Өр алтай, Асқар алтай!

Қарақшы құлаған құз
Өскемен қаласының дәл қасынан ағатын Ертіс өзенін өрлей жоғары қарай құлағанда, 40 шақырымдай қашықтықта суға еңкіштеу сұғына кіріп жатқан жарқабақты биік құзар шыңды асу бар. Бүгінде осы жерді мекендейтін орыс халқы «Рыжков асуы» дейді. Бұл оқиға баяғыда орыс переселендері қазақ жеріне күпінің битіндей қаптаған заманда болса керек. Сол кезеңмен тұстас жоңғарлар қазақ тайпаларынан жаулап алған жерлерін орыстарға қару-жарақ зеңбірекке айырбастап, тап бір ата-бабаларынан қалған дүниедей қазақ жерін саудаға салды. Ақ патша Алтайдағы қазақ еліне қанды торын сол кезден бастап жайған болатын. Терістік шеті ібір-сібір жерімен, күншығысы қытай, мұңғұл елдерімен шекаралас жатқан байтақ өңір қазақ жұртына қарасты Алтай аймағы аумалы-төкпелі аласапыранға толы өлкеге айналды да кетті. Екі жақты қысымды көрген қазақ жұрты оңтүстікке ауып кеткен соң, орыстың атақты металл қорыту заводтарының негізін қалаған әйгілі Демидовтар қазақ Алтайын қолына алып, қазіргі Риддер қаласының маңына өзінің үлкен өндіріс ошағын ашты. Қалада алғашқы завод салынып бітіп, оның басшысы болған Бондарев деген орысты Ресейдің орталық бөлігінен келген қарақшы-қашқындардың бір тобы өлтіріп кетеді. Осы оқиғадан кейін қарақшы топтың басшысы Рыжков Өскемен бекінісінен күншығысқа қарай 40 шақырымдай қалың орманды тау шатқалына бекініп алады. Тегін байлық кімді болсын құтыртатын заман болған соң, енді көп қарақшыларымен Рыжков жақын маңда көшіп жүрген қазақ ауылдарын шауып, ойларына келгендерін істеп, ойранды салып жүреді. Сол жылдары найманның бура, саржомарт, қарауылжасық руларының көкейінде Рыжковтың сұрқия кеспірі мен Ертіс өзенінің бойындағы елдердің мүсәпір күйлері қатар жасап келе жатты. Рыжковтың айналасына жиналған атты казактардың жалаңдаған қылыш найзалары мен мылтықтары сол елдің көзіне үнемі елестейтін болды. Қай ауылда болса да орыс-казактарды қарғап-сілеген, жылап-шулаған ана мен бала, қария-қарттар көрініс берген заман туды.
Осының бәрі қосылып келіп сол маңдағы қазақ ауылдарының басшыларының ашу-ызасын келтіреді. Бірде, мамырдың алғашқы күндерінің бірінде бір күндік салқын түсіп, қаз-үйректер жұмыртқасын жарып, қызылшақа балапанын шығарған қызыл жұмыртқа күні болатын. Ертістің жеті иректі тау бөктерін бағындырған арнасына көшіп келген найман жұртының ауылдарын Рыжков бастаған қарақшылар шапты. Ауылдағы еркек кіндік атаулыны атып, қылышпен шауып, ойранды салып екі-үш күн аялдап аттанып кетеді. Қалың жұрт қаза болғандарын жерлеп, жетісін беріп, ел есін жиғанша құралай салқыны да өткен еді. Мамырдың соңына қарай Үркердің батуы басталған күні қалың жаңбыр жауған мезгіл болатын. Қалың жауыннан болар, дәл сол күні Ертіс өзені де өз арнасынан асып ашулана буырқанып тасып жатқан күн еді. Үркердің батуымен тау іші көзге біреу шұқып алса көргісіз қараңғы, айсыз өлара түнімен қатар келген мезетті әдейі таңдап алған ел басшылары таң ата қарақшылардың қонысына шабуылды бастады. Таудың қуысындағы көктүбекте аюдың апанындай жерден қазылған төбесі мен есігі ғана бөренеден жасалған жер үйлерінде таң алдындағы қалың ұйқыда жатқан қырық шақты қарақшыларды тарпа бас салады. Алакөлеңке уақытта кездік, қолшоқпар, қанжармен қаруланған сайлауыт жігіттері ұйықтап жатқандарға лап қойды. Оның алдында, алдымен, айнала қотан орнындай аумақта дөңгелене орналасқан жер үйлердің қақ ортасындағы алаңқайда от жағып бүрісе жылынып отырған күзетші қарақшыны жәукемдеп тастаған болатын. Осылайша, барлық үйдегі қарақшылардың үнін шығармастан тықырын білдірмей, жайғап жіберген-ді. Енді, қалың топ ең соңында тау қуысына тақау қазылған Рыжковтың жер үйіне бет алған. Барлығына алдын ала келіскендей Рыжковтан басқасын түгелдей бауыздап, оны тірідей ұстауға қатаң ескертілген еді. Дәл осы сәтте Рыжковпен бірге жатып жүрген кішкене кәндек иті кенет абалап қоя берді. Жау келіп қалғанын сезген Рыжков елең етіп сыртқа жартылай жалаңаш күйі шыға келді. Осы мезетте оған қарама-қарсы келіп қалған Жарылғапбердінің тобылғы қол шоқпары оның оң иығына сарт ете қалды. Ойында қауіп жоқ Рыжковтың зор денесі бір бүгіліп, қайта кейін серпілгенде көргені өзін қоршай бастаған қазақ жігіттері ғана. Өз денесін, өзі билей алмай жалма-жан ұмтылып есігіне таяу тұрған ұшы ағаш басына байланған жіптен ұстап, бір бүйірге қарай серпіле ытқып кетті. Іле-шала қазақтардың:
– Қап әтеген-ай, қашып кететін болды-ау, тез аттарыңа мініңдер сөздерімен қатар оның ысқырығы жарыса шықты. Ысқырығын ести сала сол маңдағы ағаш арасында жүгені басында түрулі оттап жүрген шабдар аты да арқырай кісінеп шауып келді. Осындай жағдай болатынын сезді ме, талайдан бері ол атын үнемі ертоқымсыз жүгенін басына түріп жіберетін. Шабдар атқа қарғып мінген Рыжков тақымды бір басты да тура түстік жағында сарқырай ағып жатқан Ертіс өзенінің жағасына қарай зырқырата жөнелді.
Таң құлан иектеніп маңайға жарық сәулелері түсіп тау іші алакөлеңке тартып ағараңдай бастаған мезет болатын. Рыжков қасындағы қырқаны айналып өткенде ғана айналасынан қоршай бастаған қазақ жігіттерін байқап, қарсы беттегі биік құздың басына қарай ат басын бұрды. Сайлауыт сойылды жігіттердің қоршауында қалған Рыжков атын басқа көзге төпелеп өрге қарай қарыстыра шапқылап құздың ұшар басына қарай ұмтылды. Қазақ қолы да келісіп алғандай оны осы құзға қарай қусырып жанына таяй берді. Міне биік құздың қақ төбесіне де жетті.Алдында биік жартасты құз, төменде ақ көбікті ашуын аспанға атқан асау өзен. Сәл еңісте қалың қазақтың кілең сойылкер жігіттері. Мұрты едірейген, аузы-басын сақал басқан, көзі тұздай көк түсі суық Рыжковқа қазақ жігіттері де жақындай түсіп, қолдарындағы сойылдарын тақымдарына баса қанжығаларындағы қыл арқандарын ілмектеп шалма тастауға тақай берді. Қыл арқандары ысылдап келіп мойынға сарт еткенде адам түгіл тағы асауды тырп еткізбейтін көшпенділердің қаһарынан сескенген қарақшы атын төпелей биік құздан төмендегі өзенге ат-матымен күмп етті. Өзінің осы уақытқа істеген қиянатын, қорлығын қазақтардың кешпейтінін білген ол осы бір көзсіз батылдыққа барды.
