«Ғабеңнің батасымен сахнаға шықтым»
03.10.2024
192
0

Мәдениет­тің биік өресінен түспей, көрерменнің талғамына сай болып жүрген дарын иелері Қызылжар төрінде де баршылық. Ән дегенде осындағы елдің есіне, алдымен, Дәмеш Құрманкина оралатыны анық. Сахнада жүргеніне 30 жылдан асып бара жатқан әншінің жеке концерті де өт­ті. Ұзақ жылғы еңбегі еленіп, Құрмет орденін иеленді, облыс орталығының құрмет­ті азаматы атанды. Осы орайда көп жылдан бері көрерменге қуаныш сыйлап жүрген сахна шеберімен болған сұхбат­ты назарларыңызға ұсынамыз.

– Дәмеш Сапарқызы, сіздің өнерге ерте жастан келгеніңіз мәлім. Естуімізше, ата-анаңыз да әнге жақын жандар болыпты. Онда әңгімеміздің басын туған жеріңіз, қазақтың сөзі жуан жақсыларына жол ашқан Жамбыл ауданындағы Жаңажолдан бастасақ.

– Оныңыз рас, мен шаңырағына өнер қонған, әнді ерекше құрмет­тейтін отбасыда туып-өстім. Үйдегі бес баланың ортаншысы болып бой жет­тім. Ауылдағы қара шаңырақта көз ашқалы көргеніміз ән болды. Есімде қалғаны, кішкентай кезімде жаңа жыл қарсаңында шыршаның түбіне тұрып ән айтатын едім. Кейде мен ән өнерінде шыршаның түбінен келе жатырмын деп әзілдеймін. Отбасымдағы басқа жандар да әнге жақын болды. Үйдің ішкі-сыртқы шаруасының бәрі әнмен бітетін. Біз де ыңылдап жүріп ата-анамызға көмектесіп жүруші едік. Анамыз нендей жұмысты істемесін, аузынан ән үзілмейтін. Осының бәрі менің санама сіңіп, жүрегіме байланды. Ал ата-анама бұл қасиет арғы аталарымнан дарыған деседі. Алайда қилы кезеңдерде олар да бойдағы өнерін ашық көрсете бермесе керек. Осы отбасымыздан әннен кәсіби жолға түскен өзім ғанамын.

– Сол балалық шақта бағыңыз жанып, Ғ.Мүсіреповпен жолығып, заңғар жазушының көзіне түскен екенсіз. Бұл кездесу қалай орын алды?
– Ғабең де – өзіміздің Жаңажолдың тумасы. Бірде ауылға қазақтың мүйізі қарағайдай азамат­тарын бастап Ғабит Мүсірепов келетін болды. Алыптың алдын көруге ұмтылған топ баланың ішінде мен де бармын. Ол менің 12-13 жасар кезім, Ғабең болса, сексенге таяған шағы. Сонда жазушы қатарластарыммен бірге ән айтқан мені ерекше ықыласпен қабылдады. Болашақта үлкен дарын иесі болатыныма сенім білдірді. Менің міндет­ті түрде Алматыда оқуым керек екенін айтып, сонда білім алуға шақырды. Бұл шақырыс мен үшін үлкен сахнаның есігін ашқан жолдама сияқты еді. Бұрын да, қазір де Алматы өнердің астанасы саналады ғой. Ірі қаладағы білім ордасына оқуға қабылданып, Алматыда 9 жыл тәлім алдым. Менің кәсіби әншілік жолға түсуімнің тарихы осы. Ғабеңнің өзі жазған: «Кездейсоқтықтың да себебі болады» деген сөзі бар. Жазушымен кездесу де жай ғана кездейсоқтық емес, тағдырыма үлкен әсер еткен сәт деп білемін.

– Жазушымен алғашқы кездесуден кейін араларыңызда байланыс орнады ма? Одан әрі жүздесудің сәті түсті ме?
– Иә, 1986 жылға дейін мен Алматыда оқыдым. Онда барған соң жазушының қызындай болып кет­тім. Есептеп қарасам, Ғабеңмен тура 7 жыл араласыппын. Ол 1985 жылғы 31 желтоқсанда дүниеден өт­ті ғой. Алғаш театрдың табалдырығын да Ғабит Мүсіреповтің жетелеуімен ат­тадым. Абай атындағы театрда оның драмалары дүркін-дүркін қойылып жататын. Сол кештерге драматургпен бірге мен де барушы едім.
Осы 7 жылда жазушы өзі қамқор болып, бағыт-бағдар беріп отырды. Бір елден әрі туыстығымыз да болған соң маған өзін «ата» деп айтқызды. Оқып жүргенде атама барып тұрдым. Бірде барсам, менің алдымда Кәкімбек Салықов келіп кетіпті. Ғабең ақынның біздің елден екенін, бүгінде Жезқазғанда қызмет ететінін айт­ты. Осылайша, Кәкімбек ағаның шығармашылығымен де таныстым. Сол келгенінде ақын атама өзі сөзін, композитор Шәміл Әбілтаев әнін жазған «Ғабең сөзі» ат­ты әнді беріп кетіпті. Ғабең болса, ол туындыны маған ұсынды. Кейін Қайырлы Ғафуров әнді оркестрге лайықтап, қаламгердің ғасыр тойында Қызылжарда үлкен кеш өткізіп, осы әнді шырқадым.
Жазушы Виноградов көшесінде тұрды. Екеуіміз сол үйден шығып саябаққа барып отырамыз. Атам көп әңгіме айтпайтын. Көзін алмай кісіге біраз қарап отырып, сосын, барып ойындағысын жеткізетін. Көбіне сөз арасында: «Суық жаққа барма, саған Алматы дұрыс болады»,– деп қалатын.

– Қазақ әдебиетіндегі алыптар тобының жуан ортасындағы Ғабит Мүсіреповтің маңына қаламгерлердің көп үйіріліп, жиі бас қосатыны белгілі. Сол ақын-жазушылардан тағы кімдермен таныстыңыз?
– Ғабеңнің үйінде үнемі жиын-той болып, адам аяғы үзілмеуші еді. Сол кештерге мені де шақырады. Мен айтқан уақытында бара қоямын. Егер кейде бармай қалсам, үлкендігіне қарамай өзінің жұмсақ даусымен: «Капризничать етпе», – деп назын білдіргендей болатын. Кездесуге келсек, жазушының үйінде міндет­ті түрде ақын Ғафу Қайырбеков жүретін. Ғафу атамыздың өлеңдерін мектептен оқып жүрдік қой. Ол өзі әзілқой, мінезі шайқылау жан еді. Бала болсам да менімен ойнап, сөзбен қағып қалады. Бірде әзілдеп атама: «Осы қызды неге еркелетесің, бұл сені қайда апарады?» – дегені бар. Сонда Ғабең менің ертеңіме сеніп: «Дәмеш өскенде, Мәскеуде жүретін болады. Америкаға барып, маған мүштік әкеледі», – дейтін. Қалаға алғаш келген ауыл баласы ұяң болады ғой. Мен де көп сөйлемей ақсақалдарымыздың әңгімесін тыңдап қана отырамын.
Ғабит Мүсірепов арқылы көрген тағы бір қаламгер-жазушы Сәкен Жүнісов. Ел Сәкенге сері атын бекер бермеген ғой. Сәкен атамыз қаламгерлігінен бөлек, тамаша әнші еді. Халық әндерін, Сәкен Сейфуллиннің әндерін тамаша шырқайтын. Кейін оны өз драмалары сахналанатын қазақ театрында жиі көріп жүрдім. Сол кездесулерде: «Сен Ғабеңнің қызысың. Мен өзің жайлы міндет­ті түрде жазуым керек», – деп уақытының болмай жүргеніне қапаланатын. Өкінішке қарай, Сәкен Жүнісов өмірден ерте өтіп кет­ті де, мен туралы ойындағысын жаза алмады.
Ол үйде белгілі ағайынды Рсалдиндерді жиі көретінмін. Олар жазушының жарының інілері екен. Сол сияқты өзге де әдебиет­тің, театрдың майталмандары сол шаңыраққа жиылады. Астан кейін бәрі жиылып, преферанс ойнайды. Оның да не екенін Алматыға барып білдім. Сол ойын­ның басында небір дүниелер айтылып, әңгіме қызып жататын. Мен соны тыңдап өстім. Атамды жетектеп бірнеше рет бильярдқа да бардым. Бильярдта да небір әңгіменің тиегі ағытылады. Бүгінде қарап отырсам, әдеби орта, шығармашылық байланыс деген осы екен ғой.

– Алматының шығармашылық адамының өсіп-жетілуіне әсер ететін мәдени астанамыз екенін айт­тыңыз. Десе де сіз онда көп болмай, Қызылжарға оралдыңыз. Қыз-қыз қайнап жатқан өнердің ордасын қиып кету оңай болмаған шығар. Бұған не себеп болды?
– Алғашында отбасы жағдайымен уақытша осында келдім. Осында 1-2 жыл тұрғаннан кейін Алматыға қайта бармақ жоспармен оралдым. Қалада жұмысқа тұрдым, сахнаға шықтым, байқауларға қатыстым. Сөйтіп жүріп, алғашқы 1-2 жыл дегенім де өтіп кет­ті. Адам өмірі қызық құбылыс қой. Мұндағы жұмыстарды істеп жүріп тұрақтап қаламын деп ойламадым. Қызылжарда да жаңа ұжымда еңбек етіп, мектептерде сабақ беріп, өз жолымды таптым. Демалыс уақытында көбіне Алматыда жүрдім. Ондағы жолдастарым да хабарласып шақырып жат­ты. Алайда мен әнші болғаннан бұрын анамын ғой. Балаларыма қамқор ана болу үшін осындай қадамға бардым. Сонда да шығармашылықтан қол үзбедім. Университет, колледждерде мәдениет­танудан сабақ бердім, облыстық филармонияда осы күнге дейін ән салып келемін. Бүгінде сол балаларым үмітімді ақтап, аяққа тұрып, білім алып, азамат болды. Екеуі де жасынан зерек болып білім қуды. Қызым осы күні шетелде оқып жүр. Балаларымның өзі бүгін бақыт­ты отбасы болып, түтін түтетіп отыр. Сондықтан бұл таңдауыма өкінбеймін. Ал қазір таза шығармашылықпен айналысып келемін.

– Өміріңізге мән берген шығармашылығыңызда бүгінде қандай жаңалық бар? Биыл репертуар қоржыныңызды толықтырған туындылар көп пе?
– Соңғы кездегі ең үлкен жаңалығым, араға 10 жыл салып барып өткізген жеке концертім болды. Онда да бірқатар шығарманың тұсауы кесілді. Репертуар үнемі толығып келеді. Қазір ән көп. Екінің бірі ыңылдап отырып ән жаза береді. Солардың арасынан сүйектісін таңдай білу керек. Бүгін бар, ертең ұмыт қалатын, тек тасыр-тұсыр ырғаққа құрылған дүниелерден аулақ болған дұрыс. Одан да халық әндерін, сал-серілеріміздің әндерін неге әуелетпеске? Ол әндерді насихат­тау – тек дәстүрлі әншілердің ғана емес, жалпы өнерпаздардың міндеті. Біз халық әнін аялап, кейінгі ұрпаққа қалпын бұзбай жеткізуіміз керек. Қандай тәсілмен жеткізу әркімнің өзіне байланысты.
Жалпы менің репертуарымда ән көп. Оркестрдің өзінде 40-қа жуық туынды бар. Олардың тақырыптары да патриот­тық, лирикалық, халық әндері болып жалғаса береді. Бүгінде бізде 5-6 әнді місе тұтып жүрген өнерпаздар бар. Соларға менің ішім ашиды. Әнші жан-жақты болу керек. Біз – тек әнші ғана емес, ұлт­ты тәрбиелеуші, бағыт­таушы, қоғамдық сананы қалыптастырушымыз. Өнердің құдіреті деген осы. Бұл – жай ғана пафос үшін айтылған сөз емес, шындық. Өнерпаздарға қарап көрермен де бой түзейді. Біреудің біреуге еліктеп кетуі жылдам. Сондықтан біз арқамыздағы сол жүкті сезініп, ойлануымыз керек. Айтатын әні онға жетпейтін жандар жергілікті өнер ұжымдарында да бар. Әріптестеріме осыны дауысым жеткен жерде айтып жүрмін.
Әншінің репертуарында дастарқанның басында айтатын әннен бастап, стадионда шырқайтын туындыларға дейін болуы керек. Той-жиындарда маған да қолқа салып, ән сұрайды. Сонда кәсіби әнші едім, оркестрсіз айта алмаймын деп отырмайсыз ғой. Ондай кезде айтатын әндерім бөлек, сахнаға, стадионға лайықты шығармаларым бір бөлек.

– Отыз жыл бойы өнер көшінде келесіз. Осы аралықта қазақ ән өнері қандай деңгейге жет­ті? Өзгеріс көп пе?
– Өзгеріс көп. Бұрынғымен салыстырғанда, қазір өмір ритмі өзгерген. Бәрі жылдам ұйымдастырылып, жылдам өтіп жатыр. Қазіргі әншілерге баяу болуға болмайды. Күніне бірнеше шараға қатысып, алдағы болатын концерт­терді жоспарлап, оның құрал-жабдығын рет­теп күніміз қарбаласпен өтетін кездер бар. Соған үлгеріп жүргендердің биікке шыққанының куәсімін. Өнердегі бүгінгі буынның жетістіктері де қуантады. Олар бұрынғы туындыларды өзінше өңдеп, құбылтып айтуға бейім. Осы ізденістері ұнайды. Оркестрлердің де, орындау­шылардың да көркемдік деңгейі өсті. Бұрынғымен салыстырғанда, жаңа дыбыстар, әуендер пайда болды. «Аранжировка» деген ұғымның өзі – үлкен жаңалық. Бұның бәрі заман талабынан туып отыр. Көрермен қазір әрі жеңіл, әрі күрделі, әрі сүйкімді шығармаларды сұрайды. Бұл – халықтың сұлулыққа, биік талғамға талпынуы. Отыз жылда өнер ғана емес, тыңдаушы да өзгерді. Қазіргі тыңдарманды алдай алмайсың. Олардың қырағы көзі бәрін байқап тұрады. Халықты баяғыдай жетелеп әкеліп, залға отырғыза алмайсың. Елдің білімі де терең, талғамы да бөлек. Біз сол талапқа лайық болып, тіпті жоғары деңгейде өнер көрсетіп, көрерменді одан әрі биікке бастауымыз керек.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбат­тасқан
Диас АЯҒАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір