Шынайылық пен қарапайымдықтың үлгісі
24.12.2022
814
0

Осыдан 15-20 жыл бұрын мен Алматыдағы Республика сарайында өтетін концерттік бағдарламалардың сценарийін жазып, сондай өнер кештерінің ұйымдастыру жұмыстарының басы-қасында жүріп, біраз жайтты барлап, бағамдап қалған жайым бар-ды. Сондағы бір байқағаным – аға буын өнерпаздардың аса зор жауапкершілігі мен ұстамдылығы. Мәселен, қаншама жылдан бері сахнада жүрген ардагер әнші Нұрғали Нүсіпжанов концерт болар күнгі репетицияға дәл уақытында келіп, режиссердің талабы мен уәжін тыңдап, алдын ала дайындықтан өтеді. Концерттік бағдарламаның сценарийінде үшінші боп тұрса – үшінші, отызыншы боп тұрса – отызыншы кезекте, ұйымдастырушыларға құлақ асып, сол ретпен сахнаға шығады. Ал микрофонды ары кеткенде арғы күні ұстап көрген әлдебір балақай (немесе балғын қыз), біріншіден, репетицияға кешігіп келеді немесе тіпті келмей қалады, екіншіден, концертке де дәл уақытында жетіп үлгермейді, үшіншіден (ең сорақысы!), «тойға баратын едім, сценарийдің алдыңғы жағына қойып, ертерек жіберіңізші» немесе «көлігім бұзылып, көшеде тұрып қалдым,
менің сахнаға шығатын ретімді соңғы жағына ауыстырсаңыз…» деген сыңайда қырық сылтау
айтып, ұйымдастырушыларды шұғыл өзгеріс
жасауға мәжбүрлейді…

Егер өнерге әбден еңбегі сіңген, елдің шын сүйіктісіне айналған танымал әнші осылай «еркелеп» жатса, мүмкін, түсіністікпен қарауға да болар еді. Бірақ, керісінше, Нұрғали Нүсіпжанов бастаған аға буын майталмандар ешқашан мұндай салақтыққа бармайды. Өйткені олар – жастайынан сахнаның қадірін ұққан, өнердің қасиетін түсінген, көрермен алдындағы жауапкершілікті сезініп өскен жандар. Осы себептен де халықтың құрмет-қошеметіне бөленіп келеді.
Жақында әлеуметтік желілердің бірінен жазушы Дәурен Қуаттың мынадай жазбасын оқып қалдым:
«7-арнадан бір әнші баланың концерті болып жатыр. Әлгі баланың ән айтып жүргеніне 15 жыл болыпты. Құдай ақы, бір әнін білмеймін. Өзі өзбек пе, ұйғыр ма – сондай бір туысқан халықтың төлі. Әйтеуір қазақша ән айт­қанымен, қазақша сөйлемейді. Ал енді ән әлеміндегі он бес жылдығы дүркіреп өтуде. Зал толы халық.
…Өкінішті. Әлгі әншінің концертін ТВ-дан тамашалап, үйінде Нұрғали Нүсіпжанов отыр. Жасы биыл 85-ке келді. Сахнада сайран салғанына – 65 жыл. Нұрағам бүгін де бабында. Бірақ, неге екені белгісіз, елеусіз қалып барады. Мерейтойы да, сахнадағы 65 жылдығы да атаусыз қалды. Неге?
Нұрағаң – өзімен замандас, тұстас композиторлардың әндерін қалың елге әйгілеген балкөмей әнші. Қаншама ұрпақ Нұрғали Нүсіпжанов салған әндердің әлдиі мен рухына бөленіп өсті десеңізші! Сондай тұлға осы күні көзден таса, көңілсіздеу ғұмыр кешуде.
Жақсыңды жабырқатпа, ағайын! Нұрағаңа лайықты құрмет жасайық!».
Жазбаны оқып, жабырқап-ақ қалдық. Ізінше Нұрғали ағамыздың сахнадағы сайыпқыран ізбасарларының бірі Рамазан Стамғазиев былай жазыпты:
«Нұрғали ағамен кеше хабарласып, жағдайын сұрадым. «Аға, сізді ауырып қалды деп жатыр, қалыңыз қалай, аман-есенсіз бе?» деп… «Иә, бір аунап тұрдым, мына дерті құрғыр қаттылау келді бұ жолы, түрі жаман…» деп біраз әңгімелестік. Шүкір, қазіргі жағдайы жаман емес, сахнаға шығуға, ән салуға шамасы жетіп-ақ тұр.
Іштегі бір өкініш – жасы 85-ке келгенде, жоғары мінберлердегі ақ жағалылардың көңіл бөлмегеніне қайран қалып отырғанын сездім… Айтатын қаншама әні іркіліп тоқтап тұрғанын, мерейлі кешін дүркіретіп өткізуіне көңіл бөлінбей тұрғанын естіп, мен де ойланып қалдым. Қазақ өнерінің қара нары, бүкіл өмірін өнерге арнаған ақсақал абызы, күнде 85-ке келіп жатқан жоқ қой. Алматының мәдениет басқармасы, әкімі қайда қарап отыр? Мәдениет министрлігі ше? Оларға айтатын адам жоқ па?.. Ұят болды, айтатын сөзім жоқ.
Нұрғали ағамызға Жаратқан ием күш-қуат берсін! Жасай беріңіз, Нұраға, 90-ға, 100-ге келген тойыңызды амандық болса көруге жазсын!».
Әдебиет пен өнердегі белгілі тұлғалардың бұлай бірдей алаңдауы, қазақ сахнасының сайыпқыран әншісінің қазіргі ахуалына назар аударуы бекерден-бекер емес. Қазақстанның халық артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Нұрғали Нүсіпжанов биыл жыл басында-ақ 85 жасқа толды. Содан бері, міне, 11 ай өте шығыпты. Бір жыл десек те, артық емес. Осы уақыт ішінде елге еңбегі сіңген қайраткер әншінің мерейжасына көңіл бөлмеу, кешін өткізбеу, басқасын былай қойғанда жай ғана құттықтап, құрмет көрсетуді де естен шығарып алу деген не масқара?! Әрі-беріден соң бүкіл қазақты алпыс жылдан астам әнмен әлдилеп келе жатқан ардагер әншіге «Еңбек Ері» атағын берсе де лайық емес пе еді?
Нұрғали Нүсіпжанұлы Талдықорған облысының Гвардия ауданындағы Күреңбелдің (Алтынемел) жанындағы Доланалы ауылында 1937 жылдың 5 қаңтарында қарапайым шопан отбасында дүниеге келген. Қоғалыдағы орта мектепте оқыған жылдарында әнге құмартты. Көркемөнер ұйымының құрамында үшінші сыныпта жүрген шағында сайлау алдындағы ата-аналарға арналған концерттердің бірінде «Қызыл бидай», «Қыздар-ай» әндерін орындағаны үшін мақтау қағазын алды. Жасөспірім Нұрғали студенттер мен жастар арасында Мәскеуде өтетін фестивальге жолдама алу үшін ауылдық, облыстық конкурстардан өткен. Ақыры Алматыдағы қорытынды байқауға қатысты. Сонда қазылар алқасы Нұрғалидің әншілік қабілетін көріп, консерваторияға қабылдауға ұсынды.
Он тоғыз жасқа келген Нұрғалиді ән өнерін кәсіби, жан-жақты білім алу мақсаты алға тартты. Ол 1956 жылы музыка өнерінің қара шаңырағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға қабылданды. Мұнда ол белгілі ұстаз – Қазақстанның халық артисі Надежда Самышинаның класында жеті жыл оқыды. Ұстазға Нұрғалидің кең тынысты, сазды дауысы ұнады. Нұрғали консерваторияны бітірген соң Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрына қызметке жіберілді. Осы кезде Нұрғали Қазақстанның кейбір аймақтарында концерттер бере бастаған. Мұнда ол екі жылдай әншілік қызмет атқарды. Ол жеке әнші болуды аңсады. Қызмет жолы оны Қазақ телевизиясы мен радио хабарларын тарататын мемлекеттік комитетіне әкелді. Бұл ұжымда Нұрғали музыкалық хабарлар редакторлығынан редакция меңгерушісіне дейін көтерілді. Осы ұжымда Нұрғали Нүсіпжанов (1966 – 1976) он жыл қызмет етті. Қызмет бабы Нұрғалиға әншілікті кең атқаруға бағыштады, ол концерттерге тікелей қатысуды қалады. Оның бұл талабы 1976 жылы орындалды. Нұрғали Нүсіпжанов Қазақтың мемлекеттік Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестріне жетекші әншілікке қабылданды. Осы сәттен бастап оның ән шырқауына даңғыл жол ашылды, ол әншілік шеберлігімен көрермен қауым алдында құлашын жайды.
Қазақтың әйгілі композиторы, халық қаһарманы, КСРО халық артисі Нұрғиса Тілендиев Нұрғалиға «Саржайлау», «Ақ құсым», «Балдызым», «Куә бол», «Әкеме», «Әжеме», «Жетісуым», «Қапшағай», «Келе жатыр құс қайтып» сынды жиырма шақты тамаша әндерді арнап жазған. Ол М.Маңғытаевтың «Сағыныш», Ә.Бейсеуовтің «Айнашым», «Мұңайма», «Аспан қызы», Қ.Қуатбаевтың «Қарындас», «Шолпаным», Т.Базарбаевтың «Қаздар қайтқанда» сияқты көптеген эстрадалық әндерін сахнаға алып шыққан.
Нұрғали Нүсіпжанұлы концерттік бай бағдарламасымен бүкіл Қазақ­станды шарлап, ең алыс деген елді мекендерде өнер көрсетіп, республикамыздың алыс-жақын аудандары мен облыстарында, шалғай елді мекендерде шағын фольклорлық, эстрадалық ансамбльдердің көптеп дүниеге келуіне ықпал етті. Ақиық әнші Қазақстанның орындаушылық өнерін Швеция, Финляндия, Моңғолия, Ауғанстан, Йемен, Ангола, Кипр, Португалия, Сирия, Грекия, Югославия, Алжир, Германия, Түркия, Польша, Қытай сияқты және басқа да көптеген шет елдерде абыроймен таныта білді.
Нұрғали Нүсіпжанов – өмірде де, өнерде де ізет пен ізгілікті басты орынға қойған жан. Оны өнердегі қатарлары да, ізбасар іні-қарындастары да, қарапайым көрермен-тыңдарман да керемет жақсы көреді. Бұл ыстық ықыласты, ынтызар махаббатты ол өзінің шынайылығы мен қарапайымдығының, дара дарынының арқасында иеленді. Мемлекет тарапынан тиісті дәрежеде көңіл бөлінбей жатса да, әнсүйер қауым – қалың қазақ Нұрғали Нүсіпжановты мерейлі жасымен, сахнада өнер көрсетіп жүргеніне 65 жыл толуымен шын жүректен құттықтайды!

Сәкен СЫБАНБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір