Өнер үндемеген сайын, рухани өлім жақындай түседі
22.09.2023
659
1

ҚР Ұлт­тық мемлекет­тік кітап палатасы мен «Қазақ әдебиеті» газетінің бірлескен жобасы – «Асыл сөз» сұхбат айдары жалғасуда. Бұл жолғы қонағымыз – қоғамдық ортадан да, қазақы ортадан да оқшау жүретін әйгілі тұлға, айтулы жазушы, баспагер, аудармашы, Лондонда «Абай үйін» ашқан, халықаралық «AMANAT» жур­налын, сол журналдың «Екі жүз томдық кітапха­насын», «Менің 100 кітабым», «Халық кітапха­насы», «Әлем әдебиеті кітапханасының 107 томы» серияларын дүниеге әкелген Роллан Сейсенбаев. Герольд Бельгер оны саяқ жазушы деп атап, ерекше құрмет тұтқан. Сыйлаған. Сырласқан. Оның әлемдегі лақап аты да «қазақтың саяқ жазушысы». Саяқ жазушы бізбен сұхбатында Жазушы, Әдебиет, Даңқ, Түрме жайлы әңгімелеп берді.

Жазушы

– Роллан Шәкенұлы, бүгінгі күні қазақ жазушысының статусы өзгеріске ұшырады деген алыпқашпа сөз, қоғамда, әртүрлі бейнеде бой көрсетуде. Сіздің ойыңыз қандай?
– Өнер адамының, оның ішінде жазушы жұртының статусы да, тірлік қалыбы да түбегейлі өзгеріске ұшырады. Қазақтыкі ғана емес, бүкіл Кеңестер Одағы жазушыларының жәй-күйлері, тыныс-тіршіліктері, рухани модельдері, ұлт­тық ізденіс белгілері келмеске кет­ті. Үкімет жазушыларға стипендия береді. Кеуделеріне темір-терсек тағады. Лауреат­тық атақ сыйлайды. Сол атақ үшін жазушылар екі жылда бір рет, бір-біріне кешпес жаулыққа дейін барады. Дала төбелесі басталады. Дәл бүгін, Дешті-Қыпшақ даласында, ақын-жазушылар дағдарыс қамытын мойындарына киіп алған белгілі орта.
– Неге?..
– Жазушы, туған халқының рухани жол басшысы һәм ар-ожданы болудан қалған. Ол кез­дер көзден ұшып кеткелі қашан?!.
– Неге?..
– Оқушы жоқ. Саналы оқушы болмаған жерде, жазушы да жоқ. Қайран Шоқан Уәлиханов ғажайып жазушы болар еді, өкінішке қарай, қазақ сахарасында кітабын оқитын оқушысы болмады.
– Неге?..
– Үш негеңе бір жауап. Бүгін қазақ қоғамы терең дағдарыста. Бұндай қапас ортада рухани түлеу мүмкін емес.
– Сізді тыңдасақ, қазақ қоғамын трагедия тосып тұр екен ғой…
– Қазақты ғана емес, бүкіл әлемді тосып тұр. Рухани һәм мәдени, экологиялық һәм экономикалық дағдарыстардың күн сайын өрбіп-өсіп бара жатқанын көріп, өмір сүру – нағыз трагедия. Бірақ қандай да сұрапыл дағдарыстар адамзат баласының басына төнсе де, Адам саналы өмір үшін, мәнді өмір үшін күресуі керек. Мен таңмен таласа тұрып, жазу үстеліне отырып алып жұмыс істеймін. Жазда қу далада, шөпке кеуде көміп жазу, жаза беремін. Бап талғамаймын. Мен халқымның тіршілік аясының тығырыққа тірелгенін анық білемін. Сонан да, соңғы күшімді жиып жазуға ұмтыламын. Бұл – менің, туған халқыммен бірге тәуелсіздігіміз үшін күреске шығуым. Менде, Отаным мен Халқымнан артық қадір-қасиет жоқ.
– Сіздің романдарыңыз әлемнің әйгілі баспаларында басылып жататынын білеміз. Американың атақты «AMAZON» баспасы, Сіздің атышулы «Құм кезген өліктер» романын ағылшын тілінде көп тиражбен шығарды деп естігенбіз.
– «AMAZON» ойлаған миллиондаған тиражға жете алмады. Атышулы пандемия кірісіп кет­ті ғой. «AMAZON» менің тағы бір романымды шығаруға кірісуде. Оны көре жатармыз. Роман әлі үш жыл баспаның иелігінде.
– Сіздің тағы бір романыңыз Санкт-Петербург орыстарының айтулы «Пальмира» баспасында жарық көреді деген жарнаманы байқап қалдық.
– Мен жазушымын. Жалғыз адам­мын. Маған үкімет көмектеспейді. Стипендия бермейді. Атақ артпайды. Кітаптарымды шығармайды. Мен өз өмірім үшін, өзім күресемін. Әлем баспагерлерімен жұмыс істеймін. Жазған кітаптарымды сатуым керек. Ақша табуым керек. Менің де немерелерім алдымнан шығады. Қазақшалап тура сұрақ қояды: «Ата, аз мерзімге, аз ғана ақша қарызға бере аласыз ба?..» – деп сұрайды. Бере алам деймін. Бере алмасам, өлім ғой. Өзің қалай ойлайсың?..
– Өлім болмаса да, ыңғайсыз екені рас, аға.
– Өлім, бауырым!.. Проблемаға тура және терең қараған жөн. Дешті-Қыпшақ даласы, тентіреген орыстар мен басынған Қытайдың ортасында додаға кетіп қалмауы үшін, қазақ жанын да, қанын да салуы керек. Отыз екі жыл бойы тойымсыз билікті тыңдаған, қазақ, енді өлеріңді біл. Не жемір билік үшін өл, не рухыңды тіктеп, Отаныңды қорғауға шық. Ертең кеш болады. Бұл шындық. Ал мен саған, нағыз ақиқат­ты айтайын, өмір дегеніміздің соңы трагедия болып түгелісілетінін ұмытпа, бауырым. Абай атаңның таусылмайтын дана ойлары өлеңдерінде жосып жүреді. Дәл тап, дәл таны. «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап. Өзіңе сен, Өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегін екі жақтап», – дейді. Тілін де тартпайды, тілеуін де тоқтатпайды. Ерен тұлға ғой Абай бабамыз. Өмірінің соңында жалғыздыққа бой салды. Шаршады. Тән тозды, жан күйзелді. Жан баласымен сөйлеспеді. Жан баласымен араздаспады. Мен бабамның бір тәулік өмірі туралы «Соңғы түн» деген роман жаздым. Орыс тілінде. Жақында сол романды жағып жібердім.
– Неге?..
– Қазақ тілінде қайта жазбақпын.
– Сіз елде кімдермен араласасыз?
– Ел арасында жаныма жақын азын-аулақ адамдар бар. Саусақпен санарлық қана. Шәкірт­терім, іні-достарым хабарласады. Әлемнің озық ойлы адамдарымен хат алысам. Ой жарыстырам. Әлем тынысынан тыс қалуға болмайды. Мен, кәзір жалғыздық құшағындамын.
Абай атамыздың «Қарасөзіндегі» мына толғауға зер сал. «Ақыры ойладым: … осы ойыма келген нәрселерді қағазға жаза берейін, ақ қағаз бен қара сияны ермек қылайын, кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, иә оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған бел байладым, енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ». Бұл бірінші сөзден алынған асқақ ақынның жан тебіренісі. Ой жұлқынысы.
Бұндай серпінді тілеу ойды жалтақтамай, жасырмай еркін айт­қан бұ қазақта Абай ғана. Ертеде зар заман жыраулары да зарлап өткен. Бірақ халық олардың сөзіне құлақ аспаған. Көремізге басқан. Абай күнделікті жиындарда, кей-кейде ұшқыр, адал, әділ ойларын есті қазақтарға туралай айтып тастайтын болған. Қорықпаған, қорғанбаған, тілін тартпаған. «Мал емдік, бұл тәуекеліміз дұрыс болды. Малды саусаңдар сүтін іштіңдер, малды сойсаңдар етін тамақ ет­тіңдер. Арқасына ертоқым салып мініп кетсеңдер, арғымақтарың жолды жолға, елді елге қосып отырды».
«Ал бүгін, халқым, мына Ана-Жерді еміңдер. Бұл өлшеусіз қуат, жесеңдер дәм болады, саудаға салсаңдар пұл болады. Жалқау қазақ жер емсе, өлшеусіз күшке ие болады. Қала салыңдар, сауда жасаңдар», – деп, айтуын бір қоймаған. Көне қазақтың мал еміңдер деген ойы қазақтың әдетіне емес, қанына сіңіп кет­ті. Абайдың Ана-Жерді еміңдер деген ұлағат­ты сөзі жерде қалды. Сал-сері, ойын-сауықшыл қазақ жерді емуден бас тарт­ты. Бұл – ең үлкен қателік болатын. Жалқаулыққа жаны құмар қазақ, ең үлкен, азапты қателікке ұшырағанын әлі де ұғар емес.
– Сіз қат­ты кет­тіңіз ғой?..
– Қат­ты кеткен мен емес, Абай бабамыз. Менің қат­ты кеткенімнен қазақ оңала қоймас. Менің жүрегіме үш рет операция жасалған. Басыма бір операция жасалды. Енді екінші операцияға дайындалып жатырмын. Семейде жерленген ата-бабаларымның басына биыл барып қайт­тым. Сол Семейде қазақтың теледидарын көрдім. Жиырма жылда бір көрген емеспін. Сүреңсіз сюжет­тер, ойсыз хабарлар, дүркіреген жүргізушілер, шиқылдаған әйелдер жанымды жеді. Татымсыз ойын-сауық, бірін-бірі жалықпай мақтаған арсыз мадақтау, татымсыз күлкі мені тірідей жерлеп бара жат­ты. Есті ой айтатын бірде-бір канал табылмағанына күйін­дім. Бұл сойқан құбылыс бүгін келген жоқ. Отыз екі жыл бойы өрбіп-өсіп келе жатыр. Қолымдағы үлкен ауыр кесені теледидарға ат­тым. Теледидардың тас-талқаны шықты. Дәл кәзір, бұл үйде мен қадірлейтін ешнәрсе жоқ болатын. Әке-шешем, жалғыз қарындасым мен үш інім о дүниеге кеткен. Тек төрт қабырғасы ғана қалған әкемнің үйінен ыңғайсыздық сезіндім. Үйден атып шығып кет­тім. Бұл үйге енді қайтып келе алам ба, жоқ па?.. Оны да ойлауға мұрша болмаған. Бұл тіршілікте мен шын жалғыз қалғанымды түсіндім.
Өнер үндемеген сайын, рухани өлім жақындай түседі. Бұл – шындық. Ақиқат десем адал болар деген ойға жығылғаным есімде.
Билік – жазушы соқыр, саңырау, мылқау болғанын қалайтыны мені таңғалдырады.
Орыс аспанының астында пайғамбарларға сай қасиет­ті рухани ерлік жасаған Александр Пушкин, Михаил Лермонтов, Федор Достоевский, Лев Толстойлар болмаса, империалистік Ресей өз халқын ертеде-ақ тас-талқан қылар еді.
Билік біздің үндемес болғанымызды қалайды. Жазушы биліктің қарсыласы. Ол жазушының ойы емес, биліктің ойы. Қазақ өнері билікке қарсы шыққан емес. Шыға да алмайды. Шықтырмайды да. Қаңды қаңтар дүрбелеңі туралы әділ сөз әлі айтылған жоқ. Олар географиялық атауға ғана ие Қазақ­стан деген елдің жұрты мылқау болғанын қалайды. Билік сөз айта алады. Өнер тұлғалары айта алмайды. Шындық – биліктің үкімі. Адамның емес. Осыдан бір ғасыр бұрын Абай болған. Семсер ойлы
Махамбет болған. Оның алдында зар-заманның асқақ ойлы, кең тынысты, ақиқат­ты жанындай сүйген ержүрек ғажайып жыраулары болған. Олардың қан тамған жырлары да, замана белдерінде жоғалып тынды. Біз олардың жырларын қазақ баласының рухани бесігіндей ардақ тұтып, жүрегімізде ұстай алмадық. Оларды жоғалт­тық. Оларды ұмыт­тық. Асқақ қасиет­терін қадірлей алмадық. Молаларына белгі қоя алмай жоғалт­тық. Барға мастандық. Жоқты ортаға тарта алмадық. Бабалардың есімдері де, от ойлы жырлары да жадымыздан жоғалды. Қазақ тарихындағы ұлы тұлғалар бірте-бірте уақыт ығында қала берді. Жақсы менен жаманды, ірі мен шірікті айыра алмай жоғалып бара жатырмыз.

Әдебиет

– Бүгінгі әдебиетке қалай қарайсыз?
– Сеніммен қараймын. Әрине, күдік те жоқ емес.
– Көңіліңізге ұнаған жас талант­тар бар ма?
– Жарты жыл болды, жас қазақ ақынының өлеңдерін оқимын. Өзі жас болғанымен, өлеңдері кесек. Қазақ әдебиетіне өз үні бар, өз қасиеті бар зор ақын келді деп қуанамын. Оның есімі – Аманкүл Пішенбаева. Әндегі дүлділ Димаш болса, жырдағы жүйрік сол қарындасым. Мен солар үшін қуанамын. Он миллион қазақтың тоқсан тоғыз проценті орысша сөйлейді. Ал Димаш, әлемнің екі миллиард халқын қазақ тілінде сөйлетіп үлгерді. Ал Аманкүл, бір процент қазақты қазақтың от тілді жырларымен сүйсіндіріп жатыр. Талант­ты тірісінде қастерлеу керек. Тірісінде қадірлеу керек. Мен айына бір рет, есік-тереземді жауып тастап бір тәулік Димаштың әнін тыңдаймын. О, Құдірет, неткен дауыс кеңдігі, неткен сұлу үндер, неткен ғажайып тылсым күш! Мен Секен Тұрысбектің күйлерін де бөлек кетіп, жалғыз тыңдаймын. Аманкүл қарындасымның ғажайып өлеңдерін де солай, оңашада оқимын. Ләззат­тың көкесі сөз, ән, күй ғой, шіркін! Оларға не жетсін?!. Ешнәрсе жетпейді, мен білсем. Ақша мен билік бұларға жете алмайды. Олар қайран өнерге қайдан жетсін?.. Өнердің иесі Алла Тағала. Ол тылсым күшті Алла Тағала сүйген құлының тіліне, тамағына, жүрегіне қосып жібереді. Оны ешкім қайтарып ала алмайды. Сонан да Алла Тағала сүйген, Алла Тағала қадірлеген асылдарға ешкімнің бұйрығы жүрмейді. Тәңір жаратқан тектілер, оны өздері де білуі керек.
Қазақтың жүз әні мен күйі арнайы жазылған кассет­ті күнде таңда тыңдаймын. Қазақтың әні мен күйі мені таңғы алтыда өздері тұрғызады. Сол құдірет­ті әуендермен мен күнделікті өмірімді бастаймын.
– Қазақ романының бастауы кім деп ойлайсыз?
– Оны ойлап не керек? Ол – Мұхтар Омарханұлы Әуезов. Әуезов болмаса, қазақта роман да болмас еді. Оның не екенін Қазақ жазарлары білмес те еді. Әуезов болмаса, Айтматов та, Әбіш Кекілбаев та болмас еді. Бұл – айдай ақиқат. Әуезов – қазақ әдебиетінің рухани ұстазы. Ақылманы.
– Сіз қайда жүрсеңіз де өзіңізбен бірге Құран алып жүреді деген сөз рас па?
– Менің бір телефоным түгелдей Құранға арналған. Ол телефон менің үйімде жиырма төрт сағат жұмыс істейді. Құранды оқымай жан тазара ма?!. Алла Тағалаға сенбесең, өмір сүріп те керегі жоқ.
– Сіздің сұхбат беруді де, әр жерде көрініп, сөз айтуды да ұнатпайтыныңызды білеміз. Оның себебі неде?..
– Жеке бастың ісі туралы көпшілікке сөз айту әбестік болар. Ыңғайсыз да. Менің шығармаларым туралы айтылу керек болса, мен қарсы емеспін. Мен ертеден тіл безеуден аулақ адаммын. Сөзге әуесқойлық жиырмадан елуге дейінгі аралықта көзге көрініп жатады. Ал мен, ертеден жалғыздық ат­ты жалмауыздың құшағына еніп кеткенмін.
Оқырманға автордың жеке басындағы күйбең тірлік несіне керек? Оқырманға керегі жазушының жазған кітабы емес пе?
– Нағыз жазушы болу үшін қандай формула керек деп ойлайсыз?
– Нағыз жазушы болу үшін 99% талант, 99% тәртіп, 99% еңбек керек. Өткендегі жазушыдан немесе бүгінгі жазушыдан асып түсем деп шабуылдап та керегі жоқ. Жазушы өзінен, өз ерік жігерінен асып түсуі керек. Жазушы – дүлей еңбектің адамы.
– Бүгінгі саяси, экономикалық дағдарыстар заманында жазушыға экономикалық бостандық керек пе?
– Жазушы экономикалық бостандықты не қылады?.. Қашанда жазушыға керегі, қалам мен қағаз болған. Жазушы ұмтылысы алдында жатқан ақ қағаз бен қаламда. Творчестволық еңбектің жандануында. Оның көкейін тескен құлшыныс нағыз туынды тудыруында. Жазушыда одан асқан бақыт жоқ. Ол жеңісті де, байлықты да ойлап жатпайды. Жазушыны жеңетін бір билік бар, ол – Алла Тағала жіберетін өлім ғана.

Даңқ

– Сіздің прозалық туындыларыңызды оқып отырып кино көргендей боламыз. Неге сіздің романдарыңыздың, повестеріңіздің, әңгімелеріңіздің желісімен кино түсірілмейді?
– Мен даңқ қуған адам емеспін. Бала кезімнен кинорежиссер болуды армандағанмын. Мектепте оқып жүргенде «Пепел и Алмаз» ат­ты поляк фильмін көріп жан дүнием тас-талқан болған. Ол атақты поляк режиссері Анджей Вайданың фильмі еді. Керемет туынды еді ғой, шіркін! Мәскеудің ВГИК-іне мектеп бітірген соң алмайтын. Екі жыл жұмыс істеу керек болатын. Әуелі өмір көру керек еді. Бұл дұрыс тағлым. Өмір білмесең, көрерменге не айта аласың? Түк айта алмайсың. Мектептен соң, мен геофизика факультетіне түстім. Спортпен шындап айналыстым. Еркін, самбo және қазақ күрестерінен Қазақ­станның чемпионы болдым. Студент­тер арасында Совет Одағының қола жүлдегері атандым. Кинорежиссура оқуына қырық жасымда, өмір ат­ты тажалды көрген соң барып түсем дедім. Ол ой іске аспады. Таза жазушы болып қала бердім…
– Өкініш бар ма?
– Өмір өкінішсіз өтпейді. Керемет кинокадрлар ішімде туып, ішімде өліп жат­ты. Кино арман солай о дүниеге кет­ті. Бірақ жоғалған жоқ. Түнде жапа-жалғыз қалып, төбеге тесіліп қарап жатқанда, көз алдымнан небір кадрлар өтеді. Кадрлар туып, кадрлар өліп жатады. Италияның ғажап режиссері Феллинидің кинолары жадымда. Ұмыта алмаймын. Ғажайып фильмдер. Ғажайып кадрлар. Орыс Андрей Тарковский де менің сүйікті кинорежиссерім. Армян кинорежиссері Сергей Параджанов менің жаныма жақын көрген кино-шеберім. Бұлар – жүз жылда бір туатын тұлғалар. Шәкен Айманов пен Сұлтан Қожықов та қайтып тумас тектілер. Тарлан талант­ты орыс жазушысы һәм кинорежиссері Василий Шукшин, Шәкен Аймановты ұлы артист һәм ұлы кинорежиссер деп ерекше бағалаған. Василий Шукшин менімен кез­дескен сайын, «О, Шәкен Айманов ұлы тұлға еді ғой!» деп күрсінетіні әлі көз алдымда. Өзі де қапыда қайтыс болған Василий Шукшин ерекше тұлға еді ғой. Бұлардың қай-қайсысы да қайталанбас тектілер санатынан болатын.
– Жазушының оқырман алдында қандай міндеті бар деп ойлайсыз?
– Жазушының міндеті – өз жұмысын ақ-адал орындау. Өмірге жақсы шығарма әкелу. Жазушы өз шығармасын кімдер оқып жатқанын ойлап бас ауыртпайды. Шығарма жазу оңай емес. Жақсы шығарма жазу қиынның қиыны. Роман жазуға екі-үш жыл өмір керек. Сол үш жылда романды жазып-бітіруді ойлайды. Әр шығарма өмірге қиындықпен келеді. Жан қинайтын азап шегесің. Не ұйқы, не күлкі көрмей, үш жылың өтеді. Не әйелге, не балаға қарауға шамаң болмайды. Сен олардың ортасындасың, бірақ сенің бар арманың, бар тілегің – өмірге жақсы роман әкелу. Әйелің де сол роман, балаң да сол роман. Туғандарыңнан да қымбат қазына. Роман жазу – қайғы мен қасіретке толы тірлік. Жақсы роман жазу бақыты отыз бен елу жастың аралығына тән. Бойыңда қуатың, жүрегіңде жалын бар. Қартайғанда жақсы туынды тудыру қиынның қиыны.
– Жазушы болу үшін не керек?
– Әуелі тәжірибе, көрімпаздық һәм қиял. Осы үш дүние кімде мол болса, сол жақсы жазушы бола алады.
– Сіз жаңа ғана жазушыға керегі – тәжірибе, көрімпаздық, қиял дедіңіз. Осы үшеуіне шабыт­ты қосуға бола ма?
– Мен шабыт­тың не екенін білмеймін. Шабыт­ты ақындар көп айтады.
– Бүгін ең қымбат дүние билік пен ақша дейді. Сіз қалай ойлайсыз?
– Өмір бойы маған керегі баспана болды. Отыз жыл бойы Алматыда тұрып жатырмын. Қазақ­стан Республикасының Президентіне кеңесші де болдым. Бірақ пәтерім болмады. Алматыда он жеті адамның, сегіз ұлт­тың пәтерін жалдадым. Қиналдым. Бірақ сыр бермедім. Осыдан екі жыл бұрын пандемиядан жан жарым қайтыс болды. Ол қайтыс болғанда мен оны көре алмадым. Ол Алматыдағы ауруханада, мен Астанадағы ауруханада жатқам. Ол өлді. Мен өліп барып, дүниеге қайта оралдым. О дүниедегі атам мен апамды көріп қайт­тым. Бұл – аяусыз тағдыр. Жан жарым өлерінің алдында бір жыл бұрын ғана, Американың «AMAZON» баспасынан шыққан «Құм кезген өліктер» романымның гонорарына үш бөлмелі пәтер сатып алдым. Пәтерді әйелімнің атына алдым. Әйелім үйге кірде де, «Тәуба!» – деді. Дұға оқыды. Өзге сөз айт­қан жоқ. Құран аударған, Абайды, Шәкәрімді, Алаш асылдарын, әлемнің озық ойлы ғұламаларын қазақ һәм орыс тілдеріне аударған, тоғыз тіл білген, оның бесеуінде еркін жазған аяулы жарымның бар айт­қаны «тәуба!» болды. Мен оның қолын сүйіп, басымды идім. Мені мен жасаған өзім ғана емес, әйелім екенін де ұққандай болдым. Ол адам бойындағы барша арсыздыққа, қорлыққа, қатыгездікке, имансыздыққа үнсіз қарсы тұрды. Сыр бермеді. Біреуді ренжітпеді. Алдына келген адамды, адам болып қарсы алды. Бұл – үлкен кісілік қасиет еді. Мен де еш дүниеге қызығып көрген емеспін. Ақшаға да, билікке де. Маған керегі баспана, аштан өлмес дәм, анда-санда көңіл жылытар виски мен бу шығарар қызыл «Richmond» сигареті мен «Гавана» сигары болса, басқа түк керегі жоқ. Әрине, бір пачка қағаз бен жылдам қалам керек-ақ. Шамам болса, әлем аралап кететін әдетім бар. Болмаған жерім – Австралия ғана. Енді көре де алмаспын. Менің қазақ, орыс шәкірт­терімнің бірталайы кәзір Австралияда тұрады. Олар жазуды қойған. Бизнеспен айналысады. Байлық жиғам жоқ. Менің бар байлығым, балаларым, немерелерім, шәкірт­терім мен іні-достарым. Дүниеде бұдан қымбат ешнәрсе жоқ. Мен өмірді жақсы білемін. Оңын да білемін. Солын да білемін.
Арлысын да білемін, арсызын да білемін. Енді қалған аз ғана ғұмырымда қолымнан қалам түспеуін, ой бұзылмауын, талант таусылмауын тілеймін.
– Сіз бүгінгі жазушыларды оқисыз ба?
– Қазақтарды ма?
– Иә, қазақтарды.
– Оқимын. Орыстарды да. Әлем жазушыларын да.
«Шындық байғұс шыр-шыр етіп шыныменен өлгенде,
Тексіздіктің түріледі етегі.
Өп-өтірік жынды болып жүргендерді
көргенде,
Шын жындыға жаным ашып кетеді.
Бас қайғы ма? Қайдам, әне ақымаққа
ас қайғы.
Жүрегі бар адамдарды жұдырығымен
жасқайды.
Сені қайдам, досым, өзім бір нәрсені
түсіндім —
Ақырзаман таяғанда адамдар… кітап өртей бастайды».
Бұл – Аманкүлдің өлеңі.
Бүгінгі жас жазушыларды да оқимын. Болашақтарынан үміт күтемін. Оларға сенемін. Олардың шығармаларын «AMANАТ» журналына басып тұрамын. Жиырма бестен отыз бес аралығындағы бизнесмен жігіт­тер де мықты.

Солардың көбі қарадан шыққан ақ адал жігіт­тер мен қыздар. Мен оларды құрмет тұтамын. Рухтары тірі, милары таза, жүректері асыл. Амал не, көп жастар Америкаға, Еуропаға кетуде. Өкінішті. Мен оларға, «Сіздер елден кетуді емес, елге қызмет жасауға жандарыңды салыңдар» деймін. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген өлмес ұғымды бүгінгі жастар білмейді. Бұл да өкінішті. Бұл өмірде не көп, өкініш көп. Бірақ бұл өмірде, үміт деген сиқыр сөз тағы бар! Қазақтың үміті таусылмауын тілеймін. Құдай берген бақты, пендешілікке қию өлім ғой.
Мен әлем әдебиетінің озық туындыларын мектепте оқып шыққанмын. Институт­та Латын Америкасының, Африканың, Азияның дүлдүл шығармаларын сүйсіне оқыдым. Кәзір де сол ғажайып туындыларды қайталап оқимын. Бес жылда Әуезовті, Толстойды, Достоевскийді, Сервантесті, Мелвилді, Бальзакты, Флоберді, Шекспирді, Фолкнер мен Хемингуэйді оқыдым. Бұлар менің жас кезімде оқыған кітаптарым. Ескі достарым. Күнде Құранды оқимын. Дұғалар кітабын. Ветхий Завет­ті. Библия­ны жиі қараймын. Абайдың шығармалары мен өзім бастырған «Жиырма бір ғасыр жырлары» – «Зар заман жырлары» үстелімде жатады. Мен бұл кітаптарды күнде жатар алдында ақтарам. Оқимын. Ойланамын. Көзіме жас келеді.

– Жазушыны қызықтыратын не?
– Екі-ақ нәрсе деп ойлаймын. Біріншісі – ақиқат. Екіншісі – адамның жан дүниесі. Ақиқат сағым секілді, қанша қусаң да жеткізбейді. Адамның жан дүниесі – мұхит, оның түбіне жету мүмкін емес. Сондықтан да, ақиқат та, адамның жан дүниесі де жазушы үшін тылсым әлем. Жазушы сол сиқыр дүниенің қойнауын ақтаруға жанын салады. Жете алмайтынын да біледі. Бірақ тылсым әлемнің құпиясы – жазушы үшін асыл көмбе. Жете алмайтын, жеткізбейтін сиқыр көмбе. Адам бойын әуелі күш-жігер толтырады. Адамгершілік сонан соң ғана бой көтереді. Бой көтермеуі де мүмкін. Өмірдің жақсылық пен жамандыққа еш қатысы жоқ. Адамдар кәдімгі өмірде күн кешеді. Адамға керегі пысықайлық, билік, ойын-сауық. Ал өмірдегі жақсылық пен жамандықты айыру моральдық парыз. Моральдық парыз – қарғыс. Адам Алла Тағаладан алған қарғысының орнына анда-санда алданыш көрер арманды тілеп алған.

Түрме

– Дәл осы арада сізден атақты «Шайтанның тағы» романы туралы айтуыңызды өтінбекпін. Кезінде бұл романыңыз екі миллион тиражбен Мәскеуде шыққанын білеміз.
– Роман, Кеңестер Одағы кезіндегі түрме өмірі туралы болатын. Мен ол романды отыз екі жасымда жазып бітірдім. Бірақ романды Мәскеу баспалары сегіз жыл ұстады. Михаил Горбачев билікке келген соң ғана, романды жарыққа шығаруға мүмкіндік туды. Мен ол кез­де қырық жаста едім. Сегіз жыл аш-жалаңаш өмір сүруге тура келді. Мен үшін де, отбасым үшін де ауыр жылдар еді. Көлденең ақша табуға тура келді. Аудармамен айналыстым. «Қамбар батыр» эпосын, Мұхтар Мағауиннің «Вешние снега» романын, Оралхан Бөкеевтің «Қамшыгерін», Сібір жазушыларының әңгіме-повестерін орысшаға аудардым. Мәскеу баспаларына түсіп жататын колжазбаларға рецензия жаздым.
Мен отырған Псков түрмесі өте қатал, өте қанішер түрме еді. Айтулы ұрылар мен баукеспелердің көбі сонда болды. Ғажап «вор закондармен» кез­дестім. Сөйлестім. Олардың жан дүниелеріне үңілдім. Билік бір төбе. Баукеспелер бір төбе болатын. Нағыз ер, айт­қандарынан қайтпайтын батырлар еді. Несін айтасыз!..
Түрме өмірі өте ауыр. Адам баласының басына бермесін. Бұл түрмелер Патшадан, Сталиннен қалған тас қамалдар. Ешқандай адамдық үлгіге келмейтін жексұрын орын. Ол жерде адам жоқ, аң, жан-жануар ғана бар. Түрмешілер тұтқындарды адам санамайды. Кей кез­дері өзіңді адам емес, жабайы жануар санайсың. Тіптен, сол ойға көндігесің. Мойындайсың. Түрменің ішінде не жоқ дейсің?!. Бәрі бар. Ақша да, небір марихуаналар мен героиндер де баршылық. Тек бостандық жоқ. Көбіне бостандықтың еш керегі де жоқ болатын. Түрме олардың үйі. Жан сақтаған саяжайлары. Сол түрмеде, жалғыздық камерасында
Николай Николаевич деген «вор в законе» отыратынын еститінмін. Бір күні түңгі бірде, сол адам мені камерасына алдырды. Мен камераға кіргенде, ол қабырғаға қарап тұр еді.
– Жас жігіт, сен мұнда не қылып жүрсің?.. – деді де, бұрылып маған қарады. Сонда көрдім, ол кісі қабырға қасындағы аквариумдағы балықтарға жем салып тұр екен. Мен не айтарымды білмей, дел-сал боп тұрып қалдым. Бұл мен күтпеген жәйт болатын. Бірақ ол адамның сөзінен, менің Псков түрмесіне неге келгенім белгілі болғанын ұқтым. Маған шындықты айту керек еді. Николай Николаевичке шындық емес, ақиқат керек болатын. Өңменімнен өткен салқын көк көзі маған тесіле қарап тұр еді.
– Түрме жөнінде роман жазғым келді.
– Неге? – деп сұрады.
– Шындық үшін.
– Шындық әлсіз. Ақиқат­ты айғайлатып жазу керек, жазған соң. Сталиннің түрмесі туралы ақиқат­ты жазуға сен әлі жассың. Бұл – бір. Екінші, саған оны қызылдар жазғызбайды. Жазсаң да, шығармайды.
– Талпыну керек, – дедім. – Ақиқат­ты айтпаған қоғам өз-өзінен шіріп өледі.
– Әрине, ол дұрыс, – деп бөгелді. – Жас жігіт, сен арақ ішемісің?..
– Ішемін, – дедім.
– Ақ арақ па, виски ме?..
– Виски, – дедім. Екі метр камераға виски қайдан келсін деген ой еді.
Тоңазытқыштан виски бөтелкесін алып шықты.
Мен таңғалдым.
– Темекі тартамысың?
– Тартамын.
– «Столичный» ма, «Мальборо» ма?
– «Мальборо». Түрмеге Американың «Мальборосы» қайдан келсін деген ерегес еді.
Үстел тартпасынан ашылмаған темекі қорабы мен зажигалканы маған қарай лақтырып жіберді. Лезде қағып алдым. Бұл менің түрме камерасында алған алғаш нокаутым болатын.
Төсегіне отырғызды. Бір стакан виски құйды.
– Вискиіңіз бен «Мальборо» үшін мың рақмет. Түрмеден шыққан соң, сізге кітабымды салып жіберем.
– Кітап керегі жоқ, – деп менің сөзімді шорт бөліп тастады. – Кеңес жазушылары өтірік жазады. Биліктің құлдары. Библиядан асқан кітап жоқ. Мен оны жатқа білемін. Маған өзге кітап бір тиын. – Мен үндегем жоқ. Үндегенде не айтам?
– Құран салып жіберейін, – Ол үнсіз отырып барып:
– Құранды жібер. Бір әйел жақсы аударған дейді.
– Валерия Порохова.
– Дәл айт­тың. Соны жібер.
– Қазақтың ұлы ақыны Абайдың да кітабын жіберейін.
– Абайды орыстар нашар аударған. Абай менің жерлесім. Мен Семейденмін. Он бес жасымнан түрме аралап кет­тім ғой. Бүкіл саналы өмірім түрмеде өт­ті. – Сәл бөгеліп барып: – Абай менің жерлесім емес, ақиқатында, мен Абайдың жерлесі боламын.
– Әйелім екеуміз Абайдың «Қара­сөзін» орысшаға аударғанбыз. Сол кітапты жіберейін.
– Жібер, – деді лезде. – Жібер. Абай ғұлама деп естимін. Кітабыңды жібер. Оқиын.
– Рахмет.
– Рахмет­ті сен емес, мен айтуым керек. Жауапты ойланып барып айт­қан жөн, жас досым.
– Жалғыз камерада отырғаныңызға қанша жыл болды? – деп сұрадым.
– Қанша жыл деймісің? Он үш жыл болды. Жалғыздық – жалмауыз. Бас, жүйе кетіп барады. Жынданатын шығармын. Талай батыр жігіт­тер жынданып кет­ті ғой.
– Сіз жынданбайсыз. Сіз нағыз батырсыз! Библия қасыңызда. Құранды жіберем. Құдайдың кітаптары сізді қорғайды.
Мірдің оғындай көкпеңбек көз маған тесіле қарады. Әлден соң барып:
– Сен өзің жақсы жігіт көрінесің. Бұл өмірде жан баласына сенбе. Жүрегіңді ашық, адал ұста. Жүректің жұмсақ болғаны дұрыс. Біздің жүрек, жүрек емес, тас болып кеткен, – деді. – Мені камерадан шығармайды. Саған керек адамдарды өзім жіберем. Соларды тыңдай бер. Жаза алсаң, романыңа жүк болады. Тағы құяйын ба?!.
– Жоқ, рахмет.
– Дұрыс. Қолдаймын. Көп ішудің керегі жоқ, – деп қолын созды.
Жиырма сегіз жасымда, бірінше рет «вор в законені» көрдім. Өмірімде бірінші рет әділ сөз естідім.
Камераға қайтып бара жатқанда, ақиқат түрмеде екен ғой, – деген өмірдің оғындай ой жүрегімді тіліп түскен.
«Шайтанның тағы» романында бір үлкен бөлім Николай Николаевич туралы еді. «Вор закондар» туралы толғаныс, таным, тану. Өкінішке қарай, бұл бөлімді Михаил Горбачевтың сарбаздары да кітапқа кіргізіп баса алмады. Үлкен бөлім менің чемоданымда жиырма жылдай жүрді. Алматыда пәтерден пәтерге көшіп жүргенде жоғалып тынды. Ендігі қартайған шағымда, қалт еткен сәт болса, сол бөлімді жазып тастағым келеді. Адал, асқақ, ақылды Николай
Николаевич туралы ақиқат айтылсын деген ниет қой. Николай Николаевич түрмеден босаған соң, өлер алдында маған қысқа хат жазған. Қат­ты ауыратынын, Христос түсіне ене беретінін айтып, «өле қалсам, мені о дүниеге ат­тандыруға қабырымның басынан табыла аласың ба?..» деген тілегін де қосып жазатын еді.
«Шайтанның тағы» романы шыққан соң, мен қамауда жатқан адамдардан көптеген хат­тар алдым. Жан қинайтын, көзге жас толтыратын адал сөздер еді. Ал балалары түрмеде күйреп жатқан аналардың хат­тары қандай еді, Құдай-ау! Қандай жанайқайға, қасіретке толы еді… Үш мың хат та менімен бірге Қазақ даласын кезіп жүрді.

Ақын. Батыр. Билік.

– Қазір не жазып жүрсіз?
– Абай туралы «Соңғы түн» деген роман жаздым.
– Оны өртеп жібердіңіз ғой. Орысша жазылғандықтан ба?..
– Қазақша толғағым келді. Бұл өзі бөлек роман. Жазылуы да, ойлауы да, тебіренуі де. Сонан кейін «Ұмытылған» романы. Шәкәрім қажы туралы. Бұл роман, сонау 1980 жылы басталған. Кеңестер кезінде Қажы туралы жазуға тыйым салынған. Кітаптары да шықпады. Қанша рет романды бастадым, қанша рет жақтым, қайта бастадым. Несін айтасың, қырық екі жыл өт­ті ғой. Ертеде бастап қойып, бітіре алмаған бірнеше роман тағы бар. Денсаулыққа байланысты қалып жат­ты. Кейбірі жоғалды. Жыл сайын пәтер ауыстырған адамның архив сақтауы мүмкін емес. Менің өмірім, әлемде өз орнын таба алмаған географиялық Қазақ­стан атауына ұқсайды. Дешті-Қыпшақ Республикасы болсақ, әркім жағамызға жармаса алмас еді. Таяз ойдың өкініші көп. Бұл сол тоқсаныншы жылдардағы тексіздік. Тағы бір романым – «Күлтөкпедегі өмір». Бұл қазақ халқының бір ғасырлық тіршілік тынысы. Көркеюі, дағдарысы, аштығы, соғысы, жерінен айырылуы, орыстың малайы болуы, тілінен айырылуы, санасының улануы… Бұл үлкен, қомақты роман емес. Шымыр ойлы ақиқат арқалаған, шындық жұтқан, қан жылаған трагедия. Осы романды бітірген соң, қаламымды қақ бөліп, күлтөкпеге лақтырып тастаймын. Қайтып ештеңе жазбаймын. Бұл – әдебиетпен де, өмірмен де қоштасу романым. Алла Тағаладан осы ойымның іске асуына көмек бере гөр деп тілеудемін.
– Аға, бізге қонақ болып келгеніңізге рақмет айта отырып, «Асыл сөз» жобасының дәстүрі бойынша келген қонақтардан бата, асыл сөзіңізді сұраймыз.
– Алып аспанның асты мен Ана-Жердің үстінде күн кешкен халқымызды ардақ тұтайық!
Жазушы да, батыр да, саясаткер де, сол халықтың құшағынан суырылып шығатынын еш ұмытпауымыз керек.
Бізге ендігі керегі, бірлік пен береке. Ұлт болуға ұмтылған ұзын-сонар ауыр сапар. Қалғаны жанымыз бен жүрегімізде дүлей серпінмен дүрілдей толқып, тасып жатыр емес пе?.. Олай болса, оны неге ұмытпақпыз?..
Өзге ұмытса да, ендігі тірлікте, қазақ ұмытпауы керек.
Дәл бүгін, қазақ билігіне жауапты интеллигенция ауадай қажет. Жауапты интеллигенция билік аясына еркін енбей, ел болашағы дағдарыста қала береді.
Қазақ мәдениеті мен өнерін тірі ұстауға жанымызды салайық.
Мәдениеті мен өнерін көздің қарашығындай ардақ тұтып, сақтай алған ұлт қана Ана-Жерде өмір сүрмек.
Олай болса, қазақ халқы, ұлт болуға жанын салсын. Қызыл қанын жүгіртсін!.. Асыл ойын тірілтсін… Талмасын, тартынбасын!..

Сұхбат­ты жүргізген
Әділ Қойтанов

ПІКІРЛЕР1
Аноним 23.09.2023 | 12:41

Андрей Тарковский — орыс емес, құмық.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір