«Әдебиет кімге керек?..»
02.11.2023
356
1

Екі жыл универсиетте оқытушы болып жұмыс істедім. 3-4 курстарға «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» атты сабақтың семинарын жүргіздім. Сонда мені бір нәрсе таңғалдырды. 3-4 курстың студенттерінің біразы Әуезовті оқымай келетін менің алдыма. Одан бөлек, көбі жаза алмайды.

Сонымен, силлабусты ысырып қойып, студенттер 1-курста, тіпті мектепте оқып тастауы керек 10 кітаптың тізімін жасадым. Әр аптада біреуін оқып, соған сыни пікір жазу керек. Басты шарт – өзіңнің ойыңды жазу. Біреуден ұрлап-жырғап жазуға болмайды. «Ой ұрлау мен қой ұрлаудың күнәсі бір», – деп үйреттім. Мектептегі ұстазымның айтатын сөзі еді.
Ав­тор ойының шеңберінен шығып, қисық ойлауды үйреткім келді. «Сын» деген – автордың айтқысы келгенін ашу ғана емес, сол ойдың оқырманның өзіне әсерін жазу екенін айттым. Бастысы, жазбаның көлеміне мән бергем жоқ.
Поштама алғашқы жұмыстар түсті. 90 пайызы интернеттен көшірілген. Оны антиплагиатқа салып тексеріп отырмын ғой. Барлығына 0 деген балл қойып бердім. Екінші жұмыстары да солай болды. Үшінші-төртіншіден бастап түзеле бастады. Бірінші семестр соңында менің студенттерімнің 80 пайызы көлемді монография жаза алмаса да, өз дипломын жаза ала­тын деңгейге жетті. Шын қуандым.
Одан бөлек, кітапты оқыған-оқымаға­нын детальдарды сұрау арқылы тексе­ріп отыратын едім. Бірнеше студен­тім­ді жазғы оқуға қалдырғаным да – есімде. Мақтаныш емес, тек олар­дың әдебиетке деген құр­мет­сіз­­дігі қатты қынжылтатын еді.
Сон­да 3-курсқа қазақ әдебиетінің клас­сика­лық шығармаларын оқымай келетін олардан қандай әдебиетші, мұғалім шығады? Бұл кімнің кінәсі деп ойладым?
Заманды, қоғамды, интернетті кінәлай беруге болады. Бірақ бірінші кезекте оқу жүйесін кінәлағым келеді. Басқа мамандықтарды білмеймін, филология факультетінде базалық пәндер көп оқытылуы керек. Әсіресе әдебиетке қатысты. Олар фольклордан басталып, тұтас дәуірлерді қамти өтіп, қазіргі әдебиетпен аяқталғаны абзал. Әлем әдебиетін, қазіргі заманғы әдебиетті элективті пән ретінде қоюға болмайды. Сонымен қатар «Қазақтың классикалық әдебиеті» деген бір семестр емес, толық бір жыл оқытылатын базалық пән қажет. Ол жерде аптасына кемі бір кітап оқылып, жәй ғана талданып отырса. Өйткені бұрынғыдай филология факультетіне үлкен дайындықпен келетін студент аз. Біразы Жүргеновке түсе алмай қалғандардан, біразы журфакқа түсе алмай қалғандардан құралады. Оларға кітапты басынан бастап оқыту керек. Онсыз теорияны, сынды оқығаннан ештеңе шықпайды.
Сосын қазіргі Жоғары оқу орындарындағы индикатив деген мәселені алып тастаса ғой. Мұғалімдерің жарты өмірі босайтын еді.
«Таңдау пәндері» деген нәрсе бар. Онда студент оқығысы келетін сабағын, мұғалімін таңдауға тиіс. Алайда бізде таңдау жоқ. «Анау мұғалім толып қалды. Бұл сабақтан бір ғана топ ашылады немесе топ ашуға студент саны жеткіліксіз» деген жазылмаған заңдар бар. Тіпті «анау сабақтан «пәленше» деген мұғалімді таңдаңдар» деген нұсқау түседі. Біз оқитын баллон үдерісі бойынша бір-екі студентке де сабақ ашылуы керек емес пе? Немесе бір пәнді бірнеше топ таңдап оқығанда тұрған не бар? Университет артық ақша төлегісі келмейді. Яғни біздің университеттердегі «пән таңдау еркі» жалған сайлау сияқты.
ҚазҰУ-да сабақ беріп жүргенімде тағы бір университеттен жұмысқа шақырды. Бардым, қабылдады. Содан сабақ басталды. «ХІХ ғасыр әдебиетінен» сабақ бердім.
Маған мектептен «тарихи кезеңді білмей тұрып, сол тарихи кезеңде жазылған әдебиетті оқу мүмкін емес» деп сіңірілген еді. Яғни «әдебиет – тарихтың көркем шежіресі». Сол үшін студенттеріммен бірінші сабағымды тарих туралы әңгімеден бастағам. Сол сабақта олардың көзінен тест кітапшасын көрдім. 1847 жылы қайтыс болған қазақ ханы жайлы сұрасаң, «Кенесары», – дейді. Бітті. Ары қарай ешетеңе жоқ. Қалай, кім, не істеді? Жалпы ХІХ ғасыр туралы түсінігі жоқ. «Абай ХІХ ғасырда өмір сүрген», – десең таңғалады. Ол кісі Аристотельмен құрдас болған десем, сенетіндей. Барлық студент емес, әрине. Дегенмен мұндайлар көп.
Сонымен оқытатын кезеңдегі тарихи-әлеуметтік жағдайды ұғындыру үшін Есенберлиннің «Қаһарын» оқытатын болдым. Сосын, «Абай жолының» 1-2 томдарын оқуды ұсындым. Соңыра ХІХ ғасырдың түйіні боларлық А.Сүлейменовтің «Бесатары» мен «Адасқағы» оқылуы керек еді. «Абай жолынан» басқасын бірінші рет естіп отырған студенттер де бар сияқты ішінде.
Алғашқы 4-5 аптада солай ХІХ ғасыр мен оның түйінделуі жайында айтылуы қажет еді. Содан ары негізгі материалға көшеміз.
Осы тұста мен бір қателік жіберіппін. Студенттерге: «Сабаққа келмесеңдер де болады. Тек мен берген кітаптарды оқып, тапсырмаларды орындап, әр 3 аптада бір рет келіп, тапсырып кетіңдер», – дедім. Сөйтсем, «сабаққа қатысқанға балл қойылмайды», – десең, студенттер мүлде келмей қояды екен. Сонымен, екі группаның бірі келеді. Екіншісі мүлде жоқ. Бірімен жақсы сабақ өтіп жүрдік. Екінші группадан қорқайын дедім. Белгіленген уақытта келіп, мені білімдерімен көміп тастаса. Менің түсінігімде «өте білімді» студент қана сабаққа бармай қоя алады.
Үш апта өтті. Екінші группа келмеді. Сәлем айттым. 5 аптада ма жинадым бас-аяғын. Сұрай бастадым. Олардың көзінде тіпті тест кітапшасы да жоқ сияқты. «Әуезовтің іш пыстырарлығын», «Есенберлиннің түсініксіздігін», «Асқар тілінің қиындығын» айтып келді барлығы. Арасында бір қыз: «Мен Бесатарды оқыдым», – деді. Қуанышымда шек жоқ. Сұрап жатырмын. Алғашқы үш сөйлемнен кейін «кітаптың қысқаша мазмұнын» оқып келгенін түсіне қойғам. Детальдарын сұрай бастадым. «Крейгел шегетін темекінің аты не?» – дедім бір кезде. Оны да білген жоқ. Сонымен, сабақ бітті. Егер тапсырмалар орындалмаса, жазғы оқуға қалдыруға болатынын айттым.
Сол күні кешкілік деканаттан хабарласты: «Сіз студенттерден темекі туралы сұрапсыз», – дейді. «Кітап оқытып, тарихты түсіндіргім келді», – дедім. «Тарихта неңіз бар, оқушыларды ҰБТ-ға дайындай алатын мамандар керек. Соны оқытпайсыз ба?» – дейді. Сонымен бітті.
Кейіннен бір таныс мұғалім: «Бұл жердегі филфакта көбіне ақылы оқиды. Сондықтан көп талап етуге, жазғы оқуға қалдыруға болмайды», – деді.
Сонда бұл студенттердің әдебиетті таңдап, ақылы оқуы бізге міндет пе? Әлде Филология оқудың қоры ма еді? Қалай болғанда да мұғалім болып баратыны белгілі ғой бір жерге.
Яғни бәрін қойып филология факультетінің өзінде «әдебиет кімге керек дейсің» деген түсінік бар-дай…

Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 06.11.2023 | 19:30

Өте дұрыс жазылған. Бір сөздің басын құрап жаза алмайтын филологтарды көп көрдім. Мұғалім бола алмаған соң көбі басқа салаға жұмысқа тұрады. Кітапханада жұмыс істеу оңай дей ме, көбі сол жерге келеді. Әдебиетті білмейтіндерден қай бір есі дұрыс маман шықсын…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір