МӘДЕНИЕТТІҢ МӘЙЕГІ ЕЛ ІШІНДЕ
Өткен жылы Жамбыл облысының Мәдениет және тілдерді дамыту саласында жоспарланған шаралар мен көзделген индикаторлар толығымен орындалып, бірқатар нәтижелі жұмыстар атқарылды.

Облыс көлемінде халыққа мәдени қызмет көрсетіп отырған 504 мекемеге 2024 жылы 14,6 млрд теңге бөлініп (басқарма – 4,5 млрд теңге, Тараз қаласы мен аудандар – 10,1 млрд теңге), бюджет қаражаты 100%-ға игерілді (2023 ж. – 13,4 млрд теңге).
Ал биыл салаға 17,4 млрд теңге қаралып отыр. Облыстағы мәдениет саласында бүгінгі күні нақты 3 627 қызметкер жұмыс істейді. Былтыр 16 мәдениет нысанының құрылысын жүргізуге бюджеттен 3 млрд теңге қарастырылып, жыл аяғында 8 мәдениет нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қалған 8 нысан қаржыландыру жоспарына сәйкес биылға өтіп отыр.
Өткен жылы аудандық бюджеттен Жамбыл ауданы Аса ауылындағы аудандық мәдениет үйі және Т.Рысқұлов ауданында Д.Қонаев ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 16 нысан ағымдағы жөндеуден өтті. Сонымен қатар Тараз қаласындағы А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ұлттық мәдениетті өркендетудің алғы шарты ауыл мәдениетінің ошағы болып табылатын ауылдық клубтар мен кітапханалар екені баршаға аян. Бүгінгі күні облыста 199 мәдениет үйлері мен клубтар тұрғындарға мәдени-көпшілік қызмет көрсетіп келеді (типтік ғимаратта – 174, ыңғайластырылғаны – 25).
Облыс көлемінде 886 үйірмеге 10 973 адам тартылған. Оның ішінде, балаларға арналған 643 үйірмеге 7 956 бала қатысады. Өткен жылы мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шеңберінде 220 үйірмеге 9 264 бала қатысты.
Облыстағы клуб мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 381 млн 396,6 мың теңге бөлініп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Мәдени, рухани, ақпараттық білім беру орталығы болып саналатын облыстағы 275 мемлекеттік кітапханалар (3-еуі облыстық, 8-і қалалық қалған 263-і аудандардағы кітапханалар) толығымен автоматтандырылған ақпараттық бағдарламалармен жұмыс атқарады.
«Оқитын ұлт» жобасы аясында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы, «Әдеби өлкетану», «Нағыз оқитын кез» іс-шаралар кешені іске асырылып, «Қазақстан ұлттық электрондық кітапханасы» ақпараттық жүйесі арқылы еркін қолжетімділікті қамтамасыз ету бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылды.
2024 жылы облыс көлемінде кітап қорын толықтыруға жергілікті бюджеттен 36 млн теңге бөлініп, 11 320 данаға (10 130 мемлекеттік тілде) кітап қоры жаңа кітаптармен толықтырылды.
Облыс әкімінің бастамасымен 2025 жыл Жамбыл облысында кітап оқу жылы деп жарияланып, «Әулиеата — кітап оқитын өңір» жобасы 5 қаңтар күні бастау алды. Жоба аясында жыл ішінде облыс халқын кітап оқуға тарту бағытында бірқатар іс-шаралар жоспарланып отыр.
Облыс театрлары репертуарларын толықтыру мақсатында әртүрлі жанрда 10 жаңа қойылым сахналады (қазақ театры–5, орыс театры–5). Барлығы 66 017 көрерменге 417 қойылым ұсынылды. Театр ұжымдары көшпелі қойылымдармен облыстың аудандарында, Талдықорған, Текелі, Қарағанды қалаларында гастрольдік іссапарлар ұйымдастырды.
Облыстық қазақ драма театры
«TЕАТРALL» III Халықаралық театр фестиваліне «Мәңгілік бала бейне» қойылымымен қатысып, «Сахналық жаңа форма табудағы ізденістер үшін» номинациясын иеленді.
Биыл да театрлар көрермен сұранысына сай заманауи жаңа қойылымдар сахналауды және облыстың аудандарына, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Талдықорған, Қарағанды, Теміртау, Алматы қалаларына гастрольдік қойылымдар ұйымдастыруды жоспарлап отыр.
Жамбыл облыстық орыс драма театрының ұйымдастыруымен осы ұжымның көркемдік жетекшісі, режиссер-қоюшысы болған, өкінішке қарай, өмірден ерте өткен Камат Қасенов атындағы V Халықаралық балалар театр ұжымдарының фестивалі өтті. Биыл маусым айында осы фестиваль дәстүрлі түрде жалғасын табады. Қазан айында А.Тоқпановтың 110 жылдығы және Жамбыл облыстық қазақ драма театрының 90 жылдығына арналған республикалық театр фестивалын өткізуді жоспарлап отырмыз.
Облыстағы тағы бір үлкен өнер ұжымы К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония тарапынан облыстың аудандарында, Шымкент, Түркістан қаласы, Алматы және Қызылорда облыстарында гастрольдік концерттер ұйымдастырылды. Филармонияның шығармашылық ұжымдары мен әншілері жыл ішінде өзге мемлекеттер мен өңірлерде өткен конкурс, фестивальдарға белсенді түрде қатысып, жүлделі орындар иеленіп, лауреат атанды.
Жыл ішінде облыстық филармонияның өнерпаздары Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында, Қатар мемлекетінің Доха қаласында, Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында, Сауд Арабиясы Корольдігінде өнер көрсетіп, Татарстан Республикасының Қазан қаласында өткен «Россия-Восток» атты Халықаралық эстрада фестиваліне қатысты.
Биыл филармония тарапынан Алматы қаласында және тағы бір облыс орталығында «Атыңнан айналайын Әулиеата» атты облыстың мәдениет күндері және дәстүрге айналған Алтынбек Қоразбаев атындағы «Ән-жырым саған, туған ел!» атты ІV Халықаралық әншілер конкурсын өткізу жоспарланып отыр.
2024 жылы Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институты Талас алқабындағы ғұн-сармат дәуірінің ескерткіштеріне ортағасырлық Тамды қалашығына, Байзақ ауданы Жайлаутөбе қалашығына (I–V ғғ.) және Ақжар 1 обалар қорымына, Жамбыл ауданы Қаракемер қалашығына археологиялық ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Ақбұлым ауылынан оңтүстік-шығысындағы Қарасай шатқалында орналасқан Қарасай петроглифтерін ашық аспан астындағы музейге бейімдеу және ғылыми зерттеу жұмыстары атқарылды. Биыл Қазақ хандығы ту тіккен аймаққа ғылыми экспедиция, ортағасырлық «Бесағаш» (VI–XII ғғ) қалашығына архелогиялық ғылыми-зерттеу және ашық аспан асты музейіне келтіру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Ұлттық құндылықтарымызды сақтап, өскелең ұрпаққа насихаттап отырған облыс музейлеріндегі 119 мыңнан асатын экспонаттарды 63 548 қонақ тамашалап, 3 619 экскурсия және түрлі тақырыптарда 448 көрме ұйымдастырылды. Қазақстанның Суретшілер одағымен тығыз байланыста жұмыс жасау жолға қойылған. Суретшілерді қолдау мақсатында көркемсурет галереясында жергілікті суретшілердің көрмелері тұрақты өткізіліп тұрады.
Биыл екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 80 жылдығы және Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына орай, «Бауыржан Момышұлының әскери қызметтегі ерлігінің тәрбиелік мәні» республикалық ғылыми-танымдық конференция, «Соғыстың сөнген сәулесі» атты Даңқ залында «Музей түнін» өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ ақпан айында Астана қаласындағы Ұлттық музейде музей қорынан Бауыржан Момышұлы және Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жеке заттарымен жылжымалы көрме ұйымдастырылды.
Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығы тарапынан облысымыздың інжу-маржаны саналатын қасиетті де киелі Айша бибі мен Әулие Қарахан баба туралы «Айша мен Қарахан баба: ғылыми деректер, аңыздар» атты ғылыми деректерге негізделген кітап және «Тараз – өркениет өрімдерінің куәгері» атты жинақ дайындалып, шығарылды.
Биыл орталық тарапынан кітап оқу жылы аясында «Қызыл жебе» атты Шерхан Мұртаза шығармаларын оқу байқауы, «Шераға шекпенінен шыққандар» атты республикалық ғылыми-танымдық іс-шара, «Әулиеата аңыздары» кітап-жинағын шығару, «Атадан – өсиет, анадан өнеге» ұлттық дәстүр байқауы және ұлттық тәрбие экспедициясын ұйымдастыру жоспарланып отыр. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі күні құрметіне орай, «Менің анам» және «Мөп-мөлдір көздің қарасын…» атты кітаптардың тұсаукесері өте әсерлі өтті.
Жыл басында айтыскер ақындарға, жыршы-термешілерге қолдау көрсету мақсатында арнайы Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығы ашылды. Орталықтың ұйытқы болуымен Қордай ауданында Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығына орай Жамбыл облысының айтыскер ақындары мен жыршы-термешілері және Қырғыздың ақын, манасшыларының қатысуымен «Алатаудың Бұлбұлы» атты Халықаралық фестивалі ұйымдастырылды. Шона Смаханұлының 100 жылдығын айтыскерлер де ұмытпай, Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде «Анамның тілі – қуатым менің» облыстық жас ақындар айтысын өткізді.
Биыл «Аталардан қалған сөз» атты облыстық жыршы-термешілер байқауы, «Тыңда дала, Жамбылды» өзге ұлт өкілдері арасында Жамбыл шығармаларын орындаудан байқау және «Құстар қайтып барады» атты облыстық мүшәйра өтетін болады.
Айта берсек, мәдениет, әдебиет, өнер сияқты руханиятымызды өркендетіп, тарихымыздан тағылым алуда, салт-дәстүрімізді жаңғыртуда қолға алып, көпшілікке ұсынып жатқан игі жұмыстарымыз көп. Танымал тұлғаларымыздың ұрпақтарын білім мен ғылымға, мәдениет пен өнерге шақырған аманатына адалдық танытып келеміз.
Серік Сәлемов,
Жамбыл облысы әкімінің орынбасары