ЖЕТПІС МЫҢ СТУДЕНТ ҚАЙДА ТҰРАҚТАМАҚ?
25.08.2023
113
0

Жаз соңына іліккенде жыл айналып келіп соғатын «дағдылы дертіміздің» қозатыны бар. Бұл туралы қашаннан бері айтылып келе жатыр. Осынау жайтты «Бомж студент» атты мақаламызда былтыр біз де жазғанбыз. Биыл тағы жазуға мәжбүрміз. Гәп – жатақхана тимеген студенттер жайында.
Былтыр 1 қыркүйектегі жолдауда Президент: «Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек. Сондай-ақ барлық мәселенің шешімін табуды мемлекеттің мойнына ілу дұрыс емес деп санаймын. Сол себепті, мемлекеттен қаражат алу үшін жекеменшік жоғары оқу орындарының жатақханасы бол­уы шарт. Әрине, мұны оқу орындарынан біртіндеп талап еткен жөн. Студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыруға болады» деген еді.
Жауапты министрлік Мемлекет басшысын араластырмай-ақ атқара алатын тірлік еді бұл. Дұрысы, біз солай ойлағанбыз. Бірақ 2022-2023 оқу жылында кемінде 87 мың студент жатақханамен қамтылмаған екен. ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек: «Министрлік құрылғанда, былтыр тамыз айында 87 мың төсек-орын тапшылығымен қабылдадық. Қазір 70 мыңға түсірдік, бір жылдың ішінде. Жатақхана тап­шылығына үш бағытпен жұмыс істеп жатырмыз», – деді бұл туралы.
Биыл Алматы қаласының өзінде отыз мың студентке жатақханадан орын тимеген. Бірақ министр қаладағы 59 хостельмен келісімшартқа қол қойылғанын, 10 мың төсек-орынға кепілдік берілгенін айтты. Демек, әлі жиырма мың студенттің тентіреп тұрақ іздеуден басқа амалы жоқ. Ал пәтер бағасы аспандап тұр. Мәселен, қазір ең арзан пәтерді Алматының шет аудандарынан (Наурызбай, Түрксіб) табуға болады. Аталған аудандарда бір бөлмелі пәтерді жалдау құны 170 мың теңгеден басталады. Ал Алмалы, Бостандық секілді орталық аудандардағы 1 бөлмелі пәтер құны 250-280 мың теңге аралығын құрайды. Медеу, Әуезов аудандарындағы 2 бөлмелі пәтерді жалға алу үшін пәтер иесіне ай сайын 300-450 мың теңге аралығында ақша беруіңіз керек. Пәтер иелері бір-екі бөлмелі үйіне көп студентті жолатқысы келмейді, 3-4 бөлмелі үйлердің айлық құны қаланың кей аудандарында миллион теңгеге жетіп жығылады.
Астана қаласында да жағдай мәз емес. Пәтердің құны Алматымен салыстырғанда арзанырақ көрінгенімен, жол машақатын тартып шет аудандардан қатынауға тура келеді. Әрине, осыған сәйкес жалдау ақысы 120 мың теңгеден басталады.
Жалпы, ірі қалалардағы пәтер жалдау құны кейінгі бес жылда өспесе, кемімеген. Әсіресе былтыр түстіктен келімсектер ағылғанда бірден екі-үш есеге дейін шарықтап кетті.
Шенеуніктер болса, уәде беруден жалығар емес. Саясат Нұрбек басқаратын министрлік 2025 жылы жатақхана тапшылығы түбегейлі жойылады деп отыр. «Екі жыл дегенің, екі айдай бола ма…». Министрлік сөзін жұтпайды деп үміттенеміз.

А.ДӘУІТ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір