КӨРКЕМДІК ТҮР – ОЙДЫ ЖЕТКІЗУ ФОРМАСЫ
29.12.2024
504
0

Kөрікті ойдың көркем жетуі, ең алдымен, тіл оралымдылығы мен ұтымды табылған түрге және көркемдік шешімге байланысты деп білеміз.
«Қазақ әдебиеті» газетінде (№49-50) жарияланған Мира Шүйіншәлиеваның «Шындықпен бетпе-бет!..» әңгімесінің де ең бірінші ұтымды тұсы – ойды жеткізудің формасын сәтімен таба білуінде дер едік.
«Мысықтай маужырап тәтті ұйқының құшағына енген Дүтбай кенет құс жастықтан қазандай басын оқыс көтерді. Сосын, есін жия алмай «өз үйі – өлең төсегіне» үрке қарады. Көңілі алай-дүлей күйі жан-жағынан әйелін іздеді.
– Әу, не болды бәйбішелеп?! Жайшылық па? Әншейінде қатын да қатын дейсің, әлде менен жасырған тоқалың бар ма еді? О несі бір! Түн болса қорылдайсың, күндіз масадай ызыңдайсың! – деді Әуреш отағасына долданып».
Әңгіменің басталуында жинақылық, оқырманын бірден ситуацияға енгізіп, кейіпкерлерінің мінезін аз штрихтермен бейнелеп сипаттау байқалады. Ситуация Дүтбайдың басындағы психологиялық жарылыспен нақтыланады: «кенет құс жастықтан қазандай басын оқыс көтерді». «Қазандай бас» оның тұлға бітімінен хабар береді. «Құс жастық» тіршілігінің қазіргі уақытқа лайық жаман емесін аңғартады. «Есін жия алмай «өз үйі – өлең төсегіне» үрке қарады». Бұл – ситуацияның екінші актісі. Өз үйінде өз төсегіне шошына қарау, алай-дүлей күймен жан-жағынан әйелін іздеуі – бұл жайшылық емес қой. Әңгіменің қызықты формасы – Дүтпайдың түсінде өліп қалуы және шошып ояна келе түсінің барлық бөлігін есінде сақтап, әйелімен түн жарымында әңгіме қылуы. Сөйтсе… Адамдар мұның өліміне шын қайғырып та жатпаған сияқты-ау. Төңірегінің бәрі «екі беттерге» толы екен. Сіріңке алса да, «долг» деп жазып қоятын сатушы Сәния екі бетін шымшып: «Дүкең қу дүниеден қайыр жоғын білгендей, ештеңе жимапты. Мынау кілемге дейін шұрық тесік, киізден бетер тып-тықыр» деп сыпсыңдап жүр дейді. Әйел біткен өсекті судай сапырады. Тұйық мінезді дейтін Бұрқанның келіншегі де кіріп-шыққан сайын отқа май құя түседі. Жанына әсіресе батқаны – жұрттың мұны жерлеуге асыққаны. Шопыр жігіт те табытты машинаға сала ызғыта жөнелді. Бес-алты жігіт сүйек жатқан тақтайды шайқай-шайқай, қазулы көрге тастай салды. Содан соң саз балшықты дәу күрекпен атып, асығыс-үсігіс денесін жауып, сирақтарынан біреу ұстап алатындай, бәрі тарақандай тым-тырақай қаша жөнелді. Жамбасы жерге тие сала, көрден шығып, қалаға аяңдайды. Сөйтсе, үш күндік садақасы беріліп жатыр екен. Адам көп. Былпылдап піскен шеке мен жал-жаяға әбден лықып тойған жас молда аузынан ақ көбік шыққанша уағыз айта бастады. Кейбірі: «Дүкең күшті еді, жақсы еді. Соңғы жылдары зәрплаты өсіп, банктегі несиесін жауып, қарызынан құтылып, таршылықты ұмытып, жоқшылықтан көзін аша бергенде… Қап, Құдай-ай, аясаң етті. Жасынан момын жігіт еді. Бұзау құсап қағаздан басқа ештеңе жемеді. Жемқорлықты білмеді. Бір-бір үйдің су-асын «есейтем» деп жүріп жүрегіне салмақ салды. Жатқан жері жарық болсын» деп әулетке көңіл білдіргенсіді.
Туындының ең бірінші жетістігі – жоғарыда айтқанымыздай, әңгіме формасын үйлесімді табуы дер едік. Дүтпайдың түсінде көргені – қазіргі уақыттың шындығы. Өлімді жердің өзінде де адамның адамға деген шын жанашырлығы, пейілі азайып бара жатқан тәрізді. Екі-үштен бөлініп алып, өзімен-өзі, тіршілік әңгімесін айтып жатады. Ас та төк дастарқан тойдан кем емес. Тіпті адамды ақырғы сапарға атандыру – бәсекеге ұласқандай. «Кім қаншадан беріпті» деген әңгіме кей адамның ындынын құртып, құлағын елеңдетеді. Ертең елге айтатын әңгіме керек қой. «Ойбу, пәленше имам-молдаға соншадан беріп, ақшасын төгіпті, аянбапты» дейді. «Күмбез соғыпты» дейді. Молдалардың да әр алуан қылығын байқап, ішіңді жиясың.
Туындының формасы, шетелдік әдебиеттерде кездесетін, өлген адамның кенеттен тұрып, үйіне баруы, әлдебір жәндікке айналып, адамдардың әңгімелерін тыңдауы – түс ауқымына сыйымды. Түстің бітуімен әңгіме аяқталады.
Түйіндей айтқанда, жазушы идеяның берілу жолын тиімді тапқан. Диалогтер шынайы. Кейіп­керлердің түн жарымындағы әңгімелерінен мінездері көрінеді. Түсінен шошып оянған Дүтпай тәубасына келген. Өмірде, күнделікті тіршілікте байқап жүрген «әттеген-айлары» ғой. Түсінде сәулеленіпті. Әйелі Әуреш те күйеуінің түсіндегі бірге жүрген кейбір әйелдердің теріс қылығына шыдамай, дүрсе қойғысы келсе де, бүгінгі күндеріне тәубе дейді. Алланы аузына алады. Әңгіме кейіпкердің түс көру сәтіндегі қоғамда өріс алған келеңсіз жағдайлардың, адамдардың құбылған мінездерінің бейнеленуімен салмақтандырылған.

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымының
докторы, профессор,
Тараз қаласы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір