Қайран, Сталина… (Эссе)
22.12.2022
286
0

Осыдан алпыс жылдан астам уақыт бұрын Жазушылар одағы жанындағы көркем әдебиет қорының (литфонд) директоры Сәкен Сейфуллиннің інісі Мәжит аға Сейфуллин маған телефон кісінетті (ол кісімен Құрманғазы көшесінің бойында көрші болатынбыз).

 Әй, бала, гастритім бар, қышқылым төмендеп кетті, – деп қыңқылдаушы ең, дереу Ессентукиге дайындал. Жолдамаң менде, – деді.
«Ил-18» лайнерімен Ессентукиге аттандым. Бейнебір жонындағы ері ауған бестідей біресе оңға, біресе солға аунақшыған ұшақ межелі биіктігін алған соң сабасына түскендей үйреншікті ырғақпен самғады.
…Санаторийге жайғастым. Ауық-ауық арасан суын сіміремін. «Жерден жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей бір күні оқыс оқиғаға тап болдым. Ақ халатты дәрігер қыз келіп:
– Дереу балағыңызды түрініп, кеудеңізді ашыңыз, электрограмма түсіреміз, – деді.
Дегенін орындадық. О, Тәңірім, мұндай да сұлу болады екен-ау, бірде Леонардо да Винчидің жұмбақ аруын елестетсе, бірде Секстен Мадоннасы көз алдымда тұрғандай әсерде болдым. Сұқтана қарай берсем керек, қыздың өңі қызарақтап кетті.
– Сталина! – деді ол күлімсірей. Жас жүгерінің дәндеріндей әдемі ақ тістерін ақсита және күлімсіреп тұр.
– Не… Сәлимә деймісің?
– Салима емес, Сталина!
– Сталина! Ғажап! Мұндай есімді бірінші рет кездестіріп тұрмын.
– Оған несіне таңырқайсыз, әке-шешемнің қойған аты солай…
…Таныстық осылай басталған еді. Әлгі қыз келесі күні палатама келіп қан қысымын тексерді.
– Түу… тым жоғарылап кетіпті, дереу процедура кабинетіне барып, укол салдырыңыз, – деді.
Сталинадан көз алмай тағы да сұқтана қарасам керек.
– Ау, ағай, неге қарағыштай бересіз?
– Тәңірім көзді қарау, көру үшін жаратқан ғой…
– Қойыңыз! – Сталина көңіліне секем алғандай зытып берді.

***
Жексенбіде Сталина ординатор бөлімінде жападан жалғыз отыр екен. Кезекші көрінеді.
– Хал-ахуалыңыз қалай?
– Құдайға шүкір. Неге келдіңіз, бір жеріңіз ауыра ма? – деді ол.
– Жо-ға, еш жерім ауырмайды. Сені көру үшін келдім.
– Мұныңыз қызық екен. Кеше ғана көрдіңіз ғой…
– Саған қарай бергім келеді…
Сталина күлімсіреп қойды. Кенеттен Күн шуағын шашқандай жайнап отыр. Ешбір пендеге ұқсамайды-ау, ұқсамайды.
Леонардо да Винчидің Джокондасына да, Секстен Мадоннасына да ұқсамайды. Бөлекше сомдалған сұлулық. Айрықша жаратылған ару дерсің. Қайталанбас бейне. Тал шыбықтай бұралған қыпша белі, құралайдың жүрісіндей түп-түзу аяғы, қарлығаштың қанатындай қиылған қасы, ламаның жанарындай мөп-мөлдір көздері, аппақ тамағын тұспалдай төгілген толқынды көзі нәзік һәм салалы саусақтары – бар-баршасы түгелдей тұла бойына қалай жарасқан, ә!.. Ғажап!
Несін жасырайын, емдеушіме өлердей ғашық болып, еркімнен айрылғандаймын. Ауыр күрсінемін. Күйіп-жанамын…
Сталина әу баста менің қолқа салып, қиыла айтқан сөздеріме құлақ асқысы келмеді. Құдды мойнына құрық тигізбеген асаудай маңына жолатқысы жоқ. Санымды сабалап, лажым құрып, амалын таппай аласұрамын. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылдым. Емдетуге келген гастритім әдірам қалды. Махаббат дертіне мықтап шалдыққандаймын.
– Өңіңіз жүдеу тартып қалыпты ғой, тағы бір жеріңіз ауыра ма? – деді Сталина.
– Сенен несін жасырамын, ауырады, дауасыз махаббат дерті, бірақ оның емшісі тек сен ғана! – деймін.
Сталина маған тесіле қарап, күрсініп қойды. Сол сәтте оның әсем де ойлы көзінің тұңғиық тереңіне батып бара жатқандай сезіндім.

***
Алматыға оралғалы екі айдай болды. Түн баласында керуетімде оң мен солға дөңбекши беремін. Көзім көпке дейін іліне қоймайды. Бір күні Сталина түсіме кірді. Тіл табысып, мәре-сәре екенбіз… Ояна кеттім. «Шіркін-ай, түнгі түсім «түлкінің боғы» болмай, шындыққа айналса ғой!»
…Ессентукиге тағы да сан рет сапарлап қайттым.
Не керек… «Көп сөйлеп созбайын» деп ұлы ақын айтқандай, көрген түсім шындықпен ұласты. «Асауға» «тұсау» салынды.
Сталинаны Алматыға ертіп келдім. Теміржол ауруханасында дәрігер болды. Дәм-тұзымыз жарасып, алпыс бес жыл бірге тұрдық. Құдайға шүкір, балаларымыз өз алдына отау тікті. Немерелеріміз, шөбереміз бар…
…Тағдырға не шара! Сталина кенет «қант диабеті» деген сырқатқа шалдықты. Он жыл бойы азап шекті. Ақыры, 83-ке қараған шағында бақиға озды. Басына құлпытас орнаттым.
Ұзақ жылдар бойы менің «еркелігімді» көтеріп, жазушылығыма жағдай жасаған, қимас қамқоршым, сүйікті сүйенішім болған қосағымнан айрылғаныма қатты өкініп, қабырғам қайысады. Амал қанша!
Қайран ғұмыр… табылмас жан ұзартар.
Қызығыңды қайғы кеп қобыратар.
Соттан күшті үкімі қатал ажал,
Аяулыңнан аяусыз ажыратар…

Мыңбай РӘШ,
Қазақстанның Құрметті жазушысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір