ҚҰНАНБАЙ – көркемдік шындықтың құрбаны
20.06.2024
91
0

15-16-маусым күндері Абай облысы, Семей шаһарында Құнанбай қажының 220 жылдығы аталып өт­ті. Рухани шара Семей мемлекет­тік университетіндегі конференциядан бастау алып, Абай ауданы, Қарауылтөбе етегіндегі маңызды басқосуға ұласты. Осы алқалы жиында оқылған белгілі ғалым, абайтанушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбайұлының баяндамасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Көшпелі қоғамның соңғы көкжалдарының бірі, «қарадан шыққан хан» атанған Құнанбайға әдеби кейіпкер ретінде бұйырылған баға – оның өмірдегі іс-әрекетіне, ақыл-ойына, қол қайратына көрсетілген құрмет­тен гөрі әлдеқайда пәс әрі екіұшты. Күрделі оқиғалармен күрмелген көркем бейнеге орай айтылатын пікірлердің қарама-қайшы келетін, тіпті әділетсіз көрінетін де тұстары бар. Ол әділетсіздіктің кілті – «Абай жолы» роман-эпопеясының «Қайтқанда», «Қат-қабат­та», «Шытырманда», «Бел-белесте», «Өрде», «Қияда» деген әрбір бөлімінің атында жатыр.
Оған жалған да, жазмыш та, жазушы да кінәлі емес. Құнанбайдың атын көркем шындық арқылы әлемдік және мәңгілік тұлғаға айналдырған басты «айыпкер» Мұхтар Әуезовті кінәға тартудың да ешқандай қисыны жоқ. Ол – көркем ойдың иірімі иіп әкелген өмір заңдылығы. Егер де жазушы етек басты өмірдің сүрлеуіне түсіп, ықылым заманның иініне көнсе, онда «Абай жолы» роман-эпопеясының еңсесі осыншама биікке көтерілмес еді.
Ал көркем әдебиет­тің мәңгілік категориясы болып есептелетін көркем шындықтың әсерінен арыла алмаған біз үшін әкелі-балалы екеуінің бірі – қатыгездіктің, бірі – адамгершіліктің нышаны болып қалды. Бұл арадағы тартыс – әке мен баланың, яғни Құнанбай мен Абайдың арасындағы, тіпті адам мен адамның арасындағы пендешілік мүдде қайшылығы емес, қоғамдық коллизия – қоғам мен қоғам арасындағы жанталасқан шарпысулар. Әдебиет қисынының қағидасы бойынша, көркем кеңістік – кәдімгі уақытқа тәуелсіз. Сондықтан да көркемдік шындық абсолют­ті шындыққа жақын. Мұхтар Әуезовтің таңдаған уақыты – «тарихи мүмкіндіктердің ауысқан кезеңі», «қазақ халқының жүз жылдық тіршілігі», яғни ол көшпелілер әлемінің заман талқысына түскен, мәңгіліктің тұңғиығына батуға бет алған тұяқ серпер дәуіріндегі барлық қайшылықты құбылыстарды қамтуға салауат алды. Осынау тарихи кеңістік жазушының құзырына несиесіз көшті.
Енді сол құзырындағы уақыт­тың шекарасын анықтап, оған шарт­ты фабулалық сипат беріп, тарихи оқиғаға деректік дәлел ұсынып, өлі уақыт­ты тірілтетін рухани қуат­тың көзін табуы тиіс. Бұл рет­те Мұхтар өзінің алдына: Абай арқылы қазақ халқының жарты ғасырлық өмірін көркем сүзгіден өткізуді, оның өмірін, күресін, өскен ортасын, өз басынан кешкен өмір тіршілігінің нақтылы деректері арқылы тарихи жағынан дәл, дұрыс сурет­теуді, деректердің ішінде қоғамдық мәні бар ірілерін де, жеке басқа, отбасына ғана тән ұсақтарын да… кейіпкердің жан дүниесіне жинап, ой-сезімінен, ақыл сарабынан өткізіп, …соның бәрі ақынның шығармасында сәулеленіп, оның дәуірін бейнелеуі шарт деген сынды мақсат қойған.
Өмірлік шындық – көркемдік шын­дық­тың құрбаны. Осы уақытқа де­йін солай болып келді. Қазір де солай. Солай болып қалады да. Міне, осы арадан бастап тарихи дәлел мен тарихи тұлға толықтай жазушының еркіне көшеді. Мұхтар ­Әуезов бұл мүмкіндікті барынша толық және даналық пайыммен қапысыз пайдаланды.
Ал Құнанбай бейнесін сомдағанда М.Әуезов өзін қалай сезінген? Алғаусыз, бірақ астары терең мәселе. Өйткені Мұх­тар­дың Құнанбайға көзқарасы – жай жазушының жағымсыз кейіпкеріне көз­қа­расы емес, ол – Әуезовтің Абайға, тіпті Әуезовтің Әуезге көзқарасы. Сондықтан да Құнанбайға Мұхтардың да «неғылайыны» болуы шарт. Жоғарыдағыдай қатал да әділетсіз тұжырымға бірден келсе, шығарманың тағдырына деген сүйініш-күйініштен жүрек қуатын суытып алар еді. Жазушы үшін одан өткен тоқырау, өзін-өзі жоғалту табыла қоймайды. Ол өз үкімінің тарихи шындықпен сәйкеспейтінін терең сезінген. Сезіне отырып: «Тарихи романдардан оқушы көбіне көрсетілген шындықтардың өмірлік дерегін, типтердің прототиптерін, искусство шындығының арқауы болған өмір шындығын іздейтіні бар. Бұл тұрғыдан келгенде, өзі әр түрлі жасанды қылықтармен жақсы адам ретінде көрсетпек болған дала феодалы Құнанбай жөнінде нағыз шындықты табуым қиындау болды, басқаша айтқанда, оның жеке әрекеттері арқылы өз бейнесін дәл елестету қиын еді», – деп тұлға Құнанбаймен оқырманның алдында ақталғандай болды. Оған мәжбүр етіп отырған – «тарихи не өмірлік шындық біткен жерден көркем шындық басталады» деген талмауыт­ты әдеби талап, яғни, шығармашылық қағидат. Бұл орайдан алғанда, әділет­ті қалпына келтіру үшін айта кететін бір үлкен шындық бар. Біз Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман эпопеясының басты кейіпкерлері – Құнанбай мен Абайдың көркем шындық арқылы жасалған бейнелерін тіршіліктегі нақты адамдар – Құнанбай Өскенбайұлы мен Абай Құнанбайұлының өмірімен байланыстыра түсіндіреміз. Бұл – екеуіне де қиянат. Мысалы, Абайдың қалыптасқан ғылыми өмірбаяндарында Құнанбайға үш үлкен «заңдық айып» тағылады және Құнанбайдың Абайға таққан үш мінін – Құнанбайдың бойындағы міні ретінде түсіндіреді. Шындығында, бәрі де – өмірдегі болған тосын оқиғаларға дәстүрлі заң баптарына орай қолданылған қатал жазалау шаралары еді. Тар заманның тар қыспағында тап болған бір оқиға – екінші, одан үшінші оқиғаға жалғасып, салмағына орай оның көтерер жазасын да ауырлатып, алғысынан гөрі қарғысын қоюлатып, Құнанбайды шыңырауға батыра бергені анық еді. Біз соның ішінде, Құнанбайдың қаталдығы мен әділеті араласқан негізгі үш тосын оқиғаға ғана тоқталамыз.
Қодар. «Абай жолындағы» көшпелілердің тіршілік коллизиясы Қодар-Қамқа қасіретінен басталады. Ол өзі өмірде шын болған күнәһарлардың қазасы ма, әлде Мұхтардың қиялдан тудырған хикаясы ма? Құнанбайдың мойнына адам құнын арқалатқан, зұлым да қатыгез оқиға – Құнанбайдың Қодар мен Қамқаны түйенің өркешіне дарға асқызуы. Иә, бұл – өмірде болған оқиға, жазаны шариғат жолымен жүзеге асырған – Құнанбай. Өте қатал да тосын үкім. Бірақ жалғыз ұлы өлген соң жесір қалған келінінің қойнына барып, ақыры елсізге алып қашып кетіп, әуейі болған Қодардың қылмысын қалай ақтауға болады? Солардың соңынан ере кетіп, әуейілік құрған бозөкпелер мен бойжеткен қыздарға кім тыйым салады? Атасы мен келінінің арасындағы қасиет­ті сыйласымдықты зинақорлыққа айналдырған Қодар мен Қамқаға қандай сот кешу береді? Егер мұндай бейбастыққа үкім кеспесе, қазақ жұрты азып-тозып, ар-ұят­тан айырылмай ма? Бір елдің тізгінін ұстаған Құнанбай оны билер кеңесіне салып, ашық сот жүргізіп, жазаға тартуын қандай заң жоққа шығара алады? Бұл – қасиетсіздікке үкім, ұрпаққа ескерту, ұлт­тың ұятын қорғау. Ел иесі ретінде сондай шешімге барғаны үшін де Құнанбай жазықты ма?
Қодар-Қамқа жазасы – үрім-бұтақтың жүзіқаралық індетке ұшырамауы үшін жасалған қатал да әділет­ті кесім. Егер Құнанбай өзінің қатаң қимылы арқылы жастардың жүрегін тітіркендірмесе, дарға асылардың алдында қымсынудың орнына: «Соңғы тілегім – Қодарды бір иіскетіңдерші», – деп қылымсыған Қамқа сияқты қарлардың көбеймесіне кім кепіл?..
Бұл оқиға, мөлшермен, 1835-1843 жылдардың аралығында, Абай тумай тұрған кезде өткен. Мұхтар Әуезов өзінің қойын дәптеріне: «Қодар-Қамқа әңгімесін Абайдың естуі мүмкін», – деп жазуы да сондықтан. Қодар-Қамқа трагедиясындағы тіршілік коллизиясында, міне, осындай шындық шыңырауы жатыр.
Жан ашуын шақыратын екінші бір ең дерт­ті оқиғаны сұрақ қоюдан баста­йық: ата мен келіннің, әке мен баланың ар-ұятын, қыршында кеткен аруақтың ар-ұятын айғыздатпағаны үшін де Құнанбай жазықты ма? Бұл – қарғайтын емес, алғайтын қасиет.
Ал енді Үмітей мен Әмір туралы хикая -тымызды қысқа қайырайық. Қазақ жеті атаға толмай өзара қыз алыспайды. Әмір мен Үмітей – бір әкеден туған ағайынды екі кісінің ұлы мен қызы, Құнанбайдың немерелері. Ырғызбайлығынан сескенген жұрт олардың бұл «серілігін» Құнанбайдан жасырады. Екі әйелі, бала-шағасы бар Әмірдің астамсып кеткені сондай, Үмітейдің ұзатылып барған жеріндегі шымылдықтың ішін босатпайды. Бұл – басыну ғана емес, қанша Ырғызбай тұқымы, сал-сері болса да арсыздық еді. Сүйекке таңба! Әлгі оқиғаны махаббат хикаясы ретінде сурет­теген М.Әуезовтің өзі: «Абай Әмір мен Үмітей үшін мына жұрт өсегінен қысылып кет­ті… Мыналарға да, өзіне де ауыр болады-ау деп қысылу үстіне ұялып та барады», «Шолақтеректегі ел бұл келіске сұмдықтай қарады. Сол ауылдардың аталық, елдік абыройын таптағандай көрді», «Үмітей болса бұған сіңлі (анығында қызы – Т.Ж.) есепті еді. Айғыз сол өз төркінінің тойынан ашуланып қайт­ты», – деп емеурін танытады. Тіпті Құнанбайдың ата жауының өзі Қаратай да: «Сені мен менің өлер күнімізде бетке таңба түсті. Сені аяғанмен, айтпай тына алмадым. Өзге кімге айтушы ем!» – деп қипақтайды. Абайдың өзі: «Бұларды шариғат та қосады»,– деп арабтардың немерелес туыстарына үйлене беретінін меңзейді.
Ендеше, Құнанбайдың: «Менен туған арам қан, бәдбақыт нәсілдерім мына екеуі. Жаратқан ием, я Кәрім Алла, менің қолымнан өлтіртпедің. Пендең болған бар тілегім сол болсын. Ал мына екеуін! Жібер өзіңнің ақ бұйрықты ажалыңды. Уын, зәрін өзгеге жаймай тұрғанда, жой көздерін жоғалғырлардың!» – деп, қолының сыртымен теріс батасын беруі – сауап! Осы үшін де Құнанбай ақ некелі махаббат­ты қорғағаны қатігез боп шыға ма?! Егер атасы мен келінінің, ағасы мен қарындасының әуейілігіне тыйым салмаса – Құнанбай – Құнанбай бола ма, ел билей ме? Үрім-бұтағының азғындық жолына түсуіне қалай жол беріп қояды? Құнанбайдың бұл қаталдығы – қатыгездік емес, қатал да әділ үкім!
Құнанбайға тағылған үшінші айып – «дін жолындағы құлшынысы». Абайға қарата: «Үшінші мінің – орысшылсың», – деген ескертудің зілі де ауыр, мағынасы да терең, тектік-діни намысты қозғайтын мәселе. Құнанбайдың дүние ісінен бет бұруға ұмтылғаны шындық. М.Әуезовтің қатирасында Құнанбайдың Меккеде қалып қою ниеті болғаны жайлы, тек орыс-түрік соғысы басталып кеткеннен ке­йін кешіккені үшін Ресей консулы айып-пұл салып, ырықсыз қайтарған деген жазу бар. Әке мен бала арасындағы суысуды, яғни Құнанбай мен Абай арасындағы қатқыл сөздердің тамырын олардың өмірге деген көзқарастарының қайшылығынан іздеу ең сенімді себеп сияқты көрінеді. Сондай бір әкелік айбат­ты Құнанбай қажыдан қайтып келген соң, Абайдың мына мінездері үшін көрсетсе керек. Құнанбай қажыдан келгенде, ауылының маңынан шошақ найзалы мылтықты солдат­тарды, шұрқырасқан үйір-үйір жылқы мен отар-отар қойды көреді. Себебін сұрағанда Абай орыс пен түрік соғысын ескерте келіп, мына жылқыны – орыс әскеріне көлік ретінде, қойды – азық-түлік, қаражат ретінде жиып жатқанын, сонымен қатар қалың қазақтың Русияны қолдап, түріктерге қарсы шығуы туралы үндеу хат жазып жатқанын айтады. Сол арада Құнанбай қат­ты ашуланып, Абайға ауыр-ауыр кінә тағып, істеп жатқан әрекетін дереу тоқтат­тырады.
Бұған архивте сақталып қалған: «Хатқа (хат­тың мәтіні орысша және араб әрпімен қазақ тілінде жазылған) қол қойған болыстардың тізімінде Абайдың, інісі Ысқақтың, құдасы Мүсірәлі Алыбаевтың аты-жөні атап көрсетілген», – деген хаты дәлел. Меккеден жаңа келген, жолай Станболдағы, Қырымдағы, ішкі Ресейдегі саяси жағдайды, Ресей қол астына жаугершілікке түскен мұсылман жұртының қайғы-қасіретін көріп келген Құнанбай Абайдың бұл қадамын қолдамағаны түсінікті. Өйткені мұсылман дүниесін өз көзімен көрген, түркі елінің мақсат-мүддесіне қанық Құнанбай үшін ислам дүниесіне қарсы қаракетке бару қиямет­тік қиянат еді.
Абай соңғы жылдары қазақтың дәстүрлі заңы мен әдетін «орыс заңына» жығып беріп, ұлықтарға иек сүйеген тәсіліне де қарсы шығады. Бұл оның Абайға айтқан үшінші ескертуіне, яғни «мініне» тікелей қатысты және әкенің баласына айтқан соңғы өсиет­ті тапсырмасы еді. Оны тыңдамасқа Абайдың еш лажы да жоқ еді. Әке сөзінен ке­йінгі өзінің көңіл-күйін Абай:

Ойға түстім, толғандым,
Өз мінімді қолға алдым.
Мінезіме көз салдым,
Өзіме өзім жақпадым.
Енді қайда сыя алдым.
Қалап алған көп мінез,
Қалайша қып тыя алдым? –
деп білдірді. Расында да, Абайдың «ойланатын да, қолға алатын да» жөні және оның себебі бар еді.
Сонымен қатар Құнанбайды «діншіл» атандырған бір қатал әрекеті – немересі Әмірді «салалы саусақтарымен шеңгелдей қылқындыруы». Жазушы М.Әуезов бұл оқиғаны Әмір мен Үмітейдің әуейілігі тұсындағы теріс батамен қабат­тастыра сурет­тейді. Рас, Құнанбайдың «діндарлығы мен ел билеу жөніндегі ірілік, мықтылығы, алысты болжағыш ақылдылығы, мінезінің суықтығы, қат­тылығы, сонымен бірге мырзалығы, намаз оқушы кедейлерге ат, киім беруі, әнше­йін орта қалыптағы қазақтан кесек болғандығы», «ақыл мен сөзге, келелі кеңеске билік, байлауға келгенде көпті тоқтатып, орта жүздің басты билерінің қатарындағы кісі боп саналғаны» – ақиқат жайлар. Бірақ Меккеден келген соң «дүние ісіне араласпай тек жатқан», Алладан ақ өлім мен иман ғана тілеп, фәниден баз кешкен тірі әулие Құнанбай, жат емес, туған атасы Құнанбайдың намазын бұзу үшін таңғы мінәжатқа ұйып отырғанда жынды емес – әумесер, сал-сері емес – сайтан, бала емес – қос қатыны, үш баласы бар әке – Әмір жайнамазды аяғымен баса отырып aп, «Жалаңбұт» ат­ты көргенсіз күйді тартып, саусағын, тілін шығарып, бет-аузын қисаңдатып:
Сыпыра бойдақ, сылқылдақ,
Буыны жоқ – былқылдақ.
Сұлу келіншек, сұлу қыз,
Кез келсе – Әмір сылқылдат.
Сылқылдат, Әмір, сылқылдат! –
деп ән айтқан есерсоқ немересінің «алқымынан, жалаңаш мойнынан сығымдап қысып кеп буындырып, өзіне қарай сілке тартып, қинамағанда» Құнанбай не істейді!
Тарихи дерекке жүгінсек, бұл арада да Құнанбай күнәдан сыртқары. Оның екі машайықтың алдында да, елдің алдында да, заңның алдында да жазығы жоқ. Мұны М.Әуезов жақсы білген және «Қаракөз» пьесасында бояуын сіңіре сурет­теген. Өзінің бұл қадамын ақтаған сыңай танытып: «Енді ол (Құнанбай) мораль сақтағансып: Әмірді, оны сүйген Үмітейді сол ниетіне құрбан етпек болады», – дейді сенімсіздеу желеумен. Міне, осы үш оқиға үшін Құнанбайға қарғыс қамыты кигізілді.
Дүние аударылып-төңкеріліп түсіп отырған осы оқиғалардың барлығы да Абайдың ер жетуіне, көзқарасын қалыптастыруына тікелей әсер ет­ті. Тарихи шындық пен уақыт­тың ақиқаты – осы. Ал бұл оқиғаларды алып тастасаңыз не оның барлығы Абайдың қатысуынсыз өтсе – «Абай» романы қандай күйге түсер еді? Әлем әдебиеті, оның ішінде қазақ руханияты ұлы Абай бейнесінсіз қалатыны сөзсіз. Даналардың уақытқа бағына бермейтіні, өз «заманына сыймайтыны», «замананың оны илейтіні» (Абай) сондықтан. Өйткені уақыт – мәңгілік, адам – фәнилік. Тек көркем уақыт пен көркем шындық қана оны тірілте алады. Қалпына келтіреді. Екінші өмір береді. Көркем уақыт­тың шекарасын дәл анықтап, уақыт шындығын сара санамен белгілей білгендіктен де Мұхтар Әуезов Абайдың көркем өмірін ұзарт­ты.

Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
филология ғылымдарының докторы,
профессор

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір