Тілдің тәуелсіздігі – ұлт­тық ерекшелігін сақтау
13.09.2023
284
0

Қазақ тілі ғылымының атасы – Ахмет Байтұрсынұлы. Ол – қазақ жазыуының емлесі тіліміздің ұлт­тық табыйғатына сай болыуы керек деген мақсатпен қайта-қайта жетілдірілген бірнеше «Тіл – құрал» ат­ты ғылымый еңбек жазған адам. Өкінішке қарай, ұлтын шексіз сүйгені үшін, «ұлтшыл» аталып, «халық жауы» деген жаламен 1937 – жылы 8 – желтоқсанда атылып кет­ті. Тек 1988 – жылы ғана ақталды. Быйыл тұуғанына 150 жыл болғанын мемлекетіміз «Ұлтымыздың ұлы ұстазы» деген құрметпен атап өт­ті. Оның тіл жайында жазғандары көзі тірісінде толық іске асып үлгермеді. Ол «Тіл – құралды» жазып біткенде, 1929 – жылы қазақ латын әліпбійіне көшті. Әйткенмен Ахаң ақталғалы 35 жыл, еліміз тәуелсіз мемлекет болғалы 32 жыл өт­ті. Бірақ біз Ахаң қағыйдаларын жүзеге асыратын ұлт­тық емлеге әлі көшкеміз жоқ. Мемлекетіміздің Тіл білімі іністітұты Ахаңның атымен аталады. Алайда ол іністітұт Ахаң ілімін жүзеге асырыуға әлі асығып отырған жоқ. Соның ең соңғы дәлелі – Тіл мәденійеті бөлімінің меңгеруішісі Н. Әлімжанованың «Емлеге әркім өзінше тәжірійбе жасамауы керек» деген мақаласы («ҚӘ», 11.08.23). Оның «әркім» деп отырғаны – мен, ал «тәжірійбе» деп отырғаны Ахмет Байтұрсынұлының емлесі. Нанбасаңыз, тәжірійбе ме, емле ме, салыстырып қараңыз. 
«Қоғамның кейбір өкілдері баспасөз бет­терінде сөздерді айтылыуы бойынша жазып, емлені оқырманға өздігінше бұрмалап ұсына беретін болды», – депті.
Мен өз басым мұндағы «өздігінше бұрмалап» дегенін түсіне алмадым. «Бұрмалау» деген, меніңше, дұрыс нәрсені қасақана бұзыу. Сірә, мұнысы қолданып жүрген емлемізді неге бұзады дегені болыуы керек. Тағы бір түсінбегенім: сөздерді айтылыуы бойынша жазбағанда, көрініуі бойынша жазыу керек пе?
«Ұ/ү, ы/і» дыбыстарын қосып жазып, бұл жазыу тәртібі «А. Байтұрсынұлының ұстанымдарымен сәйкес деп топшылайды, шындығында, олай емес», – депті тағы да. Мұнысы, сірә, Ахаң «сөздің жазылыуы мен айтылыуы сәйкес келіуі керек» деп айтпаған дегені болыу керек.
«Жазыудағы ортақ тәртіпті бұзғаннан не ұтамыз?» – дейді Тіл мәденійетінің меңгерушісі. Ол ортақ тәртіп деп, әрійне, орыс тілі мен қазақ тіліне ортақ емлені меңзеп отыр. Өйткені емледе былай деп жазылған: «Орыс тілінен енген атау сөздердің тұлғасы негізінен сақталып, орыс орфографыйасы бойынша өзгертілмей жазылады…», «Арап, парсы тілдерінен енген сөздер қазақша дыбысталып өзгерген түрінде жазылады», – делінген («Қазақ тілінің негізгі емле ережелері, §18 және §19).
Бұл параграфтарды қалай түсініуге болады? Тек былай: арап пен парсы тілі шет тілге жатады да, орыс тілі шет тілге жатпайды. Осы емлені іністітұт­тың Тіл мәденійеті бөлімінің меңгерушісі ашықтан-ашық өзгерткісі келмей отыр. Және «одан не ұтамыз?» деп уайымдап отыр. «Жазыу– дағдылы, дәстүрлі үдеріс. Оны ескеріу керек», – деп, оны өзгертіуге қарсылығын тағы білдіреді. «Үдеріс» дегені, сірә, «үрдіс» болыу керек деп пайымдадым, себебі бұл арада «үдере» қозғалыудың еш іреті жоқ. Дағдының да, дәстүрдің де ұлт­тық ерекшелікке жататыны, жатпайтыны бар. Кеңес дәуірінде ұлтымыздың тіліне, емлесіне зорлап енгізген ережелерді бұзғысы келмесе, Ахаңды «халық жауы» деген дағды мен дәстүрден бекер-ақ бас тартқан екенбіз ғой онда?
«Жазыу, А.Байтұрсынұлы айт­қандай, «көптің жанын қыйналтпайтындай», тәртіпті, біркелкі болыуы керек емес», – дегенін, шынымды айтсам, қанша қайталап оқысам да түсіне алмадым. Ахаңды құптап отыр ма, жоқ па? – түсініксіз. «Сөздердің айтылыу заңдылығы жазыудағы түріне сай келіуі шарт емес. Тілде орфоэпия нормалары орфографияға бағынышты емес», – дейді бұл ғалым.
Ал Ахаң не дейді? Оның 1992 – жылы «Ана тілі» баспасынан шыққан «Тіл тағылымы» ат­ты жыйнағына зер салып көрелік. «Орфографияның» қазақшасы – дұрыс жазыу, ал «орфоэпияның» қазақшасы – дұрыс айтыу. Екеуі бір-біріне бағынышты ма, жоқ па – Ахаң не дейді екен?
Ахаң қазақ тілінің табыйғаты жалғамалы, ал орыс тілінің қопармалы тіл екенін айтады (143 – бет). Демек табыйғаты екі басқа тілде ешқандай ортақ емле болыуы мүмкін емес. Ал ортақ емле жасау – екі тілге де зорлық әрі обал.
«Айтылыуы басқа сөздерді бірдей жазыуға жол жоқ. Негізгі жол – айтылыуы басқа сөздерді (мағынасы басқа болсын, бірдей болсын) басқа жазыу, айтылыуы бірдей сөздерді (мағынасы бірдей болсын, басқа болсын) бірдей жазыу», – дейді (328 – бет).
Ахаңның бұл айтып отырғаны – көпмән (амонійм) сөздер. Біз болсақ, көктегі бұлыт пен бұлт ете қалыуды бірдей «бұлт» деп жазып жүрміз. Шындығында, «Байанауыл басынан бұлыт кетпес» болыу керек қой. «Бұлт кетпес» десек, әннің ырғағы да бұзылады. Ешкінің баласы – ылақ пен лақ етіуді де бірдей «лақ» деп жазып келеміз. Айтылыуы екі басқа сөзді зорлап бірдей жазып жүрміз. Ал айтылыуы басқа сөздерді басқа-басқа жазыудан «не ұтамыз?» Көпмән сөз бен көпмән емес сөздерді дұрыс ажыратамыз, айтылыу мен жазылыудың арасында былық та, алшақтық та болмайды. Мәселен, «қас» деген сөздің бірнеше мағынасы бар, бірі жау дегенді, екіншісі көздің үстіндегі қылшық жүнді, тағы бірі – нағыз дегенді білдіреді, бұлар – мағынасы сан бөлек, бірақ айтылыуы бірдей сөздер.
«Жазыу дегеніміз – дыбыстың таңбасы. Әр дыбыстың, әр елдің таңбасындай, таңбасы болады», – депті Ахаң (332 – бет). Ал біздің ғалым не дейді? Дұрыс жазыу дұрыс сөйлеуге бағынышты емес дейді. Меніңше, оның айтпағы «окно» деп жазып, «акно» деп оқый беретіндей, «сиыр» деп жазып, «сыйыр» деп оқый беріуге болады дегені болса керек. Сөйтіп қазақ тілі мен орыс тілін бір-біріне жақындатпақ.
Ал, Ахаң: «Дыбысқа сәйкестеп әріп алмасаң, сөздің жазыуы мен айтылыуы бөлектенбей қала алмайды», – деп, тағы да шегелеп айтыпты (359 – бет).
Мұны да ұқпай қалатындар кез­десіп қалар деп күдіктенді ме екен, Ахаң тағы: «Дыбыстар мен әріптер арасында сәйкестік күшті болғандықтан, сөзінің жазылыуы мен айтылуының арасында да сәйкестігі күшті. Жазыудың мысалы біздің қазақтікі мен қырғыздікі. Бұлардың тіліндегі дыбыс басына арналып әріп алынған, әріп таңылған дыбыстан қайда тұрса да айрылмайды», – деп, қазақ тілінің күшті ерекшелігін ерекше сүйсіне айтыпты.
Ахаң бұған да тоқтамай, «Әлбет­те харіп – тіл үшін шығарған нәрсе. Олай болса, харіп жоқ деп, тілдегі дыбысты жоғалтыу емес, ол дыбысқа жоқ харіпті тауып таңбалауға керек», – депті (388 – бет).
Бұдан артық қалай айтыуға болады? Әрбір жеке дыбыс жеке әріппен белгіленіуі керек деген осы ғой. Бұл – ұлт­тық тіліміздің, ұлт­тық емлеміздің басты ерекшелігі. Ол ерекшелікті сақтамасақ, оны сақтайтындай емлеміз болмаса, тіліміз ешқандай жүйесі жоқ, заңдылығы жоқ, ешқандай қағыйдаға бағынбайтын жабайы, жүйесіз тіл болып қалмақ. Қәзіргі емле деп жүрген емлеміз – жартылай орыс тілінің, жартылай қазақтың ығына жығылған қойыртпақ қағыйда.
Дұрыс жазыу сөзді дұрыс айтыуды қалыптастырады. Сондықтан жазыу мен айтыу бір-бірімен сәйкес болыуы тійіс. Жеке әріппен белгіленбеген, жазылмаған «ы», «і» дыбысын «сиыр» деп жазғаннан қалай оқыуға болады? Оқушы оны «сійыр» деп оқый ма әлде «сыйыр» деп оқый ма? «Окно» дегенде, жазыулы тұрған «о» ны «а» деп оқыуға болар, ал мүлдем жазылмаған әріпті өзің тауып оқыу да емлеге жата ма?
«Бұны өзгерткеннен не ұтамыз?» – деудің өзі емле дегенді тәлкек етіп тұрған жоқ па?
Біздің бала күніміздегі қазақ қалай қәте жазсаң да, ол сөзді дұрыс айта беретін. Өйткені олар қазақ тілін бұл заманға жеткізіушілердің өзі болатын. Қәзіргі ұрпақ «көкөніс», «шекара», «көзқарас» деп жазғанды «көгөніс», «шегара», «көзғарас» деп дұрыс айта қоймайды; қалай жазылса, солай оқыйды. Өйткені, ол да тіліміздің ерекшелігі. «Қолқап», «қара ағаш», «бұл күн», «бұл жыл», «бел бау», «Қара көз» демей, – «қолғап», «қарағаш», «бүгін», «быйыл», «белбеу», «Қарагөз» деп, үндестік заңына сай жазып жүрміз ғой.
Әр сөзді дұрыс жазыу үшін, оны іштей бұуынға бөле отырып жазыуға дағдыланыу керегін де айтады Ахаң (339 – бет).
Ал біздің емле «сиыр», «биыл», «қиын» деп жазыуды бұйырады, сондықтан «сы – йыр», «бы – йыл», «қы – йын» деп дұрыс бұуынға бөліудің орнына, «си – ыр», «би – ыл», «қи – ын» деп, қәте бұуынға бөліуге мәжбүрміз. Тілге қыйанат деген – осы. Ал Тіл мәденійетінің меңгерушісі «Не ұтамыз?» – деп дағдарады.
«Дауысты дыбыстар сөздің жаны есебінде, дауыссыз дыбыстар һәм жарты дауысты дыбыстар сөздің тәні есебінде», – депті Ахаң (325 – бет). Дауысты «ы» мен «і» дыбыстарын жекелеп жазбай, орыс тілінде бар, қазақ тілінде бұрын болмаған «и» әрібін емлемізге зорлап енгізіу үшін «ый», «ій» деген қосарлы дыбыстардың орнына бір ғана орыстың «и» әрібін енгізіп отырған емлені өзгерткісі келмей отырған ғалымдарымызға қандай баға беріуге болады? Содан «не ұтамыз?» – дейді тағы да. Тіліміздің жазыу және айтыу жүйесін бірдей бұзып, сөзіміздің жанын да, тәнін де жаралайтынымызды, шынымен-ақ, білмей ме?
Дұрыс сөйлеу мен сөзді дұрыс айтыу сөзге дауыс екпінін дұрыс қойа біліуге де байланысты.
Ахаңның айтыуы бойынша, «Қазақ тілінде екпін бұуыны сөздің ійә айағында келеді, ійә айағына тайау бұуын болып келеді» («Шығармалары», Әдебійет танытқыш, «Жазушы», 1989, 190 – бет). Ал мына сөздерде жазылмай тұрған «ы» мен «і» дыбыстарына дауыс екпіні қалай түседі: «ұйымдастырыу», «сөйлестіріу», «келістіріу», «шағыстырыу» дегеннің орнына «ұйымдастыру», «сөйлестіру», «келістіру», «шағыстыру» деп жазып жүргеміз жоқ па? Сонда «ы» мен «і» жазылмай қалған «рыу», «ріу» бұуынына дауыс екпіні қалай түспек? Бұдан сөзді бұзып айтыудан басқа ештеңе «ұтып жүргеміз» жоқ.
Шындығында, қәзіргі емле – тіліміздің жазылыуы мен айтылыуын бұзатын емле. Емле емес, бұйрық. Ал Ахаң: «Тәнді жан қалай бійлесе, дауысты дыбыстар басқа дыбыстарды солай бійлейді; йағный дауысты дыбыстар жұуан айтылса, дауыссыз ійә жарты дауысты дыбыстар да жұуан айтылады. Дауысты дыбыстар жіңішке айтылса, басқа дыбыстар да жіңішке айтылады», – дейді («Тіл тағылымы»), (325 – бет). Мұны Хәлел Досмұхамедұлы «үндестік заңы» (сійнгармонизм) деп атайды. Ал біз болсақ, «гәзет», «кітәп» деп Ахаңның айт­қанынша жазыудың орнына, «газет», «кітап», «музей» («мұражай»демей), «архив» («мұрағат» демей) деп жазып, өз тіліміздің табыйғатын бұзғанымызға өзіміз мәз боп жүрміз.
«Тілдің табыйғатына қарамай, зорлап, емлеге таңып байласақ…, «қыйсық айақ…» қатындардың айағы болып шығады», – депті Ахаң (395 – бет). Біздің қәзіргі емлеміз – осындай «қыйсық айақ» емле, өкінішке қарай.
Өз заманындағы қазақ тіліне Ахаң «Қазақ тілі азбаған» деген баға береді, «өзгелер табыйғат­ты зорлап емлені таңып, тілін аздырған» депті (396 –бет). Айтыуға ауыр болғанмен, айтыуға тұура келеді, қәзіргі тіліміз азған тілдің қатарына қосылды немесе қосылыуға жақын деуге болады. Оған тек зорлыққа толы емлеміз және сол емлені қызғыштай қорғап, өзгертіуге не тәуекелі, не білімі жетпей отырған тіл ғалымдарымыз, өзгертіуді талап ете алмай отырған басшыларымыз кінәлі.
Қәзір біз шет ел сөздерін өз тіліміздің табыйғатына ыңғайламай, өзгертпей айтыу мен жазыуды әдетке айналдырдық. Тіл мәденійетінің меңгерушісі тіпті «прокүрор» сөзін қазақ сөзі деп мысалға келтіріпті. Біріншіден, қазақ тілінде бірде-бір сөз қатарлас келген екі дауыссыз дыбыстан басталмайды. Сондықтан «пр» деген екі дауыссыздың сөз басында келіуі бұл сөздің шет ел сөзі екенін әйгілеп тұр. Екіншіден, емлемізге 18 бен 19 – параграфтар зорлап енгізілгенге дейін ағаларымыз бен аталарымыз ол сөзді «қаралау­шы», адвокат­ты «ақтаушы» дейтін. Үшіншіден, Ахаң айт­қандай, ол сөзді амалсыз алыу керек болса, тіліміздің табыйғатына сай «пыракұрор» деп қана алыуымыз керек еді. Орыс тілі арқылы тілімізге енген «пірезійдент», «піремійер», «пыросент» («пайыз»), «пыражектор», секілді сөздердің де сыйқы сол тектес. Шерхан, Оралхан сыйақты тіл табыйғатын жанымен түсінетін баспасөз басшылары «заводты» «зауыт», «артисті» «әртіс», «номерді» «нөмір», «поезды» «пойыз», «ноль» дегенді «нөл», «журналист» дегенді «жұрналшы», «мебель» дегенді «жыйһаз», «столды» «үстел», «сменаны» «ауысым» деп, тағы біраз сөзді қазақыландырып үлгеріп еді, одан кейінгілер зорлық емленің шеңберінен шыға алмай қалды. Ал осының бәрін ұлт­тық мүдеге ыңғайлайды деген Тіл білімі іністітұты «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы» деген өз атына өзі сай бола алмай, «Тек жүрсең, тоқ жүрмекті, Қыйын емес білмекті» деп, Ахаң айт­қандай, тоқ жүргенді дұрыс санап отыр. Ахаңның «ағұс», «үйін», «декәбір» (351 – бет) деп жазғанын олар көрсе де көрмегендей. Ал Х.Досмұхамедұлының: «Жат сөздерді өзгертпестен алып, бастапқы жат қалыбымен тілге сіңіреміз дегендік – шатасқандық. Бұ жолда жүрген адамдар тілімізге орасан зыйан келтіреді», – дегенін тіпті оқымаған да болыу керек («Таңдамалы», «Ана тілі», 1998, 148 – бет).
Тіл мәденійетінің меңгеріушісі менің жазыуым Ахаңның емлесіне сай келмейді, «шындығында, олай емес» деген екен. Сәйкес пе, жоқ па, соған көз жеткізіу үшін, Ахаңның мысалға алған сөздерін, емлесін көрсете кетсем, кімдікі шын, кімдікі жалған екенін оқырман өзі-ақ аңғарар деп ойлаймын.
Ахаң қазақ тілінің жалғамалы тілге жататынын айта келіп, «Жалғамалы тіл – сөздің айағына жалғау қосылып өзгеретін тіл», «қазақ сөзінің түбірі өзгертілмей, айағына жалғау қосылып өзгереді», – дейді (143 – бет).
Жоғарыдағы кітәбінде Хәлекең де: «Жалғамалы тілде сөздің түбірі өзгермейді», – дейді (139 – бет).
Ал біз болсақ, түбірдің өзін өзгертіп, «оқы», «шоқы», «ыршы», «қыршы» деген қалпын сақтамай, «оқыу», «шоқыу», «ыршыу», «қыршыу» деп жазыудың орнына, «оқу», «шоқу», «ыршу», «қыршу» деп жазып жүрміз. Сонда бұл сөздердің түбірі «оқ», «шоқ», «ырш», «қырш» сыйақты болып тұр.
Ал олар негізгі түбір емес, шындығында, тұуынды түбірлер.
«Сыйыр сыйпағанды білмес, жаман сыйлағанды білмес» (146 – бет), деп жазыпты Ахаң.
«Аузың қыйсық болса, айнаға өкпе жоқ» (150 – бет).
Бұлай болса, осы тектес «быйыл», «қыйын», «жыйын», «қыйнаған», «жыйнаған», «қыйраған» деп жазғанды не үшін жазғырамыз? Ол Ахаңды жазғырыуға жатпай ма? Ал оны жазғырсақ, онда оны не үшін «Ұлтымыздың ұлы ұстазы», «Тіл ғылымының атасы» деп жүрміз? Өзімізді де, өзгені де алдау үшін бе?
«Айудан қорққан тоғайға бармас» депті 148 – бет­те. Егер «айу» деп жазған дұрыс па әлде «айыу» деп жазған дұрыс па? – деп талассақ, ол, әрійне, ғылымый талас болар еді.
«Түйенің үлкені көпірде тайақ жер» (148 – бет). «Й» мен «а» – ның орнына орыстың «я» әрібін «ый» мен «ій»-дің орнына орыстың «и» әрібін жазыудан біз 1991 – жылдың 25 – қазанында-ақ бас тартыуымыз керек еді, амал не?
«У» – қысқа айтылатын дыбыс, «у» ұзын естілсе, ол жерде екі «у» болғандықтан, оның алдыңғысы бүтін «у» – шолақ «у», «у» ұзын естілетін жерде екі «у» жазыу тійіс. Мысалы: «тұура», «сұлұу», «сұу», «тұмсық», – деп жазады Ахаң (150 – бет).
«Сөз сөзден тұуады, сөйлемесең, неден тұуады» (151 – бет). «Жақсы болсаң, жердей бол, бәрін шыдап көтерген, Таза болсаң, сұудай бол, бәрін жұуып кетірген»; «Жақсыдан жаман тұуады, жүйріктен шабан тұуады»; «Ерден тұуған қырымға қарайды, ійт­тен тұуған жырымға қарайды»; «Жел аударған қаңбақтай, сұу аударған діңгектей» (151 – бет).
«Құуырдақ», «бұуылдақ», «құуып», «жұуып», «сұуыр», «құуыр», «ұуыз», «Тій десем, тіймейді, тійме десем, тійеді», – дейді (350 – бет).
Тіл мәденійетінің меңгеріушісі айт­қан «шындығында, олай емесі» дегенінің негізсіз айтылған жала екенін осы мысалдар-ақ дәлелдейді деп ойлаймын.
Сан ғасыр бойы сұрыптап, саралап, аздырмай жеткізген ата-бабамыздың тілін орыс пен қазаққа «ортақ емлесімен» зорлап аздырып отырған тіл мамандарына қандай «алғыс» айтыуға болады? Солардың бодан емлеге бойы үйреніп дағдыланып қалғандығынан ұлт­тық ерекшеліктерінен айрылған тіліміз «сіз бен бізге білінбей» күн са­йын азып барады. Бұл – Ахаңның ғана емес, ұлт­тық тіліміздің қайғылаңы! Оны ел басшылары түзей ме, түземей ме – әзірге белгісіз. Орыс тілін біліу, сыйлау орыс болыу деген сөз емес қой. Сондықтан өз тіліміздің табыйғатына сай өз емлемізді жасау – тіліміздің ерекшелігін сақтау. Тек солай. Ол өзге тілді жақтырмауға жатпайды. Ахаңның алғаш қазақ әліпбійін, емлесін жасағаны ырас. Оны кеңес заманында сайасый себептермен пайдалана алмағанымыз да ырас. Біреулер жоқтамаса, жақтамаса, қозғамаса; енді біреулер көзге көрсетпесе, ұрпаққа түсіндірмесе, айтпаса, Ахаңның ілімі, емлесі өз-өзінен жүзеге аса сала ма? Қайта бірте-бірте ұмытылмай ма? Өз заңымен қорғалмаған, өз емлесімен дамымаған тіл өз табыйғатын бірте-бірте бұзбағанда қәйтеді? Көз алдымызда-ақ бұзылып барады. Тілімізді бұзылыудан сақтайтын негізгі заңын – үндестік заңын – ғалымдарымыз айтпайды, оқыулығымыз міндет­темейді. Соның нәтійжесінде, бір сөзіміз орыс тілінің емлесімен, бір сөзіміз өз тіліміздің емлесімен жазылады, ондай емлемен тіліміздің ұлт­тық ерекшеліктері қалай сақталады? Мұны білгеннің жүрегі ауырар, білмегеннің несі ауырады? Ауырмай өліу деген осы емес пе?
«Кіріс», «кірпіш», «кіршең», «кіржій» деп жазамыз, өйткені сөз басында ешқашан екі дауыссыз дыбыс қатарынан келмейді. Олай болса, неге «Кіреміл», «кыран», «кырос» демей, «Кремль», «кран», «кросс» деп жазамыз? «Кровать» дегенді ата-бабамыз ақымақтығынан «кереует» деген бе? Қазақтың «Жайық» дегенін орыстар «Яик» деп, «қарауыл» дегенін «караул­», «арқан» дегенін «аркан» деп, өз тілінің табыйғатына сай жазып жүр емес пе?
«Прім», «прақ», «прсылдақ» демей, «пірім», «пырақ», «пырсылдақ» деп жазамыз да, ал неге «пірезійдент», «піремійер», «пыракұрор» деп жазбаймыз? Өйтсек, онымыз пірезійдент­ті кемсітіу бола ма? Мұндай мысал мың-мылыйон. Өз тілімізді өзіміз сыйлай алмай отырып, өзгеге қалай сыйлатамыз? Әлде тексіздердің әдетіне айналған әдіспен «Ахмет Байтұрсынұлы деген адам да, оның емлесі де болған емес», – деп, көрсек те көрмегендей, білсек те білмегендей, көзімізді жұмып жүре береміз бе? Мұның түйінін, менің ойымша, ғалымдар емес, пірезійдент шешеді. Өйткені, менің ойымша, пірезійдент­тің латынға көшіу мәселесіне орай, бір таңбаны екінші таңбаға өзгерткеннен ештеңе шықпайды дегенін біздің ғалымдар да, басшылар да әлі түсінген жоқ. Ал пірезійдент­тің айтып отырғаны – емлені өзгертіу, әріпті емес.

 

 

Бексұлтан НҰРЖЕКЕ – ҰЛЫ,

жазыушы, ҚР Мемлекет­тік сыйлығының лауреаты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір