ӘДЕБИ ТІЛДІҢ СИПАТЫ ӨЗГЕРДІ
Әдебиеттің жаңа есімдермен ғана емес, соны тақырыптармен толығып отыруы – заңдылық. Қазіргі көркем сөз бен көркем шығарманың көкжиегі қай қиырдан көрінеді? Қандай қаламгерлердің легі қалыптасты? «Алқа» басында осы және өзге де сұрақтарды белгілі ақындар Байбота Қошым-Ноғай мен Мирас Асанға, әдебиеттанушылар Алмира Қали мен Анар Қабдуллинаға қойып көрдік.
Бүгінгі Ләйләлар Мәжнүннің ессіз махаббатын керек етпейді
Қ.Ә: – Қазіргі әдебиетімізде оқылымды ақын, оқылымды жазушы деп кімдерді айтар едіңіз? Қандай шығармалары кең таралуда?
Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ:
–Ерте замандарда кітап деген дүние жалғыз дана болып түптеліп, патша сарайларында ғана сақталады екен. Ол кім көрінгеннің қолына түсе бермейтін мемлекеттің қастерлі қазынасы саналыпты. Кейбір кітаптар ғана құснихатшылардың көркем жазуымен көшіріліп, аса құрметті, лауазымды адамдарға тарту етілген. «Бір патшаның кітапханасында ешкімде жоқ кітап бар екен» деген сөзді естіген келесі бір патша оны қалайда қолға түсіру үшін аса епті, әбжіл де білімдар адамды мемлекеттік құпияны ұрлайтын
«шпион» секілді арнайы жалдайтын болған. Үндістандағы патшалық қазынасында «Кәлилә мен Димнә» дейтін кітап бар екенін естіген парсы патшасы Қысрау Анушерванның бас дәрігері Барзуяны сол кітапты қалайда алып келуге жұмсайтыны туралы әңгімені білесіз. Түпнұсқаны қолға түсіре алмаған Барзуя неше түрлі айла-шарғымен кітаптың көшірмесін жасатып әкеледі ғой. Ал неміс өнертапқышы Иоганн Гутенберг ХV ғасырда баспа машинасын ойлап тапқан соң кітаптардың мыңдаған, миллиондаған таралыммен жарық көруі әдеттегі жағдайға айналды. ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ кітаптары 7000-нан (поэзия) басталып, 100000 таралыммен (проза) жарық көріп жатты. Соның өзі оқырман қауымды қанағаттандыра алмайтын. Классикалық туындылар көп таралыммен қайта-қайта басылып шықты.
Ақындардың оқырмандары қашан да аз болады. Өйткені «сөз патшасына» кез келген кісінің тісі батпайды. Ал сіз бір кітабы миллион данамен басылып шыққан бір қазақ жазушысын атап бере аласыз ба? Ондай жазушымыз жоқ қой! Бірақ кітап сөреңізде тұрған танымал шетел жазушыларының кез келгенінің жарнамасына көз салыңызшы. Мәселен, Стиг Ларссонның әр кітабы «Айдаһар татуировкасы бар қыз» («Девушка с татуировкой дракона»), «Отпен ойнаған қыз» («Девушка, которая играла с огнем»), «Әуе қамалдарын жарып жіберген қыз» («Девушка, которая взрывала воздушные замки») деп аталатын трилогиясын алайық. Бұл кітаптардың әрқайсысы Швецияда 3 миллион, АҚШ-та 10 миллион, Францияда 2,5 миллион, Испанияда
1 миллион, Италияда 1 миллион данамен басылып шыққан. Орыс тіліндегі таралымы да аз емес. Мұндай туындылардың талайын атап беруге болады. Меніңше, «оқылымды жазушы» деп осындай авторларды атайды.
Қазір елімізде мемлекеттік тапсырыспен шыққан кітаптардың таралымы мүлде көңілді көншітпейді. Мені статистика әрдайым сендіре бермейді, бірақ кейбір деректерге илансақ, елімізде 11 мыңға жуық кітапхана бар екен. Біздің ақын-жазушыларымыздың кітаптары сол кітапханаларға 1 данадан да жетпейді. Дегенмен көркемдік деңгейі жоғары жақсы кітаптар жазылып, кітап дүкендерінде сатылып жатыр. Ғаламтордағы бір жазбалардан қазақ тілінде жиі оқылатын кітап «Абайдың қара сөздері» деген мәліметті оқығанмын. Бұл кітаптың «Меломан» дүкендерінде 3 жылда 50 мың данасы сатылған көрінеді. Сондай-ақ баспагер Баян Хасанова ақпанның 8-і күні фейсбук әлеуметтік желісінде Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» атты кітабының жақсы сатылып жатқанын жазыпты.
«…Ақбереннің кітапты қалай сата алатынын өзінің «Болмаған балалық шақ» атты повесінен көруге болады. 40 мыңға жуық данамен сатылған кітап біздің Қазақстанда кемде-кем. Әлі күнге сұраныста. Кітаптың эксклюзив сату құқығын біздің баспа алды. Автор заманға сай маркетинг әдістерінің бәрін шебер қолданады. Жарнамасын жасайды. Нәтижесін күнде көріп отырмыз. Күніне 5-10, кейде тіпті 20-ға жуық тапсырыс түсіп тұрады», – дейді ол. Алайда кітаптардың бағасы шығандап тұр. Мәселен, «Болмаған балалық шақ» атты кітап 4990 теңге тұрады. Бұл кез келген оқырманның қалтасы көтере бермейтін баға деп ойлаймын.
Қысқасы, «былай тартсаң, өгіз өледі, былай тартсаң, арба сынады», қазақ ақын-жазушылары нарыққа үйрене алмай қалды. Оның үстіне біздің демографиялық жағдайымыз да оңып тұрған жоқ қой.
Алмира ҚАЛИ:
– Сын мен сапа тұрғысында оқырман қауымның әдеби талғамын қалыптастыруға ықпал ететін елеулі факторлардың бірі – ғылым. Ғылымға сүйенген сын «асқақ әдебиет», шын мәніндегі, «асыл сөз» бағамына сәйкес сапалы көркем туындыны арзан дүниеден ажырата білуге мүмкіндік береді. Қалай болғанда да, жалпыұлттық деңгейде қалың оқырманның белгілі бір қаламгердің шығармашылығымен танысуында ресми еңбектердің рөлі зор екені белгілі. Біз осы орайда көп таралымға ие анықтамалық басылымдардың, хрестоматиялар мен оқулықтардың, сонымен бірге ғылыми зерттеулер мен әдеби сынның маңыздылығын айтып отырмыз.
Әдебиеттің ішкі көркемдік-эстетикалық алғышарттары ешқашан өзгермейді. Олар – қайталанбас стиль мен суреткерлік, есте қалатын бейне, қоғам санасын селт еткізер өзекті тақырып. Бұлардан бөлек, заман талабына қарай қалыптасатын сыртқы «катализаторлар» да бар. Қазіргі уақытта шығармашылық орта жаңа жағдайларға бейімделу үстінде. Сондықтан «оқылымды ақын-жазушы» мәселесін нарықтық бәсеке мен жарнамашылдық, цифрлық технологиялардың дамуы тәрізді жағдайлармен де сабақтастықта зерделеу керек деп ойлаймыз.
Цифрлық кеңістік оқырман мен автор арасын жақындата түсті. Осыған орай шын таланттың да, әуесқойдың да бір алаңнан табылуы бүгінгі оқырман талғам-таразысын сынайтын мәдени-эстетикалық эксперимент тәрізді. Қазіргі қаламгер бір өзі автор, әдеби агент әрі жарнамалаушы ретінде әмбебап болуға мәжбүр. Оқылым рейтингі бойынша ақын-жазушылардың танымалдығын саралағанда оқырман қауымның ой-өрісі мен жеке талғамын да ескеру қажет.
Әдетте поэзияның ең «өтімді» саласы – сезім лирикасы. Алайда заман рухын арқау еткен өткір қоғамдық-саяси лирика мен терең интеллектуалды поэзияға деген қызығушылық та басым. Бүгінгі қазақ поэзиясымен оқырман қауым, әсіресе
М.Шаханов, Т.Медетбек, С.Ақсұңқарұлы, С.Нұржанов, Т.Әбдікәкімұлы, Б.Жақып, Г.Салықбаева, Т.Көпбай, Ж.Әскербек, М.Райымбекұлы, Д.Берікқажы, Қ.Сарин, Б.Қарағызұлы, А.Елгезек, С.Қамшыгер, Е.Жүніс, Т.Таңжарық, Т.Толқынқызы, т.б. ақындардың шығармашылығы арқылы таныс. Қазақ өлеңдері кейінгі жылдары аудио және бейнепоэзия түрінде әдеби платформалар мен әлеуметтік желілер арқылы кеңінен таралуда. Интермедиялық форматтағы мұндай ұсынымды әдебиетсүйер қауымның кітап оқуға деген ынта-ықыласын арттыратын ұтымды тәсіл деп ойлаймын.
Ал заманауи прозадағы ТОП-тізімнің ұзынсонар желісін Т.Әбдік, С.Сматаев, С.Елубай, Б.Нұржеке, Т.Сәукетаев, Қ.Түменбай, Н.Ақыш, С.Досжанова, Т.Нұрмағамбетов, Ж.Қорғасбек, С.Асылбекұлы, Р.Мұқанова, А.Алтай, А.Кемелбай, Н.Ораз, Д.Қуат, Д.Рамазан, Д.Амантай, Н.Қуантайұлы, М.Омарова т.б. авторлар құрайды. Алды орта жасқа өтіп үлгерген Ы.Дәбей, Ж.Шамұратова, Л.Қоныс, Қ.Тілеухан, Е.Әбікен, Б.Сарыбай, Қ.Әбілқайыр, Б.Қадыр, Ә.Байбол, Р.Әлішер, Ә.Жақсылық секілді жастардың шығармашылығы да ұдайы назарда екенін айта кеткіміз келеді.
Әлбетте, бұл қатарда кейінгі кезең әдебиетіне олжа салып кеткен Ә.Кекілбаев, Ә.Нұрпейісов, Қ.Жұмаділов, Ә.Нұршайықов, Ш.Мұртаза, Д.Досжан,
М.Мағауин, Д.Исабеков, Р.Отарбаев, Ж.Бөдеш, Ж.Әбдіраш, Е.Раушан, т.б. секілді біртуар таланттарды атамай өту мүмкін емес. Себебі сөз қадірін білетін көзіқарақты оқырмандар тарапынан олардың шығармаларына деген сұраныстың еш кемімегеніне сенімдімін.
Қайсыбір автордың шығармашылығына деген қызығушылықты арттыратын жанама тәсілдерінің бірі – әдеби сыйлықтар мен байқаулар, шығармашылық кездесулер. Кейде жөнді-жөнсіз сындардың нысанасына айналатын туындылар болады. Сынаған сайын бұл шығармаға деген қызығушылық та арта түсіп, оқырмандары көбейе түсетіні бар. Осындай көлеңкелі PR-дың да белсенді оқылымға жол ашатынына әдебиетімізде мысал көп-ақ…
Соңғы жылдары қоғамда жағымды резонанс тудыра алған кейбір құбылыстарға тоқталып өткіміз келеді. Мысалы, А.Елгезектің «Болмаған балалық шақ» туындысымен оқырман әуелі прозалық шығарма ретінде танысса, кейін театр сахнасында қойыла бастады; енді бұл туынды кино форматында да көрерменге жол тартты. Заманауи қазақ әдебиетіндегі тағы бір бестселлер – Қ.Әбілқайырдың «Ағыраптағы аты жоқ адам» романы. Роман жарыққа шыққан бойда оған деген сұраныстың айрықша жоғары болғанын әдебиетсүйер қауым жақсы біледі. Әртүрлі жастағы қарапайым оқырмандардан бастап, кәсіби сыншы мамандарға дейін шығарма туралы өз толғаныстарын белсенді түрде бөлісіп жатқанына куә болдық. Осындай құбылыстар автор мен оқырман байланысын, жалпы, әдебиет пен қоғам арақатынасын жаңа бір сатыда көруге мүмкіндік берді.
Жалпы, белсенді оқылым статистикасын нақты өлшеп-таразылау қиын. Біз тек қалың оқырман ортасында кеңінен таныс, әдеби талқылар мен зерттеулерде ұдайы назарда жүретін қалам иелері жөнінде сөз қозғағанымыз рас.
Анар ҚАБДУЛЛИНА:
–Жас ақындардан Нұрбек Нұржанның өлеңдері көп-көрім. Болашақта өлеңсүйер қауым назар аударады деп ойлаймын. Өлең жазылуы керек, себебі қанымызда болған соң, өлеңді ерекше сезіне аламыз. Қазір Жұмекен, Мұқағали сүрлеуінен шығатын уақыт келді. Тыныштықбекшілеу де ақындарды біраз жерге әкелді деп ойлаймын. Осымен «Музаны іздеу» кезеңі аяқталуға шақ. Қазір әлемнің өзгергені сонша, индивид өзінен басқа ешкімге сенбейтін халге жетті. Ең алдымен, ол саясаттың, экономикалық жағдайдың, басқа алдаулардың құрбаны болғысы келмейді. Кез келген сәтте пандемия, соғыс, т.б. қаупі төніп тұрған заманда адамға басқа таңдау жоқ. Сезімнің, махаббаттың сипаты өзгерді. Бүгінгі Ләйләлар Мәжнүннің ессіз махаббатын керек етпейді. Әрине, нәзік лирика ешқайда жоғалып кетпейтіні анық. Бірақ ол бүгінгінің адамының өзгерген болмысынан бастау алып жатуы керек.
Проза қанша жерден трендте десек те, ол әлі де өз биігіне көтеріле алмады. Нарықтық әдебиетті жасайды деген отандық баспалардың өздері әлі еңсесін тіктей алған жоқ. Бүгінгі тренд заманауи мұқабадағы Аймауытов, Майлиндерден басталып, Мұхтар Мағауиндерге дейін жалғасады. «Апамның өлгені жақсы болды, көпшігі маған қалды» демекші, марқұм Мағауиннің 26 томдығы қазір жақсы сатылып жатыр. Меніңше, үрдіс әзірге осылай жалғаса бермек.
Мирас АСАН:
– «Бақуатты адамдарда үлкен кітапхана, кедей адамдарда үлкен теледидар болады» деген сөз бар. Бұл жерде материалдық құндылық туралы айтылып тұрмағаны белгілі. Қазіргі отандық кітап нарығына қатысты, жазушы жарнамасы, таланттың танымалдығы турасында түрлі дау көп. Кей кітаптың мұқабасы мұнтаздай, ішіне үңілсең, іліп алатын ештеңе таба алмайсың. Ал енді кейбір нағыз классикалық туындылардың не табысы жоқ, не танысы жоқ тасада қала береді.
Біз сондай-ақ, жалпы, осы күні кітап оқу мәдениетінің олқы тұстарын көп айтып, киелі сөз өнерінің ойлы оқырманы күннен-күнге азайып бара жатыр деп тым артық байбаламға салынатындай көрінеміз. Негізінен, үлкен уақыт өлшемімен алып қарасақ, мұндай құбылыстардың әр кезеңде болып жатуы заңдылық сияқты. Мәселен, кеше ғана барлығымыз «кітап өлді, цифрлар цивилизациясы әріптер әлемін ақыры жұтып тынды» деп, ескегімізді суға лақтыра бергенімізде Роулингтің «Гарри Поттері» шығып, әлгі әңгімеміздің тас-талқанын шығарған жоқ па? Сол себепті, кітап әр кезеңде оқыла береді, бәлкім, даму бағыты өзгертер, тақырыптар түрленер, қалай десек те бір анық нәрсе бар, кітап адамзатпен бірге мәңгі жасай береді.
Әлбетте, әдебиеттің алдын орап, жаһандану дәуірі сөз өнерінің бұрынғы баяу ырғағын өзгертпей қоймады. Дегенмен ой түбінде жатқан сөздің шер толқытса шығатынындай, әр кезеңде жақсы шығармалар оқылмай қалмайды. Тек, осы күні жақсы жазудан бөлек, жақсы жарнамашы болу да қаламгер үшін маңызды қадамға айналған.
Негізгі сұраққа келер болсақ, бүгінгі жаңа қазақ әдебиетіндегі оқылымды қаламгерлер қатарында орта буын өкілдерінен бірнеше авторды бөліп айтуға болады. Ақын Ақберен Елгезектің өрнегі өзгеше өлеңдерінен өзге «Болмаған балалық шақ» атты туындысы, қазіргі тілмен айтқанда, трендтің төрін бермей тұр. Жалпы, сөзіміздің басында да айтып кеткеніміздей, кітапты оқытудың бір құралы кино екенін мойындайтын уақыт әлдеқашан жеткендей. Қазіргі таңда әлемдік бестселлерлер барлығы кинокартинаға айналдырылып, сүйікті оқырмандарымен қайта қауышуда. Тіпті әлемдік классикалардың көбі қайталанып таспалануда. Осыған қарап-ақ кітаптың таяу жүзжылдықтарда жойыла қоймайтынына анық көз жеткізуге болады. Оны аталған кинокартиналарды тамашалап болған көрермендердің алған әсерлерінен ұға қою оңай. Киносеанстан кейінгі ойларымен бөліскен тұста түпнұсқаға ештеңе жетпейтінін айтып, кітаптың өзін оқуға кеңес беріп жатады. Нағыз насихат деген сол емес пе?
Кітабы бірнеше мәрте қайта басылып шыққан, өте жоғары сұранысқа ие қаламгерлердің қатарында Ұларбек Нұрғалымұлы бар. Аталған автордың «Дайағашшы» кітабы да қалың жұртшылықтың, әсіресе жастардың қолында жиі жүреді. Түнеукүні аталған кітаптың жарнамасы ретінде қысқаметрлі сюжет түсірілді. Бұйырса, «Дайағашшының» ішіндегі біраз әңгіме де алдағы уақытта толықметрлі фильмге айналатынына еш күмән келтіруге болмайды.
Бұл тізімнің қатарына ақын, жазушы Ұларбек Дәлей, Қанат Әбілқайыр, Әлихан Жақсылықты қосуға болады. Авторлардың «Жошы хан», «Ағыраптағы аты жоқ адам», «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?» романдары әдебиетсүйер қауымнан тыс оқырмандарды да бей-жай қалдырмағанын әлеуметтік желінің бетіндегі көптеген салмақты пікірден аңғаруға болады. Сондай-ақ жазушы Қанат Тілеухан мен Ырысбек Дәбейдің, ақын Қалқаман Сарин мен Ерлан Жүністің шығармалары талабы жоғары оқырмандардың сұранысына қашан да ие. Оқырмандарына әрдайым тың туындылар ұсынып, үнемі ізденіс үстінде жүрген Ербол Алшынбай, Жанат Жаңқашұлы, Олжас Қасым, Жәнібек Әлиман, Батырхан Сәрсенхандарды көзіқарақты жұрт іздеп оқиды.
Шығармашылық даңқтың артында қаншама мехнат жатады
Қ.Ә.: – Көп оқыла бермейтін, алайда осы қаламгерді көпшілік оқыса ғой дейтіндей авторлар бар ма?
Алмира ҚАЛИ:
– Кейде асып-тасып бара жатқан таланты болмаса да, көпшіліктің назарында жүруге талпынатын авторлар болады. Ондай жазушылардың жеке үнін көптің сарынынан ажырата алмайсың. Шығармасына қарап, сөз жоқ, соның жазғаны деп анықтау да қиын. Ал, керісінше, сирек жазса да, өзіне ғана тән мәнері мен стилі, ерекше шығармашылық аурасы бар тұлғалар кездеседі. Ондай қаламгерлер көпшіліктің мадағына мұқтаж емес, сынға да қайысып кетпейді; шығармашылықтың рақатын бәрінен артық бағалап, өз жолымен, өз мұратымен жүре береді.
Қазір атағы шартарапқа жайылып кеткен қаламгерлердің өмірбаянына көз жүгіртсек, талант пен бақ, даңқ пен құрмет атаулыға деген көзқарас көп жағдайда шартты, салыстырмалы екенін түсінесіз. Әйгілі Фридрих Шиллер өз заманында әдебиетке деген махаббаты үшін шынайы күресуге мәжбүр болса, Иван Бунин үшін шығармашылығының алғашқы кезеңінде бір жапырақ рецензия қол жетпес армандай көрінетін. Ал Джейн Остин кейін өзінің дүниежүзіндегі атақты әйел авторлардың көш басында тұрарын білмей-ақ өтіп кетіпті. Әлбетте, көңілінің түкпірінде сондай жазушылық арманы болғаны сөзсіз. Баспалардың теріс жауабынан әбден беті қайтып қалған Стивен Кингтің қоқысқа тасталған қолжазбасын жары Табита тауып алмағанда, бәлкім, ол жазушылыққа біржола бетін бұрмас еді; көп аударылатын және жиі экранизацияланатын авторлардың біріне айналмас еді. Міне, шығармашылық даңқтың арғы жағында қаншама мехнат, кездейсоқ жағдайлар, кейде трагедиялар жатады…
Өмірден ерте өткен Әмірхан Балқыбектің шығармаларын бүгінгі қазақ оқырманы естен шығармаса екен деймін. Қазақтың рухы мен намысындай болған, кейде отты, кейде ойлы туындылары тарихтың шаң басқан сөрелерінде қалып қоймаса екен. Эрудит, ізденімпаз жастың бірі Аягүл Мантай еді. Аягүлдің прозасында пафостан ада тіршілік ырғағын сезесіз. Кейде физиологиялық очерктерге ұқсап кететін көркемдік дискурсынан сюрреалистік бағдарды жазбай тануға болады. Ең бастысы, А.Мантай қысқа шығармашылық жолында өз көркемдік бағдарын тауып үлгерді. Оның шағын әңгімелері де ұмыт қалмай, әрдайым оқырман назарында болса екен деп тілеймін.
Топжарған тізімдерде жүрмесе де, қазір шығармашылық қуат-қарымын көрсете бастаған Нұрлан Қабдай, Қанағат Әбілқайыр, Бақытгүл Сәрмекова, Мерей Қосын секілді авторларды да оқуға ұсынар едім
Анар ҚАБДУЛЛИНА:
–Үш авторды атайын. Біріншісі – Мәди Раимов. Жақында ғана «Қыпшақтар» романын аяқтады. Автордың тарихи тақырыпты ашуда қолданған жаңаша тәсілі ұнады, яғни хронологияны бұзбай, Дюма стилінде шым-шытырық оқиғаларды сәтті алып шыққан. Мәдидің өз мамандығы – тарихшы. Сондықтан ол әркез деректерге өте жауапкершілікпен қарайды.
Екіншісі – Дәулет Темірхановтың «Бүгілмес болат, сынбас семсер» кітабы. 1990 жылдарда рэкет, бопсалау, кепілдікке адам алу өршіген кезең өтті. Милицияның уазигі соңғы үлгідегі иномарка мінген қылмыскерлерді қуып жете алмай діңкесі құритын. Сол кезде ең алғашқы арнайы жасақ құрылады. Қоян-қолтық жекпе-жек тәсілімен бірге қарудың түр-түрін меңгерген арнайы жасақ қызметкерлерінің негізгі жұмысы күн сайын рэкетпен бетпе-бет келу болады. Болған оқиғалар төбе құйқаңды шымырлатады. Ең алдымен, жүрегінің түгі бар қазақ жігіттерінің болаттай берік рухына тәнті боласың. Олар әлі де арамызда жүр.
Жақында талантты жазушы Юрий Серебрянскийдің «Алтыншаш» романы сатылымға шықты. Бұл шығарма да болған оқиғаға негізделген. Басты кейіпкер – поляк қызы, туған жерінен күштеп қоныс аударылған мыңдардың бірі. Қызды паналатқан қазақтар оған Алтыншаш есімін береді. Қазақ жері XX ғасырдың бірінші жартысында қатыгез сынақтарға тап болған халықтарға, қуғын-сүргінді бастан кешіргендерге пана болғаны рас. Романда сан қилы адам тағдыры, жақынын жоғалтқан жандардың қайғысы, тар жерде адамдық болмысты сақтай білу, т.б. тарихи шындық пен көркем ой шебер үйлескен. Автор сол дәуірдің атмосферасын шынайы суреттейді. Жердің бір түкпірінде соғыс, депортация, яғни мәжбүрлі қоныс аудару қазір де болып жатыр. Ойланатын жағдай. Сондықтан мұндай тақырып бүгінгі күні өте өзекті дер едім.
Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ:
– Біз – аға буын ақын-жазушыларды оқып өскен ұрпақтың өкіліміз. Ілиястың дастандарын, Бейімбеттің әңгімелерін, Мұхтардың «Абай жолы» эпопеясын, Тахауидың романдарын, Бердібек пен Тәкеннің хикаяттарын, Қуандықтың жырларын сүйсініп оқығанбыз. Біздің қатарымызда Әзілханның «Махаббат, қызық мол жылдар» атты туындысын оқымаған қазақ кемде-кем шығар. Әлеуметтік желідегі жастардың пікірталастарына көз салсақ, осы авторлардың әлі де жақсы оқылып жатқанын аңғарамын. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары әдебиетке келген көптеген дарынды ақын-жазушылардың шығармалары өз биігінде тұр. Олардың өкшесін басып дүниеге келген «соғыстан соңғы туғандар» да әдебиетіміздің үлкен буынын құрайды. Жастардың арасында да жақсы туындыларымен көзге түсе бастаған қаламгерлер өсіп келеді. Әркім өзінің ақын-жазушысын талғамының таразысына тартып таңдап алады ғой.
Тірі адамдар тіршілігін жасай берер, ал дүниеден өткен аруақтарды алалағым да, бір-бірімен жарыстырғым да келмейді. Сонда да, баса айтқым келетіні: біздің елімізде олардың көбінің кітаптары өздері өмірден өткен соң көп уақыт қайта басылым көрмей, соңында қалған әдеби мұрасы жинақталмай қала береді. Бұл қаймана қазақтың түсінігіндегідей ол қаламгерлердің кіндігінен тараған ұрпақтарының ғана мүддесі емес, Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің, тек қана тендерден дәметіп отырған баспагерлердің, Қазақстан Жазушылар одағының, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының, тағы сол сияқты құзырлы мекемелердің бірігіп атқаратын ісі болса керек-ті. Марқұмдардың мерейтойларында аста-төк ас беріп, пакет тарата бергенше, олардың шығармаларын насихаттап, кітаптарын шығарып, әдеби мұраларын жинастырып, қажет болса, көптомдықтарын жариялаған әлдеқайда игілікті іс болар еді. Бізден ілгері де іргелі жұрттардың осындай өнегесін өзімізде қалыптастыру қазақ әдебиеті ғана емес, халқымыздың ертеңі үшін жасалған игілік емес пе?
Мирас АСАН:
– Ал енді оқуға кеңес беретін авторлар қатарында аға буынның бірнеше ақын-жазушысын атауға болады. Мәселен, Жұмабай Құли, Сұраған Рахметұлы, Мұрат Шаймаран, Талғат Ешенұлы, Ерлан Нұрдыханұлы сияқты ақындарды, Нұрғали Ораз, Айгүл Кемелбаева, Серік Сағынтай сынды жазушылардың шығармаларын кез келген қалам иесі назардан тыс қалдырмауы қажет деп есептеймін. Әрине, жоғарыда аталған бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Себебі талғам-таразыға, оқырман талабына, автордың аудитория ауқымына бір ғана өлшеммен жауап беруге келмейді.
Соны лектен әдебиет жаңа сөз күтеді
Қ.Ә.: – Әдебиеттегі буын алмасуы қалай жүруде? Сіздер үшін әр буынның қандай ерекшелігі бар?
Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ:
– Әдебиеттегі буын дегеніміз, қаламгерлердің өмір сүрген кезеңіне қарай шартты түрде бөлінген ұрпақтар арасындағы сабақтастық қой. Мәселен, ағылшын, француз, орыс, т.б. халықтардың әдебиетін ХVІІІ, ХІХ, ХХ, ХХІ ғасырдағы әдебиет деп атап жатады. Бастауы тереңде жатқан қазақ әдебиетін де осылай жіктейтін болсақ, Абай қайтыс болған соң 50 жылдан кейін дүниеге келген біз де онымен бір ғасырда өмір сүріп, бір әдебиетті жасаған болып шығамыз. Бұл аралық кезеңді соншалық көп уақыт деп айта алмаймын. Абай да, біз де ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетін жасауға атсалыстық. Ал қазақтың кәсіби прозасының дүниеге келгеніне жүз жылдан, яғни бір ғасырдан сәл ғана асты. Оны да бірінен-бірі үйреніп, «кезекпенен өлінген» «алдыңғы толқын – ағалар мен кейінгі толқын – інілер» жүзеге асырды. Абайдың ізін Алаш қайраткерлері басты, олармен жағаласып жарлы-жақыбайлар мен пролетариаттың сөзін сөйлеген тапшылдар аренаға шықты. Бұл буынның бірлі-жарым көйлекпен туған өкілдері болмаса, көпшілігі қанқұйлы репрессия құрбандарына айналды. Екінші дүниежүзілік соғыстың отын кешіп келгендердің өнеге-үлгісі 60-жылдары әдебиетке келген буынға үлкен серпін берді. Соғыстан кейін туғандардың әдебиетіміздегі жетістіктері сол буын өсірген мәуелі бақтың жемісі еді десек, артық емес. Ал бүгін Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы кезеңіндегі әдебиет жасалып жатыр. Адамдардың «заманға қарай күйлегені» болмаса, мұның бәрі де – бір-бірімен сабақтас біртұтас дүние. Әу баста қазақтың ауызекі әңгімешілдік дәстүрі мен фольклорынан үйренген, орыс әдебиетінің ықпалын бастан кешкен әдебиетіміз қазір әлем әдебиетіндегі жетістіктердің бәрін де бойына сіңіріп үлгерді. Қазіргі қазақ әдебиеті ауыз толтырып айтуға лайық көркем шығармаларға бай.
Бұл әдебиетші ғалымдарымыз бен сыншыларымыздың еншісіндегі зерттеле беретін тақырып сияқты. Менің ойымша, ақын-жазушылар өлі мен тірісіне, жасы мен кәрісіне, жынысына байланысты бөлінбейді. Атақ пен мансап та уақытша. Оларды ерекшелейтін қасиет табиғи дарыны мен көз майын кеміткен еңбегінің нәтижесі ғана!
Алмира ҚАЛИ:
– Ұлттың жады мен рухын сақтаудағы әр буынның өз миссиясы бар. Арыға бармай-ақ бергі 30 – 35 жыл шамасында зерделесек, 1990 – 2000 жылдар әдебиеті ұлт ретінде қайта түлеу кезеңі ретінде тарихта қалатыны белгілі. Ал кейінгі оншақты жылдың шамасында дүниеге өзге ұлттың призмасынан емес, қазақтың көзімен қарайтын санасы тәуелсіз буын өсіп-жетіліп келеді. Тарихи поэтика шеңберінде зерделесек, ХХ ғасырда қазақ романы кең құлашты эпикалық жанр ретінде өзінің бүкіл даму сатыларын басынан өткерді. Кеңестік дәуірмен салыстырғанда, қазіргі қазақ романы едәуір «жасарды». Әсіресе соңғы уақытта көлемді шығарма жазу жастар арасында әдеби трендке айналып бара жатқандай. Жас романистер қатарының күрт өскенін Ы.Дәбей, М.Омарова, Л.Қоныс, А.Әлменбет, Р.Әлішер, Қ.Әбілқайыр, Ұ.Дәлей, Ә.Байбол, М.Мәлік, А.Аймағамбет, Ә.Жақсылық секілді авторлардың ізденістері айғақтайды.
Қазіргі қазақ әдебиетінде жанрлық, мазмұндық, пішіндік тұрғыда дәстүр жалғастығы бар. Дегенмен экосана, құндылықтар жүйесі, көркемдік мұраттар тұрғысында кейінгі буынның бөлек көзқарасы бар. Олар көркемдік эксперименттерге бел шешіп кірісе алады; бұл қатарда әлем әдебиетін түпнұсқадан оқитындар баршылық; олар «Біз неге осы?..» деп Оралханша батыл сауалдар тастай алады. Бірақ кейде қазақтың бай әдеби тілінің дәурені өтіп бара жатқан жоқ па деп алаңдап қалатынымыз бар…
Мирас АСАН:
– Буын алмасу дегенге келсек, бұл үдерісте кейінгі онжылдықта күрделі өзгерістер орын алды. Оған бірден-бір себеп, бүкіләлемдік пандемияның әсері көп болды. Қазақ қаламгерлерінің негізгі аға толқыны сол қатерлі індеттен жаппай көз жұмды. Классик ақын-жазушыларымыздың денінен сол кезеңде айырылып қалдық. Бұл, әлбетте, тек қазақ әдебиетінде орын алмады.
Жалпы, буын алмасу деп шартты атағанымыз болмаса, әдебиеттегі буын классификациясы үздіксіз жүріп жатқан үдеріске жаңа тақырыптардың келуімен өлшенеді деп топшылаймын. Егер әдебиетке жаңа сөз, тың тақырып, бөлек бағыт, соны сарын келмеген болса, ол жерде адамның физиологиялық жас ерекшелігімен жаңа буын алмасты деу қателік болар еді.
Әрине, марқұм Есенғали аға: «Мына шалдар кетеді ертең дау бар ма, Біз өзіміз айналамыз тауларға», – деп айтқандай, жаңа буынның сөз сахнасына қайтсе көтерілмей қоймайтыны белгілі. Айтпағымыз, соны лектен әдебиет жаңа сөз күтеді. Буын алмасуы деп соны айтуымыз керек сияқты.
Анар ҚАБДУЛЛИНА:
– 2025 жыл қазақ әдебиеті үшін үлкен трагедиямен басталды. Мұхтар Мағауин, Дулат Исабеков сынды әдебиеттің қос алыбы бірінен кейін бірі дүние салды. «Дәуір көшті» деп осындайда айтылса керек. Совет Одағы кезінде «оқитын ұлт» едік. «Жұлдыз», «Жалын» журналдары малшылардың етігінің қонышында жүретін. Әдебиеттің діңгегі – оқырман. Бүгінгі автор – оқырманы жоқ автор. Жазғаныңды оқырманға қалай жеткізесің? Бүгінгі әдебиеттің ең өзекті сұрағы – осы. Буындарға келетін болсақ, өз-өзінен алмаса береді. Ең бастысы, қалам ұстаған қауымның жазары таусылмасын.
Әзірлеген
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА
ПІКІРЛЕР5