ҚАП ТАУЫНДА ТУЫП, ҚАРАТАЛДА ЖЕРЛЕНГЕН ШАЙЫР
31.05.2024
149
0

Қазақтың «Адамның басы – Алланың добы» деген қағидалы уәжі түбі бір, тілі ортақ, түркі ағайындардың мәуелі бір бұтағы саналатын, қасиет­ті Қап тауын жайлаған балқар халқының ақберен ақыны Кязим Мечиевтің (1859-1945 ж.) талайлы да тауқымет­ті тағдырының табиғатына дәлме-дәл келіп, тұспа-тұс жарасатындай. Бір сәт осыдан білдей 80 жылға шегініс жасайықшы. Хал-қадірімізше тарих жылнамасына енген сонау 1944 жылғы Сталиндік дүрбелеңді оқиғаның қыр-сырына үңілейікші.

Дүние жүзін бағындырып, билеуді көздеген фашистік Германия әскерлерінің мысы басылса да, сұрапыл соғыстың жүріп жатқан тұсы. Қызыл Кремльдің ұр да жық билеушілері ежелгі жымысқы саясатына басып, тұтастай бір халықты «жау, дұшпан» санайды. Осылайша, 1944 жылдың ақпанында Кавказ тауын мекендеген шешендер мен ингуштарды, наурыз айында қарашай, балқарларды (араларында басқа ұлт­тың өкілдері де болады) атажұрт­тарынан күштеп, зорлап, алыс қиырдағы бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген Қазақ­стан мен Орталық Азия республикаларына еріксіз жер аударады. Ке­йінгі тарихты зерт­теушілердің дерегіне сүйенсек, осы бір қитұрқы саясат­тың астарында Кавказ өлкесіндегі мұсылман ағайындарды үдере көшіріп, оның есесіне сол өңірді орыстандыру әрекетінің жатқаны аңғарылады.
Хош, сонымен тауқымет тақсіретін тартқан, көкірегі – шерге, көзі – жасқа толы мыңдаған қандастарының қатарында жасы келіп, шау тартқан, күмістей ақ сақалы омырауын жапқан, арынды ақындығымен есімі түркітілдес халықтарға кеңінен танымал Кязим Беккиұлы Мечиев те бар еді. Егделік тарт­ты дейтін себебіміз, жастайынан өлең-жырды серік еткен шайырдың сол тұстағы жасы 85-ті алқымдаған болатын. Зорлық-зомбылықпен жер аударылғандар тиелген ағаш қорапты жайдақ вагон Алматы облысының Айнабұлақ стансасына келіп тоқтағанда, жалпы составтан ажыратылды. Мұнан соң оларды ат-шанамен жақын маңайдағы елді мекендерге жеткізеді. Өз шаңырағының төрінде отыруды жазбаған, сексенінде «Қызыл империяның» сергелдеңіне түскен қарт ақын алғашында шағын отбасымен Көксу стансасына жақын маңайдағы колхоз бөлімшесіне тұрақтанады. Алайда тарыдай шашыраған жанашыр туыстарының басым көпшілігі іргелес Қаратал ауданының «Тельман» атындағы колхоз орталығы – Тельман ауылына (қазіргі Қарашеңгел) қоныстанғандықтан, көп ұзамай осы өңірдегі ағайындар арасына көшпек болады. Амал нешік, атамекенінен еріксіз жер аударылып, салқар қазақ даласының ауасын жұтып, меймандос қазақ халқының дәмін бір жылдан аса татар-тартпастан іштей қайғы-мұңға, күңіреніске толы кәрі жүрек сыр беріп, бақилыққа ат­танады. Сонымен жамбасы қасиет­ті Қаратал өңірінің үлпілдек топырағына тиеді, мәңгілік тұрағын табады…

Қос ғасырдың куәгері

Балқар халқының болашақ ұлы ақыны Кязим Мечиев 1859 жылы Қап тауын жайлаған, Кеңес өкіметі кезінде Кабардин-Балқар автономиялық респубикасы атанған өлкенің Шики ауылында темір ұстаның отбасында дүниеге келеді. Баланың туа біт­ті кемтарлығы – бір аяғының қысқалығы сезіледі. Сол заманның көзі ашық білімдісі саналған Бекки ақсақал өзінің қағілез ұлын жастайынан еңбекке баулумен қатар оның бойына білім нәрін себуге ұмтылады. Өз қатарластарына қарағанда зеректігімен оқ бойы озық тұрған Кязим әу басында ауыл молдасынан білім алады. Көзі қарақты, көкірегі ояу жас бертін келе өз бетімен ізденіп, араб, парсы, түркі халықтары тілдерін меңгереді. Осы тілдегі поэзиялық шығармаларды, қисса, дастандарды оқиды, оның үздік әрі ғибрат­ты деген туындыларын ана тіліне аударып, таратады. Өн бойындағы тау бұлағындай тасқындаған ақындық шеберлігін ұштап, жетілдіреді. Туған халқын білімге, еңбекке, мәдениет­тікке, Отан мен жерді сүйе білуге шақырады. Осылайша ағартушылық жолды ұстанады. Билеуші қоғамның әділетсіздігін, байлар мен мықтылардың әлсізге, жарлы мен жақыбайға, жалпы қара халыққа жасап отырған зорлық-зомбылығын ұшқыр жырымен сынап, мінейді. Оның ұйықтап жатқан көңілді селт еткізер, оқыған жан мен тындаушының көкірек көзін ашар жырлары сонау 1890 жылдары ақ қағазға түсіп, қалың жұртқа кеңінен тарайды.
Алланың жаратқан пендесі қоғамнан тысқары өмір сүре алмастығы бесенеден белгілі. Қос бірдей ғасырдың куәгері болған ағартушы ақын екі қоғамдық формацияны, үш бірдей соғысты (бірінші дүниежүзілік, азамат және екінші жер жаһандық) басынан өткереді. Қоғам мен адам өміріндегі осындай күрт өзгерістер мен саналуан құбылыстардың әсері, оның жақсылығы мен жамандығы ақын шығармасына өзек болады.
Шайыр шығармасын зерт­теушілер дерегіне сүйенсек, болмысты зерделей білетін Кязим ақсақал 1917 жылғы большевиктердің жеңіске жетуі арқылы жасалған Октябрь революциясын қуана қарсы алған. Оның көсемі В.Лениннің образын 1918 жылы жазылған «Солтан-Хамиде туралы жыр» өлеңінде сомдай білген. Қандастары ғана емес, барша тау халқын «Азат­тық жолында» қолына қару алуға шақырады. «Большевиктердің ұстанған жолы адал» деп ұғынады. Осы бағыт­та арындап атқа мінген баласы, қызыл партизан, Азамат соғысының батыры Мұхаммед қаза табады. Оның қайғысына орай ақын 1919 жылы «Балам Мұхаммедке» ат­ты жыр арнайды. Ал 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған тұста қанды майданға оның төрт бірдей ұлы ат­танады. Түптің түбінде жан-тәнімен берілген өкіметі өзіндей аз ұлт­тың өкіліне өктемдік көрсетіп, бабаларының қаны тамған атажұртынан айырды.

«Табаным – тас, жүрегім – шоқ, мұз – кеудем…»

Сөз орайында айтып өткеніміздей, ата қаны, ана сүтімен бойына дарыған өмірлік ұстанымынан қашан шау тартып, белі бүгіліп, қолына қалам ұстауға жарамағанға де­йін бір сәт те айнымаған құлашы кең, шабыты шалқар шайыр өлердей сенген Кеңес өкіметінің шағын ұлт­тарды тілі мен дінінен, ділінен ажыратудағы жасап отырған қиямпұрыс саясатына наразылығын білдіріп, жалыңды жырларымен сол әділетсіздікті сынап, мінейді. Әрине, қашан да басын тік, кеудесін шалқақ ұстайтын ақынның мұндай тосын мінез көрсетуі билік басындағыларға жақпайды. Оның жырлары бұрынғыдай газет-журналдарда басылмайды, жеке жинақ болып шықпайды. Қызыл идеологияның сауысқаннан да сақ жандайшаптары оның жырларын заманға бейімдеп түзетіп, күземекші де болады. Оған бірбеткей ақын көнбей бағады. Тіпті жағдай ушыққан тұста қылышынан қан тамған НКВД қызметкерлері қыр соңына түседі, қудалайды. Әйтсе де халық наразылығынан тайсақтап, қатал жазалауға бара алмайды. Ақындық көзқарасын өзгерте алмайды.
Сол бір зар замандағы халық басына түскен небір нәубетке жаны күйзеліп, бозторғайдай шырылдаған ақын қиындық атаулыдан құтылудың жолында философиялық ойларға толы жалынды жырларымен жауап іздеп, тіл қатады.

«Қап тауымен тыныстап жатсам екен…»

Тарлан тарихтан білетініміз, әдет­те ақындардың (Т.Шевченко, Құлыншақ, т.б.) көзі тірісінде-ақ күндердің күнінде бақилық болатынын сезіп, ке­йінгілерге өсиет арнайтыны бар. Осы үрдісті жолды Кязим де ұстанды. Бұған оның өткен ғасырдың басында (1906 ж.) жазылған «Өсиет» ат­ты жыры нақтылы дәлел. Осындағы: «Ұлым, тыңда, мен ұзамай өлемін, пешенеме жазылғанын көремін. Өлерімде тілейтінім жалғыз-ақ, ділгір халық тапса іздеген керегін», – деген жүрекжарды тебіренісі мен көзім жұмылғаннан ке­йінгі уақыт­та халқым іздеген керегін артымда қалған жырымнан тапса екен деп ізгі ниет білдіреді. Тірісінде-ақ көрегенділік танытқан ақынның бұл тілегі ақиқатқа айналады. Білгенге қасиет­ті жандардың өз тағдырын тамыршыдай дөп басып, болжампаздық танытуы дегеніміз – осы болса керек.
Құдіреті күшті Алла тағала өзінің Кязимдей сүйікті пендесінің аузына күні бұрын салды ма екен, ақиық ақын 1910 жылы Дамаск қаласында жазған таңданысы басым, жұмбағы мол өлеңінде: «Құлдық, көндім табынып, тасқа айналдыр, тәңірім. Тек жат жерде жабығып, зар құшпасын қабірім», – деп түптің түбінде басына түсетін қасірет атаулыдан сақтанғаны сезіледі.
Сұрапыл соғыстан ке­йінгі «байтал түгіл бас қайғы» болған, «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен қысталаңды заманда қуғын-сүргін көрген, ел-жұрты көзі жұмылған ақынын іздейтіндей мұршасы болмайды. Содан не керек, Одақты уысында ұстаған Сталин қайтыс болғаннан соң «жылымық желі» ескеннен ке­йінгі жылдары Үкімет тарапынан Солтүстік Кавказ тауларынан Қазақ­стан мен Орталық Азия республикаларына еріксіз қоныс аударылған ұлт­тар мен ұлыстарға өз Отанына қайта көшуге рұқсат етіледі. Осы мүмкіндікті қиыр асқан балқарлар да пайдаланады. Міне, осы сәт­тен бастап алмағайып заманда көз жазып қалған Кязим ақынды іздестіру, оның ке­йінгі тағдырына қызығушылық басталады. Осы екі арада сәтін салып шайырдың 1945 жылы наурыз айында қайтыс болып, Қаратал ауданының Тельман ауылындағы (қазіргі Қарашеңгел) мұсылмандар бейітіне жерленгенінің жанды куәгері болған ағайындас туысы X.Гаев табыла кетеді. Ол Кабардин-Балқар автономиялық республикасы атынан қиырдағы Қазақ­станның Қараталына баруға жиналған делегацияға жол көрсетуге ниет білдіреді. Сонымен 1989 жылы аталған республиканың мемлекет­тік телеарна мен радиохабарын тарату комитетінің бас редакторы Баххаутдин Этезов пен ақын Абдулла Бегиев жетекшілік еткен, құрамында Кязимнің немересі Хизир Хусейнұлы мен Тәуке Асхатұлы бар делегация алдымен сол тұстағы астанамыз Алматыда, облыс орталығы Талдықорғанда, сосын барып Қараталдың Қарашеңгелінде болады. Ауыл азамат­тары Болат пен Алтынбай ағаның көмегімен іргедегі қорымдағы жермен-жексен болып кеткен ақын бейітінің ескерулі орны табылады. Шайыр аруағына арнап Құран бағышталады.
«Тас түскен жеріне ауыр» дегендей, бауырлас елдің халық ақынына құрмет көрсетіліп, сол тұстағы «Кәлпе» совхозының директоры Н.Бакан мен Киров селолық Советінің төрағасы И.Жанхотовтың басшылығымен аталған қорымдағы Кязим шайырдың ескерусіз қалған қабірінің төңірегі шойын құймасымен қоршалып, құлпытасы орнатылады. Осындағы сегіз жылдық мектептің оқушылары күтімге алады. Сол бір 1989 жылдың 20 қазанында Кабардин-Балқар АССР-і астанасы – Нальчик қаласында ақын Кязим Мечиевтің туғанына 130 жыл толуы мерекеленеді. Оған ауданның сол тұстағы атқару комитетінің төрағасы Т.Ғалынов пен тіс дәрігері С.Ибрагимов, шаруашылық маманы Б.Қасенов қатысады. Мерекелік жиында қараталдық жерлестері атынан білікті басшы Т.Ғалынов құт­тықтау сөз сөйлейді.
Арада жылжып жылдар өт­ті. Қоғамдық құрылымдар өзгерді. Нарықтық қатынастарға көшкен еліміз бабалар аңсаған егемендікке қол жеткізді. Араға он жыл салып 1999 жылдың маусымында республикалық Кабардин-Балқар ұлт­тық-мәдени орталығының төрайымы Людмила Хочиева (ке­йінде Қазақ­стан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты, Ассамблея мүшесі) бастаған бір топ азамат­тар ақын қабіріне Алматыдан арнайы келіп, тәу етіп қайт­ты. Көп ұзамай сол жылдың қарашасында сонау Нальчиктен министр В.Жантуров бастаған, құрамында Кязим ақынның немересі Тәуке Асхатұлы, балқар ақыны М.Халов, ұлт­тық-мәдени орталықтың төрайымы Л.Хочиева мен сол тұстағы Алматы облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының бас маманы, журналист Кемел Құсайын (марқұм) бар үкімет делегациясы келіп, екі республика басшылығының уағдаластығына сай білдей елу төрт жыл бойы қазақ жерінде дамылдап жатқан ақынның жамбасы тиген топырағымен қоса алынып, Алматыдан ұшақпен Қап тауына қарай бет алды. Осылайша, заманында халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған ақын Кязим Мечиевтің көзі тірісінде жүрекжарды жырымен жеткізген «Қасиет­ті Қап тауында жатайын» деген өсиеті ұлтжанды ұрпағының көмегімен «Еш те болса, кеш жақсының» ізімен абыройлы орындалды. Сүйегі өзінің туған жеріне шариғат жолымен қайта аруланып жерленді.
Иә, сонымен түркітілдес, бауырлас балқар халқының ұлы ақыны, ойшыл философы Кязим Мечиевтің туғанына биыл 165 жыл толып отыр. Жазған жыры халқына қызмет еткен, көзі жұмылғанша әлемнің тыныштығын көксеп, соған нөсерлі жырларын арнаған, қос ғасырдың, екі дәуірдің куәгері болған, Қап тауының асыл перзентінің ел ынтымағы мен бірлігіне, азамат­тық пен адамгершілікке арнаған өлең толғаулары қазақ оқырмандарына (шайыр өлеңдері 1989 жылы ақын Иран-Ғайып аудармасымен «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланды) ыстық. Достықпен нұрланған жол – қашан да даңғыл. Тегі бірдің – түбі бір. Демек, балқар әдебиетінің көрнекті өкілі Қ.Мечиевтің мерейтойы екі халыққа да ортақ десек, асыра айт­қанымыз емес.

Қараша ҚАРАМАН,
журналист

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір