«Қара жорға» балладасындағы рухани болмыс
Бақытбек Бәмішұлы – қазіргі қазақ әдебиетінің танымал өкілдерінің бірі. ығармаларында ұлттық болмыс пен қазақы құндылықтар өзек болып өрілген алымды ақын. «Қара жорға» балладасы – Бақытбек Бәмішұлының шығармашылық стилін айқын көрсететін, қазақы рух пен болмыстың көркемсөзбен кестеленген бейнесі.
«Қара жорға» балладасы арқылы автор ұлттық дүниетанымдағы тұлпар бейнесін адамгершілік, адалдық және еркіндік идеяларын жеткізу құралы ретінде пайдаланады. Бақытбек Бәмішұлы бұл балладада жылқы мен адам қарым-қатынасын ерекше поэтикалық шеберлікпен суреттеген. Жылқы – қазақ халқының тұрмысында, мәдениетінде, тіпті дүниетанымында ерекше орын алған жануар. Қара жорға – бұл тек тұлпар емес, ол еркіндіктің, тазалықтың, әділеттің, арлылықтың және рухани адалдықтың символы.
Балладада қара жорғаның тағдыры арқылы адамның табиғатқа, жан-жануарларға, жалпы тіршілікке деген қарым-қатынасының әртүрлі қырлары бейнеленеді. Тұлпардың тағдыры арқылы қоғамдағы әділетсіздік, дүниеқоңыздық, рухани жұтаңдық мәселелері көтеріледі.
Қара жорға бейнесі – балладаның басты образы. Жануардың еркіндіктен айырылуы, қапастағы азапты өмірі – адамзаттың табиғатқа деген шектен тыс билігі мен аяусыз пайдалануына қарсы наразылық ретінде көрінеді. Қара жорға тек тұлпар ғана емес, еркіндіктің символы ретінде қоғамның рухани мұңын жеткізеді.
Дәригүл образы – жылқы мен адам арасындағы ерекше байланыстың көрінісі. Дәригүлдің қара жорғаны баптап, оны бауырына балап қарауы – адамгершіліктің, мейірімділіктің бейнесі. Оның ауруы мен әлсіздігі жануардың тағдырын ауырлата түседі, ал қайта қауышу сәтінде жануардың қуаныштан жан тәсілім етуі – сезімдердің шексіздігін көрсететін драмалық оқиғаның шарықтау шегі.
Қоғамдық контекст – қасапшылар мен базар көріністері арқылы адамзаттың рухани құндылықтарды коммерцияландыруы, яғни материалдық дүниені жоғары қойып, барынша мән беруі сыналады. Қара жорғаның тағдыры – бұл тек бір тұлпардың тарихы емес, тұтас қоғамның моральдық келбетінің көрінісі.
Балладаның тақырыптық өзегі – адам мен табиғаттың арасындағы байланыс. Бақытбек Бәмішұлы өз шығармасы арқылы адамзаттың табиғатқа жасайтын әділетсіздігі мен қиянатын айыптайды. Туған жеріне қайта оралу сәтіндегі қара жорғаның бойындағы қуаныш пен рух – еркіндік пен әділдіктің салтанаты. Алайда қуаныштың шарықтау шегінде жануардың өлімі – оның еркіндікке жету үшін тартқан азабының символы. Қара жорғаның еркіндікке деген ұмтылысы арқылы автор табиғатқа, жалпы, адам баласына үстемдік, қиянат жасаудан аулақ болу керегін меңзейді.
Көркемдік ерекшелігі туралы айтар болсақ, Бақытбек Бәмішұлының тілі өте бай, эпикалық суреттеулерге толы. Балладада қолданылған эпитеттер мен метафоралар арқылы тұлпардың бейнесі ерекше нақышталған. Мысалы, «жұп-жұмыр тостағандай қара тұяқ», «бүлк-бүлк еткен тамақ» деген тіркестер қара жорғаның өмірлік қуаты мен табиғат үйлесімін көрсетеді. Жылқының табиғи жүріс-тұрысы «Тойота Камридей былқылдаған» деп берілуі – дәстүрлі образды заманауи ұғыммен байланыстырудың шебер тәсілі.
Сонымен қатар баллададағы табиғат суреттері де шығарманың эмоционалдық күшін арттырады. Қара жорғаның туған жеріне оралуы мен Текелінің самалына деген ұмтылысы – адамның туған жерге, еркіндікке деген мәңгілік аңсарының символы.
Балладада көтерілген ең басты философиялық идея – еркіндік, адалдық пен әділеттіліктің адамзат баласы үшін мәңгілік құндылық екені. «Дүние қандай сұлу болар еді, Адамда ат құрлы ақыл болса шіркін!» деген жолдар арқылы автор адамзатқа ой салады. Бұл замананың рухани ахуалына алаң ақынның адамзатқа үндеуі.
Тоқетерін айтқанда, Бақытбек Бәмішұлының «Қара жорға» балладасы – қазақ әдебиетінің көркемдік қуаты мен ұлттық рухын паш ететін туынды. Ақын тұлпар бейнесі арқылы қоғамның моральдық ахуалын, табиғатқа деген көзқарасын, әділдік пен еркіндік идеясын аса көркемдікпен жеткізеді. Адамның жан дүниесін қозғайтын шынайы өнер туындысы арқылы оқырманды мейірімділікке, табиғат-анамызға жанашырлықпен қарауға, рухани бай болуға үндейді. Ұзақ болашаққа бастайтын бірегей жарқын жолды көрсетеді.
Теңізді тамшысынан таны дегендей, мен Бақытбек Бәмішұлының бір ғана шағын балладасын оқып, адамзат жаралғаннан бері жалғасып келе жатқан жақсылық пен жамандықтың бітіспес күресінде әділдіктің басым түсеріне деген сеніммен осы жолдарды жаздым…
«Ақынға алғыс айту да жебеу» демекші, Бақытбек Бәмішұлының маржан жырын жебей отырып, алтын бауырыма толағай шығармашылық жетістіктер тілеймін!
Болат БОПАЙҰЛЫ,
әдебиет зертеушісі, этнограф