ШЕРМЕНДЕ ШАЙЫР САРЫШОЛАҚ
Әулие Мөңке айтқаны,
Айнымай келді алдына.
Бағымның неден қайтқаны,
Құдайдың көңілі қалды ма?
Елімді билеп алды ғой,
Кешегі келген қаңғыма.
Бұл – Ақтөбе уәлаятының Шалқар аймағында дүниеге келген Сарышолақ Боранбайұлының ғазалы. Ол бұл жерде «кешегі келген қаңғыма» деп есіктен келіп, төр менікі деп ойына келген ойранын салып жүрген орыс отаршыларын айтып отыр.
Біз ашқан жаңалық емес, ең алғаш шақалақ дауысың шыр етіп, кіндік қаның топырағына тамған, Жаратқан иеміз әуел баста сенің ата-бабаңның иелігіне жарылқап берген, ұшқан құстың – қанаты, жүгірген аңның тұяғы талатын жерің ұстағанның – қолында, тістегеннің аузында кетіп жатса, шын шайыр осылай деп шерменде күйге түспегенде қайтер еді?! Демек, нағыз ақын – өзі өмір сүріп отырған заманда тамағы тоқ, киімі көк, билік жақтан берілген азын-аулақ жүлде-пүлде мен атақ-даңқсымаққа, сый-сияпатқа мәз болып ыржалақтап өмір өткізетін азғындардан мүлде басқа жаратылыс. Әсіресе жер-суына кез келген келімсек, ожар отаршы ортақтасып додаға салмақ болып жатқанда қашанда нағыз ақын ғана ұлтына ұран тастайды. Міне, тәуелсіздігіміз Иса пайғамбардың жасына – 33 жасқа келсе де, есімі әлі күнге елеусіз қалып, нағыз ел болып ескерерлік деңгейде көтеріле алмай келе жатқан есіліміздің бірі де бірегейі осы Сарышолақ Боранбайұлы деп табан тіреп тұрып айта аламыз. Әйтпесе:
Қалмақтан қиын болды ғой,
Орыстың салған ойраны.
Қазақ деген сорлыға,
Батып тұр қатты «сайраны».
«Алты ата Әлім баласы,
Он екі ата Байұлы.
Жағалбайлы Жеті ру,
Күнде жасып жүргенше,
Көзден аққан жас кепсін.
Орысқа құл болғанша,
Қанжығада бас кетсін, – деп мірдің оғындай отпанды сөздерін туған жерін нағылетті ниетпен аттаған ата жауының атын атап тұрып Сарышолақ Боранбайұлынша қай кезде қай ақын айта алып еді?! Ол өзі осы аты аталған Кіші жүз тайпаларының ішіндегі Әлімнің Шектісінің Тілеу деген ең бір жаугер руының ұрпағы-тұғын. Оның «әулие Мөңке» деп отырғаны – елінің жүз жылдық болашақ тағдырын болжап, сол болжамының бәрі бүгінде дәл келіп отырған Мөңке би Тілеуұлы да осы Тілеу руынан болатын.
Тәуелсіз заманды қайдам, бірақ қазақтың басынан өткен «зар-замандарда қазақтың басына жатжерліктер салған зорлық пен зобалаңды зар ғып төгіп, төгіп қана қоймай, азаттық үшін жан алып, жан беріскен ғазауат шайқасқа ең әуелі ең адал ұлдары – ақындары шақыратын болған. Сол сияқты өткен ғасырдың бірінші ширегінде дүниеден озған Сарышолақ шайыр туралы сөз қозғағанда оның есіміне «шерменде шайыр» деген қосымшаны қосқың келеді де тұрады. Оның кеудесінде күндіз-түні тыным таппай дүрсіл қағып тұратын жұдырықтай жұмыр еті – жүрегі «елім», «жерім», «тілім», «дінім» деген шер мен шеменге толумен өтті. Өмірінің көбі патшалық Ресейдің қорлық-зорлығында өтсе, қалғаны Кеңестік Ресейдің алғашқы жылдарының ырың-жырыңымен, ақ пен қызылдың алма-кезек алақұйын шапқыншылығының астында болды. Расында, біздің аталарымыз бен әкелеріміздің де өмірінің көбі солай өтті. Десек, соның бәрін дәл Сарышолақ шайыр байғұсша бірде –шер мен шемен қып, бірде – аттан салып атойлап айтқан ақынды өз басым естіген де, көрген де, оқыған да емеспін (Махамбет ертерек кетіп қалды ғой…). Оның біз айтып отырған шері мен шемені – Ресейдің құрсауына түскен қос дәуір қоғамындағы қазақтың тілі, діні, мәдениеті, ұлттық ар-намысы сияқты рухани құлдыққа және жер-суынан айырылып, қанау мен тонауға, яғни рухани да материалдық құлдыққа түсуінен туған шер-шемен болатын. Дүйім қазақ душар болған адыра заманды қарһәлләзи жадыра заманға айналдыру енді мүмкін болмай бара жатқанына көзі жеткесін қайбартып қалған көріпкел көңілі жетімсіреп, жүректегі уытын сондықтан да жыр ғып төгумен өтіпті ол. Сондықтан да:
Жүретін желіп, шаңғытып,
Ерлерім жүр қан құсып.
Қанды кек буып жүректі,
Бермей тұр Құдай тілекті.
Зығырданым қайнаумен,
Шапқынмен күнім құр өтті.
Отарба келді ойрандап,
Көк түтінін шұбалтып.
Әскері жүр тайраңдап,
Шалқар көлден құр атып, – деп отаршылдықтың қабындап тұрғанына күйінсе, енді бірде:
Кәпірден келген зауалдан,
Талай қыршыным жұлынды.
Алпаң да алпаң арыстар,
Мылтықты көрсе бұғынды.
Атжақсы мен Жайынды,
Ырғыз бенен Қайыңды,
Ұлы Борсық, Бір шоғыр
Әлімтау, Тобылғы сайыма,
Орыс еркін жайылды.
Қылп еткенге – түрмесі,
Шынжырлы бұғау сілтесі!
Шен үшін талас-тартыс боп,
Бүлінді елдің іргесі, – деп Ырғыз, Ұлы Борсық құм алқабына орыс үстемдігі орнағаны аз болғандай «шен үшін талас-тартыс болып», қазақтың ұлттық, милеттік сана-сезіміне, рухани мәдениеті мен ұлттық тәрбиесіне залал келе бастағанын ол сол заманда-ақ ақындық қырағы да сергек сезіммен болжап білген тәрізді. Болжап білген демекші, бүгінгідей жер сатпақ немесе жатжерлікке пәлен жылға жалға бермек түгіл қазақ даласының топырағына орыс әскерінің етігінің табаны тигеніне күйінетін ақын Шалқарға тақау маңдағы Жомарт көлінен орыстардың құс атып жүргенін көріп:
Жомарттан ұшқан үйрек-қаз,
Орысқа болды-ау несібе.
Мақтанып өңшең ақылы аз,
Байлық айтады несіне?– дейді де:
Біткен кезде жарқын жаз,
Қыс түседі есіне.
Жүк артқанға мәз болып,
Ілеседі байдың көшіне, – деп ел ішіндегі байсымақтардың ел қамын емес, қарақан басының ғана қамын ойлайтынына күйінсе, екінші жағынан, қарапайым, қитабан қазақтың ертеңгі ұрпағы кім боларын ойламай ақжағалылар не айтса, соны қоштап, көшке ілесіп жүре беретіндердің тайыздығына ашу-ызасы келіп, осындай қазақы болмысты бір түйреп өтеді. Олай болса, Сарышолақ Боранбайұлының әр жыры қандай заман кетіп, қандай қоғам келіп орнығып жатса да сол заман, сол қоғам қазағының маужыраған ұйқылы санасына самал соқтырып, ұлттық сезімін сергітерлік өте киелі де өте қасиетті жыр-дұға, ұлттық намыс пен ұлттық кекке суарылған семсерсөз дүния емес пе?! Әттеген-ай… Сөз арасында айта кетейік, қанша жерден тәуелсіздігіміз Иса пайғамбардың жасындағы жалынды шаққа жетті десек те, Сарышолақ шайырдың бүгінгі жас ұрпағымызға да, келер ұрпаққа да аса қажет ұлттық, тілдік, діндік, дәстүрлік, ақырында ақындық-азаматтық намыстың ұраны дерлік ұлағаттарды жырмен жазғаны туралы не мектеп оқулықтарында, не ЖОО оқулығында да сыңар ауыз сырлы сөз жоқ. Оның нақты себебі біздің ғасырлар бойы Ресей отаршылдығының қоластында болып, санамызға сіңіп қалған бодандық құлдық мінезден әлі де болса толық арыла қоймағанымызда жатқанын жасырмақ болсақ та, жасыра алмаймыз. Әсіресе «ат үстінде өлсем арман жоқ» деп келетін әр жырында «орыс», «кәпір» деген сөздер жиі кездесетіні күні кешеге шейін ақынның атын айтқызбайтын кедергі болып келді. Ал шындығында, Сарышолақ бұл екі сөз арқылы бүкіл орыс халқын күстаналап отырмағаны, сол замандағы сөз қолданысын, стилін, ел ішінде қалыптасқан «орыс» деген атау арқылы қазаққа қорлық пен зорлықтың алуан түрін емін-еркін жасап отырған патшалық Ресейді айтып отырғаны сол кездегі бес жасар балаға да түсінікті болатын. Осы бір-екі ауыз атау септік арқылы-ақ ақын өзінің әлеуметтік-философиялық дүниетанымын көрсетіп отыр. Ол замандағы қазақ ешқашан «жерімізді Россия басып алуда» немесе «Ресейден жәбір-жаба шектік» деген емес, оның орнына «орыс» немесе «кәпір» деген екі сөзді қолданған. Мысалы:
Ретті жерде ұмтылмай,
Орынсыз босқа сыңсыдық.
Қамытты өзіміз кигенше,
Өлгеніміз дұрыс жұлқынып.
Кәпірдің ойы не екен деп,
Ісінен бұрын құлқын ұқ.
Орысқа қарсы ер азайды
Бас көтерсе құртылып.
Кәпірге жайған дастарқан,
Шұлғау болды-ау жыртылып.
Қалдырмай істі ертеңге,
Бастайық істі тындырып.
Ойқастап жаудың ордасын,
Салалық ерлер бір бүлік, – деп азаттық үшін ашық айқасқа шақырады.
Сөздің ұтыры келгенде тағы да айта кетейік, Сарышолақ шайыр бұдан басқа да, мейлі – табиғат лирикасын, мейлі, махаббат лирикасын жырына арқау етіп алса да, Алла Тағала оған ақындық өнердің ауызбен айтып жеткізгісіз небір қыры мен сырын аямай-ақ ағыл-тегіл бергені көрінеді де тұрады. Оның әрқайсысы – өз алдына көлемді тақырып қып талқылауға тұратын дүниелер. Біз бүгін оның тек өз заманында Ресейдің озбыр да ожар құлдық-отарлық саясатының құрбаны болып қорлық қасіретінен қан жұтып жатқан халқының запыранды зарын жыр ғып төгіп қана қоймай, «азаттық үшін ат үстінде өлсек арман жоқ» деп ұлы күреске шақырған жырларын ұрпаққа үлгі болар ма екен деген үмітпен ұсынып отырмыз. Өйткені оның Ресей отаршылдығына, «орыс озбырлығына» қарсы бас көтеруге шақырған отты жырлары әлі де болса ел арасына кеңінен таныла қойған жоқ. Оның «озбыр орыс», «қаңғыма», «кірме», «кәпір» деген сөздерін қалай өзгертіп беруді білмей «басы қатып» жүргендер әлі де бар. Ұмытпасам, 2000 жыл ма, әйтеуір Ресейден тәуелсіздік алғанымызға он жылдан астам уақыт өткенде Сарышолақтың төрт-бес өлеңін таңдап алып, бір басылымның өзіме таныс қызметкеріне: «Осыны жариялашы», – деп бергенім бар. Арада үш-төрт күн өткенде әлгі досым телефон шалып: «Өлеңдері керемет екен, бірақ…», – деп ар жағын айтпай тұрып қалды. «Ей, не болды?» – десем: «Сен өзің де ақынсың ғой, мынаның ішіндегі «орыс», «кәпір» деген екі сөзді өзгертіп берші», – деп қарап тұр. Не айтарымды білмей аузыма қазақша сөз түспей тұрып-тұрып: «Кетші, әй…», – деп аяғын орыстың айналайын «аталы» боғауызымен бітірдім де, телефонды өшіре салдым. «Сірә, шерменде шайыр Сарышолақтың заманында да менің сол досым сияқты сауысқаннан сақ, жорғатілді жоралары аз болмаған шығар» деген ойға оның мына бір өлең жолдарын оқығанда кеткенім бар:
Ат ерттемес тотайлар,
Батырсынып қағынар.
Басқа жұртқа бас ұрып,
Шалтаң қағып жалынар.
Есі барлар бас шайқап,
Бармағын шайнап қамығар.
Турасын айтқан ерлерді,
Сыртынан күліп күндейді.
Ортаға түссе сұңғыла,
Қадірін байқап білмейді, – деп ел ішінде ара-тұра болса да ұшырасатын ездерге назаланады да, енді бір сәтте өрекпіген дұшпанды «Алла бір берген қуатпен өрден төмен түсірер» күнді аңсайды:
Қариясы өкінер,
Ел бастайтын ұл тумай.
Балапан қалай жетілер,
Ата жауға ұмтылмай.
Сенімін артып өскінге,
Атой салар күн туғай!
Бұғауды үзе бұлқынбай,
Дұшпанға қарай жұлқынбай.
Төбеге шыққан төбеттер,
Қылшадан мойны қырқылмай,
Елін сатқан нағлеттер,
Билеп алды-ау ырқымды-ай.
Ат сауырына тер қатып,
Еңірегенде жауларым
Көрсем-ау сонда сұрқыңды-ай.
Осылай дей келіп, аңқау елін орыс патшасының сұрқия саясаты қалай өз ішінен ірітіп бара жатқанын сарабдал сұңғылалықпен аңғарып отырған ақын:
Көрген соң ынжық түріңді,
Аяққа басып дініңді.
Зар етіп шығар күніңді,
Айдап салды: «Үр, айттап!»
Біріңе соғып біріңді.
* * *
…Өзіңе басшы сайлады,
Араңда жүрген залымды
Сұрамай алды малыңды.
Кешегі туған көрдемше
Сақалдан алды шалыңды, – дейді.
* * *
Шынтуайтына келгенде, кешелі-бүгінгі қазақ поэзиясында Ресейдің қазақ миллетіне жасаған шет-шегі жоқ қорлық-зорлығы туралы тиіп-қашқан бірлі жарым өлеңдер болмаса, үш ғасырға созылған сол қасіретті отаршы елге деген кек пен өшпенділік көкірегін кернеп ақтарыла жазған Сарышолақ Боранбайұлынан басқаны көре алмадық.
Өтті ғой ғұмыр жылаумен,
Патшадан теңдік сұраумен.
Орыс көрсек шұлғыдық,
Аяғын құшып құлаумен.
Ар да, ұят та қорлайды,
Кеудемде кегім шарлайды.
Бір зұлыммат биледі,
Қазағым көрген жер-көкті.
Алдым – түпсіз, артым – жар,
Көзімнің жасын селдетті… – деп зар илесе, одан әрі:
Әй, орыстар, орыстар,
Биік тең бе дөңеспен?
Еліме келдің қоныстап.
Патшаң берген кеңеспен.
Аштарыңды тоқ қылып,
Мекен берген емес пе ем?!
Тойындың ба бұл қалай,
Адамзатқа қайғы ортақ
Бірігіп қам жемес пе ең?
Сендерде бар қайыршы,
Біздерде де жетеді.
Орысым, ойлап қарасаң,
Адамның жоқ бөтені.
Адам ата ұрпағы,
Тату болса нетеді?
Адамзаттың бәрінің,
Құдайға жоқ бөтені, – деп басалқы ой айтады.
Ресей отаршылдығы хақындағы өлеңдері қазақты қорлау мен зорлауға қарсы қанды кекке ашықтан-ашық шақырып, ұран салған Сарышолақтың атын атауға ресми орта әлі күнге дейін тартынады. 1947 жылғы 21 қаңтардағы «Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел қателер туралы» қаулысында Дулат, Шортанбай, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Ғұмар Қараш, Балқы Базар, Шәңгерейлердің есімдері жарияланды. Кейін арада жылдар өткенде солардың бәрі ақталды. Бірақ Сарышолақтың есімі ешкімнің аузына іліккен емес. Оның мұндай «кешірілмес күнәһар» болуына өлеңдерінде «орыс» деген сөздің жиі ұшырасатыны себеп болғаны сөзсіз. Сол тұста «Ал ол «орыс» дегенде сол заманның сөз саптауымен патшалық Ресейді айтты ғой», – деп бір ауыз араша сөз айтар тірі пенде табылмады. Иә:
Патша таққан айдардан,
«Бұратана» болдық болысқа.
Әскері көп қой демесең,
Ақымақ көп қой орыста, – деген батыл да дөп айтылған сөзді ол кезде қай қазақ құптасын?..
Алла Тағала ақындық қасиет берген адамның бойынан, егер ол шын ақын болса, әулиелік те, көріпкелдік те, болашақты болжап білетін сәуегейлік те қылаң беріп тұратын көрінеді. Тіпті Жаратқан иеміздің сүйікті пенделері пайғамбарлардың ішінде де өлең жазғандар аз болмаған. Ал енді осы Сарышолақ шайыр:
Дос болып келген кешегім,
Соңыма түсті найза алып.
Қару ұстап сайланып,
Жау болды бүгін алданып.
«Бұратана халық» деп,
Әр нәрсені ойға алып, – дегені жатжұрттық отаршы, қанаушыдан күндердің күні болғанда сол «бұратана қазақтың» азаттық алмай көзі ашылмайтынын болжаған сыңайлы. Оған оның Ресейдің қол астындағы ауыр хәлді суреттей келіп:
Таң атар әлі теңгер ме,
Қан менен жастың сұрауы.
Ағыны қатты селден де,
Сол кезде қазақ топтасар,
Асылдарын жоқтасар.
Кекқуар шығар елден де
Жазасын сосын тартқызар,
Менменсіген кердеңге, – деуі – оның көрегендігіне дау туғызбас дәлел.
Сарышолақ Боранбайұлы – Абайдан сегіз жылдан кейін дүниеге келген екен, яғни Абайдың замандасы. Абай өз ұлтын орыстың ғылым-білімін үйрену арқылы онымен теңесуге үндеді. Қазақтың басындағы сол заманауи ауыртпалық атаулыны оқу мен ғылым үйрену арқылы аластамақ болды.
Ал Сарышолақта керісінше, «орыстан үйрен, орыстан үлгі ал» деген сыңар ауыз сөз жоқ. Бұны, бір жағынан, қос шайырдың екі түрлі ортада ес біліп етек жапқанынан деп те түсінуге болатын шығар. Өйткені Саршолақ туып-өскен өлкеде орыс отаршылдығына қарсы ұлы жойқын көтерілістер дүркін-дүркін болып тұрған еді. Оның үстіне қаламы мен кекке суырылған қылышын қатарынан қару қылуға ант берген Сарышолақтың ең басты ұраны – көтеріліс басшысы Мырзағұл би Шыманұлы губернаторға айтқан «бұл жер – әуелі Алланікі, сосын қазақтікі» деген сөз болатын.
Несін айтасыз, өмірден осылай «қазағым», «миллетім», «жерім», «елім» деп, жаттың жәбір-жапасына көніп отыра бермей: «Орысқа құл болғанша, қанжығада бас кетсін» , – деп өмірі арпалыспен өткен Сарышолақ Боранбайұлының есімін тәуелсіз елінің көгіне көтеріп, баршаға мәшһүр етуге енді иісі қазақ атсалысса да артық болмас еді. Оның есімі Абай, Махамбет, Әбубәкір сипаттас ұлт алыптарының белортасында тұруына әбден лайық.
Өзім Сарышолақтың ұлт-азаттығы жолындағы күрескерлігі Махамбеттен еш кем емес екенін ара-тұра бір-екі ауыз өлеңдерін білетіндерден бұрын да байқап қалып, тереңірек білуге қазақи «мойын жар бермей» жүрген болатын. Кейін оның өлеңдерін (шамасы 15-17 баспа табақтай-ау) дүниеден озған шалқарлық Нұрғали деген жерлес досымнан алып оқып едім. Нұрғали ол кезде Талғар қаласында тұратын. Сосын ол қолжазбаны інісі Нұрлығалидың қолынан көрдім. «Жарыққа шығарайық», – деп едім бермеді. Тағы бірде Сарышолақтың кім екені айтылып: «Ақынның жырларын кітап етіп бастырайық», – деп жоғарыға – И.Тасмағамбетовке хат жазылды. Әне-міне деп жүргенде оның да сәті түспеді.
Бүгінгі әңгімеге тиек болып отырған кітапты сонау жылдары Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары, бір кездері Шалқар ауданын басқарған марқұм әдебиет пен өнердің жанашыры, ұлтшыл азамат Жеткерген Оралмағамбет берген еді.
Біз бұл жолы ақынның бүкіл қазақ миллеті адыра заманды жадыра қылуды арман еткен рухты жырларынан ғана үзінді келтірдік. Шерменде шайыр Сарышолақтың есім-сойын туған елі құрметтеп ұлықтауы керек. Өйткені ол бар ғұмырында қазақтың азат өмір ғана аңсаумен өтті.
Мырзан КЕНЖЕБАЙ