Ержетті, далам, ұлдарың

Ерлан ЖҮНІС
О, неткен жұп-жұмсақ
туған жер тастары,
О, неткен қатты еді алақаным!..
…Ойлансам, мен туған
өлкенің аспанын,
арқалап баратамын…
Ержеткен ұл сынды
арқалап жүретін шешесін,
өмірдің кітабын ежіктеген,
тағдырдың,
заманның,
тарихтың көшесін,
көтеріп мен соны кезіп келем.
Кеземін,
кеземін дүниенің жолдарын,
аларым, берерім, көрерім көп,
мықшитып,
мойнымды қиса да салмағы,
арқамды қажады дегенім жоқ.
Ол аспан мені де нәресте күнімнен,
көтерген – биік,
алып –
басыма күн қадап мен сонда
жүгіргем,
бұлттардан ит көйлек киіп алып.
Буыным бекіді,
жүрекке от еніп
толықты жілік майым,
мен сені, туған жер, биікке көтеріп,
мен енді ұлықтайын!
Басыңа күн қадап сен енді шалықта,
ең ұлы әуенді тербеп жүрек!
Таңырқап қарасын уақыттар,
халықтар:
«Даланың ұлдары ержетті» деп!
Ақ сүтің бар сенің – еркімде,
күшімде,
ғасырлар бұғауын үзер, кілең…
…Туған жер аспанын
құлатпау үшін де,
ешқашан бүкпеймін тіземді мен!
***
Біз саған келеміз шерленсек,
мұң шақсақ,
Басымызға – күн шап-шақ!
Сен бізді Тәңірден тіледің емес пе,
Мыңжылдар бойына
мойныңа бұршақ сап,
О, далам!
Біз саған келеміз марқайсақ,
насатпен,
Шашымыз – күн сәулесіндей
шашақпен,
Жанымыз – өзіңдей
жайқалған бір байтақ,
Найқалған
жас, өктем!
Біз саған келеміз,
Тобылғы сүйекті,
Тораңғы бастанып,
Кеудені күйдіріп сілтідей жас тамып.
Талықсып кеткенде,
Төрт құбыла құшақтап,
Тауларды жатамыз жастанып.
Сен берген мықтылық,
Иілмес мінезді иықпен ұқтырып,
Төменшік жылдардың
төбесін қақыратып,
Кетеміз тік тұрып!
Көзімізден күн өбер,
Көкіректен жыр өнер,
О, түркен байтағым,
тітіретіп сөйлерсің сен сонда:
Түріктің ұлдары,
Түрегел,
Түрегел!
Қарт анам,
Зарлы анам,
Жүзіңді көрдім ғой жабығу торлаған,
Есеймей қойғандар есерсоқ баладай,
Есіңді алғанына қорланам!
Толғаттың, о, далам, дәуірді, адамды,
намысты, ұжданды, жан, арды,
сен тудың тілді де,
сөйледік біз дала тілінде,
ойланттық заманды!
Өмірге әкелдің өркениеттерді де,
Қағанды, қағанат, мұрақты, мөрді де,
Ананың сүтіндей бір тамшы
ұлылықты,
Тамызып жібердің халықтың ерніне,
Сол тамшы тамырмен зырлады,
Қан болып айналды,
Ырғағы – тербетті дүниені,
Тербетті дүниені,
Даланың ұлдары!
Ол – сенің ұлдарың,
Сақ та, ғұн, түркілер,
Байтақта тұлпардай дүркіреп,
Өркениет жасады,
Қалалар тұрғызды,
Дүниені сілкілеп.
Тұңғышың кім еді,
Тарғытай, Бұмын ба, Алаша?!.
Бабамды іздеймін
әкесін жоқтаған балаша,
Қараңғы ғасырлар ояна бастар ма,
Таңменен таласа.
О, менің мәңгілік құштарым,
Мен дағы нәби бір
сөздерге нұсқамын:
Қаз басып келеді, қарашы,
қарашы, о, далам,
Тар құрсағыңды кеңіткен
Қазақстаның!
Ол сенің сүт кенжең,
Сүт кенжең – соғыс та,
аштық та, жұт көрген,
Көш көрген,
Сес көрген,
Тарыдай шашылған,
Терідей бүктелген.
Бір заман келер деп, берер деп
бақ тәңір,
Арын да, жанын да сақтады,
Қарашы, о далам, ол сенің сүт
кенжең,
Басына күн қадап сол келе жатқан ұл!
***
Көп көрген кермені, көп татқан
кермекті,
Тәй басқан ұлдарың таудай боп
төрге өтті:
Ержетті ұлдарың,
Зар кешкен заманда бұрнағы –
Алаша ханның да үш ұлы ержетті!
Өлкенің үміті – өжет бір өреннен,
Қазақтың о, бүкіл ұлының тағдырын
көрем мен:
Кер шақта жау шапқан қалада
жалғыз қап,
Жылаған,
Ержетті Елжау да бөрі емген!
Тар заман тұсында төгілген
жастың да,
Жапырып өтетін жылдарды
барабар күші бар тасқынға,
Ержетті кешегі үркінді заманда –
Қалған ұл қазанның астында.
Кенже қап жатқанда
қазақтың ғасыры,
Жан берген асылы –
Ержетті Есақай, Қосай да,
Доспамбеттің артында з
арлаған қос ұлы!
Адыра қалғанда арда жыр,
Ұлдарға замана болғанда тар қабір:
Ержетті ебіл де дебіл боп еңіреп,
Алаштың артында қалған ұл!
Алаштың қаны бар
аштықтың қолында,
Жусап қап жұрт түгел жолында,
Қарындасын қасқыр жеп,
қан жылап анасы –
Бір перзент қап еді,
Ержетті сол ұл да!
Бесігін арқалап бел асып
көшкенде ел,
Қасіретті жылдардың о,
жолын кеспеңдер,
Қайыра оралар аңырап кеткен ел,
Қара нардың да жүгін шешпеңдер!
Жаяды жаңа жұрт жайқалып
өркенін,
Қарашы қайырылған сол көштің
көркемін,
Бір-бірін арқалап ұлдарың оралды,
Оралды Қабдешің,
Оралды Жәркенің!
Қазақтың ақ таңын
күткендей көз тігіп,
Үркердей туады қайтадан ескі үміт,
Оралды кешегі көшкен ел ұлдары,
Оралды Жеменей,
Оралды Өзтүрік!
Қарашы, қарашы, құлдығым,
Өткеннің аңызы – ендігі шындығың:
Көк Тудың астында көздері оттанып,
Кешегі балалар тұр бүгін.
***
Арда мен асылдың қалмаған
секілді жұрнағы,
Жабықпа, жайсаңым,
Қамықпа, қайран ел қырдағы.
Кешегі балалар, қарашы,
бүгінгі қара нар,
Даладай келбетті,
ержетті даланың
ұлдары.
Сен бізді өсірдің,
кешірген сен сонда шер де өтті,
Әз далам,
өз балаң өркенін жайғанша
тербеттің.
Отаным, орман боп,
қорған боп тұратын өзіңе,
Тауыңдай тұлғалы,
ұлдары даланың
ержетті.
Алтай мен Атырау,
Алатау – Арқаның арасы,
Қыраның секілді,
жетілді ұлдарың,
қарашы.
Бабаңның бейіті,
Балаңның бесігі – ақ дала,
Далаңа кие бол, ие бол,
қазақтың баласы!
Оу, далам, ержетті,
кешегі нәресте ұлдарың,
Таудағы, шөлдегі,
қырат пен қырдағы,
Ішіңе қайрат боп,
Сыртыңа айбат боп,
Қолыңда байрақ боп тұр бәрі!