ӘДЕБИЕТ – ТІРЕГІМІЗ!..
Адамның адамдығын айқындайтын – оның рухы. Рухы мықты халықтың әрқашан күшті болатыны да содан. Әсіресе, ұлттың өзін-өзі сақтауында рухтың маңызы зор. Мен рухани құндылықтың көшбасшысы деп әдебиетті айтар ем. Халықтың тыныс-тіршілігі мен болмысы көрініс тапқан халық ауыз әдебиетіміз – қайнар бұлақ. Шөлдеген адам әркез сол қайнар бұлақтан мейірі қанғанша ішуге ынтық. Абай туындылары тек қазаққа ғана емес, адамзатқа ортақ. Оны оқып өскен өскелең ұрпақта ұлы ойлар туады. Мұқағалидың уақытпен тілдесіп, ғасырмен үндесетін тылсым жырларын оқыған жанның жүрегі нәзіктене түседі. Мұхтар мен Ілиясты, Шерхан мен Әбдіжәмілді, Әзілхан мен Тахауиді оқыған жастың жүрегінде Отанына деген махаббат орнайтыны белгілі. Басқасын былай қойғанда, бір ғана «Абай жолының» өзі неге тұрады?! Ал қазақтың ән-күй өнері туралы әңгіме мүлде бөлек. Мысалы, «Нар идірген» күйі аңызбен астасып жатқанымен, онда ұлы шындық бар. Қазақтың әрбір әнінің, әрбір күйінің бір жыр-дастанға арқау боларлық тарихы бар. Бұл халқымыздың рухани кеңістігінің толық аңғартатын, ғасырлар бойы атадан балаға мұра боп келген рухани қазынамыз, ұлттық мұрамыз. Қазақтың небір соқтықпалы-соқпақты жолдардан адаспай өтуіне де осы руханияттың әсері зор болғаны сөзсіз. Иә, руханият деп аталатын ұғымның өзі өте ауқымды емес пе? Діл мен тіл, әдет-ғұрып пен салт-сана – діңгегіміз. Десек те, біздің басты байлығымыз – жастардың Тәуелсіз ойы. Азат ойлы азаматтар жасаған ерлігі – елдігіміздің дәлелі. Азат ұлттың – рухы биік! Бұрнағы әдебиеттегі орталық тақырып Тәуелсіздікті аңсау болса, бүгінгі әдебиет Тәуелсіздікті жырлайтын әдебиет. Бүгіндері әдеби қорымыз Тәуелсіздіктің мақтан еткен туындылармен толықты. Ал ондай шығармалар жастарға үлкен күш-қуат, сенім береді. Егеменді елдің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны – рухымызды көтеретін қастерлі дүниелер. Ал «алдыңғы толқын ағалардың» әр саладағы жетістігі мен әлем алдындағы беделіміз біз сияқты жастарға серпін береді. Бұл – асқақ рух пен тамырын тереңге тартқан руханиятымыздың жемісі. «Мәңгілік Ел» идеясы бабаларымыз – Көктүріктер бастаған ұлы жоспармен үндес екені ешкімге жасырып емес. Бұл Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басты назары тек қана экономика мен саясатта ғана емес, мәдениет пен руханиятқа да ауып тұратындығының дәлелі. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, біз осынау бастаманың қасынан табылуға тиіспіз. Сонда ғана өскен, дамыған мемлекет екенімізді көрсетеміз. Ендігі мақсат – бірлік пен сенімділікті серік етіп, алға қойып, ұлттық рухты асқақтату! Ол үшін не істемек керек? Ең алдымен біз қаны қазақ, жүрегі – Отаным, Елім, Тәуелсіздігім деп соғатын, ұлттық дәстүрін бағалайтын патриот болуымыз қажет. Мәселен, Біржан сал мен Жиренше шешен, Балуан шолақ пен Асанқайғы сынды ұлылардың ұрпағымыз. Соны ұмытпайық! Ол үшін рухани кеңістігімізді тарылтып алмауымыз керек!
Сәндібек ПРЕНОВ,
№9 В.А.Савва атындағы орта мектебінің
11 сынып оқушысы.
ЖЕҢІС КҮНІН ЖАҚЫНДАТҚАНДАР!
Қан майданның қаһарынан қорықпай,
Өз міндетін атқарған бір толықтай.
Соғыс жылы есімізде тұрады,
Қарт майдангер ерліктерін ұмытпай.
Ардагерлер арқа сүйер панамыз,
Біз оларға әрқашан да баламыз.
Құрметтеуге, ұлықтауға тұрады,
Жеңіс күнін жақындатқан бабамыз.
Жеңіс күні ұмытылмас жүректе,
Қайтқан кекті айтқан дұрыс бұл ретте.
Жеңіс күні, Жеңіс күні жасасын,
Туды тіккен Рейхстагқа күн есте!
Сымбат АБАТБАЙ,
Жамбыл облысы, Меркі ауданы
№9 В.А.Савва атындағы орта мектептің
8 сынып оқушысы.