Құз етегіндегі еріген қармен араласқан лайлы өзен суы құлақ тұндырарлықтай арқырай аласұрып ақ көбігін аспанға атқан күйде еді. Қазақ қолы құз басына жеткенде, Алтайдың биік құзынан құлаған қарақшыны төменде иірімделе айланбаға айналып ағып жатқан Ертістің суық, лайлы суы Рыжковты ат-матымен су түбіне әкетіп барып, қайта қалқытып шығарды. Қайта қалқып шыққан сәтте астындағы аты мынау жарық дүниемен қоштасқандай Қарт Алтайдың құздарын жаңғырта жан дауысы шыға кісінеп- кісінеп жіберді де жоқ болды. Атымен бірге суға батқан қарақшының соңында шыркөбелек айналған ақ көбік иірім жолдары ұзақ уақыт кетпей тұрып алды. Іле-шала көктем айының бойыңды қалтыратар суық ызғарлы желімен бүріскен бір түп итсигек бұтасының әлсіз бұтақтары жәдігөй желмен қосылып, жайымен ысқырып қазақ қолының соңында қалып бара жатты.
Арада талай жылдар өте Рыжков құлаған құзды сол маңды жайлаған орыс қарашекпенділері «Рыжков асуы» десе, қандары қарайған қазақ жұрты «Қарақшы құлаған құз» деп атап кетіпті. Тарих дөңгелегі айналып арада үш ғасыр өте бүгінгі қазақ жұртының есінде «Қарақшы құлаған құз» деген тау атауы мәңгілікке қалды. «Рыжков асуы» деген жер көмескіленіп мәңгілікке өшіп, көлеңкелене берді…
Мұзтау арасаны
Қазақ аңыздарының ішінде Алтай шамандарының айтып кеткен әпсаналарында олардың бас қойып табынатын ұлы тәңірі – Қарахан болыпты. Оның құдіретті ұлдарының бірі – Ерғұн (кейде Өлгін, қазақта Еренғайып деп аталады) Тәңір. Ерғұн шексіз кеңістіктегі Ай мен Күннің аралығында тұрады. Оған алып баратын жолда жеті бөгет, жолы қиын тосқауыл бар екен. Бұл бөгет-тосқауылдар тек еркек шамандар мен абыздар барғанда ғана ашылады-мыс.
Соның ішінде, ең қиын бөгет Темірқазық жұлдызы орнатылған. Ерғұн Тәңір өзінің сарайындағы алтын тақтың үстінде отырады. Көктен сорғалаған жылы жаңбырдың тамшылары сол Ерғұн Тәңірден төгіледі деп жорыған. Түріктердің жеті, тоғыз, және қырық сандарының қасиетті санауы да осы сеніммен қабысып жатқан секілді. Қазақта Еренғайып құдіретінің әмірін орындайтын нөкерлері «Қырық шілтен» деп аталады. Ерғұн-Ата Тәңірі сипатында көк жүзіндегі барлық Тәңірлер мен киелерді және өзінің жер бетіндегі өкілдері саналатын шамандар мен абыздарды басқарып отыратын құдірет.
Біздің заманымызға дейінгі І мыңжылдықтың ортасына қарай ежелгі дүние ғұламаларына Шығысты мекендейтін жұмбақ тайпалар «алтын қорыған самұрықтар» туралы түрлі аңыз-әңгімелер жетеді. Біздің заманымыздың І мыңжылдығының басында Ертіс бойындағы түрлі оқиғалардан қытай хроникасы сыр шертсе, б.з. бірінші мыңжылдығының ортасына қарай ежелгі түрік руна жазулары мағлұмат береді. Ертіс бойын мекендеген тайпалар жөнінде біздің заманымыздың бірінші және екінші мыңжылдықтарында араб-парсы жазбаларынан да біршама мағлұматтар алуға болады. Зороастр дінінің шығуынан хабар беретін зерттеулерде оның Даити өзені бойында (Ертіс) дүниеге келгені туралы айтылып, көптеген жер-су атауларының көне аты аталады. Онда Қара Ертіс-Ардви, Зайсан көлі-Воурукаша, Мұзтау – Хуйтэн-хара(Куйтун-монғолша суық, солтүстіктегі деген мағынада), Табын-Богда-Ола тау сілемдері – «Хукарью» – алтын деп аталады және Репей(Алтай) «суықтың орталығы», содан суық жел соғып, қысының ұзақтығы сегіз айға созылатыны туралы айтылады. «Хара» сөзі басында мәңгі қар жататын тау шыңы деген мағынаны білдірген.
Көптеген зерттеушілер пікірінде Заратуштра(жаратушы) біздің заманымызға дейінгі ІХ–VІІІ ғғ. пайда болған. Бұл көшпелі мал шаруашылығының ене бастаған уақытына сәйкес келеді. Көшпелі өмір салты Заратуштра дінін оңтүстікке, Орталық Азия мен Иранға қарай ығыстырады. Бірақ Заратуштраны қабылдағандар Вахви-Даити басына, «Жер жәннатына» (Ертістің бастау алар тұсына) табынуға барып тұрады. «Жер жәннаты» аталған ол жер қазір «Беловодье»(Шамбала) деп аталып, күні бүгінге дейін сол ежелгі маңызынан айырылған жоқ. Оған іздеп барып табынушылар жыл сайын ағылып келіп жатады. Биіктігі төрт мың бес жүз алты метр Мұзтауды(Белуха) «Жер кіндігі» дейтін себебінің сырын 1926 жылы орыстың әйгілі философ-суретшісі Николай Рерих зерттеп, оның төбесіндегі атмосфера қабатының аса жұқа екенін, космостық энергияның бәрінің осы Мұзтауда тоғысатынын жазған. Оны бұрын басқа ғалымдар да дәлелдеген. Н.Рерих шәкірттерінің жыл сайын жазда Мұзтауға барып космостық энергия қабылдап, күш-қуаттарын арттырып қайтатынын көпшілік біледі. Бірақ Мұзтау қасиетіне оның түбінде отырған өз ағайындарымыз жете мән бермейді.
Алтай тауының «адамзаттың алтын бесігі» аталуы, оған V ғасырда (439 ж.) тобалардан жеңілген 500 үйлі ашин тайпаларының барып паналап, кен қазып, темір өндіргені туралы деректі
Л.Гумилев берсе, кейін оларға «ту-кю» — «түрік-ют» – «түрік» атауы, яғни «күшті, мықты» деген жинақтаушы ат берілгені туралы А.Н.Кононов жазады.
Жауынан жеңіліп, әлсіреп барған 500 үйлі ашиналықтардың тез арада күш қуатының артып, түрік қағанатын құруға негіз болуы, ат езуін шыдатпай тіліп жіберетін, алыс жолға жарамайтын қола ауыздық орнына қатты шабуға, ұзақ жолға жарамды темірден ауыздық жасап пайдаланған ашиналықтар тағдырына Алтайдың космостық энергиясы мен кен байлығы, яғни физикалық-экономикалық жағдайы әсер еткені сөзсіздей көрінеді.
981 жылы Киев князі Владимир Святославович он үш жасар монах Сергейді шақырып алып, оған Жер жаннаты – Белеводьенің қайда екенін анықтап, сол жерді табу керектігі жөнінде тапсырма береді. Сергей не істерін білмей, Құдайға құлшылық етіп, одан жалбарынып көмек сұрайды. Жетінші түні Сергейдің түсіне өзі монах болған Афон монастырінің настоятелі кіреді. Ол Жер жәннаты – Беловодье туралы аңыз айтады: «Көне заманда Византияның бір патшасы өз дініне көңілі толмай, бүкіл елдегі ақылшыларын жинап алып, жақсы дін таңдау үшін қайда елші жіберу керектігін сұрайды. Ақсақалдардың ішіндегі ең кәрісі: алыс Шығыстағы мәңгілік сұлулық пен ақиқат елі – Жер жәннаты туралы айтады, бірақ ол жаққа кез келген адам бара алмайтынын, сол елдің тұрғындары осы мақсатқа лайық деп танығандар ғана бара алатынын өз ұстазынан естігенін жеткізеді-мыс. Византия патшасына бұл аңыз ұнайды да, бас етіп әлгі қарияны сайлап, Шығысқа елшілік аттандырады. Олардан көп уақыт хабар болмайды, тек ұзақ жылдан соң әлгі қария ғана оралады. Көп жылға созылған қияметті сапарда қасындағы серіктерінің бәрі қаза болыпты».
Монах түсінде көргенін князьге баяндайды. Князь тыңдап болған соң Византия патшасы сияқты ол да үш жүз отыз үш адамнан тұратын елшілерді жолға дайындайды. Оларға Шығысқа, тек күнге қарсы жүріп отыруға бұйрық беріп, ұзақ-сонар сапарға аттандырады. Олар үш жылдан кейін қайтып келуі тиіс деп күтіледі, алайда олар үш жыл емес, отыз жылда да оралмайды.
Жер жаннатына елші жібергеннен кейін арада қырық тоғыз жыл өткенде Царьградтан бір жасы ұлғайған монах келеді. Ол Киевте жеті жыл елеусіз өмір сүріп, ажалының жақын қалғанын сезген кезде, көпшілікке бақұлдасу сөзін айтыпты: «Мен баяғы ұлы князь Владимирдің Жер жаннатын іздеуге жіберген елшісі боламын. Біз бөтен ел, бөтен жермен екі жыл жүріп, жылқы мен адам қаңқасына толы бір шөлге іліндік. Ақ сөңке болып шашылып жатқан қаңқаларды көрген кезде серіктерім шошып, көпшілігі кері қайтып кетті. Тек екі жолдасыммен мен ғана қалдым. Аптап пен аштыққа, сусыз шөлге қарамастан, біз Шығысты бетке алып жүре бердік. Еңбегіміз ақталып, жолай бізге бір кездері Жер жаннатында болған кісі жолықты. Ол кісі бізге жөн сілтеп, қасымызға жол серіктер қосып берді. Көптеген қиыншылықтардан соң біз бір жазиралы тауға шықтық. Қасымдағы жолдастарым науқастанып қалды, ал жол серіктер ары қарай барудан бас тартты. Мен тіптен жалғыз қалдым, қасымда тірі жан болмады. Бірақ мен жігерімді жасытпадым. Менің кеудем бақыт пен шаттыққа толып, жүрегімді белгісіз бір қуаныш сезімі билей берді. Мен саяхатымның мақсатына жақын екенімді, әрі оған міндетті түрде жететінімді сездім», – деп есіне алады. Сергей монахтың бұдан әрі айтқаны: ақыл-есі кіресілі-шығысылы жағдайда ол тау соқпақтарымен тоқтаусыз жүре береді. Төртінші күні кешке қарай оны белгісіз бір тілде бірақ Сергей түсінетін тілде сөйлейтін бір адамдар тауып алады. Осылай орыс монахы ғажайып Жер жаннатына жетеді. Ол туралы Сергей былай дейді: «Менің көргенімнің бәрін айтуға тіл жетпейді. Бірақ мен шамам келгенше айтуға тырысайын. Ең бірінші айтуға тырысайын. Ең бірінші айтарым, Беловодье – ертегі де аңыз да емес, ол шындық…» Соңынан монах қайтыс болады, бірақ Жер жәннаты туралы оның әңгімелері ауыздан ауызға тарап, көп адам «күнге қарсы» сапар шегуді армандайды.
Осы жолмен 1926 жылы жүріп өткен Николай Рерих: «Оңтүстіктегі орыс жазығымен Кавказдың солтүстігіндегі далалар арқылы Алтайға түзу сызық жүргізіңдер, ал одан соң оңтүстікке бұрылыңдар. Егер осы бағытпен жүре берсеңіз, міндетті түрде Алтайдағы Белуха(Мұзтау) тауына барып тірелесіз» деп жазыпты.
Осылайша, Жер жаннаты орыс халқы үшін әрі арман, әрі мақсат болып қала беріпті. Алтайдағы Мұзтауға барған адамдар нағыз әсемдік пен әділдік патшалығын табады деп иланған. Қасиетті Мұзтаудың маңындағы адам жүрмес шатқалдарында шұғылалы әлем Шамбалаға кірер есік бар деп сенген.
Қазақ елінің шығысы соңғы үш ғасыр найман тайпасының бір бұтағы қаратай руының ежелгі мекені атажұрт қара орманы. Қарт Алтай сонау көне заманнан бері сақ-ғұн тайпаларының мекені болса, кейін келе-келе түрік қағанатының ордасы болған. Өз заманында Төр Алтай түркілердің төркіні деп Рашидадин өзінің тауарих атты кітабында жазып кеткен болатын. Оған дәлел бүгінде Алтайдағы «Патшалар жазығы» ғылым мен тарихта өз орнын алды.
Осы Қарт Алтайдың ең биік шыңын қазақтар Мұзтау десе, алтайлықтар Үш-Сөмер, ал орыстар Белуха деп атайды. Алтай тауының әлемге әйгілі үш биік шыңы бар бірі – Иықтау, Ресейдің таулы Алтайында, Мұзтау Қазақстанда, Табан-Богдо мұңғұл жерінде.
Осы күнге дейін Мұзтау арасанын орыстың Рахманов деген аңшысы ашқан деп айтылып жүр. Ол аң аулап жүріп жараланған бұғының соңынан қуып жүріп осы қайнарға кезігіпті-мыс деген жалған дақпыртқа сеніп келдік. Асылы әділіне келсек, императордың орыс географиялық қоғамына қарасты Батыс-Сібір бөліміндегі Семей бөлімшесінің мұрағатындағы құжатта былай деп жазылған:
«Рахманов деген жай шаруа адам еді. Абдрахман деген аңшы қыстыгүні Алтайдың тауларынан бұлғын аулап жүріп қатты тоңып, қатып өлуге таяп қалыпты. Содан тау басында тұрып Тәңірге жалбарынып құтқаруын сұраған екен. Оның дауысы сонау аспан көк жиегіндегі Тәңірдің құлағына шалынып көмекке қайда баратын жолдың сұлбасын нұсқаған еді деседі. Шамбаланың түскен сәулесімен таудаң құлдап еттекке түскенде буы бұрқырап маңайына тіршіліктің белгісін шашып жатқан осы қайнарға кезігіпті. Абдрахман ыстық қайнардың суына түсіп өне-бойы жадырап ерекше күш пайда болып, ертеңінде сол жерден аттанған екен. Осы оқиғадан соң ауылына аман-есен оралып болған жағдайды маңайына жария етіпті. Сол кезден бастап ауруына шипа іздеген қазақ қауымы жыл сайын келіп емделіп жүріпті. Кейін «Мұзтау Арасаны» деген тарихта таңбаланған аты көмескіленіп «Абдрахман қайнары» деп аталса керек. Ресейдің Алтай жерін көктей өтіп ағылған переселендер Абдрахман қайнары дегенге тілдері келмей Рахман деген атауға айналдырып жіберген еді», – деседі сол жерді мекен еткен жергілікті тұрғындар. Бұл оқиға кейін мұрағат деректерімен де осылай нақтыланған болатын-ды.

Тоқтар Мағзұмов,
Халықаралық «Алаш»
әдеби сыйлығының иегері