БІЗДІ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ТАҒДЫРЫ АЛАҢДАТАДЫ
11.12.2022
394
0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жолданған хаттар газет поштасына оқырмандарымыздан үнемі келеді. Оның көбі редакцияның ұстанымына сәйкес келе бермейді. Дегенмен төменде сондай хаттардың бірнешеуін жариялап отырмыз. 

Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым–Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа!

АШЫҚ ХАТ

Қадірлі Президент
Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Осы жолғы сайлауда жеңіске жеткеніңізбен құттықтаймыз! Бұл жеңіс – сіздің ғана емес, сізбен жүректес, бүтін қазақ халқының жеңісі! Жаңа Қазақстанның нұрлы болашағына ақ жол тілейміз!
Біз өзіңізге мемлекеттік тілдің тағдыры туралы айтқымыз келеді. «Тіл тағдыры – ел тағдыры» деп жүрміз. Қазақ тілінің тағдырына әлі де алаңдап отырғанымыз жасырын емес. Қайсы елдің болсын толыққанды тәуелсіз болуы үшін – маңдайалды 4 шарты болуға тиіс.
Оның біріншісі – тіл тұтастығы, екіншісі – территория тұтастығы, үшіншісі – мәдениет тұтастығы, төртіншісі – экономикалық тұтастық. Бұл тұтастықтар – күллі әлемдік өлшем. Қазақ елі де бұл әлемдік өлшемнен тыс қалуы мүмкін емес. Біздің территориялық тұтастығымыз шегеленді. Экономикалық тұтастығымыз алаңдата қоймас, оған билік тізгінін қолға алған серіктестеріңіз жауап береді деп ойлаймын. Мәдени тұтастығымызда кемшін тұстар болғанымен, онша өрескелдік жоқ. Ал тіл тұтастығы – көңілімізді көншітпейді. Неге? Бұл тұтастық туралы біз ғана емес, көрнекті тіл жанашырлары айтып та, жазып та жатыр. Тілдің ұлт үшін қаншалықты өзекті тақырып екенін Алаш арыстары да сан мәрте айт­қан. «Тілі жойылған елдің – өзі де жойылады» деген ұлағатты өсиет құлағымызға сіңіп, ұранға айналған. Тіл жанашырлары қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін барын салып жүр. Сіз: «Жаңа Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» дедіңіз. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін – мемлекеттік тілге сұранысты күшейту керек екені бесенеден белгілі. Бірақ қайткенде қазақ тіліне деген сұранысты күшейте аламыз? Бұл сұраққа тиянақты жауап әлі жоқ. Біздіңше, қазақ тілін құрдымға кетірудің түрлі айла-шарғысын жасаған кешегі қызыл империяның тәжірибесін, айла-тәсілін игеріп, біз де сол тәсілді қолдануымыз керек. «Қисықты түзету үшін – асыра ию керек» дейді қазақтың ұлағатты өсиетінде. Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің дамуына кедергі көп. Оны түзету үшін, әрине, асыра ию керек. Онсыз қисайған тіл түзелмейді.
Қытайда бұрын қытай тіл-жазуын білмейтіндерге мәнсап бермейтін. Қазір қытай тіл-жазуын білмейтіндер мұғалімдік те істей алмайтын болды. Қытай өзінің тіл-жазуының мәртебесін көтеруге көңіл бөліп отыр. «Оның не?» деп кім айта алады? Ресейде де орыс тілін білмейтіндер жұмысқа алынбайды екен. Онысын кім теріске шығара алады? Ендеше, біз неге олардың істегенін істемейміз? Айтудан, жазудан 30 жылдан бері, одан бұрын да құлағымыз жауыр болды. Жат тілге жаны үйір, соған табынып алған отандастарымыз өте тоңмойын. Қазақ болғысы, ана тілін үйренгісі жоқ. Оны намыс көреді. Жат тілге табынуды абырой санайды. Онысы өзімен кетсе мейлі ғой, балаларын қазақ тіліндегі мектепте оқытпайды. Орыс тіліндегі балабақшаға береді. Соның кесірінен Тәуелсіздік тұсында туған балалардың бір бөлімі қазақ тілінен жұрдай болды. Осылай кете берсе, қазақ тіліне төніп тұрған қатер айықпайды. Тіл тағдыры – ұлт тағдырын зақымдайды емес пе?
Сіз өзіңіз де бұрын өз тіліңізде қазіргідей еркін сөйлей алмаушы едіңіз. Мәселе қазақ тіліне деген жанашырлықта екен. Қазір ана тіліңізде еркін сөйлейтін болдыңыз. Қазақ тілінің болашағына немқұрайды қараушылар бізде аз емес. Өз қазағымызға ана тілін үйрете алмай жатқанымыз жанымызға батады. Мұндай шақта өзге жұрт мемлекеттік тілді үйренбеді деп қалай күйінеміз? Қажет болса олар өз күні үшін-ақ үйреніп алады. Оны өмірден көріп жүрміз. Тіпті қазақ елінің азаматы емес, кейбір шетелдіктер қазақ тілін игеріп алып, мәдениеттанушы, өнертанушы болып жүрген жоқ па? Сондықтан мемлекеттік тілді білмейтін қазақтарға маңызды әкімшілік қызмет істеуге шектеу болса, қазақ тілін білмейтіндер мемлекеттік қызметке алынбаса, олар жатпай-тұрмай, жарты жылда-ақ үйреніп алар еді. Мемлекеттік тілге сұранысты арттырудың мұнан өзге жолы жоқ.
Сондай-ақ бізді қазақ жастарының тағдыры қатты алаңдатады. Жас отбасылар арасында ажырасу көбейіп барады. Жетім балалар, жаутаңкөз жасөспірімдер көбейіп барады. Мұның соңы не болмақ? Ішімдікке құмар, қылмысқа бе­­­­­й­ім, ілім-білімге құштарлығы жоқ жастардың көбейіп бара жатқанын күнделікті ақпараттан оқып, біліп жүрміз. Бізге жастар саясатын, білім саясатын қолға алатын кез жетті. Бұл салаға ауқымды бағдарлама керек. Жастар жұмыссыздықтан, баспасанасыздықтан, білімсіздіктен азады. «Балам деген жұрт болмаса, жұртым деген бала қайдан болсын!» демей ме қадірлі Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы. Біз болашағымызды ойласақ, болашағынан үмітсіз жастарды заманға бейімдеп, бар қажеттілігін шешіп беруге тырысуымыз керек.

Тұрсынәлі РЫСКЕЛДИЕВ,
ҚХР мемлекеттік сыйлығының иегері
Аян НЫСАНАЛИН,
көрнекті ақын, танымал сыншы,
әдебиеттанушы
Рақым АЙЫПҰЛЫ,
әдебиеттанушы
Тұрсынбай ДӘУІТҰЛЫ,
филолог

ҚАЗАҚ ТАРИХЫНЫҢ АЛТЫН ДӘПТЕРІН ЖАЗУЫҢЫЗҒА ТІЛЕКТЕСПІН!

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Сіздің алдағы жеті жылға еліміздің президенті болуыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Жеті жыл – мүмкіндігі мол меже. Арман-мұратымыз, мақсат-тілегіміз ортақ ел болудың айтулы кезеңі деп ойлаймын. Халық сізге сенді. Болашаққа сенді. Сіздің жеңісіңіз – елдің жеңісі!
Сіз Алла жақсы көретін аяулы азаматсыз! Еліңізді бақуаттылыққа, шуақты күнге бастай алатын қабілет-қарымыңыз, ең бастысы – рухани дегдарлығыңыз, интеллектуалды ойыңыз кімді болсын сүйсіндіреді.
Мен Қазақстан азаматы ретінде, қазақ қаламгері ретінде сізге қажымас қайрат тілеймін. Әлемде болып жатқан түрлі шиеленістерден елімізді аман алып өтеріңізге бек сенемін.
Жаңа Қазақстанды құру дәуірі енді басталды. Атақ пен мәртебеге, байлық пен даңққа бой ұрмайтын, тәуелсіз елдің тағдырына жауапты екенін сезінетін серіктеріңіздің көп болғанын қалаймын. Шын мәртебе – тек халықтың жүрегінде, тарихтың талқысында. Сіздің Қазақ Тарихының алтын дәптерін өз қолыңызбен жазуыңызға тілектеспін!

Нұрмұқан ЖАНҰЗАҚҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір