ҚАЗІРГІӘДЕБИ СЫН мен ӘДЕБИЕТ­ТАНУ
05.05.2025
386
0

Әдеби сын – әдебиет­тің ілгері дамуының негізгі көзі. Көпшілік оқырманның қазіргі әдеби сынға көңілі толмайтыны белгілі. Алайда қазіргі әдеби сынды әдеби хабар, аннотация, рецензия, мақала, шығармашылық портрет, әдеби шолу, эссе тәрізді жанрлар бойынша сөз ететін болсақ, мерзімді басылым бет­терінде аталған жанрлардың жиі жарияланатынын байқауға болады. Республикалық басылымдардан «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газет­терінде қазіргі әдеби процесс туралы мақалалар, сұхбат­тар, жаңа кітаптар туралы рецензиялар тұрақты түрде жарияланып тұрады. Сонымен бірге 50 жастан бастап, әр онжылдықтағы қаламгерлердің мерейтойлары қарсаңында шығармашылық портрет­тер, естелік-эсселер, бір туынды туралы мақалалар жарық көріп келеді. 2024 жылы Ж.Аймауытов, І.Жансүгіров, С.Сейфуллин, Б.Майлин, Ә.Нұрпейісов, Б.Соқпақбаев, С.Мыңжасарова, Ш.Смаханұлы, Ш.Елеукенов, Л.Әуезова, С.Жүнісов, А.Мекебаев, Қ.Ілиясов, С.Мақпырұлы, Т.Тебегенов, Ф.Оразбаева, М.Тоқтағазин, С.Қосан, Ш.Шортанбаев және басқа қаламгерлердің мерейтойларына орай, түрлі деңгейдегі мақалалар жарық көріп, Жазушылар одағында, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен жоғары оқу орындарында халықаралық, республикалық конференциялар өт­ті.

 


2024 жылы отандық қаламгерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсету және ынталандыру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастыратын ұлт­тық әдеби «Айбоз» сыйлығына «Үздік әдеби сын» номинациясы бойынша келіп түскен 13 өтінімнің ішінен Жүсіпбек Қорғасбектің «Сайтанның ойыны» әдеби эссесі марапат­талды. Сыншы Т.Нұрмағамбетовтің «Періштелердің өлімі», Т.Әсемқұловтың «Талтүс», Мұхтар Мағауиннің «Көк мұнар», «Жармақ», Д.Исабековтің «Қарғын», Төлен Әбдіковтің «Парасат майданы», С.Жұбатырұлының «Абыржы» романдары мен жас жазушылардың «Дауыс» ат­ты прозалық жинағын талдай отырып, қазіргі ұлт­тық әдебиет­тің көркемдік жетістігін саралайды.
2024 жылы жарық көрген бірсыпыра әдеби сын мақалалар жинақтары мен зерт­теу еңбектер қолымызға тиді. Олардың бірқатарына әр жылдары жазылған сын мақалалар мен естелік эсселер топтастырылса, енді бір парасы – ұлт­тық әдебиет­тің жекелеген мәселелерін жан-жақты зерт­теген монографиялар. Қолға түскен кітаптарды іштей жүйелейтін болсақ, бірінші – зерт­теулер, екінші – оқулықтар, үшінші – портрет­тер, мақалалар, эсселер жинағы.
«Атамұра» баспасынан шыққан Ж.Дәдебаевтың «Абай антропологизмі», Қ.Әбдезұлының «Алаш перзенті» жинақтарында әдебиет­тің түрлі мәселелері қарастырылды. Ж.Дәдебаев 2024 жылы абайтануға сүбелі үлес қосты. Жоғары оқу орнында білім алатын білімгерлерге арнап жазылған «Абай ілімі» оқу құралы мен «Абай антропологизмі» монографиясы – абайтануға қосылған тың зерт­теулер. Олай дейтініміз, зерт­теуде Абай антропологизмі, дәлірек айтсақ, Абай шығармашылығындағы адам болмысын танудың көркемдік, әлеумет­тік-этикалық, эстетикалық, философиялық- танымдық мәселелері қарастырылып, негізгі модельдері жасалған. Абайтанудағы жаңаша көзқарасты қалыптастырудағы ізденістер мағыналық-құрылымдық, категориялық, логикалық модельдерден анық байқалады. Абай ілімінің іргелі ұстанымдары ақынның әрбір өлеңіндегі жекелеген сөздердің астарына үңілу арқылы айшықталған.
Осындай зерт­теулердің қатарын әдеби сынның тарихынан үлкен орын алған белгілі сыншылар Төлеген Тоқбергенов пен Сайлаубек Жұмабекұлының әдеби портреті толықтырады. Кітапты тұтастай алып қарағанда, қазақ әдебиетіндегі дәстүр сабақтастығын байқауға болады.
Д.Ысқақұлының «Сөз – әлем әміршісі немесе рухани күш-қуат­тың қайнар көзі» еңбегінде адамзат баласының даму барысындағы сөздің атқарар рөліне көңіл аударған. Ғалым сөз бен ой үйлесімі туралы пікірлерін Бабыл, Інжіл, Құран тәрізді қасиет­ті ктіптардан бастап, күні бүгінге де­йін жазылған ғалымдардың зерт­теулеріне сүйене отырып тұжырымдаған. Ш.Құдайбердіұлы, М.Ж.Көпейұлы, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлы, Н.Уәли, А.Сейдімбек, С.Негимов, Ф.Оразбаева, Д.Амантай және басқа көптеген қазақ оқымыстыларымен бірге шетел ғалымдарының зерт­теу еңбектеріндегі дыбыс, сөз, сөйлем, ойдың түрлі қызмет­тері туралы пікірлеріне сүйеніп отыруынан автордың ғылым мәдениетін қатаң сақтауы байқалады.
2024 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақ­стан Жазушылар одағы бірлесіп үш жобаны жүзеге асырды. «Қазақ­стан жазушыларының ТМД елдері архивтеріндегі зерт­теу жұмыстары» жобасы бойынша қаламгерлер бірнеше елдің мұрағат­тарында қазақ қаламгерлері туралы тың деректер жинап, ғылыми-танымдық еңбектер жазды. Солардың ішінен әдебиет­танушы ғалым Қ.Мәдібаеваның «Қазақ­стан әдебиеті бойынша Армения архивтеріндегі зерт­теулер» ат­ты ғылыми-танымдық очеркі қолымызға тиді.
Армения ғалымдарының қазақ әдебиеті мен өнері бойынша жазылған ғылыми-танымдық эссе, очерк, архив құжат­тары жиналып оқырманға ұсынылды. Бұл 2006 жылы ғалымдардың «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында алып келген мұрағат деректерінен ке­йінгі ізденіс еді. Еңбекте Орталық Азия мен Қазақ­стан тарихына қатысты 40 еңбек туралы мәлімет келтірілген.
Бұл қатар Қазақ­станның Армениядағы Елшілігінің аясында және Ереван мемлекет­тік университеті мен «БЗЕЗ» баспаханасының қолдауымен Абайдың 175 жылдығы қарсаңында профессор Александр Сафарян аудармасымен шыққан ақынның қарасөздері, М.Әуезовтің «Абай жолы» романының өңделіп қайта аударылған нұсқасы және «Қазақ халық ертегілері», «Қазақ поэзиясының антологиясы» тәрізді қазақ ақындарының армян тіліндегі шығармаларымен, ағылшын тіліндегі
Ш.Хачатурянның «Мұхтар Әуезов және 1920–1940 жылдардағы қазақ драматургиясы» мақаласымен толықты. Осылайша, жоба аясында Арменияда қазақ қаламгерлеріне қатысты сақталған фото-құжат, фильмдер хроникасы, армян тілінде басылған кітаптардың каталогі, қыпшақтілді ескерткіштер бойынша зерт­теулер, Л.Мирзоян Ісінің көшірмесі елге жеткізіліп, 273–342 бет­терде олардың көшірмелері ұсынылды.
Қ.Мәдібаева, Қ.Мұхамадидың зерт­теулер мен сын мақалалардан құрастырылған «Ой орамы» оқу құралы үш бөлімнен тұрады. «Мәдени мұра: зерт­теу және оқыту» деп аталатын бірінші бөлімде мәдени мұраның зерт­телуі мен оқытылуы Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк», Абай Құнанбайұлының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты басып шығарған көптомдық толық академиялық шығармалар жинағы, зар заман ақыны Шортанбай Қанайұлы шығармаларының, Ілияс Жансүгірұлы мұрасының зерт­телуі, М.Әуезовтің абайтануға қосқан еңбектері, С.Мұқановтың мұхтартану саласындағы еңбегі, Т.Ибрагимовтің «Жер әңгімеші» жинағы, Т.Кәкішұлының әдебиет­танудағы ғылыми мектебі, С.Қирабаевтың Н.Оразалин поэзиясы туралы мақаласы, С.Садырбайұлының жамбылтану саласындағы еңбектері, А.Қыраубаеваның ежелгі дәуір әдебиеті мен Тараз өлкесіндегі дала аңыздары туралы зерт­теулері, Ж.Дәдебаевтың ежелгі мұраларға жаңаша көзқараспен жазылған зерт­теулері, Қ.Әбдезұлының тәкентануға қосқан үлесі, З.Бисенғалидың Қ.Жұмалиев зерт­теулері туралы, Ш.Құдайбердіұлының «Әділмен мария» романы жөніндегі мақаласы, Р.Әбдіғұлованың Б.Майтанов туралы портрет-эссесі, Г.Пірәлінің мұхтартануға қосқан зерт­теулері, С.Қалқабаеваның Ә.Нұршайықов туралы, Г.Сәулембектің постмодернизм туралы зерт­теулері аясында қарастырылған.
Ә.Тарақовтың «Адамзат­тың ақыны – ақиқаты» монографиясының бірінші «Өміршең өлең өнегесі» тарауында ақын Мұқағали Мақатаевтың лирикалары, «Айхай, далам, сусындат дастаныңнан!» деген екінші тарауында дастандары әлемдік әдебиет деңге­йінде талданып, ақын жырлары өмір, поэзия, туған жер, достық, Жаратушы Алла, шопандар тіршілігі, тыл өмірі сияқты бірнеше тақырыпқа топталып зерт­теу нысанына алынған.
К.Адырбекұлының «Казахское дело»: Бейбіт Қойшыбаев» ат­ты публицистикалық зерт­теуінде 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде сынға түскен қазақ азамат­тарының ішінде тарихшы-жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың есімі академик Салық Зиманов, жазушы Сейдахмет Бердіқұлов, ақын Жұбан Молдағалиевтермен қатар аталып, «халықтық сыннан» ар-намысын ту етіп сүрінбей өткені, «ұлтшылдар» деп жала жабылған жастарды қорғаудағы ерлігі «Казахское дело» құжат­тары негізінде баяндалған.
Ж.Шәкенұлының 12 тараудан тұратын «Шыңғыс ханның қарызы» – Шыңғыс хан туралы М.Мағауиннің төрт кітаптан тұратын еңбегінің қатарын толықтыратын зерт­теу. Зерт­теудің негізгі жетістігі – түркілік тектен бастап, Шыңғыс ханнан Абылай ханға де­йінгі аралықтағы қазақ ру-тайпалары туралы жазылған М.Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк», Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих», Әбілғазы «Түрік шежіресі», «Қазақ­стан тарихы туралы қытай деректемелері», «Жұңго қазақ төрелер шежіресі», Л.Гумилев «Көне түріктер», Қ.Халид «Тауарих Хамса» және басқа қазақ, орыс, қытай тілдерінде жазылған көптеген еңбектерді басшылыққа алуы. Келесі жетістік – Шыңғыс ханның төрт ұлы Жошы, Шағатай, Үгедей, Төледен тарайтын ұрпақтың ХХ ғасырдың алғашы ширегіне де­йінгі шежіресінің Қазақ­стан, Қытай, Моңғолияда өмір сүріп жатқан ұрпақтары туралы деректер негізінде таратылуы. Жоңғарларға қарсы Абылай қосынының айбат­ты батыры Жәнібек ұстаған ақ тудың екі ғасыр сақталуы елдіктің нышаны ретінде көрініс тапқан.
Екінші топтағы оқулықтар қатарында Ж.Дәдебаевтың «Абай ілімі», Қ.Мәдібаева, Қ.Мұхамадидің зерт­теулер мен сын мақалалардан құрастырылған «Ой орамы» оқу құралдарын атауға болады.
Үшінші топтағы еңбектердің қатарында саналы ғұмырын әдебиет пен сөз өнеріне арнап келе жатқан, ұзақ жылдар қара шаңырақтың басшысы болып, ұлт руханиятына қыруар еңбек сіңірген Н.Оразалин ағамыздың Қазақ­стан Жазушылар одағының 90 жылдығына арнап шығарған «Биіктік», «Кеңістік» ат­ты мақалалар, эсселер, толғаныстар жинақтарын атауға болады.
Қазақ поэзиясынан өз еншісін алған ақын Б.Құрманқұловтың әдеби сынға да қосары бар екенін Ертай Ашықбаевтың «Танылу мен табылу» ат­ты алғы сөзімен жарық көрген «Таразы» еңбегінен көруге болады. «Сынып түскен бір бұтақ…» мақаласында «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», «Өлгендер қайтып келмейді», «Балалық шаққа саяхат», «Қайдасың, Гауһар?» шығармаларын тұстастай қайта оқып, бүгінгі күн тұрғысынан баға беріп, «тау тұлғалы тарлан қаламгердің рухына» жыр дұғасын бағыштайды. Осының өзінен елімізде аталып жатқан мерейтойлардың әр қаламгерге үлкен ой салатынын бағамдауға болады.
«Тұнық талғамның үлгісі» қазақ әдебие­тінің классигі Қуандық Шаңғытбаевтың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертеді. М.Әуезовтің алғы сөзімен шыққан алғашқы «Ар» (1945) жинағы қатал сынға ұшырап, ширек ғасырдан соң «Аққу әні» (1968), отыз жылдай уақыт­тан соң шыққан «Арма, Республикам!» (1974) ат­ты жинақтарындағы шығармаларға талдау жасауы 100 жылдыққа дайындықты байқатады.
«Тәржіма жүгі» – Е.Ашықбаевтың мемлекет­тік тапсырыспен 13 армян ақынының шығармаларын аударған еңбегі туралы мақала. Әдеби байланысты арт­тыруда өзге ұлт шығармаларын қазақ тіліне тәржімалау мемлекет тарапынан жүзеге асып келеді.
Тұтастай алғанда, аға буын өкілдерінен Б.Соқпақбаев пен Қ.Шаңғытбаевтың шығармашылығы, орта буын өкілдерінен Е.Ашықбаевтың армянның белгілі 13 ақыны өлеңдерінің аудармасы,
Б.Жақыптың «Білте шамның жарығы» жыр жинағы («Ақынның жаңа қолтаңбасы»), Бижан Қалмағамбетовтің поэзиясы («Бижанның биігі»), Б.Омаровтың «Шеге құм» эсселер мен портрет­тер жинағы («Шеге құм» шетінемесін) тәрізді түрлі жанрда жазылған ақын, жазушы, журналистердің шығармалары мен көркем аудармаларына әдеби талдау жасай отырып, олардың өмірі мен шығармашылық портрет­тері жасалған.
Аталған еңбектерден әдебиет­ті насихат­тау мен зерт­теуге әдебиет­танушы ғалымдармен бірге ақын, жазушылар да өз үлесін қосып жүргенін көруге болады. Бұл қатарға жыл сайын М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты шығарып жатқан ұжымдық монографияларды қосуға болады. Осы еңбектерден әдебиетті насихаттау мен зерттеуге әдебиеттанушы ғалымдармен бірге ақын, жазушылар да өз үлесін қосып жүргенін көруге болады. Бір ұсынысымыз – Жазушылар одағы сыншылар мен әдебиеттанушы ғалымдардың тың зерттеулерін мемлекеттік тапсырыспен шығарса екен.

Гүлжаһан ОРДА
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер
институтының бас ғылыми қызметкері,
филология ғылымдарының докторы, профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір