БӨРТЕГҮЛДІҢ ИІСІ (Эссе)
25.03.2023
324
0

«Сирень де гүлдеді, – деді Сәкең. – Иісін қарашы… Керемет! Ал мұны қазақша не дейтінін білесің бе?» Бұл – Сағат Әшімбаевпен екінші кездесу сәтіміз еді. Содан беріде, мінеки, оншақты жыл өтіпті. Бірінші рет ыңғайсыздау бір жағдайда жүздесіппін. 1982 жылдың жазы. Студентпіз. Құрылыс отрядының жұмыстарын аяқтап, қолға біраз тиын-тебен түсіп, екі жолдас табысымызды «жумақ» болып, біраз шарап, тістеме алып, дүкеннен шығып келе жатыр едік, курсымыздың кураторы ұшырасып:

– Оу, мына жүрістерің не?! Әуезов театрында орыс әдебиетінің Қазақ­стандағы онкүндігі басталды. Бүкіл қазақ, орыстың ақын-жазушысы сонда. Ғажап кітап базары болып жатыр. Сол жерде жүретін адамсыңдар ғой! Әт­тең, менде уақыт жоқ, – деген соң салып ұрып әдебиетшілердің мәжілісіне жет­тік. Басталып кеткеніне бірталай болған екен, дәлізде кездескен Қалау­бек Тұрсынқұлов ағамыз:
– Бұл сендерге проходной двор емес! – деп кіргізгісі келмеді. Қайырылыс­та әлдекімдермен әңгімелесіп тұрған Шона Смаханұлы кілт бұрылып:
– Өзіміздің КазГУ-дің балалары ғой бұлар. Филолог не журналистер шығар. Бөтен адам жүре ме? – деген соң ғана Қалағаң:
– Жарайды, ақырын өтіп кетіңдер! – деді қабағын түйіп. Кіре сала кітап алдық. Алты-жеті кітапты құшақтап айнала бергенімде, орыс жазу­шылары­ның жұбайлары болуы керек, бір топ әйел:
– Қазақша шығармаларды талап әкетіп жатыр. Неткен бақыт­ты жазу­шылар! – деді қолымыздағы кітаптарға көздерін сата қарап. Мен іштей: «Сонда орыс жазушыларының кітаптары мұнша өтпейтін болғаны-ау!» – деп таңырқадым.
Қаламгерлер үзіліске шыға бастады. Жол-жөнекей Ғафу Қайырбековтен, Софы Сматаевтан, Сайын Мұратбековтен қолтаңба алып үлгердік. Содан соң әлдебір орыс жазушысын қолтықтап бара жатқан Ғабит Мүсірепов ақсақалға қарай үш томдық таңдамалы шығармаларын ала жүгіргенбіз. Ғабең «Аға!» –дегенімде маңғаз аңтарылып, кітаптарын көрді де:
– Кәне! – деп ыңғайлана беріп, көзілдірігінің үстінен қол-аяғыма тінте қарап алғаннан кейін: – Ай, қазір автографтың уақыты емес қой! – деп бұрылып жүре берді.
Көңіл қабаржыңқырап, кері айналсам, қарсы алдымда күліп, Сағат Әшімбаев тұр. Суретінен танитынымыз болмаса, жүзбе-жүз алғаш көруім.
– Мыналарыңды бөлектеу қоя тұру керек еді. Ғабең мұндайды ұната ма?! Мәжілістің соңында бір айналып соғыңдар, қолтаңбасын қойғызып берейін, – деді иығыма қолын салып.
Сөйтсек, біз театрдың ішінде әйгілі режиссер Леонид Гайдайдың «Бриллиантовая рука» кинофильміндегі тапаншаны тор қалтаға сала салатын Горбунков – Никулинге ұқсап, екі-үш шөлмек «студент коньягы» – «Таласты» тесік сөмкеге тастай-тастай салып шапқылап жүріппіз ғой. Расында да, кіді жазушы онымызды қайдан жақтырсын.
Қазір қолтаңба қойдырған кітаптарға қарасам, ол күн – маусымның он алтысы екен. Сонда Бүкілодақтық авторлық құқық агент­тігі Қазақ бөлімінің бастығы, Қазақ­стан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, СССР Жазу­шылар одағының сын жөніндегі кеңес мүшесі, Қазақ­стан Ленин ком­сомолы сыйлығының лауреаты болып, аты дүрілдеп тұрған Сәкең отыз бес-ақ жаста екен. Дегенмен шашы бурыл тартып, бұл жастан әлдеқайда ересек көрінді. Жүзінен толысқан парасат­тылық­тың нышаны аңғарылады.
Әй­теуір, сол жүздесуден кейін арамызда әлдебір жақындық орнығып кетіп еді.
Арада бірталай өткенде кафедра меңгерушісі Тауман Амандосов студент­терді диплом қорғауға берілетін жұмыстармен таныстырған. Әркім оң жамбасыма келеді-ау деген тақырыптарын таңдап алып жатыр. Бір кезде «Сағат Әшімбаевтың сыншылық шеберлігі» дегенде қолымды көтердім. Сонша етене таныс, жеңіл тақырып көрінген. Алайда іске кірісерде аңғардым, Сәкеңнің «Талантқа тағзым», «Парасатқа құштарлық» аталатын екі кітабын тиіп-қашып оқығаным бол­маса, сыншы еңбектерін терең білмейді екенмін. Солай бола тұра, бү­гінгі жұмысты күнде ертеңге қалдырып, жан алқымға келгенше ұзын арқан, кең тұсаумен, тиісті мерзімге он-он бес күн қалғанша табандап отыра қоймаппын. «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңгерушісі Шәкизада Құт­таяқов ағам жетекші болып белгіленіп еді, ылғи іссапарға кетіп, ұстатпай қойды. Сәкеңнің 1974 жылы шыққан алғашқы «Сын мұраты» кітабының жалғыз данасын Пушкин атындағы орталық кітапханадан әрең таптым. Оның өзі – жырым-жырым. Біреулер бет­терін парақтап жыртып әкетіпті. Содан «е, бір жөні болар, жетекшім де оралар, ертең барармын. Бүрсүгіні көрермін» деп жүргенде Тау­ман Салықбайұлы: «Жұмыстарыңды дайын күйінде төрт күннің ішінде алдыма әкелмесең, қорғауға жібермеймін», – деді. Сасқаннан Қазақ телерадио Комитеті төрағасының орынбасары болып істейтін Сағат Әшімбаевтың өзіне жет­тім.
Сәскенің кезі. Әлдебір жиналыстан шыққан ба, қасында біреу бар, қазіргі Ақ ордадан қызмет орнына қарай аяңдап келеді екен. Сәлем бердім де, салған бет­тен:
– Сағат аға, сіздің еңбектеріңізден диплом қорғайтын едім. Жағдайым осылай болып тұр. Уақыт та, профессор да қысып барады, – деп шынымды айт­тым. Аңтарыла бұрылған Сәкең:
– Мұның – мен үшін таңғажайып жаңалық. Құдай-ау, біздің де еңбектеріміз диплом тақырыбы деңгейіне көтерілгені ме?! Сенің де қазақы жалқаулық мінезің ұнап тұр, – деп күліп алды.
Жайлап кабинетіне көтерілдік. Бөлменің бір қабырғасы – тола кітап. Сәкең арасынан су жаңа «Сын мұраты» еңбегін суырып бергенде көз алдым жарқ ете түскендей болды.
– Қазір үйге барамыз. Жаяу кетеміз. Шопыр сұранып кетіп еді. Іздегеніңнің бәрі үйде жатыр. Кітаптарға кірмеген мақалалар да көп…
«Көктен іздегенім жерден табылды-ау!» деп қуанып отырмын. Біраздан соң Сәкеңнің пәтерін бетке алып, жолшыбай кездескен бақты аралап, көк майсаны тізеден жалдап тартып бердік.
– Сирень де гүлдеді, – деді ағаш басынан бір тал өсімдікті үзіп алып, – Иісін қарашы. Керемет!.. – Мен де ұсақ күлгін жапырақты гүлдің бір уысын жұлып алып едім, хош иісі мұрын жарды. – Ал мұны қазақша не дейтінін білесің бе?
– Білмедім. Сирень дей береміз ғой…
– Бұл – майшетен тұқымына жататын өсімдік. Бірақ өзгеше мынаусы. Отызға жуық түрі кездеседі екен. Қолдан ұрықтандырып өсіре беретін сияқты. «Декан», «Аленушка», «Москва сұлуы» дегендей сорт­тары көп. Мені қуантатыны – мұның «Сәтбаевтың құрметіне» деген түрі бар. Мынау – сол. Осыны көрген сайын Қаныш ағамыз еске түседі. Ғажап қой! Иіс су жасайды бұдан… Сиреннің қазақшасы – бөртегүл. Ісләм Жарлығапов ағамыздың табысы. Тұқымының ерекшелігінен шығар, өзі екі-үш жылда бір ғана және май, июнь айларында бөртіп гүлдейді. Керемет, ә?..
«Сәкеңнің білмейтіні жоқ-ау, сірә? – деп ойладым. – Мұны биологтардың өзі біле бермейтін шығар-ау?!.».
Шәрбану жеңгеміз бен ержеткен ұлдары үйде екен, мені көптен күтіп отырған адамдардай құрақ ұша қарсы алды.
– Інілеріңмен танысып қой, – деді Сағат аға, – Дәурен ҚазМУ-де оқиды. Мәулен оныншыны аяқтағалы жүр…
Белгілі журналист Шәрбану Бейсенова жеңгемізді ұяң мінезді ме деп қалдым. Отағасына қыздай сызылып, сыбырлап сөйлейтіні жарасады екен. Терлеп-тепшіп отырып шай іштік.
– Мына бауырсақ пен қаймақ елден бүгін ғана келген болуы керек. Әбден тойып ал! – деп қойды Сәкең. Содан соң жеңгей екеуінің студент­тік жылдары бірталай қиындыққа кезіккенін, сол шақтарда Мұса Дінішев ақсақалдың көп жәрдемдескенін еске алып отырды.
Жеңгей сөз арасында әлдебір очерк­тер жинағында өзінің мақаласының шыққанын айтып еді:
– О-о-о, дұрыс болды ғой. Қазір көреміз! – деп қуанып қалды. Сәлден кейін дәлізге шықтық.
– Жүр, «ресми танысуды» шеберханадан бастайық! – деді. – Менің азан шақырып қойған атымның Сағатхан екенін білетін шығарсың?
– Жо… білмеймін.
– Үйдегілер бала кезімнен Сағат деуші еді. Елге де осы атпен танылып кеткен сияқтымын. – Бұл да мен үшін жаңалық еді… Ұядай қуысқа шағын шеберхана жасап қойыпты. Ыңғайлы сөреде ағаш шеберіне керек құрал-сайман толып тұр. – Бос уақыт­та ермек қылғанды ұнатамын. Сен тақырып еткен сыншылық шеберліктен бұл шеберлігімді кем деп ойламаймын… – Осыны айтып, рахат­тана күлді.
Одан жұмыс бөлмесіне оздық. Үлкен кітапханаға кіріп кеткендей әсерлендім. Шынылы сөрелердегі кітаптардан қабырғалар қайысып тұрғандай. Қазақ, орыс жазушыларының туындыларын былай қойғанда, біз естіп-білмеген шетелдік қаламгерлердің шығармаларынан көз тұнады. Жазу үстелінің үстінен Абайдың әбден ескірген жинағын алды.
– Бұл – жұмыс кітабым. Қайталап оқып келе жатқаныма он жылдан асты. Әр оқыған сайын жаңалық табамын, ақынды уақыт озған сайын ұғына түскендей, тылсым тереңіне бойлай түскендей боламын…
Өлең жолдарының астын түрлі-түсті сиямен сызып, тұсына түйген ойларын, алған әсерін қысқаша жазып қояды екен. Содан соң тартпадан әсем безендірілген, бір діни кітапты алып көрсет­ті.
– Мұны Ғабит Мүсірепов сыйлап еді. Рухани бағасы шексіз, әрине. Өте сирек кездесетін қастерлі дүние болғандықтан, қазір нарқын білетіндер бір машинаның құнын берсе де алып кетер еді… Сен білесің бе, мен Ғабеңнің ақшасын санап берген адаммын ғой. О-о-о! – деді.
– Көп пе екен?..
– Ой-й, көп қой. Нақты қанша екенін ұмытып та қалдым. Қызық болды өзі. Бара қалсам, «Е, жақсы келдің, есебіне жете алмай отыр едім, санап шық», – деп кілт­теулі тұрған есікті ашып, буда-буда үйіліп жатқан көкала-қызылала ақшаның үстінен бір-ақ шығарды. Мұндайды көрмеген басым қара терге түсіп қат­ты қиналдым. Әйтеуір, қайта-қайта шатысып отырып, қас қарая біт­тім-ау есептеп. Ғабең қызық адам ғой, «Ақша санап көрмегенсің бе?!» – деп қасыма келіп-кетіп, күні бойы ренжумен болды.
Сәкең керек-ау деген, өзінің де, өзгенің де баспасөзде жарияланған мақалаларын ұқыпты хатшыға ұқсап қиып алып, нөмірлеп, шыққан мерзімін жазып, сақтап қойып отырады екен. Бұлармен қоса өз еңбектері бағаланған бірқатар кітап пен көп оқырман хат­тарын: «Ұзатпай қайтарарсың», – деп, мұқият орап берді.
– Қызмет бабымен жүріп, ұзақ уақыт қаламды суытып кетіп едім, жазуды сағынып қалған екенмін, көсіле түскендеймін. Кешеге дейін бірталай дүниені тәмамдап қойдым. Және бір жинақтың жүгін көтерерлік мақалаларым бар екен. Құдай қаласа, оны «Шындыққа сүйіспеншілік» деп топтастырмақпын. «Сен оларды қозғамай-ақ қой, қалғандары да жетеді», – деді.
Сол күні диплом жұмысына қажет­ті кітапханада бес ай отырсам да таптырмайтын деректерді бір сәт­те-ақ Сәкеңнің өзінен олжалап, жатақханаға құстай ұшып, қанат­танып қайт­тым да, күні-түні жазуға кірістім.
Одан жұмысты сәт­ті қорғап та үлгерген едім. Арада жарты айдай уақыт өткенде Сағат ағаның қағаздары мен түптелген диплом жұмысымның көшірмесін алып қызмет орнына бардым.
– Кел, төрлет! – деді Сәкең. – Естіп жатырмын, «бес» алыпсың. Молодец! Ертең келінді алып үйге кел. Дипломыңды «жуып» берейін!..
Бірталай әңгімелестік. Байқап қалдым, жан дүниесі тез жараланғыш, сезімтал Сәкең жайбарақат, көңілді көрінуге тырысқанымен, темекіні үсті-үстіне тартып, әлденеге абыржып отырды.
Маған үстел суырмасынан әдемі қойын дәптер алып, ескерткішке қолтаңба жазып беруге ыңғайланғанда басы да, ұшы да «алтын» қаламымды ұстата қойдым.
– Өй, мынаны қайдан алып жүрсің?! – деді таңданып.
– Моңғол студент­терінен он сомға сатып алып едім… Ол кезде қытай кәсіпорындарының бірінен шығатын жазуға ыңғайлы мұндай қаламдар өте сирек кездесетін-ді. Талғампаз Сәкең сапалы бұйымды тани қойды.
– Ой, «блатнойсың» ғой өзің! Мұны маған бер. Үнемі осындай сиямен жазатын қаламсапты пайдаланатынымды көрдің ғой. Бір аптадан кейін жеңгең Чехословакияға барады. Саған басқа қалам әкеліп береді.
Сонда Сағат ағама деп арнайы алған тура осындай және бір қалам есіме түсіп, төс қалтамнан суырып бердім.
– Оу, байыт­тың ғой мені! – деп балаша қуанған Сәкең қолтаңба жазуға кірісті.
Қобалжу сырын шығарда айтқан. Осының алдында ғана Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастардың сотында болып қайтыпты. Бұрын да аталмыш жағдайға жүрегін ауыртып, қамығып отырған кездерін көріп едім.
– Кінәсіз бір жігіт­ті өлім жазасына кесті, – деді күрсініп. – Жәрдемдесе алмаған дәрменсіздігіме күйінемін. Ең өкініштісі – біздің бауырлар сот­та бір-бірін сатып жатыр. Ай, қалай ел болар екенбіз?!.
Кетерімде енді не істемек ойым барын сұраған. Анық бағдарым болмай, толқу үстінде жүрген едім, бәлендей діт­тегенім бар дей алмадым.
– Қалай болғанда да Алматыдан кетпе! – деді Сәкең. – Әдебиетке талпынған екенсің, қалың творчество ортасында жүргенің дұрыс. Көздеген қызмет орның болса, қысылмай айт, қолдан келгенше көмектесемін, үй алуға жәрдемдесемін… Сосын, бұдан былай өзіме де жиі соғып тұр. Осы, маған жуысқан інішектерімнің көбі екі-үш кездескеннен кейін жоламай кетеді. Соған қарағанда, бір «оңбаған» адам болуым керек, хе-хе…
Мен Сағат ағаның бұл айт­қанын орындай алмадым. Біраз толқып жүрдім де, Қарағандыға ат­танып кет­тім. Жағдайымды мәлімдеп, бір-екі рет хат жаздым.
Екі-үш жыл аудандық, облыстық газет­терде жұмыс істеп, Алматыға қайта оралған соң үлкен қызмет­те отырған Сәкеңе сәлем беріп шығуға оқталғанмын. Бірақ күнделікті күйбең тірліктің ығынан шыға алмай, ежелгі «күнде – ертең» әдетіммен ыңғайым болмапты. Оның үстіне, әйгілі тамыз бүлігі басталып, ел іші дүрлігіп жатқан тұс еді. Сол күндердің бірінде Сағат ағаның кенет­тен қайтыс болғанын естідік.

* * *
…Кішкене ұлым шешесінің туған күніне құшағын толтырып, бөртегүл жинап әкеліпті. Үйдің ішін хош иіс кеуледі. Мен Сағат ағамды ойлап, мұңға бат­тым.

Құлтөлеу МҰҚАШ
1992 жыл

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір