КӨРЕГЕНДІК пен КӨРКЕМДІК ДУШАРЛАСҚАНДА
14.02.2024
1508
2

(Жазушы Дулат Исабековтің «Қоштасу вальсі» пьесасы туралы) 

Аламанға әйгілі ғалым, жазушы Зейнолла Қабдолов марқұм «Әдебиет – ардың ісі» дегенде, қаламгер атаулының мойнына әуеліден артылған ең басты парызды-адамгершілікке, имандылыққа адал болуды, ар-ұжданды таза ұстауды мегзегені сөзсіз. Әттең, соңғы 30 жыл ауқымында қазақ әдебиетінде қолжетпес­ке қолымыз жетті, көктен тілегенді жерден берді деген сыңайлы тыржалаңаш ұраншылдық, бірін-бірі жарыса, асыра мақтау сияқты өте бір ұят та келеңсіз бағыт пайда болды.

Әлде өздерінен өзгені біліксіз көре ме, әлде өзі не сөйлеп отырғанына мән бермей ме қайдам, олар сөйте тұра кеңес заманында әлемнің небір бетке ұстар шығармаларынан да озғын шығармаларды жағымпаздық деп ғайбаттайтын ілік іздеп әуреге түсуде. Егер құдайшылығына келсек, ол қаламгерлер дәл бүгінгі кейбір ақын-жазушыларша билікке жағымпазданған жоқ, дәл бүгінгі жазғыштарша тіленіп, биліктен мемсыйлық, стипендия, пәлен жүлде, түген жүлде сұраған емес. Керісінше, кеңес заманында үкіметтегілер, мемлекетті басқарып отырғандар қаламгерлердің сөзіне құлақ қоятын. Олар мемлекетті, қоғамды қалыптастыруға, ұлттың аман-сау болуына тікелей араласып отырды. Бүгінде соларға сын-сымақ бірнәрсе айтып, ділмарсып жүргендерде кешегі әдебиет ардагерлерінің шығармаларындағыдай алуан бояулы көркемдік, шынайы шеберлік, терең де тағлымды ой-толғаныс, тегеурінді тұжырым, әдеби сырбаздық дегеннің он екі де бір нұсқасы жоқ. Бұларда таза қазақы сұлу, әрі шырайлы, әрі шұрайлы, терең мағыналы тіл сияқты басты байлықтың өзі өте жұтаң. Оның есесіне кейінгі кезде сынаптай сырғыған сұйық сөз бен өтірік-расы аралас мақал-мәтелді судай сапыра берсем, кітабым керемет, көркем болады деп ойлайтын, әр жанрдың өзіндік талап-шарты дегеннен бейхабар жазушылар шықты. Әрине, бұның бәрі бүгінгі қазақ әдебиетінде тігерге тұяқ қалмай, қолымызға құр көген мен құрық ұстап қалдық деген сөз емес. Шүкір, кеше – жас, бүгін – аға буын атанып жүрген Т.Әбдіков, Д.Исабеков, М.Мағауин, С.Елубай, Т.Нұрмағамбетов, олардың өкшесін басып келе жатқан
Қ.Жиенбай, Ж.Қорғасбек және басқалар сипатты, табаны тиянақты, әдебиетпен тағдырлас тарландар әлі де баршылық. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады…» дегендей, бұлардың әрқайсысы бүгінгі қазақ әдебиетінде өз орны бар, өзінің азаматтық ұстанымымен, өз үнімен келе жатқан, әдебиетті ар-ұжданның рәмізіндей көретін, әдебиетті кейбіреу­лерше айдын демей, қайта соқтықпалы, сүрлеу-соқпақты тоқсан тарау күрделі
жол деп білетін жетелі қаламгерлер. Ал
Дулат Исабеков осынау әр сүр­леуі құпиялы да жұмбақ сыр­ға толы, әр бұралаңы сенің әр
қи­­мы­лыңа сын көзімен сығырая қарап тұрған өте киелі өнер – әдебиеттің ар-ұжданы жолында адалдықтың Темір­қазығына әуел бастан маңдай түзеген жазушы. Бұл жазушының қа­ла­мынан туған, оқырманның ет жү­­регін қаласа сыздатып та, мұздатып та отыратын сәттердің өзін­­де еріксіз езу тартқызып қоятын әзілі мен әжуәсі қапталдаса жүретін ой мен тебіреніске толы әңгіме, повестері туралы қайталап айтып жатудың өзі артық. Оны қалың оқырман қауым да, қаламгер, әдебиетші атаулыдағы ниет-пиғылы түзу қазақ түгел мойындаған. Бүгінгі әңгіме Дулат Исабекұлының драматургтік шеберлігі, оның ішінде бір ғана пьесасы туралы. Осының алдында жазушының соңғы жазылған пьесаларының бірі «Мұрагерлерді» сахнадан көргенбіз. Әуелі «Мұрагерлер» деген атауының өзін сүлесоқтау көрген басымыз, адам пенденің небір аумалы-төкпелі қылуасын бірде ордалы ойға толы салмақты сөзбен, бірде автордың «қасынан қалмайтын» әзіл-оспақпен-ақ ақтарып салған спектакльдің шырқау шегіне жеткен тұста жанарға үйірілген жасты жасырын сүртпек болып қырындай бердім де, қасымдағы ақын досымның көз жасын көрсетпей сүртпек болып отырғанын көріп қалдым. Сол сәтте көрермен атаулы орнынан дүрк көтеріліп, залды ду қол шапалаққа кернетті де жіберді. Көбінің көзінде жас. Кейбіреулері күліп тұрып, жылап тұр. Қатар тұрған авторға – Дулат ағама көз қиығымды салып қойып: «Адамға, әсіресе, қаламгер адамға бұдан артық бақыттың керегі бар ма өзі?» – дедім іштей.
Ал сол сәттегі көрерменнің көз жасы осынау қу тірлікте қасапшының итін­­­дей қапталдасып, қалмайтын үлкенді-кішілі қулық-сұмдық, алаяқ­­­тық, жәдігөйлікке біраз уақыт ал­данып жүріп, әуелбаста өзінің жан дүниесіне жайғасқан адамгершілік түйсіктің дер кезінде оянуы арқасында әділеттің ақжелең туы көкке көтерілгенін көргендегі қуаныштың көз жасы болатын.
Иә, бұл – әдебиет құдіреті. Дә­лірек айтсақ, әдебиетті жасаушы қа­лам­­гер құдіреті! Құдірет деген сөзді Алла Тағаладан басқаның есі­міне қосарлау, әрине күнә. Дулат-қалам­гердің «Қоштасу вальсі» атты пьесасын оқығанда Жаратушы Иеміз осы Дулат Исабеков ағамызға өзгеше бір қасиет, өзгеше бір көрегендік бергеніне көзіміз анық жеткендей болды.
Неге дейсіз ғой?! Шығарма сонау 1988 жылы, яғни еліміз Ресейден бөлі­ніп, азаттық алмастан үш жыл бұ­рын жа­зыл­ған. Сөйте тұра, оны оқып оты­рып, сол заманның бүкіл ірілі-уақты кейіп­кері дәл қазір, дәл бүгін өзіңнің
қасыңда, өзіңмен бірге аралас-құралас жүргендей сезінесің. Пьесада бүгін өзіміз ғұмыр кешіп жатқан қоғамның бүкіл жақсысы мен жаманы, ауруы мен сауы көзбен көріп, қолмен ұстап аларлықтай әрі шынайы, әрі көркемдік шеберлікпен айнаға түсіргендей көрсетіледі. Мұнда адамды ата-анасынан, айрандай ұйыған отбасынан, ұлды-атадан, қызды-анадан бездірер небір алаяқтық, мыстандық, алтындай ардақтыңды қапелімде күл-қоқысқа айналдырып жіберетін көзбояушылық пен жәдігөйлік, адамның басын алу­­ды картоп турағаннан оңайлау көретін жендеттік дейсіз бе, елін, байлығын сатқан сатқын атақ­құ­мар патша, оны сіз ұлысыз, ең да­ныш­­пансыз, сіз болмасаңыз елі­міз құриды деп әбден әумесер, мақтаншақ, атаққұмар қып қой­ған жандайшаптар дейсіз бе, бәрі-бәрі бар десек, соның бәрі мы­на біздің және біздің еліміздің
ке­шегі кеңес заманымен де азат­тық алдық деп әлі күндіз-түні той-тойлап жатқан бүгініміз де көз алдымыз­дан көш-керуендей тізіліп өтіп жатады. Пьесадағы «құмырадағы халықты» кешегі кеңес заманында ортақ бір қазанда қайнап, пісіп жатқан өзіміз едік дейікші. Ал енді сол құмырадан шыққандағы түріміз не болды? Мұндағы басты кейіпкердің көпшілігі – сол халықты жатқызып-тұрғызып, билеп-төстеп жүрген албастылар, жын-шайтандар, мыстандар, жендеттер, сиқыршы алаяқтар. Олардың көсемі – атаққұмар, мейірімсіз, өзіне қарсы келген адамның басын жендеттеріне қақтырып тастап отыратын сұм патша. Ал қитабан қара халық бейнесі бейкүнә, әрі ақылды,әрі қайырымды ақжүрек Ермек деген жалғыз ғана жасөспірімнің іс-әрекетімен беріледі. Осылардың әрқайсысының қылуасынан, сөйлеген сөзі мен іс-қимылынан қазіргі ел басқарғансымақ болып жүрген кейбір атқамінерлерді, байшыкештерді, ұлт­тық санадан жұрдай болған, басқа бір салт-дәстүрдің, әлдебір жат діннің құлына айналған мәңгүрттерді көресің. Көресің де әлгінде айтқанымыздай, Алла Тағала қаламгер қауымның ең бір талантты, ең бір дарынды иелеріне ғана беретін киелілік, сәуегейлік, көрегендік қасиеттерді Дулат Исабекұлына молынан дарытқанына куә боласың.
Дәлелге көшейікші! Бүкіл қым-қуыт тіршілік, алыс-жұлыс, айтыс-тартыс, негізінен Ермек деген жасөспірімнің үйінен, анасына ренжіп кетіп қалып, мыстан кемпірмен кездесіп, одан сол мыстанға еріп басқа бір мемлекетке, басқа бір дүниеге тап болуымен басталады. Д.Исабековтің кемел ақыл-ой иесі, мынау жер бетіндегі тіршілікке деген өзінің терең философиялық тұжырымы әр нәрсеге нақты баға берерлік көзқарасы бар кесек тұлға екендігін шығарма бастала салысымен-ақ сол Ермектің мыстанмен кездескен жердегі сөздерінен-ақ аңғара қоясыз:
Кемпір:
– Мені жылан шақпайды.
– Қалай шақпайды?
– Сол, мыстан кемпірді жылан шақпайды.
– Сіз мыстан кемпірсіз бе? Өтірік. Мыстандар баяғыда жоғалып кеткен, – дейді. Кемпір оған мыстандар жер бетінен ешқашан жоғалмайтынын айтып куәлігін көрсетеді. Аты-жөні Карасача. Аға мыстан. «Сиқыр» бірлестігі, «Тылсым» бөлімшесі. Кемпірді әрі қарай тыңдаңыз: «Менен екі мың жыл кейін бір мыстан қыз бар еді, осыдан бір жеті бұрын мыстан кемпірлікке тағайындалды. Бірлестіктің жаңа бастығының туысы екен. Сүйеушің болмаса көрген күнің құрысын! Мың жерден адал бол, таза бол, жүргенің сол салақтап, – дейді мыстан. Бұл жерде екі түрлі жағдаят бар. Біріншіден, бала Ермек – әлі көңіліне қаяу түспеген, періштедей пәк сезімнің иесі. Ол үшін мына жер беті тұнып тұрған тыныштықтың, сұлулық пен сүйіспеншіліктің, достықтың, мейірім мен қайырымның ғана мекені сияқты. Ол мыстандық, жалмауыздық, жауыздық әлдеқашан жер бетінен жойылып кеткен деп біледі. Бұл – нағыз ақжүрек адами аңқаулық. Ал өмірдің, қоғамның нағыз бүркеулі шындығы, бүкіл ақиқаты мыстан кемпірдің күллі қылуасынан, іс-әрекетінен көрінеді. Шындығына келсек, әділдік, адалдық дегеніңіз жауыздық пен мыстандықтың алдында әлжуаз ғана бір нәрсе. Әділдік қашанда өзін қорғауды, қамқорлықты қажет етеді. Ол кез келген сәтте жауыздықтың, қатыгездіктің құрбаны. Карасача кемпірдің Ермекпен таныса сала әп дегеннен мыстандар ешқашан жоғалмайтынын меңзеуі –соның дәлелі. Ал мыстандар бар жерде, мемлекетте екіжүзділік, жағымпаздық, сайқалдық, алаяқтық, тіпті ұлтын, елін, оның бүкіл байлығын сату, тілі мен дінін, ата-бабаның, ұлттың салт-дәстүрін сату дегенге таңдануға да болмайды. Жаңадан келген мыстан қыздың бірден аға мыстан дәрежесіне көтерілуі ше? Карасача кемпір оның басты себебі бұлар «қызмет» істейтін «Сиқыр» бірлестігінің бастығы мен әлгі мыстан қыздың туыстығында екенін бекер айтып отырған жоқ. Оның «Сүйеушің болмаса, көрген күнің құрысын!» деген философиясы – бүгінгі өмір шындығы.
Абай заманында адам бойындағы бес жаман қасиеттің аты аталып түсі түстелген еді. Олар: өсек-өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, бекер мал шашу. Қарап отырсақ, бұл жағымсыз қасиеттер бүгінгі XXI ғасыр адамдарының сұмпайылығымен салыстырғанда баланың ойыны сияқ­ты-ғана екен. Қолмен ұстап, көзбен кө­ріп отырған бүгінгі қоғамның осынау қорқынышты да, жиренішті көріністері шығармада асқан шеберлікпен шынайы­лықпен суреттелген. Мұндағы бүкіл жәдігөйлік, алаяқтық, қатыгездік, тойым­сыздық, сатқындық ықылым заманнан адам баласына тән қылық болса болар, бірақ бұл қасірет дәл бүгінгідей ешқашан салтанат құрмаған шығар. Осының бәрін жазушы сонау 1988 жылы бұдан табаны күректей 30 жылдан астам уақыт бұрын жазған екен. Сонда осы­ны Жаратушымыздың бүгінгі аса көр­некті жазушы Дулат Исабековтің
бойына бітірген зор көрегендік қасиет һәм көркемдік шеберлік десек
несі айып?!
Күлкі ылғи да шат-шадыман, мәз-мәйрамдықтың нышаны емес. Адам қуанғанда, шаттанғанда қалай күлсе, кейде қатты назаланғанда, ыза­лан­ғанда, өз тағдырының қиямпұрыстығына күйінген де еріксіз күледі. Мыстан кемпір Ермекті өз бірлестігіне шақырады. Сондағы бар
бұйымтайы – ол жақында пенсияға шығады екен. Пенсия молдау болу үшін соңғы жылдардағы табысың да мол болуы керек. «Біздің табысымыз – сендерсіңдер, яғни алдап-арбап қолға түсірген адамдардың санына, бүлдірген тірлігімізге байланысты», – дейді мыстан. Одан әрі кемпір өзінің патша алдындағы міндетін «Хайуаннан адамға, адамнан хайуанға, одан өтіп албасты мен жын-шайтанға да айнала алам. Бастығың айтса не болмайсың. Кейде біреуді шағу үшін шаянға, құрт-құмырсқаға айналасың да, оның жолын тосып бір жырада айлап, апталап жатасың», – деп түсіндіреді. Жазушының ойы мен қиялының жүйріктігі, юморын араластырып отырып аз ғана сөзбен-ақ ауыр да ордалы ойдың қалыңына жетелеп апарып салатын шеберлігі бүкіл шығармада осылай кезектеседі де отырады. Баяғы «Борис Тодуновты» жазып болып, өзіне-өзі риза болып, «Ай, да Пушкин…» деген пушкиншілеп: «Ай, да Исабеков!», «Қаламгер болсаң осындай бол, жазсаң осылай жаз!» – дегенді дауыстап айтпасаң да, таңданғаннан басыңды шайқап қалғаныңды өзің де байқамай қалады екенсің!
Хас қаламгер қашанда өзінің күллі әлемге деген бүкіл ынтызарлығын да, өкпесі мен өксігін де, қажет жерінде өз үкімін де, қаймықпай, қайбартпай айтады. Ол үшін Тазша да, Патша да тең құқылы адам-пенде. Егер бақыт атаулыны байлықпен, ақшамен өлшейтін болса, тұтас бір мемлекеттің өзі оған, оның жан әлеміне жат. Иә, Ермек бала 3-4 күн болған мемлекет – жындар мен мыстандар бірлестігі. Мұнда күнде той-думан болып жатады. Ол мемлекетті мақтаншақ, атаққұмар, даңғой, той-думаншыл, әрі өзіне қарсы келгенді қағып тастап отыратын өте айлакер, өте қатігез патша – Тюльтан — 99 деген басқарады. Оның айналасы құрттай құжынаған мыстандар, қос мүйізді жындар, дәулер, құйрығы бұлаңдаған шайтандар, албастылар мен жезтырнақтар. Оның таққа отырғанына да мыңдаған жылдар өткен. Әлгі айналасындағы жын-жыпырлар оны күндіз-түні жарыса, жабыла ауыз жаппай мақтаудан, оған өлең арнаудан танбайды. Әрине, өзі «99» болғандықтан кімде болса «100» — дерді жек көреді. Ол сондықтан да өлгенше патшалық орынды ешкімге бермеу үшін ғана жанын салады. Елдің бүкіл байлығын той-думан өткізуге жұмсап бітірген. Айналасындағы жын-жыпыр, жәдігөй, мыстандардың оны қалай мақтайтынына құлақ түріңіз:
Хор: Сен – ұлылардың ұлысы, данышпандардың данышпаны, патшалардың патшасысың ұлы мәртебелім. Біз ешқашан сендей кемеңгер патшаны көрген жоқпыз және көрмейміз де. Біздің арамызға патша боп келіп қалғаныңызға өзіміз де таң-тамашамыз. Біздің жын-шайтан боп аман-есен жер басып, бала-шаға асырап отырғанымыз тек сіздің теңдесі жоқ көрегендігіңіздің арқасы. Мыңдаған жылдар бойы біз тек сендей патшаны армандап келгенбіз. Оның рас екендігін он бір мың жасқа келген мына кәрі сайтан айтсын. Рас па?
Кәрі сайтан:
– Рас, рас! Сіздей патшаны өмір бойы армандап келдік. Жасасын ұлы патша Тюльтан-99!
Қазақтың маңдайына қара мөр боп басылған бұл жағымпаздықтың авторлары кейбір жазушы ақсақалдар елді басқаруға орыс Колбин келгенде осылай деп басы жерге жеткенше иілген болатын. Бұл жағымпаздық, бұл жәдігөй-мыстандық сол Колбин заманындағыдан кейін де, кешеге шейін күшеймесе бәсеңдеген жоқ. Қазір бұндайларға әдебиетті осы тақылет­тес арнау өлеңдермен арамдап атағын шығарып жүрген жас, жасамыс ақындар қосылғанын да жоққа шығара алмайсыз. Бұл – біздің бүгінгі ұлттық қасіретіміздің бірі. Оларға тоқтау салудың орнына жоғарыдағы кейбіреулер осы пьесаның тілімен айтқанда жын-шайтандар әлгіндей жағымпаздық арнауларға, екіжүзді алаяқтық шығармаларға бәйге, конкурс, мүшәйра деген жымысқылық тапсырыс беріп отыратын болды. Жазушы Дулат Исабеков қоғамдағы осы бір өте жиренішті жандарды, патшаның халыққа қасірет әкелетін арамзалығы мен ақымақтығын әдейі дәріптейтін жәдігөйлерді ашық әшкерелеу арқылы азаматтықтың, адамгершіліктің туын көкке көтеріп келе жатқан бірегей жазушы екенін ниеті түзу пендеге паш етіп отыр. Ойы кемел, өмір, тіршілік иесі адамзаттың алуан түрі туралы толғанысының тамыры тереңде жатқан жазушы қашанда айт­пағын мысқалдай ғана тұспалмен-ақ көз алдыңа тоса қояды. Дулат Исабеков талантының осы бір қырын Тюльтан-99 патшаның даңғой, дақпыртшылдығымен қатар нағыз қанішер екенін көзді-ашып жұмғанша өте шығатын мына бір сәттік көріністен-ақ ап-анық аңғарамыз.
Жас сайтан:
– Сіз, сияқты патшасы жоқ елге біздің жанымыз ашиды, ұлы мәртебелі тақсыр!
Тюльтан:
–Не-ме-не? Жанымыз ашиды? Біреуге жан ашу деген не сұмдық? Бұл не масқара!… Жастар бұзылып барады. Көрдің бе олардың ақымақ бастарына қандай сезімдер ұялай бастағанын! Кесіңдер ондай басты. (Жендеттер жас сайтанның басын қағып тастайды).
Тюльтан:
– Міне, патшалығымыз енді жат ойдан тазарды! Тойды жалғастыра беріңдер! Көмекшісі:
– Бүгінгі тойды жақсы атқарып, ертеңгі тойға қызу әзірленуіміз керек!
Көзі қарақты, санасы сарапшы оқырман мен көрермен осы бір жолдардан-ақ бұл қандай мемлекет екенін, оны басқарып жүрген патшаның қандай әрі ақымақ, әрі жауыз, әрі мақтаншақ екеніне көзі мол жетеді. Бұл кейбіреулерге таныс жайт болуы да мүмкін. Бұл патшаның мақтаншақ, ұраншылдығы үлкен-үлкен ғимарат па, салтанатты сарай ма, әйтеуір құрлыс салғызу арқылы да атағын шығарғысы келетінінен де көрінеді де тұрады. Ол өзіне арнап басқа жақта салынып жатқан сарайға көшуге асығулы. «Көшемін! Бітпесе де көшемін!» – деп қиғылық салады сабазың. Айтпақшы, оның сарайы салынып бітпесе де онда әлден-ақ күрделі жөндеу жүргізілуде. Мұнда сатылмаған ешнәрсе қалмаған. Бір ғана нысанның өзін шетелдіктер бөліп-бөліп иемденіп алған. Бірақ қисапсыз ақша шашып, жан-жақтан шетелдіктерді жинап әртүрлі мереке өткізу толастамайды. Міне, күлкі деп аталатын қасиетті де киелі сезім белгісінің қатты ашу-ызадан, өксігі бітпес өкініштен де туатынын ойына келгенін істеп жүрген осы ақымақ патшаның тағы бір тойы үстінде көреміз.
Сөйтіп, ендігі ұлы мерекеге дүниежүзіндегі ең ірі дию-перілер келмек. Оның ішінде Ермек те бар. Оның ұлты қазақ екенін көмекшісінен естіген қазақ жерінде асып-тасып, шалқып-қалқып жүрген Тюльтан қазақ деген ел бар екенін де білмейді. «Бар болғанда қандай, ұлы әміршім. Біз солардың территориясында отырмыз», – деп түсіндіреді оған көмекшісі.
Иә, жаныңды жегідей жеп, кеудеңді құртша кеулейтін мұндай тұстар пьесада талай жерде алдыңнан шығады да отырады. Тек бір тұста, қазақтың өз байлығын өзіне шаштырмақ болған бір сәтте Ермек ұланның: «Жоқ! Мен өз үйіме ұрлыққа түспеймін», – дегенін естігенде, Аллаға шүкір дейсің. Бірақ патшаның көмекшісі патшаға «Сол ұлы өсиетіңізді жаппай іс жүзіне асыру жолында бүкіл жын-шайтандар мен албастыларыңыз жан аямай еңбектеніп жатыр» – деп есеп беріп отырғаны қалай? Демек, бұл елде Ермек сипатты ары таза, жаны адал, елінің ертеңін ойлап егілетіндер бірен-саран ғана, бұл – негізінен, жын-жыпырлар, алаяқтар, екіжүзділер басқарып отырған ел. Ол қазақ жеріне келіп орналасқан. Жазушы оқырманға адамды есеңгіретер осындай ой тастайды.
Шығарманың шарықтау, шырқау тұсы патшаның таққа отырғанына мың жыл, төрт ай, жиырма бес күн толғанына бағышталған ұлы думан мереке күнімен сәйкес келеді. Соған орай әлемнің түкпір-түкпірінен қонақтар келіп жатыр. Соларды «абыроймен аттандыру үшін» тағы да көп ақша керек. Қазынада соқыр тиын жоқ. Жұрт наразылық білдіре бастайды. Патша қызы Мугараның айтуынша әкесі таққа отырған күннен бастап той тойлаумен келе
жатыр. «Атамыздың жиған бүкіл қазынасы той тойлау мен таусылды. Жұрттың жалаңаш жүргені сондықтан»,– дейді қыз.
Сонымен «әдебиет – ардың ісі» дегенге тағы бір оралудың реті кел­ді. Егер әдебиет сондай болса, оны жасаушы жазушы, ақын
деге­ніңіз – солардың адамы. Ары таза адамдар ғана нағыз әдебиетті жасайды. Нағыз қаламгер өзі өмір сүріп отырған қоғамның
қоқысын қазбаламай, қол тигізбей жүре алмайды. Өйтпесе, ол қоқыс сол қоғамды шірітеді. Ол егер өздерін Құдайдай сезінетін
кейбір шонжарлардың шалғайына шоқынып, мақтау айтудан, көбік сөзді көпіртуден қол босамаса, ал жын-шайтанның ордасында отырған патша имандының сөзіне илікпесе, иланбаса елі іріген
торсықтай ыдырап, жойылып кететінін біледі. Сондықтанда шыбын жаны елім, жерім деп шыбық-шилан күй кешеді. Әрине, басқалар сияқты ол да ұлылардың ұлысы, данышпандардың данышпаны, әлемдегі ең кемеңгер патша сіз боласыз, сіздің арқаңызда бақыттымыз, арманымыз жоқ деп көлгірсіген кітап жаза алады. Бірақ ол кітапты, яғни, әдебиетті ардың ісі деп білгендіктен
бастан-аяқ мақтаудан бойын әрқашан аулақ ұстайды. Міне, Дулат Исабеков – осындай аса биік мүдденің, асқақ адамгершіліктің иесі. Оның еліне, қазақ еліне деген заңғар сүйіспеншілігінің арқасында, кішкентай ғана Ермектің арқасында жәдігөйлер, жын-шайтан, албастылар мен алаяқтар патшалығында да қара түнек басқан аспан астындағы елге шапағат шұғыласы түсе бастайды. Шетелдіктер «Қазақ вальсінің» әсем ырғағына елтіп тұрып, ақыры бәрі
толқындай дөңбекшіп биге араласып кетеді. Елде әділеттің ақжелең самалы есе бастайды. Оған ақыл-есі 99, яғни, «Тюльтан-99» патшаның қызы Мугараның Ермек арқылы адамзатты мойындауы, Ермекпен тіл табысуы жарқын куә. Ал Карасача мыстанды да елітіп, ең соңында дұрыс жолға салған сүйіспеншілік сезім, әділдік, адалдық тәрізді адамзатқа тән асыл қасиеттер. Түбінде солар жеңіп шығады. Автордың бір айт­пағы осы. Ал Карасачаның есінен әлі де Алдар кетпейді. «Ермек маған өте ұнайды» деген патша қызына бір кездегі Қарашаш Карасача: «Е-е, ұнайды ғой, ұнайды. Бірақ олар – Адам. Өмірлері өте қысқа. Бір жақсы
көріп қалсаң, өзіңе қиын. Күйі­гі жаман болады. Мен Алдарды әлі
ұмыта алмай жүрмін. Одан кейін ешкімді көзге ілгің келмейді. Бұлардың бір бәлесі бар», – дейді. Осы бір қысқа ғана үзінді де қаншама сұлу сыр, тылсым жұмбақ, ол аз болса адамзатқа деген заңғар сүйіспеншілік жатыр десеңші?!
Бұл пьесаның соңғы сәтінде де небір шікәмшіл жүрек шым етпей, көнтулақ болып қалған қақпыш кеуденің өзі бір иімей қалмайды. Мыстан кемпір атанған Карасачаның әр лебізінен енді игілік пен имандылықтың сәулесі жаңа атып келе жатқан таң сәулесіндей ағараңдайды. Оның Алдар адамнан туған баласы Ачирал елге патша болады. Ақыл-есі – 99 «Тюльтан» патша да, сиқыршы Тсара да, басқа жын-шайтандар да бірінің басын бірі жұтты. Құмыраға тығылған нөпір халық бостандыққа шығады. Әрине, осылай деп қоя салуға да болар еді. Бірақ шын талант иесі оқырманын ондай жадағай ойда қалдырмайды. Өйткені мұндағы әр жын-шайтанның, әр диюдің, мыстандардың, солардың ортасына тап болған Ермек пен патша қызы Мугараның әр сөзінде, әр қимылында адамды терең де тұңғиық бір ойға жетелейтін, жер бетіндегі ию-қию тартыс-жұлқысты, сүйіспеншілік пен залымдықты, ең соңында жаныңды сыздатар бір қимастықты өз басыңнан өткеріп отырғандай ғаламат сезімге бөлейтін әлдебір күш бар бұл шығармада. Бұл әлгінде айтқандарымыздай өзге әңгіме, повесть, роман атаулысын айтпағанда қазіргі қазақ драматургиясының көш басшысы Дулат Исабековтің шын бақытының басты көрінісінің бірі десек те болар еді.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

ПІКІРЛЕР2
Аноним 21.02.2024 | 23:10

Мақала темесіндегі ДУШАРЛАСҚАНДА сөзі орынды қолданылмаған.
ДУШАРЛАСУ бір істің жаман жағына қолданылады. мысалы, ауыр науқасқа душар болы.
өлімге душар болды деген сяқаы…

—— Т.Ә.

Аноним 22.02.2024 | 00:23

Мақаланың атындағы ДУШАРЛАСУ сөзінің қолданысы.
меніңше, осы сөз мұлде орнды, дұрыс қолданылмаған.
Душар болу — ыңғайсыз, жағымсыз жағдайға қарата қолданылатын қимыл аттауы.
Мысалы: ауыр науқасқа душар болды./ қазаға душар болды./

Елеусыз Шынармен танысып, махаббат шырғалаңына душар болған… (Тәкен Әлімқұлов).
Мен түн боласы ұйықтай алмайтын әдетке душар болдым (З.Шәшкин).
Адамзаттың еркесі Ақан сері қалың шерге душар болған соң…
(Мағжан Жұмабаев).
……жетімдікке душар болған…(Қ.Қайсенов).

Әрйне, бұл сөздің кездесті, ұшырасты деген де мағынасы бар.
бырақ, мұнда да жақсы жаққа қолданылмайды.
мысалы: Наданға душар болып бір білімсіз.(Ахмет Байтұрсынов).

Осы мысалдарға жұгінер болсақ:
Мақала авторы Мырзан Кенжебай
сөзді орнын тауып дұрыс қолдана алмаған.

Мақсатымыз: Қате кеткен жерді тұзеу, ортақ ұйрену, бөтен-бастақ ой бізде жоқ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір