АТАМЕКЕНІН АҢСАП ЖЕТКЕН ӨРЕНДЕР
28.07.2023
1772
0

Отан… Атамекен… Атажұрт… Тарих… Бұл – қай құлаққа да жағымды естілер асыл да асқақ ұғымдар. Ес біліп, етек-жеңіңді жиған сәттен бастап-ақ, өзің өсіп-өнген туған жердің қадір-қасиетін терең түсініп, жоғары бағалайсың. Ондағы елеулі оқиғалардың бірін де қалыс қалдырмай сараптайсың. Адам бойындағы сондай жоғары құндылықтарды дәріптейтін, әрі дамытатын жобалардың бірі және бірегейі – «Жас қазақ» жазғы этно-лагері.


ҚР Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қоры» КеАҚ ұйымдастыруымен 2019 жылы бастау алған «Жас қазақ» жазғы этно-лагері биылғы маусымын да сәтті аяқтады. Жылдан жылға ауқымы кеңейіп, деңгейі жоғарылап келе жатқан жобаның мақсаты мен мазмұны тереңнен сыр шертеді. Әлемнің түкпір-түкпіріне тарыдай шашылған этникалық қазақ балаларының басын қосып, атажұртқа әкеліп, тарихымызды, дінімізді, ділімізді һәм рухани құндылықтарымызды дәріптей отырып, табиғат аясында әдемі демалыс сыйлайды.
Екі аптаға созылған жазғы этно-лагерь табиғаты әсем, ауасы таза, Қазақстанның Швейцариясына айналған, Абылай хан ордасын тіккен Бурабай төріндегі «Iqanat High School of Burabay» мектебінде өтті. Әлемнің 8 мемлекетінен, атап айтсақ, АҚШ, Иран, Беларусь, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Ресейден 200-ге жуық этникалық қазақ балалары келді. Қонақтардың алғы шебін Ресейдің Саратов қаласынан келген қандас балалар бастады. Шілде айының 1-жұлдызында «Отандастар қоры» КеАҚ басшысы Абзал Сапарбекұлы балалармен Елордада кездесу жасап: «Биылғы жазғы лагерь ерекше. Себебі, «Жас қазақ» деп ат беріп, «этно» деген сөзді қостық. Яғни елге келген барша қандас балалар рухани құндылықтарды бойларына сіңіріп, өздерін еркін сезініп, жақсы демалып қайтуы тиіс. Болашақта бұл жоба дүстүрге айналып, ауқымын кеңейтеді деп ойлаймын», – өз сөзін қорытындылап, балаларға бақытты балалық шақ тіледі.
Балалар арасында Бурабай, Астанадан бөлек, Қазақстанға алғаш келгендері бар. Шекарадан асып, елге аяқ басқанда қуаныштың көз жасына ерік бердік дейді. Себебі, туған елдің тау-тасы, тіпті түтіні де бөлек деп бала көңілдерімен шынайы эмоцияларын жеткізді.
Биылғы этно-лагердің басты ерекшелігі – дара да дарынды балалардың басын қосты. Сайдың тасындай іріктеліп келген 12-17 жас арасындағы балалар лагерге жолдаманы түрлі байқауларға онлайн, офлайн форматта қатысып, жеңіп алды. Мысалы, бірі мәнерлеп өлең оқыса, енді бірі домбыра тартып жүлде иегері атанған балалар.
Балалар алғашқы күндерден-ақ жауапкершілік сезініп, концерттік бағдарламаны өздері дайындады. Арнайы қонағымыз Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ Федерациясының президенті Әлихан Бәйменов балаларға ақ батасын беріп, ырымдап «Темірқазық» деп аталатын кітапты сыйға тартты.
«Шын шеберге шаршы алаңда тұсау жоқ» демекші, лагердің алғашқы күндерінен-ақ өнерлі балалар жүрген жерлерін әнмен әрлеп, би билеп думандатты. Нейрондық желі, жасанды интеллект бойынша таным көкжиектерін дамытты. Оларға жоғары білімді мамандар дәріс оқып қана қоймай, өз тәжірбиесімен бөлісті. Қазақтың тарихына сай ордаларға бөліну арқылы топтасып, әрқайсысы өз ұрандарын шығарды. Орда болып жарысып, түрлі байқаулар ұйымдастырып, көшбасшылық қабілеттерін шыңдады. «Хор байқауы» мен «Домбыра party» әлеуметтік желіде де қызу талқыланып, көпшіліктің жүрегінен орын тапты.
Лагерь директоры Исмағамбетова Жания этно-лагердің басымдығына баса көңіл бөліп, қандас оқушыларға тигізер пайдасын атап өтті. «ҚР Сыртқы істер министрлігіне қарасты «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен бастау алған «Жас қазақ» жобасының мазмұны мен тағылымы өте тереңде жатыр. Қаншама баланың басын қосып, Атамекенге әкеліп, ұлттық құндылықтарды дәріптеп жатыр», – деді лагерь директоры.
Осы орайда сөз алған ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Шапақ Үнзила: «Бүгінгі іс-шара – өте тағылымды жоба деп білемін. Сіздерге бақытты балалық шақ тілеймін. Осы орайда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей бастамасымен балалардың болашағы мен құқығын қорғау мақсатында Парламентте түрлі заңнамалар қабылданып жатыр. Солардың бірі және бірегейі – балалардың атына жеке есепшот ашу», – деді.
Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Д.Баярхүү мырза «Этно-лагерь – өте маңызы зор жоба деп білемін. Осы лагерде жалпы саны 46 бала Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласынан, Дархан, Ховд, Налайх, Баян-Өлгий аймақтарынан келіп қатысып отыр», – деп атап өтті.
Кеш барысында «Үздік орда» (барлығы сегіз орда, әр ордада 25 баладан) атағына лайық команда анықталып, жетекшісіне медаль берілді. Сондай-ақ екі апта ішінде тартысқа толы өткен екі байқау – «Мақал-мәтел» және «Қазақстан тарихы» сайыстарында үздік үштікке ілінген қандастарға «Отандастар қоры» КеАҚ атынан бағалы сыйлықтар (планшет, электронды кітап, смарт сағат) табыс етілді.
Кеш соңы қандас оқушылардың арнайы жабылу салтанатына әзірлеген қорытынды концертіне ұласты. Одан бөлек, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымы өнерпаздары әуезді әндері мен күмбірлеген күйлерін тарту етті. Кеш соңында барша бала бірігіп қазақтың ұлттық биіне айналған «Қара жорғаны» биледі.
«Әр қазаққа – бір кітап» акциясы аясында барша балаларға қазақ тілін үйренуге арналған әдістемелік оқулықтар таратылды.
Осымен 1-14 шілде аралығында жалғасқан «Жас қазақ» жазғы этно-лагері өз мәресіне жетті. Дәстүрге ұласып келе жатқан «Жас қазақ» жазғы этно-лагері келесі маусымда да өз дарындарын күтеді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір