ОҚЫРМАН ӨЗГЕРДІ, ҚАЛАМГЕР, СЕН ДЕ ӨЗГЕР
29.12.2023
1278
0

«Ескі жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» дейтін қазақпыз ғой. Әйтсе де, өтіп бара жатқан жылға өкпеміздің жоғы рас. Әдебиет пен руханиятта, жалпы өнер кеңістігінде көптеген айтулы жаңалықтар болды. Бірқатар көркем фильмдер мен деректі туындылар, сүйекті-сүйекті телехикаялар түсіріліп, көрерменнің көзайымына айналды. Көпшілікті шын қуантқан өнер туындыларымен қатар мезеттік рейтинг қуалап түсірілген қарадүрсін кинолар да жоқ емес. Бәлкім, салыстырып-салғастыруға, нағыз өнер деңгейіндегі шығарманы тануға мұндай үрдіс те керек шығар…
Қаламгерлер қауымын қуант­қан жаңалықтардың бірі ҚР Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Құлкеновтің ұсынысымен Қазақстанның Халық жазушысы атағының оралғаны болды. Осы орайда, қайта оралған ақжолтай марапаттың биылғы иегерлері жазушылар Смағұл Елубайдан, Любовь Шашкова мен Ахметжан Ашириден аталған сыйлыққа қатысты көңіл күйлері жайлы сұрап көрдік. Сондай-ақ «Қорқыт» фильмі арқылы түркі дүниесі фольклорына бойлатқан жыршы Берік Жүсіпке, осы жылдағы шығармашылығының ауанын білмекке ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Жарас Сәрсекке, ақын-жазушылар Айнұр Төлеу мен Бақытгүл Сәрмековаға, Жанат Жаңқашұлы мен Бақытбек Қадырға бірқатар сауалдар жолдадық. 

Уақыт экспрессі
бұрын-соңды болмаған
жылдамдықты қосқан

Халық жазушысы атағы қайта оралғаны, осы сыйлықтың сіздерге бұйырғаны қалай әсер етті?

      Смағұл ЕЛУБАЙ,  Қазақстанның Халық жазушысы
– Тарихтың, әне-міне, 2024 жыл атты тағы бір су жаңа парағын ашқалы тұрмыз. Ал 2023 жыл, толтырылған парақтай архив сөрелеріне барып жайғасты. Бір нәрсе анық. Бүгінгінің айы, күні, жылы тым жылдам өтетін болды. Үлгерсең – үлгердің. Үлгермесең – қалдың. Уақыттан озғандарға орныңды бересің. Орныңды бергенің сол, сен ұйқыңды аша алмай жатқанда олар сенің нарығыңды жаулайды. Сен өзіңнің емес, өзгенің көлігін мініп, өзіңнің емес, өзгенің киімін киіп, өз­ге­нің нанын жейсің. Яғни тапқан-таян­­ғаның өзге елді байытады Бү­гінде «жаулау» деген түсініктің түрі өзгер­ген. Мылтық шошаңдатып келіп сені ешкім жаулап алмайды. Алыста тұрып-ақ алды-артыңды орап, тартымды тауарымен, озық технологиясымен жаулайды. Кіріптар етеді. Экономикаңды тәуелді етеді.
Онсыз өмір сүре алмайтын халге жетесін. Бір елді бір ел бүгінде бейбіт түрде осы­лай жаулауда. Ескі жыл мен жаңа жыл­дың өларасында бізді осындай ойлар мазалайды.
Тағы бір анық… Уақыт экспрес­сі бұрын-соңды болмаған жыл­­­­дам­­дықты қосқан. Жүйрік елдер әрбір жылға ғасырдың жүгін арқалатты да алға шықты. Кеше ғана өз тізгінін өз қолына алған Қазақстан ше? Қазақс­тан дегеніміз – қазақ халқы. Ендеше, Қазақстан бүгін бізден есеп сұрайды. «Ей, Ұлы Дала ұлдары мен қыздары! Не бітіріп, не қойдық өткен жылда?» деп сұрайды. Ал біз, жаңа Қазақстанның жиырма миллион халқы, ескі жылды шығарып салып тұрып осы сұраққа жауап беруге тиіспіз. Шынында, не бітіріп, не қойдық?! Өткен 2023 жылы. Ғасыр жүгін арқалаған осынау жылда ғасыр жұмысын атқара алдық па?! Осы сауал жыл сайын жыл тоғысында алдымыздан шығып тұрады. Жер басып жүрген Ұлы Дала ұл-қыздарына, осы сауалды, алдымен, ана дүниедегі ата-бабалары да қояды.
Өйткені бұл – біздің, жаңа Қазақстанның жер басып жүрген ұрпақтарының, ана дүниедегі ата-бабалар алдындағы Алатаудай аманатымыз. Ендеше, Ұлы Дала абыройы үшін түнде ұйықтамай, күндіз отырмай тер төгу – бізге, жер басып жүргендерге қасиетті парыз. 2023 жыл, осы парызды өтеуде, әділетті мемлекет құруда арпалыспен өткен алашапқын жыл болды. Алланың бір аты – әділет. Ұраны әділет болған Жаңа Қазақстан жаңғыруға беттеді. Отандастарымыздың үмітіне үміт қосылды. Жасампаздыққа ұмтылды. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Міне, осылайша өршіл рухты халқымыз тарихтың тағы бір парағын ашқалы тұр! Осы параққа жаңа ғасырды елең еткізер ерен ерлігіміз жазылғай, ағайын! Жаңа 2024 жыл, сондай, құтты да мықты жыл болғай!
Жеке басымызға келетін болсақ, бір жағымды жаңалық; Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Жазушылар Одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің Қазақстанның Халық жазушысы атағын қалыпқа келтіру жайлы ұсынысын толық қолдады. Өткен Республика Күні Ақордада осы атақты алты жазушыға Президент өз қолымен табыстады. Соның ішінде біз де бармыз. Бұл үшін әлбетте өте қуаныштымыз.

Ахметжан АШИРИ:

– Биыл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың пәрменімен Қазақстанның Халық жазушысы атандым. Биыл қолға қалам алғаныма 70 жыл толыпты. Сондықтан бұл марапатты 70 жылдық шығармашылық ғұмырымның жемісі әрі қазақ пен ұйғыр халқының әдебиетіне қосқан үлесім үшін берілді деп бағамдаймын. Бала күнімде майдангер әкем: «Сен жазудың, өнердің бағбаны боласың! Сонда сенің жазғаныңнан миуалы ағаш отырғызған ұйғырдың тілегін білетін болады. Адал ниетіңді түсінетін болады. Көз жасың төгілгеннен кейін, жаныңды жадыратар күлкіңді күт. Қайғырсаң, қуанышты сәттің де кездесетінін ұмытпа», – деп арқамнан қағып, батасын беріп еді. Сол бір әкенің асыл сөзі әлі есімде. Біз ел ретінде еркіндігіміз тоналған, еңсемізге мың батпан жүк түскен талай тарихи сыннан өттік. Қандай қиындық көрсек те әділдіктің барына сеніп, ертеңнен ешқашан күдер үзген жоқпыз. Ал бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» мен «Адал азамат» ұғымдарын ерекше құндылықтар ретінде дәріптеп қана өркениетті елдің қатарына қосыла аларымыз ақиқат. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев көтерген «Әділетті Қазақстан» идеясы ауқымды реформалар мен оң өзгерістерге негіз салып, әдебиет пен өнер үшін тың мүмкіндіктер мен заманауи үрдістерге жол ашады деп сенемін. Өтіп бара жатқан жылдағы көңіл күйімнің ауанын жалпылама айтсам, ел Президентінің «Әділетті Қазақстан» құрудағы бүгінгі құлшыныстары нағыз мен күткен бақыт еді дегім келеді.

Любовь ШашкОва:

– Өтіп бара жатқан 2023 жылы қазақ әдебиетінің тарихында ерекше оқиғалар болды. Мемлекет басшысы ҚР Жазушылар одағының Төрағасы Мереке Құлкеновтің қоғамдағы әдебиеттің рөлін күшейту жайлы ұсынысына қолдау білдірді.
Белгілі қазақ мәдениеттанушысы, қоғам және мемлекет қайраткері Мұрат Әуезов қазақ жазушыларының ұлттық-рухани код өзіндік сананы қалыптастыру үдерістеріне қосқан үлесі туралы ой қозғай отырып, кубалық жазушы Алехо Карпентердің: «Латынамерикалық шығармашылық үрдістің дамуы жазушылар романдар мен повесть қана емес, очерктердің қоғамдық сананы қалыптастыруда қуатты қару екенін дер кезінде түсінгендіктен мүмкін болды», – деген сөзін мысал еткенді жақсы көреді. Меніңше, Қазақстанда М.Әуезовтің өзінің очерктері де зор маңызға ие. Ол кісінің қазақтың ірі тұлғалары хақындағы очерктерін оқып, риза болдым.
Бұл жыл мен үшін де жемісті болды. «От сақшылары», «Өмір сүреміз…», «Өзің туралы айт» атты деректі кітаптарым, «Қазақстан Магнитогорск: адамдар, жылдар, тағдырлар» жинағы Қазақстан халқы Ассамблеясының демеушілігімен жарық көрді.
Жақында мен жиырма жылдан бері қызмет етіп келе жатқан Қазақстан Жазушылар одағының ұжымы – орыстың ең көне әдеби-көркем журналы – «Простор» басылымының 90 жылдығын атап өттік. Өмірі мен шығармашылық тағылымы бүгінде жас қаламгерлер үшін айрықша өнегеге айналған, Қазақстан Республикасының Еңбек Ері Әкім Таразидың 90 жылдық мерейтойына орай Астанада өткен халықаралық конференция мен шеберлік сыныбына қатыстым. Бастысы: ізгілік мұраттарына қызмет ету! Бұл жазушылардың шығармашылық және адамгершілік өміршеңдігінің басты өлшемі болғанын қалаймын.

Сөз білмеген тілін шығарады

– Берік мырза, биыл шығармашылы­ғыңызда үлкен өзгерістер болғанын білеміз. Міне, сіздің кеңесшілігіңізбен түсірілген «Қорқыт» телехикаясының көрерменге жол тартқанына оншақты күн. Қазақ киносына жақсы туынды қосылғаны айтылып жатыр. Желіге жүктелгелі көрілімі жаман емес, тіпті қызу талқыға түсуде десек болады. Нашар фильмді жұрт жабыла көрмес еді ғой. Алғашқы бөлімінің өзі жеті күнде жетпіс тоғыз мың рет қаралып, бір миллион жеті жүз мың көрермен ұнағанын білдіріп, екі жүз бес пікір жазылыпты. Жалпы жұрт: «Бір деммен көріп шықтық, жалғасын күтеміз», – деген өтініш, тілек білдіруде. Сөйте тұра, пікір алағаттығы да байқалатын сияқты. Оның жай-жапсарынан хабардар шығарсыз, айтылған сын-ескертпелерді сүзгіден өткіздіңіз бе?

Берік ЖҮСІП:

– Көптің көңілінен түгел шығу мүмкін емес. Біткен іске сыншы көп. Жалғасы жайында ештеңе айта алмаймын. Пікірін қолайлайтын болғандықтан, «Көріп, лебізін білдірсе екен» деген қорқыттанушының бірі, қабырғалы ғалымдар шыққан әулеттің бүгінгі таңдағы көрнекті өкілі, филология ғылымдарының докторы, профессор Тынысбек Қоңыратбай «Қорқыт» телехи­кая­сынан туған ойлар» деген жазбасында туындының жалпы мазмұны мен ком­пози­циясын, эпизодтарын талдап көрсете келе, кәсіби көзқарасын білдіре отырып: «Телехикая үстірт эмпиристік ойдан ада, керісінше, жаңаша пайымдары мол, ең бастысы, «фильм концепциясы дұрыс жасалған», – деген оң баға бергені көңілімді көншітті. Демек, авторлар тобының жиынтық көзқарасындағы ортақ жүйеде – идея, трактовка, ғылыми, көркем, саяси негіз, оның шешім жолдарында ақау аз болғаны. Өз басым мұны «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы тапсырысымен түсірілген төрт бөлімді тарихи туындыға берілген бәсі биік баға деп қабылдадым.
Ал енді былайғы жұрт азын-аулақ кемшіліктен шет емес десе, оны «хан­ның қызында» да болатын нәрсе деп қабылдау керек шығар. Ұжымдық жұмыс болғандықтан, шығармашылық топтың – продюсер, режиссер, композитор, реквизитор, суретші, сценаристердің өзіне ғана тиесілі, бекітілген шағын міндеті болады. Мысалы, фильмнің кеңесшісі ретінде мен оларды Қорқытқа қатысты ғылыми, тарихи мәлімет көздерімен, сол дәуірге тән этнография мен рухани мәдениеттің біраз сырынан хабардар етіп отырдым. Сөйтіп, алдымен бағытымызды анықтап, идеясын даралап, идеологиясын жасақтап, сүлде-суретін құрап алып, құрылым-қаңқасы көрініп, драматургияның өзегі шыққан соң, экрандық мәтінді жазып шығуды толайым міндетіме алдым. Бұл жайында өткен аптада, «Түркістан» газетіне берген «Қорқыт» – тамыры терең телехикая» атты сұхбатымда кеулеп айтқандықтан, қайта тоқталмай-ақ қояйын. Толық көріп, уәлі сөзін айтқан фольклортанушы Т.Қоңыратбай: «Бір жерінде «шошқа тағалау» дегенді естіп қалдым. Қажеті бар ма еді?» – депті. Өз басым тап осы сөздің сол жерге қажеті болған соң қостым. «Кейіпкерлер бір-біріне неге «сен» деп сөйлейді?» – деген күңкілді де естіп жатырмыз. Он бір ғасыр бұрынғы оғыз, қыпшақ, пешенектер бір-біріне сіз деп сызылды дегенге көңіл сенбейді. Ал сөйлеу мәнеріне келсек, алыстағы Қорқыт дәуірін айтпағанда, әр сөзі тақпақ, нақ-нақ ділмарлар орыстың орамына енген ХIХ ғасырдың соңына дейін келген жоқпа еді? Соны біле тұра, Қорқыт телехикаясын тілін тас үй жеміріп, табанын асфальт кеміріп тастаған топтың танымымен өлшеу қалай болар екен? Жалпы, телехикаяға бейне, бедер, астарсыз бөстекі сөз қоспауға, тәжірибе ретінде тілдің нәріне жүгінуге тырысып бақтық.
Әрекет стратегиясы жолға қойылған туындыға берілген кәсіби баға әзірге – осы. Иә, тырнақ астынан кір іздей түссе, табылар. Шұқылайтын ештеңе таба алмай, амалдары азайғаны шығар, жалғыз-ақ жерде кездесетін «Алла», «жамағат» деген екі сөзге шүйлігіпті. Иә, телесериалдың төртінші бөлімінде, Қорқыт құлағына тиген жайсыз ошардан Үргенішке аттанатын эпизодта әйгілі ерді қала қақпасының алдынан кезіктірген Халим жұлдызшы таңғалып, «Ой, Алла, Қорқыттың өзі болармысың?» – деп таңырқайды. «Желмаяңның белін талдырып бекер жүрмеген шығарсың? Не көрдің, не білдің, айт жамағатқа!» – дейтін де – сол. Осы рөлді сомдаған актердің өзінше жасап алған репродукциясы ғой, әйтпесе, мен жазып берген мәтін мынау: «Не көрдің, не білдің, жасырма, түгел айт!». Бұл жайында, «Бекең сценарийдегі әр серияның соңына «Бірде-бір сөзімді өзгертпеңдер!» – деп қызыл қаламмен жазып қойып отырды», – деген Болат Мүрсәлімнің сөзі жұрттың қаперінде шығар? Әуелден зар қаққаным сол еді.
Төрт бөлімнің жалғыз жерінде, онда да ислам мәдениетін бұрынырақ қабылдап, билік бұйдасын бәдәуилердің қолына ұстатқан отырықшы хорезмдік оқымыстының аузына Алла сөзін салғаннан, оның сценерий мәтінінен сәл шыға сөйлеп, «жамағат» дегенінен айып пен қауіп жоқ сияқты. Өкінішке қарай, әзірге сынның ыңғайы осындай жайттарды төңіректеп тұр екен. «Жамағат» сөзін тек «жамағат намазы» ұғымы аясында қабылдап, исламмен ғана ұштастырсақ, шатасамыз. Сонда «жамаға» түбірінің түрлі көркем шығармаларда құбыла қолданылатын жамағайын, қабырға ағайын, аталас, жұрағат, халық, көпшілік, туыс, әйел, жамау, тіпті кісі есімі есебіндегі жалпақ мағынасын қайда қоймақпыз?
Сөз білмеген тілін шығарады! Мұндай шетін жағдай, кітап оқу үрдісінен, ғылым, білім, тарихтан қол үзіп бара жатқан шағын топқа тән екеніне таңғалуға болмайды. Жаратқанға күніне бес мезгіл құлшылық жасау (ежедневная пятикратная молитва. – авт.) исламнан әлдеқайда бұрын, біздің жыл санауымызға дейінгі үш мың жылдықта, Қазақстанның Оңтүстік Батыс, Батыс аймақтарында өрістеген зороастризм сенімі кезінде пайда болғанын айтсаң да басыңды бәлеге байлайтын, бәдәуи таныммен шегенделіп, діни догмалармен тұйықталып қалған қауымға не деуге болады? Осы айтып отырған жайттарды ұғыну үшін жалпақ жұрт ең болмаса британдық иранист, зороастризм мен синкретті монихейзмді індете зерттеген Нора Элизабет Мэри Бойсты оқыса екен-ау. Жоқ, өкінішке қарай, біздегі ахуал олай болмай тұр.
Мен жанымдай жақсы көретін Ақбасты деген аядай ауылдан шыққан, оқымаса да тоқығаны көп Досқай қария айтыпты дейтін, «Жігіттер, тіршіліктің түбі шатақ!» дегенің – осы. Мұндай жайттарға мыңқ етпейтін болып алғанмын. Неге? Өйткені кемді кемелге айналдыру – мүмкін емес. Өзбек әкалар айтқан, «Әр кәлләда – бір қиял!». Есі бүтін адам шырғалықтың шырмауынан шығатын жолды өзі іздейді. Әйтпесе, кеңестік дәуірдің ғажап этнографы, дінтанушы В.Басилов жазған «Избранники духов», аты аңызға айналған Е.Тұрсынов қалам тербеген «Қазақ ауыз әдебиетін жасаушылардың байырғы өкілдері» сияқты қабырғалы еңбектерді оқымай тоқымай-ақ Абайдың өлең жолдарын өзек (лейтмотив) етіп алып, арасына Мұқағалиды кірістіріп жіберіп, бақсы құбылысы жайында ой толғай беретіндер көбейген заман ғой.
Қиял біреулер Сыр бойының нар қамысын іздеп, су жағасындағы тастақты жерден шошыса, «Тәңір дінін ұлықтап отыр!» – деп үріккендер де бар. Ең қызығы, түртпек сөздердің қай-қайсысының да толымды дәлелі мен дәйектері көрсетілмейді. Ал «влчак пен овчаркадан шошыдым» дейтін, сөйтіп экраннан тазы мен төбет тұқымын іздейтін бір көрермен: «Тоймадықтың ордасы неге бақсының лашығының қасында тұр? Қазан жабудың иығына түлкі не үшін керек? Жанат пен манат сырылған шекпен табылмады ма? Сыр бойында мұндай қом су мен құйқылжыған ну болған ба? Көріктің пешке жалғанар түтігі, шаңырақтың түндігі қайда? Шоңқайманы жаяу мал бағатын жалшылар ғана киген. Бірде-бір киіз үйдің іргесі түрілмепті ғой. Быдық тазшаны қабылдай алмадым. Тайлақты киіз үйдің іргесіндегі ала арқанмен ноқталап алыпты. Түсірілім барысында шағын кездікпен, үшкір ағашпен мұрнын тесіп, бұйдалап жіберу ешкімнің қаперінде болмаған сияқты. Тайлақта бала Қорқыт мінетін ашамай жоқ. Бейіт басында лабродор (ит) тұр. Бұл – режиссердің қазақтың материалдық мәдениетінен алшақ екенін көрсетеді…» – деген сыңайдағы желбуаз сөздермен режиссерді шенепті. Жалпы, этнографиялық еңбекке тән мұндай, басы артық тәптіштеулер мен көркемдік элементтерге негізделетін кинотуындыны шатастырудың өзі қаншалықты дұрыс? Көзін тауып ұлықтау мен мінін көрсетіп сынаудың да өзіне тән заңдылықтары бар емес пе? Әрине, ол үшін өмір шындығының көркемдік шындыққа айналу үдерісін ашып көрсетерлік қарым қажет.
Тіпті Қарабақсының басындағы төбөтейдің тігісін күйттеп кеткенде, шынын айту керек, күйіп кеттік. Мінегіштер қай кезде де болған, бола береді. Ал телехикаяны көрмей-ақ көсіліп жатқандар, ол енді басқа әңгіме. Мігір таппай, Қарабақсының төбе киіміне тірелгенде әлгі бір анекдоты құрымағырдың есіме түскені. Амангелді Иманов жайында зерттеу жазып отырып, аяқастынан есіл ердің рухымен тілдесіп кететін «профессорға» үш тілегіңді айтшы дегенде, көз алдынан атпен шауып өтуін сұраған оқымыстыны батыр ат үстінен сыбап, ыңғыршағын айналдырып боралайтын жері бар еді ғой, «Әй, менен басқа батыр таппай қалдың ба?» – деп. Сол айтқандай-ақ, «Бояғыш, бояғыш дегенге сақалын бояптының» керін келтіргендерге жылы жымидық та қойдық. Амал қанша, мұндайларға Қорқыт жайындағы ғылыми, эпикалық шығармаларды қайталап оқуға, оқымаса да бір шолып шығуға кеңес беруге тура келеді.
Ұзын-ырға оқиғасы IХ-Х ғасырларда, оғыздар арасында пайда болып, ХV ғасырда хатқа түскен «Кітаби дадам Қорқыт ғали лисан тайфа оғузан» («Қорқыт ата кітабы») атты он екі сюжеттен тұратын эпикалық шығармадан ізіне түскен маман болмаса, бұл күндегі қарапайым адамның ойында не қалып жарыды дейсің? Содан соң, бес-алты ғасыр бойына айтушыдан тыңдаушыға түрлі вариациямен жеткен жыр мазмұнындағы өзгеріс, діни көзқарас, сол дәуірдің кейпі жайында не деуге болады? «Қорқыт» телехикаясын түсіруге бел буған шығармашылық топ осының бәрін қостізгін етіп ұстап, үнемі ескеріп отыруға тырысты. Өйткені құлайтын жеріне мамық төсеп қоюды олар да біледі.

Бүгінгі оқырман өте сауатты

– Өтіп бара жатқан жылда шығарма­шылықтарыңызда қандай жаңалықтар болды? Келер жылға қандай жоспарларыңыз бар?

Жарас СӘРСЕК:
– Көп жағдайда өз-өзіме көңілім тола бермейді. Жазған дүниемнің сапасына емес, аздығына ашырқанам. Себеп көп. Бастысы – жалқаулық болса керек. Сол бәлекет жиі жеңімпаз болып, алдымды кес-кестей беретіні бар. Сонда да оған өз егізімдей соншалықты өкпелей алмайды екенмін.
Жазатын дүние көп қой. Десе де ақ қағазға жақындаған сайын, қапелімде «қателесіп қалмаймын ба?» деген бір үркек ой мазалайды да тұрады. Жазу үстелін айналшықтап, жүресің де қоясың. Он отырып, он тұрасың. Уақыт сені емес, сен уақытты өлтіріп жатқаныңды аңдамайсың.
Табатын-дағы бір Құдай,
Алатын-дағы бір Құдай,
Кейпімді қылған тағы Өзі,
Керексіз көне бұрғыдай.
Айтпасымды да айтқызған,
Қайтпасымды да қайтқызған,
Шегініп өмірім барады,
Шетіне құздың құрғыр-ай!..
Осылай налисың отырып алып ара-тұра .
Биыл бір кездегі ескі жолдас – әуенмен қайта қауыштым! Ән жаздым. Орындаушысы табылса, алдағы уақытта алдарыңызға барып қалармыз.
Жыр да – жүрек, ән де – жүрек мен үшін. Ырғағы бұзылмай лүпілдей берсе, келесі жылы да жылы жүзбен қауышармыз!

Айнұр ТӨЛЕУ:

– Соңғы екі жылды әдебиеттану саласындағы ізденіске арнадым. Ғалымдардың дәрісіне арнайы қатыстым. Әлемдік әдебиеттанудағы ағымдар мен бағыттар, ендігі әдебиеттің беталысы – осының барлығын уақыт бөліп, арнайы оқып жатырмын. Әлеуметтік желідегі әдебиет жайлы айтыс-тартыстарды да оқып қоямын. Қазіргі оқырман – өте сауатты. Бір кезде «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» дейтін болсақ, қазір «оқырман өзгерді, қаламгер, сен де өзгер» деп айтуға болатындай. Сондықтан қалам ұстаған әрбір жазушы ойлануы, білімін толықтыруы керек.
Өлеңдерімді әлеуметтік желіде жариялап жүрген жоқпын. Туған күнімде оқырмандарыма тарту болсын деп, «Театрға шақыршы» деген өлеңімді салдым. Оған арнайы сюжетті бейне де түсірдік. Арнайы дейтінім, сол өлеңге арнап дыбыс жазылды, театрда арнайы сценариймен бейне түсірілді, кәсіби актерлар қатысты. Ал жазылған өлеңді не үшін жарияламай жүрмін, себебі баспа ісімен айналысатын мамандардың еңбегін бағалағым келді. Олар кітабымды шығарғысы келеді, бірақ жарық көрген кітап нарықта сұранысқа ие болуы үшін жарияланбаған өлеңдер енуі керек емес пе? Алайда келер жылы да өлең кітабын шығармаймын. Әдебиеттану бағытындағы жоспарланған ізденісімді жалғастыра беремін.

– Жанат, жуырда «Айбоз» әдеби байқауынан поэзия жанры бойынша бас жүлдені иеленгеніңіз құтты болсын! Қараған­ды өңірінде де бірқатар әдеби кештер ұйым­дас­тырып, ақын-жазушылардың басын қос­тыңыздар. Аймақта тағы қандай шаралар өтті?

Жанат ЖАҢҚАШҰЛЫ:
– Иә, «Айбоз» байқауына «Көзімнен сүй, көбелек» атты өлеңдер топтамаммен қатыстым. Өткен жылы да «Екінші әлем» атты өлеңдеріммен қатысып, шорт-листке шыққан болатынмын. Осы жылы жүлделі атандым. «Айбоз» – үлкен ұлттық сыйлық қой, бас бәйгенің маған бұйырғанына өте қуаныштымын.
Жылды өте жақсы өткердік. Қарағанды қаласы рухани жағынан керемет гүлденіп тұр. Суретшілерді, дәстүрлі әншілерді, өнердің айналасында жүрген барлық адамдарды бір орталыққа жинап жатырмыз, бірге жұмыс істеп жатырмыз. «Қарағанды көктемі» деген ауқымды фестиваль өткіздік. Мұқағали ақынның туған күніне орай «Поэзия, менімен егізбедің?» атты поэзия кешін, бертін келе күзде «Қарашада өмір тұр» атты дәстүрлі поэзия кешін ұйымдастырдық. Ақындармен алғаш рет сахналанған мюзикл жасадық. Үлкен резонанс туғызды бұл шарамыз. Бәрі ыстық қошеметтерін білдіріп жатты.
Жаз бойы қалам ұстаған шайырлар саябақтарда өлең оқыды. Қазір Қарағанды өңірінде ақындардың рөлі, олардың қоғамдағы орны өте биік деңгейде. Тағы бір айта кететін дүние, бұған дейін ақындар өлеңдерді кез келген сахнада, кез келген жиында оқи беретін еді ғой. Ал бүгінде, біз, Қарағанды жұртшылығы ақындарға өлең оқығаны үшін, кешке қатысқаны үшін қаламақы төлейтін үрдіс қалыптастырдық. Әкімдікті, өзге де осы салаға жауапты кісілерді осы дәстүрге көндірдік. Ақындарға да: «Жырларыңды кез келген жерге шығып оқи бермеңдер. Сендер – өнерпазсыңдар. Өнерлерің бағалануы керек», – деп айтқан едім.
Жалпы, өтіп бара жатқан жылда еңсерілген шаруалар да, көңіл қуантар жаңалықтар да көп. Келесі жылы бұдан да керемет дүниелер болады деп отырмыз.

Жазушының жетістігі – жазу

– Бақытгүл ханым, Бақытбек мырза, біріңіз жуырда екінші мәрте кітап бастыруға шетелдік грантты ұтып алдыңыз. Біріңіз шетелдік әдеби байқаудан жүлделі атандыңыз. Қазақ әдеби ортасында ғана емес, шетелдік бәсекелестіктен топ жарудың өзіндік қуанышы болатыны рас. Қазақ әдебиетінің даму барысын қалай бағамдар едіңіздер?

Бақытгүл СӘРМЕКОВА:

–Биыл «Қызыл кірпіш», «Дүкеннің артындағы төрт күн» деген әңгімелер жаздым. «Елеусіз кескіндер» атты топтаманың 2 сюжетін аяқтадым.
Лондоннан шығатын «To hell with poets» (аудармашы Миргүл Қали) кітабы «English Pen» халықаралық байқауының ағылшын тіліне аударылған кітаптар үшін берілетін грантын ұтты. Осындай жетістіктерім бар. Жалпы, әдебиетте жүргендіктен кітап нарығы, отандық жазушылардың еңбек өнімділігін арттыру, сапалы шығармаларды, оның ішінде тек қана өз тілімізде, өз жерімізде ғана оқылатын емес, әлемдік деңгейге шығару үшін бірлесіп қандай жұмыстарды атқара аламыз дегенде менің ойыма түсетін мына дүниелерді айтып өткім келеді. Жақында ғана еліміздегі ірі баспамен келісімшартқа отырып жатып, алған қаламақы мөлшерін былтыр Лондондағы «Тилдед аксис пресс» баспасының маған төлеген ақысымен салыстырдым. Біздің баспа алты есе аз төледі. Бұл жерде қаламақының аздығына емес, олардың кітап саудасы баяу жүретін біздің қоғамда жасап жатқан жұмыстары үшін жаным ашыды. Қаншалықты тәуекелге баратын сауданың түрін таңдап, оның жауапкершілігін мойындарына алу біздегі руханиятты дамытуда үлкен үлесін қосып отыр деген ойға қалдым. Мен тіпті кітабымның, шығармашылығымның дамуы үшін, танылуы үшін ол баспаға қаламақы сұрамай-ақ тапсырыс беруге де әзір болдым негізі.
Біздің қоғамда қазір не өтімді: материалдық заттар, тұрмыстық заттар, көлік және тамақ. Бізде неге жазушылар өнімді еңбек атқара алмайды, әлемдік деңгейге шығатындай кітаптар жоқ, жастық максимализммен он сегіз жастан отызға дейін небір керемет туындылар шығарып келген қаламгерлеріміз неге жазбай кетеді? Қазір танымал ақын, жазушы болсын, еңбектерін алып қарасаңыздар, бәрі де бұрын жазған шығармаларын ғана ұсынып келеді. Алаңсыз жазуларына не кедергі? Әрине, бірден-бір себеп тұрмыстық жағдайлар болуы мүмкін. Жазудың айналасынан табыс табу қиын екені шындық.
Демек, жазушылардың жағдайын жасау, оларға қолдау көрсету немесе кітап нарығына салымдар салу, мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастыру деген шаруалардан бұрын қоғам арасында кітапқа деген, соның ішінде қазақ тіліне деген қызығушылықты арттыруға бағытталған жұмыстарды қолға алған дұрыс шығар

Бақытбек ҚАДЫР:
– Бір жыл деген әдебиет үшін көп уақыт емес. Аз да емес. Бір автор бір роман, яки бір кітап жазып, шығаратын уақыт делік. Әрине, ол да сәтіне айналса. Одан қанша нәрсе өзгеруі мүмкін? Сондықтан әдебиеттің бір жылғы қисабын шығару қиын. Автор үшін де дәл солай. Қазіргі әдебиетіміздің дамып, әлде кеміп жатқанын кесіп айтуға келмейді. Өйткені, ол салмақпен не көлеммен өлшенбейді. Оның қорытындысы біраз уақыттың еншісінде шығар. Ал бәйге, сыйлықтармен өлшесек – біз де ешкімнен кемқор емеспіз. Тіпті Орталық Азияда ілгерірек келеміз. Биылдың өзінде тоқсандағы ақсақал қаламгеріміз Әкім-Ата Тарази Түрксой ұйымының алтын медалімен марапатталды, ақын Ғалым Жайлыбай Әзербайжанда «Түрік бірлігі» сыйлығының лауреаты атанса, ақын Ұлықбек Есдәулет Қытайдағы BОA халықаралық жыр фестивалінің жеңімпазы болды. Мұның бәрі – ең бірінші әр автордың жеке жетістігі, отбасының қуанышы. Одан кейін ұлт әдебиетінің табысы десе болады. Әрние, жаһандық өнер жарысының шет-шегі бұл емес екені рас. Ол белестерді бағындыруға әдебиетшілердің әлеуеті жетпей жатқан жоқ. Бұл халықтың, мемлекеттің, ғылымның, демократияның дамуына сай нәрсе деп көремін. Алайда, елдің рухани-мәдени дамуы осы әдебиеттің өсуімен байланысты екені анық. Ал бұлардың қайсысы қайсысын байлап тұрғыны беймәлім. Бір кілтипан бар. Біздің әдебиетіміздің бір мұраты сол кілтипанның кілтін тауып жазу шығар. Кілтипан дегенді тек проблема деп түсінуге болмас. Бұл, бәлкім, адамдардың арман-мұраты шығар. Қазіргі адамдардың арманы не осы? Мейлі… Өзіме келсем, мен де – осы жоғарыдағы айтылған нәрсенің бір түйір сынығымын. Сыйлық-марапаттан кенде емеспіз. Былтыр да Еуропадан кішігірім бірдеңе алдым. Биыл елдегі «Ұлы дала» әдеби байқауының бас бәйгесін иелендім. Бәйгеге әзірге шартты атауы «Шаштараз» деген әңгімеммен қатыстым. Шығарма – басында бір шөкім алтын айдары бар баланың тарғалаң тағдыры туралы. Болмашы еңбегім – биіктен бағаланды. Бұған қоса бұрынғыдай мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығын алуға жас шектеуін 35-ке дейін ұзартты. Бұл дұрыс шешім болды. Өйткені қазіргі әдебиетте 29 жасқа дейін өз мүмкіндігіңді көрсетіп үлгеруің қиын. Соның нәтижесіне биыл сол сыйлық маған бұйырды. Лайық көріп, жоғары бағалаған аға-апайларға рақмет. Бұл бізге берілген аванс деп білемін. Жоғарыда айтқанымдай, мұны да жетістік деп қарауға тағы келмейді. Өйткені жазушы үшін өнімді жазғаннан, тұрақты ізденісте жүргеннен өткен барақат жоқ. Бұл тұрғыдан алсақ, кім өзін мен түк өндіріп жатқан жоқпын деп айтсын. Қырып жатырмын десең, оның нәтижесі күзде егін орғанда белгілі болады. Ал өндіре жазып, табысқа кенелем десең, әріптерің көп, айтарың аз болып қалуы мүмкін. Биыл үш әңгіме жаздым, бір романымның бітпеген бау-шуын бүтіндеумен уақытым кетті. Әйтеуір шама-шарқымызға сай тырбанып жатырмыз.

Әзірлеген
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір