ЖАРАТУШЫДАН ЖЕТКЕН ҚУАТ
07.03.2023
548
0

Осыдан біраз күн бұрын аяқ астынан Шымкентке жол түсті. Алматы әуежайында әнші Нұрлан Өнербаевтың бауыры Бақтияр Өнербаев ұшырасып қалды. Бұрыннан танитын азамат. Алматы облысы әкімінің орынбасары, Текелі қаласының әкімі сияқты абыройлы қызмет­тер атқарған. Қазір Шымкент қалалық еңбек және әлеумет­тік қорғау департаментінің басшысы екен. Сөз арасында:
– Әлеумет­тік желіден көзім шалған «Бәйшешек» деген әсерлі кітап жазған Жәмила Бақтиярқызының өзіңізге қатысы бар ма? – деп сұрап қалдым.
– Иә, әрине, ол менің қызым ғой! – деді Бақтияр.
– Өмірлік тәжірибесі жоқ ,қаршадай қыздың мотивациялық кітап жазғаны қызық екен?!
– Бұл – ауыр дертке ұшыраған қызымыздың он жасынан жиырма жасына дейін сол сырқатпен күресу, Жаратқанға деген сенім мен түптің-түбінде айығып, жеңіске жету тарихы! Мемлекет басшысының өзі жоғары бағалап, құт­тықтау жіберді ғой!
– Е-е, бәрекелді! Алланың бергеніне шүкіршілік! Онда шынымен бұл мотивациялық шығарма екен.
– О баста Жәмила – менің алтын қызым, кітап шығаруды мақсат етпеген. Адам ағзасындағы бүкіл бұлшық ет­тердің салдануына соқтыратын миастения деген өте сирек кездесетін нервті-бұлшық ет ауруы бар. Осындай дерт салдарынан тұра алмай, жүре алмай, сөйлей алмай қалған кезінде айналасындағылармен қағазға жазып сөйлесетін. Сөйтіп, өзінше бір күнделік жазуды әдетке айналдырған. Онда үлкен сынақтан өткізген Жаратқан Иемізге, айналасында құрақтай ұшып қызмет еткен ата-анасы мен туыстарына, ақ халат­ты абзал жандарға алғыс айтады. Туған күні қарсаңында жақындарына тосын сый жасағысы келіп, естеліктері бойынша дайындаған осы қолжазбасын жіберіпті. Бұл – бізге шынымен тосын сый болды!
– Бұл кітапты біз қайдан таба аламыз?
– Құдай қаласа, Шымкентке жеткен соң менің қызмет көлігімде болу керек, бірер данасын берейін.
Шымкентке де жет­тік. Айтқанындай, Бақтияр қызының «Бәйшешек» кітабының қазақ және өзбек тілдеріндегі екі данасын ұстат­ты. Кітап түпнұсқадан орыс, өзбек тілдеріне аударылыпты. Еш тапсырмасыз, достардың көмегімен өз бетінше енді қырғыз, түрік, ағылшын, испан тілдеріне аударылып жатқанын айт­ты. Алматыға қайтып оралған бойда көрейінші деп, кітапты қолға алдым. Бірден үйіріп әкет­ті. Айналдырған үш-төрт сағат­та қалай оқып бітіргенімді өзім де білмей қалдым.
«Бәйшешек» кітабы Күрес, Сенім және Жеңіс деген үш тараудан тұрады екен. 2010 жылдан бастап созылмалы дерт­тің күреске толы әр жылы қаршадай қыздың жадынан оқырманның жүрегіне құстай ұшып қонақтап жатады. «Өзіме белгісіз, қараңғы, жат әлемде ояндым. Сол әлемнің кеңістігінде самғадым. Бойымды баураған әлсіздік, жанымды ашытқан дерт бір сәт­те ғайып болды. Ол әлемде мені ешкім көрмейді, ал мен барлығын көрдім. Үзілген үміт­тердің, ізгі тілектердің, аңқау жүректердің арасында қалықтай ұштым. Ессіз жатқан адамдардың жүрек үнін тыңдадым. Ақ жүректер: «Өмір сүргім келеді» деп баяу болса да үзіліссіз соқты. Бұл жер – жансақтау бөлімі еді», – дейді өмір мен өлімнің арасында жатқан Жәмила балапан. «Аяқ-қолым байлаулы, айналам жүрегімнің лүпілімен жарыса әндеткен аппарат­тарға толы, кеңірдегім қалың түтіктің аяусыз батуынан кеуіп кеткен»… Көз алдыңа төсекке таңулы жанның ауыр халі елестейді. Одан әрі қарай иығындағы тамырға бұлшық ет­тер жұмысын рет­тейтін «калий» деген дәрумен құйылып тұрғанын, ол дұрысында тамшылатып жіберілетін сұйықтық екенін, қазіргі жағдайда ол тамырларын ашытып, күйдіріп жатқанын сезеді. Ешнәрсе айтуға шамасы жоқ, өйткені аузында өкпені желдететін – ИВЛ аппараты, қолын қимылдатуға дәрмен жоқ. Медбикенің тамырын күйдіріп жатқан системаны қат­тырақ қосып, кетіп қалғаны ауру мен жалғыздықтың азабын күшейте түскен.
Осындай жолдарды оқыған сайын оның шыдамдылығына қайран қаласың. Анасы жансақтау бөліміне кіріп, қал-жағдайын, тамақ ішкен-ішпегендігін сұрағанда оның жауап беруге халі кем еді. «Мен сөйлей алмаймын, ойымды не жанарыммен, не қара қаламның ұшымен білдіремін. Қолымда кішкентай жасыл блокнот болатын, анама: «Жақсы, мам. Тамақ іштім. Сіздер қалайсыздар?» – деп жаздым», – дейді бұл сәт туралы автор. Ол аурудың жанына батқанын айтып анасына шағымданбайды. Анасының қасіретін тереңдеткісі келмейді. Ежелгі Рум философы Марк Аврелий қиналу туралы: «Егер ол жан шыдатпас болса, ажал оған нүктесін қояды, егер созылмалы нәрсе болса, оған төзген жақсы», – дейді ғой. Сол айтпақшы, Жәмила төзімділік пен сабырды өзіне серік етеді. Әдет­те көптеген аурудың емі ішкі дүниесінің тазалығына тіреліп жатады. Аристотельдің: «Кедейліктен де, аурудан да, тіпті бұзылғандықтан өзгенің бәрінен де қорқудың қажеті жоқ, ол адамның өзінің жан дүниесіне тәуелді» дейтіні бекер емес екен.
Сондай аурумен арпалысқан қиын екі жыл арт­та қалып, Жәмила-қыз тағдыры мықты невропатолог Жүсіпова Алма Сейдуалықызына тап болады. Әлемнің он шақты елдерінің мамандарына барып немесе онлайн арқылы өткізілген консультациялардың ешқайсысы оң нәтиже бермеген. Сол белгісіз дерт­ті Алма Сейдуалықызы небәрі он минут­та анықтап шықты. Иммунитет­тің кері жұмыс жасауынан бұлшық ет­терді салдандырып тастайтын, өте сирек кездесетін миастения деген диагноз қойылды. Дәрігердің бөлмесіндегі он минут Жәмиланың армандарына қанат байлады. Талмай күресудің қажет­тігін сезінді. Қиыншылықтардан мезі болған қызымыз сол жерде қанат­ты сөзге бергісіз тіркес тауып: «Ауруға еркелеуге болмайды», – дейді. «Басқа түссе – баспақшыл» демекші, адам өмір үшін қиындықтың бәріне көндігеді екен. Дертпен жағаласқан қаршадай қыз: «Әкем тамырымды жазатын сұйық дәрі (мазь) алып келген екен. Оң қолымдағы қып-қызыл жараның үстіне жағып, сүрелерін оқып отыр. Анам шприцті ботқаға толтырып, мұрным арқылы асқазаныма дейін баратын жіңішке түтікті тауып, таңғы асымды берді. Тамақты өз тісіммен шайнап, өз күшіммен жұтпағаныма біраз күн болды», – деп жазады. Сырқат­тың қаншалықты ауыр, қаншалықты қиын екенін осы сөйлемдерден шошына сезінесің.
Жәмиланың диагноз қойылғаннан кейінгі әр жылы аурухана мен үйдің, мектеп пен жансақтау бөлімінің арасында дертпен жағаласып өтіп жат­ты. Сондай сәт­тердің бірінде медет сұрап «Аллаға хат» жазыпты. «Сол хат­та Жаратушыма бар мұңымды шағып, соншалық қол жетпес көрінген армандарымды және өмірлік сценарийлерімді жазыппын. Қазір, Аллаға шүкір, жиырма бір жастамын. Сенесіз бе, сол хат­та жазылған әрбір сөз – менің бүгінім, барлық армандарым мақсатыма айналды», – дейді Жәмила әрі таңданыспен, әрі қуанышпен.
Біртіндеп өзі қалпына келер деп күткен ағзада оңды нәтижелер бола қоймаған соң ең соңғы мүмкіндік күрделі ота жасау болатын. Шет елде ота жасатудан бас тартады. Сондайда Кореядан мамандар шақырылып, отаны солар жасайтын болғаны үміт­ті сенімге айналдырады. «Қандай сынақ болмасын, бірлесе күрескен оңай»… Бұл – Жәмиланың тағы бір тұжырымының бірі. «Төсекке таңылып жатсам да Елімнің игілігі үшін еңбек етуді армандаушы едім», – дейді ол. «Не болса да бұл ауруды жеңемін де, халқыма пайдам тиетін азамат боламын», – дейді қайсар қыз. Қайталана беретін «криз» кезінде де әлгі мақсат қалың «тұманның» ішінен алып шығатын.
Кореядан келген оташы дәрігер қасындағы үш серігімен бірге әуежайдан түскен бойда бірден ауруханаға келіп, баланың жағдайын байқап, отаны бүгіннен қалдырмай жасайтынын айтады. Бес сағатқа созылған операция отандық хирургтер мен дәрігерлер үшін «мастер-класқа» айналады. Үш күннен кейін кореялық дәрігерлер жансақтау бөліміне кіріп, жағдайына қанағат­танып, Жәмилаға кішкентай сөмке сыйлайды. Сөйтіп, бүкіл әлемде адамгершілік қасиет­тер мен қарапайым­дылықтың жоғары тұратынын тағы бір рет дәлелдейді. Ауыр сынақтан өткен Жәмила-қыз өмірдің мәні сыйластық пен кір шалмаған пәк көңілде екенін жан-тәнімен ұғынады. Осыны оқырманына жеткізгісі келеді. Отаға алып кетерде: «Жаратқаным, мен осы палатаға аман-есен оралайыншы. Ата-анамның жанына келейінші. Өмір берші маған», – деп тілеген тілегі қабыл болады. Сондықтан да ол: «Алғашқы махаббатым да, сенім мен сезімге толы жаным да Аллаға арналады», – деп шын пейілден ақтарылады. «Мен ауруымды қат­ты жақсы көре бастадым, себебі ол мені Аллаға жақындат­ты», – дейді «Сенім» тарауында. Осындайда хрис­тиан уағызшысы Иоанн Златоустың: «Кімде-кім дертіне төзіп, оған алғыс жаудырса, көрген азабының тәжіне ие болады» деген қанат­ты сөзіне таңғалмасқа лажың қалмасы анық.
Аса ауыр сырқатпен он жыл бойы алыса жүріп, сондай қиын халіне қарамастан, мектепті үздік бітіруі, өзінің қалаған журналистика факультетіне оқуға түсуі – оқырманның Жәмилаға деген құрметін еселей түседі. «Сен енді толық жазылдың!» – деген сөз қандай марапат­тан да жоғары еді. «Осы сөзді естіген түні көз іле алмай, таң атқанша сәждеден бас көтермей, дұғада отырғанымды ата-анам білмеді», – деуінде айыптау емес, Жаратқан иесіне, ата-анасына, туыстарына деген шексіз алғыс жатыр еді. Әсіресе «Маған нәсіп болған өмірдегі ең үлкен бақ – әке махаббаты», – деуінде қаншама тәрбие жатыр. Кітаптың соңғы жағында бүкіл әлемге деген асыл сезімдерден өрбіген өлеңдерінен жас жүректің лүпілі айқын сезіледі.
Қорыта айтқанда, жиырма бір жастағы қыздың бұл тырнақалды шығармасы қиындыққа ұшыраған адамдарды сол қындықпен талмай күресуге үйретеді. Жаратқан Иесіне бас ие отырып, жеңісті жақындатуға болатынына сендіреді. Кітаптың мотивациялық құндылығы да тап, міне, осында!

Марат ТОҚАШБАЕВ
жазушы-публицист

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір