ЖАСТАР ӘДЕБИЕТ ТОЛҚЫНЫНДА
17.06.2025
94
1

Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы мен Сарқан аудандық филиалының жанынан құрылған Жастар кеңесі жуырда «Жетісулық жастар әдебиет толқынында» атты жас ұстаздар арасында әдеби байқауын ұйымдастырды.

Дәстүрге айналған шараға аудандық, қалалық және жоғары оқу орнындағы филиалдарының төрағалары мен есепшілері, жас ұстаздар қатысты.
Кәсіподақ белсенділері мен педагогтер, алдымен, Сарқан ауданының тарихи орындарына барды. Өткен ғасырдың тіршілігінен сыр шертетін Қойлық қаласы туралы ақпарат алып, М. Жұмабаев атындағы орта мектебіндегі өлкетану музейіне қойылған 121 экспонатты тамашалады. Одан кейін Сарқан ауданының тарихи музейіне ат басын бұрып, тарихтың тағылымды тұстарымен танысты.
Шараның екінші күні «Жетісулық жастар әдебиет толқынында» атты жас ұстаздар арасындағы әдеби байқаудың ашылу салтанаты өтіп, облыстық кәсіподақ комитетінің төрағасы Мэлс Төлепбергенов сөз сөйлеп, жастарға сәттілік тілеп, шараның мақсатын айқындап берді.
Жас ұстаздар әдеби байқаудың көрігін қыздырып, алғашқы кезеңде жарысқа қатысқан 8 команда Жетісу облысының әр ауданынан шыққан атақты тұлғаларды таныстырды. Келесі кезеңде Сарқан ауданының тумасы, қазақтың белгілі ақыны Әділбек Абайділданов пен ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Жомарт Игіманның өлеңдерін жатқа оқыды. Үшінші кезеңде шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановқа жас ақындар арнау­ларын арнаса, прозалық шығармаларды оқу сайысында өнерлі жастар Ілияс Жансүгіров, Сайын Мұратбеков сынды Жетісу жазушыларының туындыларынан монологтер мен сахналық қойылымды көрермендер назарына ұсынды.
Қазылар алқасы байқау ережесіне сай жас ақындардың, көркемсөз оқушылардың бағаларын беріп, кіл мықтыларды анықтады.
Әр кезең бойынша І, ІІ, ІІІ орындарды иеленгендер анықталып, жеңімпаздар марапатталды. Командалық есепте І орынға Кербұлақ аудандық кәсіподақ филиалы, ІІ орынға Алакөл аудандық кәсіподақ филиалы, ІІІ орынға Панфилов аудандық кәсіподақ филиалы лайық деп танылып, кәсіподақ тарапынан қомақты қаржы иеленді.

Жангелді НЕМЕРЕБАЙ

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 22.06.2025 | 23:34

Бәрекелді!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір