Алматы: жасыл қаланың жан айқайы
01.03.2025
105
1

Экономикалық өрлеу мен экологиялық дағдарыстың астарындағы ақиқат.

Дара ЕСЕН, 
Қазақ Халықаралық қатынастар және  Әлем тілдері университетінің 1 курс студенті

Тау етегіне ірге тепкен сұлу Алматы бір қарағанда жаңарған ғимараттарымен, жанданған көшелерімен, тынымсыз қарбалас тіршілігімен көз тартады. Алайда күн сайын қаланың аспанына тұмшаланып, тұншыға түскен түтін – көзге көрінер-көрінбес дабыл. Көпшілік бұл дабылды байқамайтын сыңайлы, не байқаса да, «заман талабы» деген сылтаумен жылы жауып қояды. Ақиқатында, табиғи орта мен адам өмірі қатар өркендегенде ғана Алматы өзінің әсем табиғатын сақтап қалады. Әйтпесе, бүгінде «мәдени астана» атанған қала болашақта тек шеттен әкелінген технологияларға тәуелді, тұншыққан мегаполиске айналып кетуі әбден мүмкін.

1. Экологиялық мәселенің төркіні неде?

Алматы – елдегі ең ірі экономикалық орталықтардың бірі. Қаржы мен құрылыстың қарыштауы көлік санының еселеп өсуіне, өндіріс орындарының көбеюіне алып келді. Ресми деректерге сүйенсек, ауадағы зиянды заттардың 60%-дан астамы ескі көліктер мен кептелістегі пайдаланылған газдардан тарайды. Ал пешпен жылытылатын жеке үйлер мен көмірмен жұмыс істейтін жылу орталықтары бұл көрсеткішті одан әрі ұлғайта түседі.

Сырт көзге байқаусыз тағы бір түйткіл – қайта өңдеудің жоқтығы. Қоқыс полигонына күн сайын мыңдаған тонна қалдық тасталады, бірақ соның басым бөлігі сұрыпталмайды. Пластик стақандар, бір реттік бөтелкелер мен полиэтилен пакеттер қала шетіндегі үйінділерде тау боп үйіліп, ондаған жылдар бойы шірімей жатады.

2. Сән мен су: бір футболкаға – 2700 литр

Жеңіл өнеркәсіп – әлемдегі ең көп ресурсты тұтынатын саланың бірі. Орташа есеппен, бір ғана футболканы өндіруге 2700 литр су жұмсалады. Бұл – адамның екі жылдан астам уақыт бойы ішетін суы. Алматыда заманауи сауда орталықтары көбейген сайын, «жылдам сән» (fast fashion) брендіне сұраныс та арта түсуде. Нәтижесінде, табиғатқа түсетін салмақ еселеніп, өндіріс ошақтарынан бөлінетін химиялық заттар топырақ пен суды ластайды.

3. Еуропаның тәжірибесі: сырт көз сыншы ма?

Көптеген Еуропа елдері экология мәселесін шешуде алға шыққандай көрінеді. Шын мәнінде, олардың бірқатары экологиялық талаптарды күшейтіп, ескі зауыттарды дамушы елдерге көшіріп жіберді. Мысалы, жеңіл өнеркәсіптің бір бөлігі Азияға ауысқаннан кейін, Еуропаның ауа сапасы мен су ресурстары жақсарғаны рас. Алайда бұл – «проблемадан құтылу» емес, оны басқа жаққа ығыстыру ғана. Соған қарамастан, Еуропа ішкі нарықта:

 • Ескі көліктерге қатаң шектеу қояды.

 • Қоқысты сұрыптау мен қайта өңдеуді заңдастырып, ілгерілетті.

 • Балама энергия көздерін дамытып, көмір мен мұнайға тәуелділікті азайтты.

4. Шешім іздеу: барлығы өзімізден басталады

Мемлекет тарапынан кешенді бағдарламалар қабылданбайынша, мәселенің түбегейлі шешілмейтіні анық. Дегенмен, әр адам өзінің күнделікті әдеттерін өзгерту арқылы үлес қоса алады:

 1. Көп реттік бөтелкелер мен экологиялық сөмкелерді қолдану. Пластиктің орнына шыны немесе темір термостарды пайдалануға көшу.

 2. Артық киім сатып алмау, сапалы тауарды таңдау. Тез тозатын киім табиғатқа да, бюджетке де тиімсіз.

 3. Қоғамдық көлік немесе велосипед пайдалану. Бір көліктен түсіп, автобусты немесе метроны таңдау – ауаға бөлінетін зиянды қалдықты азайтады.

 4. Қоқысты сұрыптау. Алматыда мұндай жүйе әлі де дамып келеді, бірақ белсенді азаматтар өздері бастама көтеріп, пластик, қағаз, шыныны бөлек өткізуді қолға ала алады.

Алматының бүгінгі кескін-келбеті – даму мен дағдарыстың шарпысқан тұсы. Қаланың экономикасы өркендегенімен, экологиялық мәселелер шетке ысырылып келеді. Егер әрқайсымыз ұсақ-түйек болып көрінетін экологиялық әдеттерді саналы түрде өзгертіп, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарасақ, «жасыл Алматыны» сақтап қалуға болады. Адамның санасын өзгертпей, заң қабылдау жеткіліксіз; заң қағаз жүзінде ғана қалып қоюы ғажап емес. Еуропаның «экологиялық жетістігі» де, бір жағынан, қарапайым халықтың күнделікті өмірдегі таңдауынан басталған.

Табиғат бізге уақытша берілген аманат іспеттес. Жер-ананың ресурстары шексіз емес, бір футболкаға кететін мыңдаған литр судың өтеуі – өз қолымызда. Алматының көк аспанын қайта ашық көру, таза ауада тыныс алу – бәріміздің ортақ арманымыз. Ал сол арманды шындыққа айналдыру әр тұрғынның экологиялық жауапкершілігіне байланысты.

            

 

 

ПІКІРЛЕР1
Қонақ 02.03.2025 | 00:46

топ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір