты баспадан шығарғандар қызметтен босады. Қолына түсірген жұрт жасырып оқыды. Лихачев, Рыбаков секілді орыс академиктері, тіпті ішінде Гумилев та бар еді. Майдың майлы терісін тартқылағандай жан-жаққа тартып талап жатты «Аз и Я»-ны. Олжасқа қауіп төнді. Сонда Д.А.Қонаев атамыз Л.И.Брежневке қанатының астына паналатып қорғап қалды. Бір үлкен жиында Қонаевтың қасына ешкім барып отырмағанда Олжастың барып отырғаны елді таңқалдырып еді. Әнеки, азамат десті олар.

«Аз и Я» кітабының тағдырын ерекше қилы, қиын боп шыққаны белгілі. Десе де, осы кітапты оқуға ынталылар Москвада көбейіп кетті. Мен оқып жүрген Шығыстану институтының әйгілі ғалымдары М.Н.Оспанов, С.Маштакова және басқалары Алматыға  бара  жатқанда
«Аз и Я»-ны жеткізуді өтінеді. Бара­хол­каға бірнеше рет барып жүріп жасырын қолдардан бірнеше данасын тауып сатып алдым да, Мәскеуге апардым, олар қуана-қуана қарсы алды. Сүлгімен орап кенеп қапшыққа салып  белгісіздеу зат ретінде тығып апарған едім.

Содан бері қаншама жылдар өтті. «Аз и Я»-ның даңқы қайтадан аспанға көтеріліп, әділет орнады. Олжастың отты ойлары орнына келді. Енді тобықтай сөзге түйін берсем деймін. Олжас Сүлейменовтің елге, халқына, ғылымға сіңген еңбегі шаш-етектен келеді. Олжасқа көзі тірі кезінде көшелер, лицейлер, мектептер берілсе, түркі тілдерін, тарихын, мәдениетін біріктіріп зерттейтін Олжас Сүлейменов академиясы ашылса, бұған қарашай да, балкар да, венгер де, тәжік те, түркмен де, әжербайжан да, қырғыз да, Еуропада тұратын түркі әлемінің өкілдері де қол соғар еді. Халық Қаһарманы атағы берілсе, Нобель сыйлығына  ұсынылса, бөркімізді аспанға лақтырар едік. Өйткені, Олжас замандасым осыған лайық. Менің және миллиондаған оқушының Олжасы осындай ұлы адам.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір