Жетпіс беске желіп жеткен жазушы
Қалам ұстаған жазушы ағайындардың мінез-құлқы, тіршіліктегі ұстанымдары біркелкі емес. Біреулер бірер кітап шығарысымен, екпіндеп алға ұмтылуды мақсат етеді, өмірінің мағыналы тіршілігіне айналдырады. Енді біреулері шаруаларын істеп тастап, бұйығы қалыптарында келесі жұмыстарына кірісіп жатады. Ондайлар тіпті өз-өздерін насихаттап, жарнамалай беруге де ықылас таныта қоймайды. Біз сөз еткелі отырған Нағашыбек Қапалбекұлы осы соңғылардың сойынан.
Бүгінгі таңда алпысшақты кітаптың авторы болғанымен, сол баяғы қаламының ұшына үңіліп қойып, үндеместен тіршілігін жалғастыра береді. Табиғатынан прозашы болғанымен, жазғандарының ішінде көркем шығармалар да, тарихи зерттеулер де, этнографиялық туындылар, деректі повестерімен, көсемсөз жанрында жазған дүниелері де бірсыпыра.
Осы жанрлық әралуандықтың өзі-ақ қаламгер талантының әр қырынан, шығармашылық қоржынында қордаланып қалған көркемдік идеяларын оқырманға ұсынудағы құлшынысының қаншалықты күшті екенінен хабар беретіні анық. Бұл күнде жетпіс бестің желкесіне шығып кеткен жазушының біраз уақытын қазақ журналистикасын көркейтуге жібергені, соның нәтижесінде оқырмандардың бірнеше буыны сүйсіне оқыған мақалалар мен очерктерді өмірге әкелгенін қайталап еске салсақ та артық емес.
Нәкең де бір кезде, бір кезде болғанда, сонау мектеп қабырғасында жүрген кезінен қалам ұстап, өзінің арман-мүддесін қалың жұртшылыққа көркемсөз арқылы кестелеп жеткізуді армандаған екен.
Жас жазушылардың «Арман қанатында» атты әңгімелер топтамасының бірінші кітабы 1978 жылы шықты. Соған жиырмашақты жас автормен бірге Нағашыбек екеуіміздің де әңгімеміз қатар жарияланды. Әлі есімде, «Соңғы түн» деп аталатын осы туындысында жас жазушы кәдімгі кәнігі жазушыдай қалам сілтеп еді. Бір әңгімедегі адамдар тағдырлары, олардың күйініш-сүйініштері психологиялық тартыс арқылы өрбіп отырады да, сюжет соңы күтпеген шешіммен аяқталады.
Әңгіме фабуласына арқау болып тұрған өмірлік материал – Әбу есімді соғыс ардагерінің өз ғұмыр жолында жіберген қателіктері. Жас автор адамдар арасындағы түсініспеушіліктің тамыры қайда жататынына психологиялық талдау тұрғысынан үңілуге тырысады. Ағайынды Әбу мен Сыздықтың тағдырлары да, өмір жолдары мен көзқарастары да ұқсас. Сөйте тұрып өмір белесінде кездескен бір оқиғаға бола екеуі бір-бірін мүлде түсінбей қалады. Әбудің кешірім сұрағысы келгенін інісінің қабыл алмауы, ақыр соңында сонысына бола опық жеуі имандылық тұрғысынан әсерлі.
Нәсіп болып Нағашыбектің «Еңлікгүл» атты алғашқы прозалық жинағының рецензенті ретінде жазушының туындыларын қолжазба күйінде оқуыма тура келді. Бұл кітапқа енген әңгімелер де қазақ әдебиетіне қаламды нық ұстай алатын жазушының өмірге келгенін паш етіп еді.
Қаламгердің қазақ халқының тұрмыс-салтын, дәсүрін зерттей жазған еңбектері де оқырманды ойға қалдыратын парасаттылығымен, байсалдылығымен назар аудартады. Оның қазақ поэзиясының тау тұлғалы өкілі – Жамбыл Жабаевтың балалық шағынан алып жазған повесінде немесе «Мақыш балуан» атты еңбегінде де этнографиялық этюдтер кездесіп отырады. Жазушының бұл бағытттағы еңбегі, әсіресе оның «Құт пен жұт» атты кітапшасында айқын көрініс тапқан. Бұл дүниесінде ол қазақ халқында көп әйел алудың сырына үңіле келіп, бұл тақырыпқа қоғамдық-әлеуметтік, тіпті биологиялық тұрғыдан қонымды талдаулар жасайды. Жігітке бірінші әйелді алуға ата-анасы ықпал жасаса, екіншісін балалары, ал үшіншісін немерелері алып беретінін этнографиялық қисындармен дәлелдеп келтіреді және онысы оқырман көкейін нақ басатын логикалық дәйектілігімен сенімді.
Жазушы оқырманды толғандырып қана қоймай, өмір жайлы әр тарапты ойларға жетелеп отырады. Бұндай шығармашылық ұстаным – Н.Қапалбекұлының негізгі жазушылық кредосы десем, артық айтқандық бола қоймас. Араға көп жылдар салып жарық көрген «Дос жүрегі», «Жер ошақтың түтіні», «Таудан түскен тұман», «Біздің ауыл тау жақта», «Махаббатсыз өмір жоқ», «Құт пен жұт», «Өкілдер», «Мақыш балуан», «Жер жүрегі», «Күн бетінде секпіл бар» және т.б әңгіме-повестерінде жазушы осындай көркемдік ұстанымды ұдайы өзіне жол сілтеуші маяк сияқты етіп ұстайтыны аңғарылады. Бұл туындыларға тән болып келетін жекелеген көркемдік үрдістерге автордың жазу машығын, бейнелілікке ұмтылысын, баяндаудың ықшамдылығын, көркем кеңістікті суреттеулерді, тіпті кейіпкерлер арасындағы диалогтердің берілу сипаттарын жатқыза аламыз.
Өз кезінде «Еңлікгүл» атты әңгімелер жинағымен оқырманын елең еткізген болашақ жазушы бұдан кейін де бірнеше көркем прозалық кітап шығарды. Осыларға енген повесть, әңгімелердің барашасын талдап, талқылап жатуға шағын мақалада мүмкіндік аз болатыны белгілі. Бұл шығармалардағы ауылдың қарапайым адамдары жас-кәрісіне, әйел-еркегіне және т.б. әлеуметтік, қоғамдық жағдайларына қарамастан, ең алдымен, талғамға сай сомдалған көркем тұлға ретінде есте қалады.
Аталған кітаптарының басым бөлігі оқырмандар тарапынан жылы лебізге ие болып, әріптестері тарапынан қолдау тауып отырды. Автор қаламына тән бір ерекшелік – шығарманың көркемдік идеясын, кейіпкерлерінің ішкі жан дүниесін ашу барысында ұзын сонар оқиғаға, жалықтыратын құрғақ баяндауларға бой алдыра бермейтіні. Көркем құрал ретінде, көбінесе, қолданатыны – шағын штрихтар, қысқа диалогтер мен монологтер, метафора мен эпитеттер сияқты сөз құнарын арттыра түскен тіркестер болып келеді. Әрине, кейде өзі көрген өмір шындығын оқырманына мейлінше айқын жеткізу мақсатында шығарманың фабуласын созыңқырап жіберетін тұстары кездескенімен, бүкіл шығармашылық болмысын жинақтай алып қарағанда, қаламгердің көбінесе ықшамдылыққа ұмтылып отыратыны байқалады.
Оның әр туындысының мазмұны бас-аяғы жұмырланып, тұйықталып, діттеген ойы оқиға шешімімен түйінделіп, қорытылып отырады. Жазушының кейіпкерлерінің басым көпшілігі тағдырдың әр қилы құбылыстарынан – махаббаттың, достықтың және адамдар арасындағы күрделі қарым-қатынастың салдарынан ғана емес, тіршілік тауқыметінен де қиындық көріп, жапа шегетін жандар болып келеді. Қай шығармасында да күнделікті өмірдің жарқылы басым, әшекейі көп саласында тіршілік кешіп жатқан адамдардың өмірлерінен гөрі қолдары қысқа, материалдық тұрғыдан қиындық көріп жүрген тақсыретті жандардың образдары басымырақ.
Осы тұрғыдан алып қарағанда, Н.Қапалбекұлының шығармашылығы таптық сипатқа ие деп айтатын болсақ, әлдекімдер дауласуы да ықтимал. Жазушының шығармашылық әлемін көктей шолып, сын көзімен талдап шығу барысында осындай бір тосын қорытындыға келгенімізді жасыра алмаймыз. Егер де оның әңгіме, повестерінде қолында билігі бар шенеуніктер немесе адамдар суреттелсе, көбінесе жағымсыз жақтарымен сипатталып отырады. Бұның өзі жазушы шығармашылығына деген жаңағы көзқарасымызды дәйектей түсетіні факті екені сөзсіз. Кәнігі қаламгерлерге тән үрдіспен Н.Қапалбекұлы өз кейіпкерлерінің жан дүниесін қайшылықта бейнелейді.
Шешесі қайтыс болғаннан кейін мүгедек әкесі мен кішкентай қарындасын жеткіземін деп жүрген Қайыржан сияқты жас жігіттің махаббат пен достыққа да уақыт табуы және онымен шектеліп қалмай, айналасындағы адамдарға жақсылық жасауы үлгі боларлықтай. («Махаббатсыз өмір жоқ», 1995). Өз қолы өз ауызына жетпей жүрсе де, мұндай жандар имандылық бастауын, басқа адамға жақсылық жасау сияқты қайырымдылық қасиеттерін бір сәт те ұмытпайды. Нақ осындай жомарт жүректі, бірақ өзі кедей кейіпкерлер жазушының «Бір тілім нан», «Қайырлы таугүл-ай», «Жұлдыз ғұмыр», «Дос жүрегі», «Шер», «Миллионер» және т.б. әңгімелерінде кездеседі. Жазушының «Таудан түскен тұман» повесінің бас кейіпкері Ыдырыс Қалиев те осы санатқа жататын ізгі жандардың қатарында. Бұл шығармада өмірбаяндық штрихтардың басым болып келетіні байқалады.
Жазушының тарихи тақырыпқа арнаған туындылары бірсыпыра. Олардың қатарында жоғарыда айтылған бала Жамбыл туралы повесі, «Қарасай, Қарасай» драмасы, «Ұлағатты үш ардақты», «Мақыш балуан», «Құртқа тәуіп», «Құт пен жұт» және т.б. еңбектері бар. Аталған кітаптарының өзінің көркемдік жетістігімен ғана емес, тарихи фактілерді кестелеп жеткізе білуімен де оқырмандар үшін бағалы болып табылады. Бұл шығармалардың басты кейіпкерлері – Жамбыл бабаның рухани жалғасы Мақыш балуан, атақты Айдосұлы Сарыбай би, халқын қорғаған Алтынайұлы Қарасай батыр, Құртқа тәуіп сияқты тарихи тұлғалар болып келеді.
Бұлар бүгінгі оқырманға, ең алдымен, тарихи деректерді, мағлұматтар мен фактілерді көркемдеп жеткізе білуімен қымбат екені сөзсіз. Сол арқылы жазушы өзі зерттеп жүрген тұлғалардың қазақ халқының саяси-мәдени тарихында алатын орындарын айқындап, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатын жақтарын да баса көрсетуге тырысады. Олардың кейбір жекелеген адами қасиеттерін бойына біткен дарынымен ұштастыра суреттеуі, көркемдік тәсіл ретінде қабылданатыны сөзсіз. Жүрдек, жатық баяндаулар шаршатпайды, аталған шығармалардың кейбір тұстарының көркем шығармадай тартымды оқылуы, осы ойымыздың айқын дәлелі десек те болады. Жалпы, тарих қойнауына кеткен тұлғалар өмірін зерттеу жұмыстарының өзіндік ерекшеліктері болатынын және бір адамды қанша зерттеген күннің өзінде оған қатысы бар фактілердің баршасын қамтудың өзіне тән қиындықтары кездесетінін жазушы жақсы сезінеді.
Қаламгердің қазақ халқының тұрмыс-салтын, дәсүрін зерттей жазған еңбектері де оқырманды ойға қалдыратын парасаттылығымен, байсалдылығымен назар аударады. Оның қазақ поэзиясының тау тұлғалы өкілі – Жамбыл Жабаевтың балалық шағынан алып жазған повесінде немесе «Мақыш
балуан» атты еңбегі де этнографиялық этюдтер кездесіп отырады. Жазушының бұл бағытттағы еңбегі әсіресе оның «Құт пен жұт» атты кітапшасында айқын көрініс тапқан. Бұл дүниеде ол қазақ халқында көп әйел алудың сырына үңіле келіп, бұл тақырыпқа қоғамдық-әлеуметтік, тіпті биологиялық тұрғыдан қонымды талдаулар жасайды. Жігітке бірінші әйелді алуға ата-анасы ықпал жасаса, екіншісін балалары, ал үшіншісін немерелері алып беретінін этнографиялық қисындармен дәлелдеп келтіреді және онысы оқырман көкейін нақ басатын логикалық дәйектілігімен сенімді.
Жетпіс бестің шоқтығына шоқырақтамай, шауып жеткен жазушы қаламына тыным жоқ. Оның «Кек» атты романы мен «Күн бетінде секпіл бар» атты повесінің және жекелеген әңгімелерінің көркемдік деңгейі, әлеуметтік салмағы осы тұжырымдарымызға дәлел бола алады деп сенеміз.
Ғұмыр жасыңыз ұзақ болсын, оқырмандарының қалаулысы Нағашыбек Қапалбекұлы!
Нұрдәулет Ақыш,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының бас ғылыми қызметкері,
жазушы