Алатау – жасанды интеллектіні дамытатын жаңа қала болмақ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ел дамуының жаңа басымдықтарын атап өтіп, бірқатар мәселелерге ерекше тоқталды. Соның бірі біздің облысымызға қатысты – Алатау қаласының өркендеуі. Бұл қадам жаңа қала салу ғана емес, Қазақстанның инновациялық орталығын қалыптастыруға бағытталып отыр.
Алатау қаласында заманауи инфрақұрылыммен қатар, жаңа мектептер, ауруханалар, мәдениет және спорт нысандары салынады. Ең бастысы – қала болашақта жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды дамытуға арналған орталыққа айналмақ.
Президент осы орайда ЖИ-дің мемлекеттік басқару, білім беру және денсаулық сақтау саласында маңызы зор екенін де атап өтті. Демек, Алатау қаласы «ақылды қала» жүйелерін енгізіп, тұрғындардың өмір сапасын арттыратын тәжірибелік алаңға айналады деген сөз.
Халық үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, жас ұрпақ инновациялық білімге қол жеткізеді. Алатаудың дамуы – Алматы мегаполисінің жүктемесін жеңілдетіп қана қоймай, еліміздің цифрлық серпінін күшейтетін маңызды бастама боларына сенемін.
Алатау жасанды интеллект пен озық технологиялардың тоғысқан заманауи орталығына айналса, ол мекеннің руханиятына да көп көңіл бөлінері анық. Сол себепті Президенттің бастамасы Қазақстанды жаңа белеске бастарына сенемін.
Ержан ТОҚТАР,
Қазақстан Жазушылар одағының
Алматы облысындағы өкілі