Бекзат болмыс
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің журналистика факультетінде Дүниежүзілік жазушылар күніне орай, Халықаралық ПЕН-клубтың қазақстандық бөлімшесінің президенті, Құрмет, Парасат ордендерінің иегері, қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы, журналист Бигелді Қайырдосұлы Ғабдуллиннің студент жастармен кездесуі өтті. Т.Қожакеев атындағы аудиторияда өткен кездесуді Журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбайұлы жүргізіп отырды.
Темірбек Қожакеев кезінде осы төрде отырған қонақтардың барлығының дерлік ұстазы болғанын айта келіп, Бигелді ағамен бірге келген Сағымбай Қабашұлы, Қансейіт Әбдезұлы, Ләйлә Сейсенбекқызы, Бауыржан Өміржанұлы, Бақытжан Мұсаханұлы, Берекет Бақытжанұлы, Аманжол Боранбайұлы сынды меймандарды жеке-жеке таныстырып өтті.
Бигелді Қайырдосұлы ҚазҰУ-дің студенттерімен жүздесуге өзінің соңғы уақытта жазып бітірген бірнеше кітабын ала келіп, жекелей таныстыра әңгімелеп берді. Сонымен қатар ол еңбектерінің қашан және қалай жазылғанына тоқтала отырып, өзінің қызықты да қилы тағдырынан сыр шертті.
«Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімес» демекші, ғұмырында өмірдің ащысын да, тұщысын да көрсе де еш мойымастан өзінің журналистік мамандығына берілгенін сезіндік. Әсіресе «Ұлы көш», «Біздің Әбе», «Қаңтар 2022», «Мораль», «СИЗО» сынды соңғы жазып шығарған кітаптарының әрқайсысының шығу тарихынан-ақ журналистік этиканы сақтай отырып, әрбір оқиғаны анық та айқын суреттеп, жазғанын аңғардық. Бір ғана мысал, «Қаңтар 2022» шығармасын жазу үшін Бигелді Ғабдуллин еліміздің он алты облысын аралап шығып, 118 адамнан сұхбат алыпты. Оның ішінде, оқиға кезінде зардап шеккендердің де, полиция өкілдерінің де пікірлері бар, яғни ақпаратты беруде бір жақты кетпей, екі тараптың да пікірін берген екен. Мінекей, осы бір ғана детальдан-ақ, кезінде «Қазақстанның үздік бас редакторы» аталымының жеңімпазы болған Бигелді ағаның биік болмысы білініп тұрғандай…
P.S: Журналист Бигелді Қайырдосұлының бүгінгі ағынан жарылған сұхбаты телефон шұқыламай беріле тыңдап отырғандарына қарағанда, студенттерге біраз ой салғандай болды. Өмірлік тәжірибеден сабақ алу артық болмас.
Дәурен Мақсұтханұлы