Әдебиет пен дәстүрдің тоғысы
28.12.2024
95
0

Ақын Қасымхан Бегмановтың көптомдық шығармалар жинағының тұсаукесерін ұйымдастыруда Жазу­шылар одағы мен ұлттық-этнография­лық «Дәстүр» журналының үлесі зор.

Тұсаукесердің басты идея авторы да, ерекше форматты ұсынған да Мереке Құлкенов болды. Шараның ерекшелігі – кең дастарқан басында еркін пікірталас ұйымдастырылып, шығармашылық туралы ашық әңгіме өрбіді. Жиын барысында ресми рәсімдер де назардан тыс қалмады: лента қиылып, құттықтау хаттар оқылып, жылы лебіздер айтылды. Сонымен қатар өлеңдер оқылып, Қасымхан Бегмановтың сөзіне жазылған әндер орындалды. ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев шараға арнайы қатысып, Қасымхан Бегмановқа Мемлекет басшысының атынан Алғысхат пен «Алтын барыс» төсбелгісін табыс етті. Сонымен қатар зиялы қауым өкілдері – Дулат Исабеков, Өмірәлі Қопабаев, Нағашыбек Қапалбек, Жанғара Дәдебаев, Қансейіт Әбдезұлы, Мәмбет Қойгелді, Марат Тоқашбаев, Жүсіпбек Қорғасбек, Зайда Елғондинова, Роза Есенбаева, Раушан Каршалова, Гаухар Балтабаевалар жүрекжарды тілектерін білдірді. Тұсаукесерге Қазақстанның танымал ақын-жазушылары, әдебиетшілері, тарихшылары, этнографтары мен мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ ақындар Ақсұңқар Ақынбаба, Гүлманат Әуелхан, Жазира Ахметова, «Дәстүр» этнографиялық журналының бас директоры, этно-журналист Сәлия Әбдікәрімова және Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орын­басары Ғалым Қалибекұлы мен Одақ ұжымы қатысты. Шарада тек әдебиетке ғана емес, ұлттық құндылықтарға да жоғары баға берілді, яғни биыл Қасымхан Бегманов басқаратын ұлттық-этнографиялық «Дәстүр» журналының жарық көргеніне 15 жыл толды. Осы уақыт аралығында журнал қазақтың ұлттық құндылықтарын сақтау мен дамытуға айрықша үлес қосты және бұл бағытта қызметін жалғастыра бермек. Көптомдық шығармалар жинағының тұсаукесері барысында айтылған ыстық лебіздер мен тілектер қазақ әдебиеті мен мәдениетінің болашағына деген сенімнің белгісіндей әсер қалдырды. Бұл шара қазақ әдебиеті мен ұлттық дәстүрді ұлықтаған, рухани қазынамызды ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен оқиға болды.

Қазақстан Жазушылар одағының
баспасөз қызметі 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір