ЗАМАНАУИ ӨНЕР — ЗАМАН АЙҚАЙЫ
05.07.2023
386
0

Адам неге зорлық-зомбылыққа барады? Өзіне қорған болу үшін құрған жүйелер неге, керісінше, оны жаныштауға бейім? Пост-гуманизм дәуірінде қалай зиянсыз  тіршілік иесі боламыз? Өз ішіміздегі агрессорды қалай тыямыз? Қоғамды қыспаққа алған агрессорларға қалай төтеп береміз?
Осы сұрақтар жанымды мүжіп, Мюнхендегі Модерн Пинакотек музейінің сұр бөлмесінде ұзақ айналшақтадым. Заманауи өнер адам болмысын жалаңаштайды, жанын қопарады.

1. Никита Каданның «Процедура бөлмесі» (2009-10) жазалау әдістерін фарфор тәрелкелерге жазып шыққан. Аппақ ыдысқа сұлбаланған адам айтқысыз қылмыстар… Адам фарфордай нәзік, бірақ оны сындырудың қаншама зұлмат әдісі бар.


2. Джозеф Бойстың «Тікелей демократияға раушан гүлі» (1973). Атышулы постмодернистің мұрасындағы кереғарлықтарды ұмыта тұрсақ, «демократияға ұмтылыс – раушан гүлінің ашылуындай процесс», – дейді ол. Гүл қауызының ашылуын күткендей оны да күту керек.

3. Америкалық нео-концептуалист Дженни Холцер мәтін-өнер формасында жұмыс істейді. «Су аралас қар» (2012-13) жұмысы сумен аралас қарды ғана емес, аноним хатты көрсетеді. «Мені …тергеу бөлімінде ұстады. …Қар үстіне жалаңаштап, тізерлетіп отырғызып, үстіме су құйды. …ұрып, тепкіледі», – деп келетін жазу бар. Адам көрген қорлыққа былғаныш бейне де куәлік еткендей.

4. Холцердің «IV кезең операцияларында» (2007) АҚШ-тың Иракқа қатысты үкімет құжаты. АҚШ саясатындағы антигуманизмге сын бедерленген.

5. Неміс экспрессионисі Франц Марктың «Шайқасқан пішіндері» (1914) І дүниежүзілік соғыс алдындағы пропаганда мен адам санасындағы қақтығыс жайлы сыр шертеді. Марк майданда 1916 жылы қайтыс болды. Бұл — оның соңғы жұмысы.


6. Ойген Шөнебектің «Шын адамы» (1965) –  жүйенің адамды «айқышқа керуі» туралы бейнеленген туынды. Фраэнсис Бэконды еске салды.

7-8. Бэконның «Айқышқа керуі» (1965). Триптихта қасапханадан шыққандай адам тәні… Бұл  адамды дегуманизациялаған соғыс пен қиянатқа комментарий іспетті. Мыжылған, пышақталған адам тәнінде адамшылық нышаны аз. Құдды зорлық-зомбылық туралы айқай дерсіз.


9. Пол Пфиффердің «Империясы» (2004). Сона ұясының салынуын үш ай бойы үзбей түсірген жұмыс қоғам құрудағы әркімнің үлесін көрсетеді. Жүйе үшін бәріміз жауаптымыз.
…Саясат пен қиянат арасы тым жақын. Қайда жүрсек те оның құрығына тым жақынбыз.

Әсия Бағдәулет

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір