КӨРКЕМДІК ДЕТАЛЬ және ПАРАЛЛЕЛЬ БОЛМЫС
05.03.2025
199
0

Автор идеяны өмірден алады. Ішкі әлеміне әсер еткен өмір құбылысы ойлантып-толғантып, тереңдеп, ақыры айтпаса болмайтындай күш-қуатқа айналады. Ол жазушының өз басындағы ешкімге айтуына болмайтын терең сырдан, не өзге адамның басындағы қилы тағдырдан бастау алып жатуы мүмкін. Қалай дегенде де, идея өмірден бастау алады. Өйткені өмірден күрделі, қайшылықты, жұмбақ қайнар жоқ. Ойды әсерлі, көркем жеткізу үшін автор енді форма іздейді. Бұл – шығармашылықтың ең жауапты кезеңі. Әлем әдебиетінен оқыған әр алуан амал-тәсілдер мен тәжірибелер, түрлі композиция ойына келеді. Ұтымды формасыз шығарма – жартылай туынды.
Қазіргі қазақ прозасының ерекшелігі ойды тікелей ашық жарнамаламай, көркемдік сырға бөлеп, астарлап жеткізеді. «Қазақ әдебиеті» газетінің №3 (24 қаңтар, 2025 жыл) санында жарияланған белгілі жазушы Роза Мұқанованың «Бағира-Шер» әңгімесін оқығанда да, алдымен, осындай пікір ойға келді.
Әңгіме жұмбақ сырмен басталады. «Сүзіліп, жанары төңіректі жұтып қоярдай емініп қарады. Көзі – мойылдай қою қара, шертіп қалсаң, жарылып кететіндей мөп-мөлдір…» Бұл – Бағира бейнесінің бір көрінісі ғана. Автор оны ары қарай дамыта сурет­тейді. «Тәңірі жаратқанның бәрі сұлу, бірақ Бағира сұлулықтың үлгісіндей». Бағира кім? Бағира оқырман үшін де жұмбақ. Жазушының шеберлік қырының бір белгісі де осында – магиялық тартылыс. Автор одан кейінгі бөлімде осы тартылыстың қуатын күшейте түседі. Енді үй иелері – әйел мен отағасы Шер арасындағы диалог арқылы жұмбақ сырдың шеті аңғарылады. Қатын (автор осылай атайды) ерекше көңілді, назды. Тіпті қанша жыл бірге тұрғанмен, Шер де оның бүгінгі бұл қылығын түсіне алар емес. Олар қанша жыл бірге тұрғанмен, араларында бала жоқ екен. Шердің ішкі мұңы, алаңдаушылығы да осында еді. Үй бос қуыс секілді. Басқа үн, басқа тасыр-тұсыр, селт еткен дыбыс жоқ. Жым-жырт. Осы кезеңдегі сурет­теу мен диалогтен Шердің белгілі бір шеңберден – әлде адамдық қасиеті жібермеді, әлде қызметі әсер ет­ті, әлде әйелінің ықпалынан шыға алмауы байқалады. Ал әңгіме Шердің төбесінен жай түсіргендей.
«– Содан… Мен ғашық болуға ұмтылдым.
– Қара бассын! Таптың ба не?..
– Таптым!
– Қой, ей! Кім екен ол бейбақ? Кім?.. Кім болды?
– Соны сұрамаймысың?.. Кім екенін сұрамаймысың, әуелі…
Қатын орнынан атып тұрды да, Шерге жақындап келіп мойнына асылды.
– Саған да ұнайды, ол…
– Бала асырап алатын болдық па? – деді Шер тамағына әлдене тұрып қалғандай жұтынып. Бір сәт жүзі алаулап, «Ақылыңнан айналдым!» дегісі келді де, қатынды білегінен ұстап, өзіне тарт­ты.
– Бала?..
– Жоқ! Өзіңнен тумай бала болушы ма еді… Басқа!
– Басқа?.. Еркек пе, не? Онда еркек болды ғой.
Әйел тоқ бұғағымен емеурін танытып, басын шайқады. Осы сәт­те Шер қолындағы салфеткасын дастарқанға жаялықтай етіп тастай салды да:
– Так… Езбе сөзге уақытым жоқ. Менің тура сағат үште шақырылып қойған жиналысым бар, – деді.
– Онда кешкісін үшеуміз бірге тамақтанамыз!
– Үшеуміз… Мейлі!
– Шер?.. Рұқсат бересің ғой… Ренжімейсің ғой… келісесің ғой…
– О, Алла! Бала болмады, еркек те болмады. Онда әйел болды ғой. Әйел…
Шердің тілінің ұшында «қыз шығар» деген үміт оты бар еді, бірақ оны сыртқа шығаруға иә қорықты, иә жүрексінді. Әйтеуір, аяқ астынан жылт еткен жымысқы ойды желкелеп, тұңғиық бір түкпірге атып ұрды да, тұншықтырып тастады.
– Жоқ! – деп шаңқ ет­ті қатынның ежелгі таныс дауысы. – Әйел емес!!!
Шер жым болып, аяқ киім киетін қалақты іздеп әлек болып қалды.
– Қыз! – деді қатын дауысын әлдеқайда бәсеңдетіп».
Автор сөзді ойнатып құбылтады. Арадағы диалогтен Шердің әлдебір пендешілік ойы мен қатынның өзімшіл мінезі қылаң береді. Бірақ қалай дегенде де, Шердің дегбірі қашқан. Әңгіменің келесі бөлімінде тағатсызданған Шердің жұмыстан асығып оралуы мен әйелінің ерекше наздана қарсы алуы бейнеленеді. Сөйтсе, қызы – Бағира… Автордың баяндау тілі көркем. Көз алдыңа сурет салғандай нақты әрі сезімге толы сырлы кейіпті әкеледі. «Дәлізден керіле басып, аппақ кілемнің үстінде Бағира қалқып барады. Бірде ауамен көтеріліп, бірде жерге табан тіреп жүзіп бара жатқандай. Бағира шынымен сымбат­ты еді. Жотасы жап-жазық, жылжыған сайын билеп бара жатқандай. Ол аяқтарын ерекше салтанатпен басып, үлпілдеген қалпы босағаға да жет­ті. Аппақ кілем үстінде құндыздай таранған, қадала қараған қап-қара мысық… Бұл көп мысықтың бірі емес, бұл – Бағира. Бағираны мысық деп айтудың қажеті жоқ. Ол – сылаң қаққан, сұлу Бағира!» Тосын сый Шерді тас төбеден ұрды. «Мосқал тартқан қатынның мына әрекетіне Шер суық жымиды. Іштегі өксік сыртына шықпағанмен, шықшыты айырылардай айқұш-ұйқыш қайшыланып барып, әрең саябыр тапты. Күздің қара суық таңында жапырақ бетіне мөлдіреген шық қонатын. Сол шық дір етіп, лезде тарап кет­ті». Шер бақытсыз екен. Дағарадай үйі бар, қызметі жақсы. Арагідік шайпау мінез танытқанмен, әйелі жолын тосып, қызмет­тен күтіп алып отыр. Бұдан артық не керек дерсіз… бәрібір жетіспейді екен. Бала – бақыт жетіспейді. Бала болса ғой, осы даңғарадай үй базарға айналып кетер еді. Ерлі-зайыптылардың арасындағы ана-мына кірбің еш мәнге ие болмай, тозаңға айналар еді. Автор Шер басындағы ауыр психологияны «Күздің қара суық таңында жапырақ бетіне мөлдіреген шық қонатын. Сол шық дір етіп, лезде тарап кет­ті», – деп аңдатады. Жазушы қаһарманының әлденеге риза болмағанын «…қолындағы салфеткасын дастарқанға жаялықтай етіп тастай салды», – деп білдіреді.
Бақытсыздықтың бір төркіні осында екен. Табиғат­тың тамаша заңдылығының орындалмауы – қасірет. Бәлкім, біреу тағдырға көндігер. Арадағы адалдықты, тазалықты, бір-біріне деген сүйіспеншілікті ту етер. Алайда жаратылыс заңдылығының жүзеге аспауы – ішке түскен зор қайғы. Әңгімеде мұны қатын да сезінеді. «Қатынның көңілі әлденеге ынтызар, құмар, бірақ дәрменсіз…» Ойымызға Мағжан Жұмабаевтың әйгілі «Шолпанның күнәсі» әңгімесі оралады. Шолпан жаратылыстың тылсым күш-қуа­тын жан-тәнімен сезінгенде, ешнәрседен бас тарта алмай, ақыры соның құрбанына айналады. Шер басындағы қайшылық пен тағдыр жазуы да осы іспет­тес.
Автор әңгімені ары қарай шебер өрбіткен. Бұдан соң параллель болмыс – Бағира мен көрші үйдің еркек мысығы Граф арасындағы байланыс кеңінен сурет­теледі. Қандай сәнді, бап-күтімі келіскенмен, Графты көріп, оның қасынан жанасып өтіп, тосын иіс пен бөлекше сезімді түйсінгеннен кейін мына кең бөлме Бағираға тарлық етеді. Ол өзгеше күй кешеді. Жаратылыстың құдірет күші қатынның жасаған барлық жақсылығы мен жайлылығын қанағат тұтқызбайды. Жазушы Бағираның бойындағы өзгерісті – күш алған осындай өзгеше сезім мен тосын түйсікті бейнелеуде жүйріктік танытқан. Әрине, бұл – көркем әдебиет­те бұрыннан бар әдіс-амал. М.Әуезов «Көксерек» әңгімесінде арланның екі аяқтылардың жат иісін сезінуін көркем бейнелейді. «Ай төңкеріліп жатыр, қою түн… Аппақ шілтер перде түнгі салқынмен қозғалады. Ақ перденің арғы жағында жаңа түскен келіндей, жасанып Бағира отыр. Ол бүгін үй иелеріне салқын қарады, көңілсіздеу, салғырт қана көз салды. Графтың иісі алғашқыда танауын жарғандай болып еді, байқаса, оның иісі бүкіл денесіне тарап кеткендей екен. Бағира алғаш рет денесін тілімен тарап, аяқтарына дейін жалады. Сыртқы есіктен далаға шыққысы келді. Зіл-батпан темір есік еңсеңді басқандай тарс жабық тұр. Кешегі жартылай ашық терезеге қайта оралды. Ептеп, терезенің сыртқы жақтауына аяқ тіреді». Жасыратыны жоқ, қазіргі прозадан көбіне М.Әуезовтің бояуы қалың, көркем де бай сурет­теу тілін таппайсың. Ал объектіге айналып отырған әңгімеде бастан-аяқ кібіртіксіз, еркін көсілген жатық та көркем тіл бар. Кейіпкерлердің ішкі сезім дауылдары да, табиғат көріністері де шынайы берілген.
Адам кей сәт­те жаратылыстың құдірет-күші алдында өзін өктем сезінгісі келіп, бойын өзімшілдік билейді. Қатын да осындай әрекетке барған. Ол ертең өздері үшін Бағираның сүйкімді қалпынан айырылып қалуынан қорықты. Көзі мойылдай қап-қара мысықтың Графпен бірге болып, табиғат­тың жарасымымен сайран құрып, ұрпақ өрбітуі оған керек емес еді. Қатын ойында дәнеңе жоқ мысықты стирилет­ті дейді. Автор мысықтың бұдан кейінгі азалы күйін де жазушылық қиялмен дамытып өрнектеген. «– Бағира! – деп еркелете шақырған дауысқа елең еткен Бағира жоқ. Азалы… Мұңлы… Қаралы… Тек үйге жақындаған кезде ғана Графтың аңқыған иісін сез­ді. Аула алдында түксиіп күтіп тұрған Графқа «мия-у-у», – деді жылаңқы бір аянышты дауыспен. Ол да бәсеңдеу дауыс салды да тоқырап қалды.
Бағира екі-үш күн далаға шықпады, терезе алдына да бармады. Күйреп, бүрісіп жат­ты да алды. Шер үйге енгенде ғана аққан жұлдыздай зу етіп, далаға тұра жүгірді.
– Мынаған не көрінді?
– Ит біліп пе? – деді қатын. – Оның есіл-дерті Граф!
Бағира жүгірген бойда Графтың алдына екпіндей тоқтады. Басын салбыратып, иіліп ұзақ отырды. Граф алдыңғы аяғымен оның басын көтеріп, өзіне тіктеп қарат­ты. Бағира жылап тұр екен. Көзінен төгілген жас айқұш-ұйқыш мамық жүндерін терісіне жапсырып тастапты. Граф оның сап-салқын танауын, сосын, шекесін жалады. «Соңыма ер, кет­тік!» дегендей өзі алдына түсті. Бағира ермеді. Граф Бағираны айналып өт­ті, толғанып өт­ті, сезімін, адалдығын білдіріп, құйрығын қайқайта көтерді. Алдына түсіп: «Жүр!» – деп кеңес беріп, жетекке шақырды. Бағира қозғалмады». Мойылдай қап-қара мысық үшін тіршілік тынысы мәнсіздікке айналған. Әңгіме соңында үй иесі үшін жағымсыз әрекет­тер жасаған Бағира көп қабат­ты үйдің биігінен жерге жаншылып құлап өлді дейді. Әрине, бұл авторлық қиял болар. Дегенмен жазушы идея­сының түйіні мен көркемдік шешім осы эпизодтан аңғарылады. Бағира – автор қиялымен дамытылған көркемдік деталь мен параллель болмыс. Жазушы ойының көркем де әсерлі жетуіне қызмет жасаған. Авторға өмірдің өзінен идея келіп, оның астарын әр тараптан салмақтап жан-жақты ойланғанмен, оның берілу жолын табу екі-үш есе артық толғантқаны сөзсіз. Аталмыш әңгіменің жетістігі де, ең алдымен, осы көркемдік сапасында деп білеміз. Жақсы ой, идея өзінің қайталанбас өзгеше формасын таппаса – жартылай туынды. Баласыздық – қасірет. Ал жаратылыстың құдірет-күшін адамның өз қолымен жоюы – қылмыс. Ол Жаратқанның алдындағы ешқандай ақтауы жоқ ауыр қылмыс болуы мүмкін. Қаншама шақалақ дүниеге келмей жатып, қайшымен кескілегенін бір Жаратқан біледі. Автордың айтар ойы терең. Тек оны оқырман, әсіресе бүгінгі желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақ түсінсе игі.

 

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ
әдебиет­танушы, ф.ғ.д., профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір