ӘДЕБИЕТ ПЕН ӨНЕРДІҢ ПЕРІШТЕСІ

Қайран Жұмекеңмен қалай танысқанымды есіме алсам, көз алдыма Қостанай өңірінің мидай жазық даласы елестейді. Ол кезде біз екінші курсқа, ал олар үшінші курсқа көшкен еді. Қыркүйек айының алғашқы күндерінің бірінде тү-у сонау Алматыдан пойызға отырып, үш күнге таяу жол жүріп, көкжиегіне көз жетпейтін кең даланың төсінен бір-ақ шыққанбыз. Себебі бізді, ҚазМУ-дің (қазақ мемлекеттік университетінің) студенттерін әдеттегі тәртіпке сай мемлекет басшылығы бір айлық ауылшаруашылығы жұмысына жіберген-ді.
Кеше ғана трактор қазып өткен картоп алқабындағы жүйек-жүйектерде пырдай боп шашылып жатқан қызғыш, қоңыр, сарғыш түсті картошкаларға қарап, аң-таң боламыз. Ойпыр-ай, не деген байлық! Әрқайсысы нар жігіттің жұдырығындай! Бірақ біз оларды Алматыдағы, иә болмаса, басқа қалалардағы жеміс-жидек дүкендерінен неге көрмейміз!.. Мұндай байлық қайда кетеді?..
Бұл сұраққа бізді картоп алқабына бастап әкелген бригадир де, жұмысшылар комитетінің төрағасы да жауап бере алмайды. Екеуі де ендігі біздің міндетіміз – мынау алқаптағы өнімді теріп, шелекке салып, соңымыздан еріп келе жатқан машинаның қорабына апарып төгу керек екенін ғана ескертеді.
Түс әлетінде кеңшар орталығынан тамақ әкелетін автобустың маңдайы жарқырап, алыстан көрінеді. Ол тамақты ішіп алған соң, студенттер әр-әр жерде мая-мая болып үйіліп жатқан картоп сабақтары мен жапырақтарының көлеңкесіне барып демалады. Бұл бір рақат сәт біз үшін!
Қарын да, көңіл де тоқ. Енді-енді кірпігіміз айқасып, маужырай бастағанбыз. Кенет бізден бір курс жоғары оқитын қараторы, көзіне қалың көзілдірік таққан жіңішке жігіт шашын бір сілкіп қойып, күтпеген жерден әдебиет туралы әңгіме қозғады.
Әдеттегі әжік-күжік, күбір-сыбыр сөз сап тыйылды. Ол біздің қиялымызды мүлде басқа, аспаннан да биік сиқырлы әлемге қарай алып ұша жөнелді. Ф.Достоевский мен А.Чеховтың, Г. Флобер мен Ги де Мопасанның, Э.Хемингуэй мен У.Фолкнердің, М.Әуезов пен Б.Майлиннің шығармаларындағы адамгершілік идеялары туралы айтқанда, таңағажайып әсерге бөлендік.
Сол күннен бастап, біз өзімізден бір-ақ курс жоғары оқитын қараторы, жіңішке жігіттің әңгімесін ұйып тыңдайтын болдық. Оның есім-сойы Жұмабай Әбілов еді. Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне бір емес, екі емес, бірнеше жыл қатарынан келіп түскендіктен, жасы бізден біршама үлкен-тұғын.
Әділін айтсам, өз басым күні бүгінге дейін әдебиет пен өнер әлеміне дәл Жұмабай Әбіловтей жан-тәнімен ынтызар болған жанды кездестірген емеспін. Ол жайшылықта айтыла салатын кез келген әңгіменің өзін әдеби шығармалардың оқиғасымен, өзекті идеясымен байланыстырып жіберуші еді. Жұмекең ортамызда отырғанда бізге әдебиет пен өнер тақырыбынан өзге тақырыпта сөз қозғаудың өзі қисынсыз көрінетін. Оның күнбе-күн сабаққа бірге барып, жатақханаға бірге қайтып жүретін курстастары: «Осы біздің Жұмекең өзі ұнатқан қызға сөз айтқанда да әдеби кейіпкерлерді мысалға келтіретін болар», – деп әзілдеуші еді.
* * *
Алматыға қайтып оралған соң, қызықты да думанды студенттік шақтың иіріміне түсіп кете бардық. Күндердің бір күнінде біз тұратын әйгілі бесінші жатақхананың бірінші қабатындағы қызыл мүйістен мынандай бір қызық хабарландыру оқыдық: «Қымбатты студенттер! Бүгін кешкі сағат 6-да, бесінші қабаттағы қызыл бұрышта М.Сералин атындағы әдеби бірлестіктің жиыны өтеді. Келем деушілерге есік ашық. Бірлестік жетекшісі – Ж.Әбілов».
Күні кеше ғана өзімізбен бірге картоп терген Жұмекеңнің бұл бастамасы бізге қызық көрінді ме, әлде әдебиетке деген шексіз құштарлығымыз ба, кім білсін, сол күні әлгі бірлестіктің есігін имене-имене аштық. Әдеттегісінше әдеби бірлестікте өлең, әңгіме жазатын студенттер өздерінің жаңа шығармаларын оқып, тыңдаушылардың талқысына салады. Соңында Жұмекеңнің өзі қорытындылап, төл әдебиетіміз бен әлем әдебиетіндегі жаңалықтар мен жаңа ағымдарға шолу жасап, бірлестік мүшелерін сөз өнері атты сиқырлы әлемге одан сайын қызықтыра түседі.
Ол кезде бізден бірер курс жоғары оқитын Жолтай Әлмаш, Аманхан Әлім, Мәди Қайыңбаев, Сәбит Дүйсенбиев, Қалдыгүл Мұратова, Шәмшия Жұбатова, Салтанат Қажыкенова, Қали Сәрсенбай, Қайнар Олжай, Мұхтар Наушабаев секілді студенттердің алғашқы өлең, әңгімелері республикалық басылым беттерінде жарық көріп, оқырман қауымға тәп-тәуір танылып қалған болатын. Біз оларға қызыға қарайтынбыз. Әйтсе де Жұмекеңнің орны ерекше еді. Студенттер қауымы оны «Біздің Белинский» деп құрметтейтін.
Әрине, өзің де әдеби бірлестікке тек тыңдаушы ретінде қатысып жүре бермейсің. Кезі келгенде саған да: «Жазып жүрген дүниелерің болса, әдеби бірлестіктің талқысына салып көрейік», – деген ұсыныс жасалады. Мұндайда әуелі батылдық керек. Деміңді ішіңе тартып, ағыны қатты өзенге сүңгиін деп тұрғандай нартәуекелге бел буасың.
Әлі есімде, небары бес-алты беттік қана «Қара етік» деп аталатын әңгімемді дауысым дірілдеп, тынысым тарылып, әзер оқып шыққаным. Бір жақсысы, бірлестік мүшелері жылы-жылы пікірлер айтып, жақсы қабылдады.
«Қара етікті» Жұмекең новелла деді. Себебі ол тосындау, өмірде сирек кездесетін жайтқа құрылған еді. «Қара етіктің» оқиғасын маған өзімнің анам айтып берген-ді.
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майдан даласындағы госпитальдан ауылға бір «посылка» келеді. Аң-таң болған үй иелері әлгіні ашып қараса, ішінен он-он екі жасар баланың аяғына сыятын жап-жаңа етік шығады. Оны Нәнай деп еркелететін баласына кигізеді. Жаңа етік ауылдағы басқа балалардың қызығушылығы мен қызғанышын қатар оятады. Бұл өзі, өмірде болған оқиға. Соғыс өрті шарпыған қатал заманның қатыгез заңына сай ержүрек, мейірбан әкеден әңгіменің соңында қара қағаз келеді…
Әдеби бірлестікте оқыған алғашқы әңгімем жақсы бағаланып, көңіліме қанат бітіп, қуанып жүрген кезімде тағы да бір таң-тамаша оқиға болды. Ол кезде біз университет қалашығындағы жатақханадан қала орталығындағы бас корпуска барып-келіп оқитынбыз. Екі араға қатынайтын негізгі маршруттар – 100 және 107-автобустар. Ара-тұра 68-автобусқа да мініп қаламыз. Себебі ол универитет қалашығының тұсынан тау жаққа қарай бұрылып кетеді.
Студенттер арасында «резіңке автобус» атанып кеткен 100 бен 107-ге қарағанда, 68-дің көлемі шағын. Тау беткейіндегі «Ремизовка» шипажайына көтерілуге ыңғайлы әрі ықшам көлік. Бірде сол 68-автобуспен университет қалашығына келе жатқанымда біреу ақырын ғана иығымнан қаққандай болды. Бұрылып қарасам, Жұмекең тұр жымиып.
– Бір жақсы жаңалық бар, – дейді қолтығындағы қара папкасын жалма-жан ашып жатып, – мына пікірді оқып шықшы.
Сөйтті де бір парақ қағазды менің қолыма ұстата берді. Қысқа ғана, жарты бетке толар-толмас жазбадан өз аты-жөнімді оқығанда, жүрегім лүпілдеп кетті. Бұл белгілі әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиевтің «Қара етік» атты шағын әңгімеге жазған жылы пікірі еді.
Жұмекең менен бетер қуанып келеді.
– Зейнолла Серікқалиевті білесің ғой, ә? – дейді маған күлімсірей қарап.
Әрине! Білмегенде ше! Кешегі, бүгінгі әдебиетімізді зерттеп, талдап, сын тезінен өткізіп отыратын абыз іспетті емес пе? Әйтсе де, сол бір кездегі көлемі 20-25 баспа табақтай ірі-ірі романдарды іреп, турап тастайтын алмас кездіктің өткір жүзіндей қатал сыншының қаламы менің мынау бес-алты беттік шағын ғана әңгімеме ықылас танытқанына қайран қаламын.
– Нағыз әдебиет сыншысы шығарманы көлеміне қарап емес, сапасына қарап бағалайды, – дейді Жұмекең маған, – ол тек романдарға ғана назар аударады деп ойлама.
Жұмекеңмен сөз жарыстыру қиын. Оның білімі біз үшін телегей теңіз. Қай тұсынан келіп, қай қиырына көз саларыңды білмейсің. Керек десеңіз, дәл мынандай қуанышты күні оған өзіңнің ризашылығыңды білдіріп, алғыс айту да оңай емес. Басқа бір студент замандасың болса, ә дегенше-ақ арқаңнан қағып, мақтауыңды асырып: «Ал енді, мұны жумаймыз ба?!» – деп, сыраханаға қарай сүйрей жөнелер еді-ау.
Жо-жоқ. Жұмекең сыра ішпейді, темекі де тартпайды. Оның бар ойы, бар мақсаты – әдебиет пен өнер атты жұмбағы мол, кеңістігі шексіз сиқырлы әлемге қызмет ету ғана секілді.
Сондықтан да М.Сералин атындағы әдеби бірлестікте оқылған, студенттердің талқысынан өткен өлең, әңгімелерді жинақтап, сабақтан соң Жазушылар одағындағы көрнекті қаламгерлерге, әдебиет сыншыларына апарып оқытып, мүмкін болса, пікір жазып беруін өтінеді. Содан соң, жақсы бағаланған дүниелерді редакцияларға, баспаларға апарады. Ондағы қызметкерлермен бірге тағы да талқылап, келісіп, керек десеңіз керісіп, әлгі шығармаларды шыр-пыр болып қорғайды.
Япыр-ай десеңізші, әдеби бірлестіктің жұмысын істеп жүр-ау деп оған университет жалақы төлемейді. Талабы таудай студенттердің жазған дүниелерін мерзімді басылымдардың редакциясына алып барады екенсің-ау деп арнайы көлік бөлмейді. Сонда деймін, автобустан автобусқа, троллейбустан троллейбусқа ауысып мініп, алтын уақытын сарп етіп, өзі үшін емес, өзгелер үшін терлеп-тепшіп жүгіріп жүретін Жұмекеңе маза бермейтін қандай күш, қандай құдірет!
Иә-ә… Кезінде оны біріміз түсіндік, біріміз түсінбедік, біріміз күлдік, біріміз аядық. Түсіндік дегеніміздің өзінде де, әй, қайдам, Жұмекеңе маза бермей жүрген қандай ақыл, қандай парасат, қандай махаббат екеніне көз жеткізе алдық па?..
Көп ұзамай-ақ, менің «Қара етік» деген әңгімем көрнекті сыншы Зейнолла Серікқалиевтің алғысөзімен «Қазақстан пионері» газетінің бетіне жарқ етіп шыға келді.
* * *
Біздің университеттің бас корпусының екінші қабатында бір ерекше қабырға газеті ілініп тұрушы еді. Ол әуелі өзінің көлемімен таңғалдыратын. Ұзындығы шамамен, оншақты метрге созылады. Мазмұны да қызықты. Ондағы әңгіме, өлең, мақалаларды біз әрбір үзіліс сайын оқып тұрамыз. Бұл да Жұмекең жетекшілік ететін әдеби бірлестіктің еңбегі еді.
Бірде осы қабырға газетінде менің «Аңызтау» деген әңгімем жарық көрді. Сол бір күндері әлгі газеттің алдында топталып тұратын студенттерден ұялып, сырт айналып кететінім есімде. Әйтсе де олардың «Жақсы екен!», «Оқыдық», «Ұнады» деген сөздеріне қуанып, мерейім тасып жүрді. Кейбір сылқым қыздар маған көзін төңкере қарап: «Тү-у, сенің әңгімеңді оқып шыққанша мойным талып кетті ғой», – деп назданушы еді.
Сөйтіп, бір күні аудиторияда лекция тыңдап отырғанымызда ақырын ғана есік қағылып, арғы жағынан Жұмекең басын қылтитып, тақта алдындағы профессорға қарап:
– Ағай, Оразовты лекциядан босатасыз ба, редакцияға шақырып жатыр еді, – деді.
– Иә, барсын, – деген ағайдың жұмсақ үнін естіген бойда сыртқа атып шықтым.
– Кеттік! – деді Жұмекең. Одан артық сөз айтқан жоқ. Екеуміз көше бойлап жаяу зымырап келеміз. – Тезірек жүрейік. Әйтпесе, «Лениншіл жастағылар» (қазіргі «Жас алаш» газеті – авт.) бір жаққа шығып кетуі мүмкін, – деп қояды Жұмекең.
– Сонда біз… «Лениншіл жасқа» барамыз ба? – деймін мен аздап жүрексініп.
– Иә.
Екі ара біраз жер еді. Көкбазардың жанындағы тоғыз қабатты биік ғимаратқа жеткенше екеуміз де ентігіп қалдық. Лифтімен жетінші қабатқа көтерілдік. Маңдайшасында «Әдебиет бөлімі» деген жазуы бар есікті аштық. Іште бір толықша келген, маңдайы ашық, жүзі жылы кісі отыр екен.
– Ке-е-ел, Жұмабай, – деді даусын соза сөйлеп.
– Аға, кешегі айтқан, әңгіме жазатын студентті ертіп келдім, – деп Жұмекең мені таныстыра бастады.
– Жақсы-ы, – деді жылы жүзді кісі күлімсіреп, – бағың бар бала екенсің, әңгімең мерекелік нөмірге шығып барады.
Мен таңырқап қалдым. «Лениншіл жасқа» әңгіме ұсынған жоқ едім ғой» деген ой жылт ете түсті санамда. Әйтсе де, іштей қуанып тұрмын. Осы сәтте Жұмекең:
– Сайлаубек Жұмабеков ағаңды білетін шығарсың, – деді жымиып, – бұл кісі – белгілі әдебиет сыншысы.
Құдай-ау, тү-у сонау түкпірдегі ауылдан келіп, кеше ғана студент атанған бозбала әдебиет сыншыларының бәрін қайдан біле берсін?! Оны Жұмекеңнің өзі де сезіп тұр. Бірақ «Лениншіл жас» секілді беделді басылымның әдебиет бөлімінің меңгерушісінің алдында екеуміз де әдептен озбай, дипломатиялық қарым-қатынас сақтауға тиіспіз. Бізді бұл ыңғайсыз жағдайдан Сайлаубек ағаның өзі құтқарды.
– Ал-л, – деді ол тағы да даусын соза сөйлеп, – талабыңа нұр жаусын! Тек дандайсып кетіп жүрме. Бүгін мақталып, ертең сыналып қалуың түк емес. Әдебиет – көз майын тауысып ізденіп, әрбір қадамын ойланып, толғанып басатын қаламгерлерге ғана алтын қақпасын ашатын асыл өнер, – сонсоң Сайлаубек аға Жұмекеңе қарай жүзін бұрып, – талапты жастар, ең алдымен, осыны білуі керек, – деді. Ал Жұмекең болса, әдеттегісінше:
– Әрине, – деді мені жақтай сөйлеп, – біздің әдеби бірлестіктің басты мақсаты да сол – талапты жастарды тәрбиелеу емес пе.
– Бәрекелде-е! Бәлкім, бұл жігіт бізге тағы да бір әңгімесін ала келген болар.
Енді екеуі де сұраулы жүзбен маған қарады. Тап сол сәтте мен оларға «жоқ» деп айтуға ешқандай да хақымның жоқ екенін ішкі бір түйсікпен сезгендей болдым.
– Бар, – дедім ептеп қысыла үн қатып, – тек әлі… мәшіңкеге басылмаған…
– Әй, мәшіңкені қоя тұр! – деп Сайлаубек аға қарқылдап күліп жіберді,– қолжазбаң өзіңде болса, тандырдан жаңа шыққан нандай ып-ыстық күйінде оқып жібер.
Сөйтіп, мен сөмкемнен жасыл мұқабалы қалың дәптерімді шығаруға мәжбүр болдым. Бұл әрдайым өзіммен бірге жүретін жан досымдай қымбат дүние еді.
Сол күні «Долана» деп аталатын әңгімемді қалай оқып бергенім және ол кісілердің қалай тыңдағаны тіпті де есімде жоқ. Есімде қалғаны, әңгіме оқылып біткен кезде Сайлаубек ағаның күректей алақанымен үстелдің бетін сарт еткізіп:
– Мынау әңгімеден жалбыздың иісі аңқып тұр ғой. Тек оңтүстіктің диалектісін көп қолданады екенсің. Тіпті «Долана» деген тақырыбының өзі кейбір оқырмандарға түсініксіз болуы мүмкін. Сондықтан да, «Бір түп долана» немесе «Жалғыз түп долана» деп атаған дұрыс шығар, – деп еді.

* * *
Жұмекең екеуміз 107-автобуспен университет қалашығына қарай келе жатырмыз. Менің ойыма Сайлаубек ағаның: «Бағың бар бала екенсің, әңгімең мерекелік нөмірге шығып барады» деген сөзі орала береді.
Иә, бүгін қарашаның бесі… ертең алтысы, бүрсігүні жетісі – мереке. Қазан төңкерісі жеңіске жеткен күн.
– Қай әңгімем шығады газетке? – деп Жұмекеңе қараймын. Ол күлімсіреп:
– Ертең көресің, – дейді.
Бұл бір құпия секілді. Ішімде: «Осы кісілер шатасып, менің атымнан басқа бір автордың әңгімесін жариялап жібермес пе екен» деген күдігім де жоқ емес. Ал күдік дегеніңіз адамның көңіліне бір еніп алса болды, жем қораның ашық қалған есігінен сүмеңдеп кіріп кете беретін ала сиыр секілді таяқтасаң да шықпайды.
Сөйтіп…
Ертеңіне күрстас достарыммен бірге сабаққа келе жатып газет сататын дүңгіршектен «Лениншіл жастың» бір нөмірін сатып алғанымда, өз көзіме өзім сенбей, қуанғанымнан қалпағымды аспанға атып жібере жаздадым. Менің «Аңызтау» атты әңгімемді газеттің үшінші және төртінші бетіне бөліп жариялапты. Мерекелік нөмірдің бояуы да, безендірілуі де керемет!
Жанымдағы достарым да жапа-тармағай үңіліп, таңғалып жатыр. Ал мен болсам, Жұмекеңнің жұмбағын енді түсінгендей басымды шайқап, күліп тұрмын. Иә-ә, бұл университеттегі қабырға газетіне шыққан әңгімем ғой. Жұмекең оны сол жерден қиып алған болды-ау!..
* * *
Келер жылы жазда менің редакцияда оқыған әңгімем «Жалғыз түп долана» деген атпен «Лениншіл жас» газетінде жарық көрді. Ол кезде каникулға шығып, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде тәжірибеден өтіп жүрген болатынмын. Әңгімеме Нәсіреддин Сералиев, Мархабат Байғұт сынды Шымкент қаласында тұратын көрнекті қаламгер ағаларымыз жылы лебіздерін білдірді.
Қазір ойлап қарасам, Жұмекеңмен рухани дос, сырлас, жанашыр бауыр болдым деп айтуға хақым жоқ секілді. Сонау бір студенттік шақтағы кездесулеріміздің, пікірлесуіміздің барлығы да әдеби бірлестіктің айналасында өтіпті. Әңгімеміздің басты тақырыбы әдебиет қана болыпты. Біздің балаң түсінігімізде Жұмекеңмен тек әдебиет пен өнер хақында сөйлесіп, пікірлесуге болады деген ой орнығыпты.
Расында да, әдебиет пен өнер десе, шыбын жанын қиюға дайын тұратын Жұмекеңдей азаматты өз басым бұрын да, кейін де кездестірген емеспін. Ол, әрине, менің шығармаларыма ғана қамқор болған жоқ, журналистика факультетінің жанынан ашылған М.Сералин атындағы бірлестік мүшелерінің барлығына дерлік жанкүйер болып, қанатымен су тасыған қарлығаштай шырылдап жүретін.
Иә-ә, қызық үшін мен сіздерге өзім куә болған тағы да бір жайтты айта кеткім келеді. Бүгінгі оқырман қауымға кеңінен таныс ақын, көсемсөз шебері Бақытжан Абызовпен журналистика факультетінде бірге оқып, студенттік жатақхананың бір бөлмесінде тұрдық. Ол өзі жас кезінде біртоға, сабырлы, қалай тартсаң да оңайлықпен қозғала қоймайтын салмақты жігіт еді.
Студенттік күндердің бірінде республикалық «Жалын» баспасы М.Сералин атындағы бірлестікпен келісім-шарт жасасып, жас ақындардың «Темірқанат» атты өлеңдер жинағын шығаратын болды. Бұл, әрине, студенттер қауымы үшін әдебиет әлемінің табалдырығынан аттауға жақсы мүмкіндік туғызатын жауапты қадам еді.
Жұмекең әдеби бірлестікте танылған ақындардың өлеңдерін жинап, машинкаға бастырып, баспаға әзірлеуге кірісті. Оның ақындарға қоятын бір ғана талабы бар. Машинкадан шыққан өлеңдерін мұқият оқып, қатесін түзетіп тапсырса болғаны. Себебі машинка мінсіз болғанымен, машинистка дегендеріңіз әртүрлі.
Ал біздің Бақытжан өлең жазуға шебер болса-дағы, осы бір жұмысты атқаруға келгенде, өте құлықсыз. Машинкаға басылған өлеңдерін алдына алып, енді қарай бастаған кезде, қас қылғандай, темекі тартқысы келеді. Балконға шығып, тау жаққа қарап, көк түтінді будақтатып тұрып ұзақ ойланады. Содан соң, Есенин мен Рубцовтың өлеңдерінен үзінді оқиды. Одан кейін шай ішуге аңсары ауады. Бір кесені күн батқанша сораптап, шекесі шып-шып тершіп отырады. Осылайша, қараңғы түсіп, түн болады. Бахаң маужырап, ұйқыға кетеді. Ақын дегеніңіз, қызық халық қой өзі!..
Әйтсе де, Есенин мен Рубцовтың аруағы ескермеген бір жайт, кеше бітірем деген ісін ертеңге қалдырып, қаннен-қаперсіз пырылдап ұйықтап жатқан Бақытжанның түсіне еніп: «Әй, Бәке, қолжазбаңды мұқият қарап, әдеби бірлестіктің жетекшісіне тезірек тапсырсаңшы. Мұндай мүмкіндік күнде туа бермейді ғой», – деп аян бермейтіні-ау деп әзілдейміз біз.
Ақыры, не болды дейсіздер ғой, әдебиет десе, басқа дүниенің бәрін ұмытатын Жұмекең келесі күні шыр-пыр болып: «Әй, Бақытжан, сенің өлеңдеріңді өзім-ақ оқып өткізейінші!» – деп, үстелде жатқан бір бума қағазды ала жөнелді. Иә, сол «Темірқанат» деген жұп-жұқа, алақандай ғана жинақ бүгінде Бақытжан Абызов секілді көрнекті ақындардың сағынышпен еске алатын аяулы естелігіне айналды емес пе.
* * *
Университетті тамамдаған соң, студенттік шақтағы достар шартарапқа шашылып кеттік. Жұмекең өзінің туып-өскен жері Жаңақорғанға барып, аудандық газетке орналасыпты деп естідік. Арадағы қарым-қатынасымыз көпке дейін үзіліп қалды.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Түркістан қаласынан Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық университет ашылып, әулиелі жерге қоныс тепкен білім ордасы алыс-жақыннан білікті мамандарды қызметке шақыра бастады. Олар таңдаған алғашқы ұстаздардың қатарында біздің Жұмекең де болды.
Бірде «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясында қызмет істеп жүрген кезімде Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратына қарай аяңдап келе жатқан Жұмекеңді терезеден көріп қалдым да, үшінші қабаттан жүгіріп түсіп, қарсы алдынан шықтым. Ол да мені көріп қуанып, күлімсіреп қоя берді. Әйтсе де, қабағында бір мұң бар секілді. Оның себебін:
– Кандидаттық диссертациямды жазып әкеліп едім. Академиядағы кісілер республикалық басылымдарда жарық көрген пікір, рецензия керек деп отыр, – деп қысқаша ғана түсіндірді.
Тәңірім-ау, алғашқы әңгімелерімізді жаза бастаған кезде біз үшін талай редакциялар мен баспалардың табалдырығын тоздырған Жұмекеңнен аяп қалатын не жанымыз бар. Тездетіп кандидаттық жұмысымен танысып шықтым да, рецензия жазуға кірістім. Ендігі мәселе, оны жедел түрде жариялау қажет еді. «Әй, Жұмеке-ай, ертерек әкелмеген екенсіз де…» деген өкініш бар көңілімде.
Әйтсе де, «Алматы ақшамындағы» әріптестеріміз біздің өтінішімізді ескеріп, газеттің ертеңгі нөміріне шығаратын болып уәде берді. Жұмекең қатты қуанды. Мен де замандасымның алдындағы бір парызымды өтегендей жеңіл тыныс алдым.
Күн еңкейіп, ұясына батып бара жатқан шақ еді. Жазушылар одағының қарсы алдындағы орталық скверде біраз серуендеп, бұрын ҚазМУ-дің бас корпусы болған тарихи ғимараттың маңындағы фонтанның жанына келіп отырдық.
– Жұмеке, – дедім мен көңілім толқып, – қалада қай жерге тоқтадыңыз?
– Осындағы бір туысымыздың үйіне, – деді ол жай ғана.
– Егер қарсы болмасаңыз, бүгін біздің үйге барайық. Қаладан сәл алыстау, «Қазақфильм» мөлтек ауданының жоғары жағындағы «Алатау» поселкесінде тұрамыз. Әйткенмен, тыныш жер. Шағын ғана ауламыз бар. Мынандай май тоңғысыз мырза күзде шай ішіп отырып, өзіңізбен әңгіме-дүкен құрар едік.
Жұмекең бірден жауап қата қоймай, бір уақ ойланып отырды да:
– Жақсы, – деді.
Екеуміз таксиге отырып, «Қазақфильм» мөлтекауданындағы ақырғы аялдамадан түсіп қалдық. Таксист қырсықтау кісі екен. Жоғары қарай тағы да көтерілейік дегеніме көнбей, «жол нашар» деп, қабағын кіржитті.
Әйтсе де, Жұмекеңе «Алатау» ауылының таза ауасы, жасыл желекке оранған көшелері ұнады.
– Түу, қандай тамаша? Тынысым ашылды ғой. Алманың иісі сезіледі, ә?! – деп тамсанып қояды.
Сол күні мен, шынымды айтсам, Жұмекеңе студент кезде айта алмаған алғысымды айтып, құрметтеп қонақ етіп, дастарқанға үйдегі бар мәзірімізді қоюды ғана ойладым. Екеуміз ауладағы биік-биік алма ағаштардың түбіндегі сәкіге жайғасып отырып, самаурынның шайын іштік. Ай сүттей жарық еді. Төңірек тып-тыныш. Тылсым дүниенің бізге айта алмай тұрған бір құпиясы бар секілді…
Бұл жолы да тек әдебиет туралы әңгіме айтумен болдық. Кейінгі кезде жарық көрген жаңа шығармалар туралы және оларды оқығанда өзінің қандай ой түйгенін Жұмекең сыр етіп шертті.
Бұл біздің соңғы кездесуіміз екенін екеуміз де сезген жоқпыз…
Нұрғали ОРАЗ