БАС ҚАЛАНЫҢ ҚАЛАМГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТІ
10.07.2023
107
0

Сарыарқа төсінде аспанға ұмсынған жаңа шаһардың 25 жылдық мерейтойына орай аталмыш қалада мазмұны бөлек басқосу, дүбірлі жиын өтті.

Ашып айтар болсақ, Астана күнінің қарсаңында қаласы қауырсын қаламын серік еткен ақын-жазушыларын ұлықтады. Қаламгерлер аллеясында Қазақстан Жазушылар одағы мен Астана қаласы Мәдениет басқармасы бірлесіп «Астана – шабыт арқауы» атты мәдени іс-шара өткізді. Шараның басты мақсаты – Ел Астанасының рухани келбетін, мәдени бейнесін, әлем жұртшылығы алдындағы беделін қалыптастыруда талмай еңбек етіп жүрген қаламгерлерді қолдау, шығармаларын кеңінен насихаттау. Шараға қатысқан ақын-жазушылар Арқа төсінде айбатты қала соққан Алаш жұртының өткені мен бүгіні, бұрыны мен болашағы туралы ойларымен бөлісіп, көкейдегі сөзін сөйледі. Күмбірлі күй мен әуезді ән әуеледі. Астана қаласының Мәдениет басқармасы 80-ге жуық қаламгерді марапаттап, ақшалай сертификат табыстады.
Күннен күнге іргесі кеңейіп, атағы алысқа жеткен бас қаламыз жайында қалам тартпаған ақын-жазушылар аз емес. Астана жайлы бір өлеңінде ақын Ерлан Жүніс:
«Паң Астана,
Патша Астана,
Өр болған,
Мыңжылдықтың қолындағы мөр болған,
Алты құрлық салтанаты өзінде,
Алты алашқа төр болған,
Ақын қала, аппақ қала, әз қала,
Кербездене, бой түзейді наздана,
Алты құрлық аңсары бір өзінде,
Алты алашқа тәж қала!
Биік қала, бекзат қала, бақ қала,
Сен – астана ғұнға, түркі, саққа да,
Алты құрлық назары бір өзінде,
Алты алашқа тақ қала!» – деп жырлағанындай Алты Алашқа төр болған бас қаламызда 160-тан астам Жазушылар одағының мүшесі тұрады. Әсем қала тойдың басын осылай рухани келбетін, мәдени бейнесін паш етуден бастады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір