ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ДҮМПУ: БОЛМЫС пен БОЛЖАМ
28.06.2024
36
0

Жаңа дәуірдің алғашқы мыңжылдығында жер бетінде 300 млн адам өмір сүрген дейді тарихи деректер. Ал мыңжылдық соңында саналы тіршілік иелерінің саны 10 миллионға ғана артқан көрінеді. Тұрғындар қатарының бұлайша баяу өсуіне сол тұстағы түрлі эпидемиялар мен соғыстар әсер еткені белгілі. ХVІ ғасырға қарай ғаламшарды мекендейін адамдар саны 500 миллионға ұлғайса, ХХ ғасырда дамушы елдердегі өлім-жітімнің азаюына байланысты демографиялық өсу қарқын алып, 1950 жылдары адамдар саны 2,6 миллиардқа тақапты. Ал бүгіндері жер шарында тұрғындар қатары 7,7 миллиардтан асып жығылыпты.

Егер халықтың санын орналасу жағдайына қарап бағамдайтын болсақ, алдыға Азия құрылығы шығады. Атап айтқанда, Азия жұртшылығы 4,7 млрд тұрғынымен жер бетіндегі 60 пайыз тұрғындарды қамтамасыз етіп отыр. Екінші орынға 17 пайызды құрайтын Африка елдері шықса, Еуропа 10 пайыз тұрғындарымен үшінші орынға орналасқан. Содан кейін тиісінше Латын Америкасы, Кариб бассейні, Солтүстік Америка мен Тынық Мұхитында орналасқан аралдық мемлекеттер қатар түзеген. Ғалымдардың болжамы бойын­ша 2050 жылдарға дейін жер бетіндегі тұрғындардың саны 9,7 млрд-қа жетіп, 2100 жылдары 11 млрд-тан асып түседі деп болжануда.
Бүгіндері демографиялық державалардың көшін 1 миллиард 417 миллион тұрғынымен Үндістан бастап келеді. Содан кейінгі орынға 1 миллиард 412 миллион халқы бар Қытай орналасып, жалпы адамзат баласының 37 пайызын екеуі ғана қамтамасыз етіп отыр. Біріккен Ұлттар ұйымы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау мекемесінің зерттеулері бойынша таяу болашақта туу көрсеткіші аса жоғары Нигерия Қытайды артқа тастап, екінші орынға жайғаспақшы екен. Осылайша, алғашқы төрттікті Үндістан, Нигерия, Қытай және АҚШ иемденеді. Бұл жерде Африка құрлығындағы мемлекеттер тұрғындарының саны күрт көбейіп, 1,5 млрд-қа жетеді деп күтілуде.
Сонымен қатар зерттеушілер көптеген елдерде бала туу көрсеткішінің құлдырауына байланысты тұрғындар саны төмендейтінін айтуда. Атап айт­қанда, Еуропа құрлығындағы бүгінгі ұстанымдарға байланысты Испания, Италия, Ирландия, Болгария, Босния мен Герцоговиня, Венгрия, Латвия, Литва, Молдова, Сербия, Украина, Ресейде адамдар саны 15 пайызға дейін азаюы ықтимал екенін айтады. Осылайша, Англияның аса беделді басылымы «The Lance» медициналық журналының келтірген мәліметтері бойынша 2100 жылға қарай жер шарын мекендейтін адамдардың саны БҰҰ-ның зерттеулерінде айтылғандай 9,7 млрд емес, 8,8 млрд-қа ғана жетуі мүмкін. Ғалымдар Қытай халқының саны да 730 млн жанға төмендеп, экономикалық көрсеткіштері жағынан АҚШ-тан қалады деген болжамдар айтуда. Оған аспан асты мемлекетіндегі адамдар жасының тым қартайып кеткені себеп болатынын алға тартуда.
Иә, ғалымдардың адамзат болашағы туралы зерттеулері көңіл көншітпейді. Олардың анықтауынша, адам жасының ұзаруы, бала тууға деген құлшыныстың төмендеуі сайып келгенде жер шары тұрғындарының қартаюына әкеліп соқтырмақшы. Әсіресе Қытай, Үндістан, Жапония, АҚШ сияқты мемлекеттерде жасы 80-нен және 100-ден асқан тұрғындар санының артуы осыны көрсетеді. Бұл өз кезегінде адамдардың азаюына бстайтыны түсінікті.
Осы келтірілген мәліметтер тұрғысынан қарағанда Қазақстанның жағдайы жақсы деп айтуға да болатын шығар. Себебі, Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде бала туу көрсеткіші жағынан алдыда келе жатқан Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан Түркменстаннан кейін қалып, ең соңғы орынға орналасқанмызбен тұрғындардың жасы жағынан біз «жас» мемлекеттердің қатарына кіреміз. Себебі, жуырда ғана 20 милионыншы тұрғынның дүниеге келуін атап өткен елімізде орта жас 25 пен 30-дың арасында тұрақтаған. Бұл дегеніңіз – еңбек ететін, мемлекетті гүлдендіретін жаңа да зайырлы ұрпақ келе жатыр деген сөз!
2024 жылдың 1-мамырындағы деректер бойынша қазір елімізде 20 118 478 адам өмір сүріп жатыр. Оның 12 533 471-і қалада тұрса, ауылды мекендеп жатқан ағайындардың саны 7 585 007 адамды құрайды.

Қуат ҚАЙРАНБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір