КӨКТЕМ – ЖАСЫЛ, КҮН – ҚЫЗЫЛ, КӨҢІЛ – ҚОҢЫР

Сағыныш НАМАЗШАМОВА
* * *
Жаратылыс.
Жер. Аспан. Ғасыр.
Адам.
Ауада миллион сөз шашыраған,
Нейрондар жіптей нәзік қалпыменен
Адамның ақыл-ойын асыраған.
Оң мен сол, батыс,
шығыс – ашық алаң,
Бәріне жатырқамай қосыла алам.
Қуанып, қанат бітіп қалықтаймын,
Қонғандай бар Ғаламның Есі маған.
Содан соң…
Білмеймін боларымды несіне алаң?!
Білмеймін, не жетпейді осы маған?!
Білгенім, бар қолымнан келетіні —
Ескіні жаңадай ғып көшіре алам!
Амазонкалар аңызы
Өмірінің өзі болған егесі
Өңімдегі Амазонка елесі,
Аттиканың аспанында ойнаған
Адырнадан кере тартқан жебесі.
Азия ма, Қап тауы ма, басқа ма,
Олар жүрген жолдың бәрі дастан, ә?!
Көз ілді ме жағасында Каспийдің
Таудай-таудай толқындарын жастана.
Тақымына тұлпар тисе, қара үзген,
Амазонка, ақиқат па ең, аңыз ба ең?
Тас түйін боп қатаюым үшін де
Тарихыңа шам түсірген тәрізді ем.
Аңыздың да сөгілгенде көбесі,
Уақыт өзі бола алар ма төреші,
«Әйел мықты болған» десе,
«Жалған» деп,
Әлем түгел өрекпиді неге осы?!
* * *
Нөлден шексіздікке дейін,
Даналықтан ессіздікке дейін,
Сутектен уранға дейін,
Өлгеннен туғанға дейін,
Тұқымнан орманға дейін,
Қадамнан жолдарға дейін,
Түнектен шамдарға дейін,
Әріптен томдарға дейін,
Шындықтан арманға дейін,
Ғұрыптан заңдарға дейін,
Берісі – шыныдай көңіл
Шытынап қалғанға дейін,
Арысы – нүктені Тәңір
Қайтадан жарғанға дейін,
Күтетін шығармын сірә!
* * *
Қиялымды қамай алмай,
Арамызды кілт үздік.
Өше де алмай, жана да алмай
Үлбірейді үнсіздік.
Енді маған бөтенбісің,
Айлар өтті нешеме.
Айқайлауға жетер күшім,
Үндемеуге жете ме?
Айтпағасын, сақтағасын
Кеудем ішін кемірді ой.
Бағып жүрген бақта құсын,
Мен бір бағбан едім ғой.
Қомдағасын қос қанатын,
Қолда қалай ұстарсың?!
Соқсын десең тасқа басын –
Қанаттары қысқарсын!
Қиял-қыран жоғалады
самғамаса,
Обал-ақ.
Ұшқанымен оралады,
Өйткені Жер домалақ.
* * *
Қар ауаны сызғанын да естідім,
Қылаңытып тұрғанын да естідім,
Жылылықты бұзғанын да естідім,
Соның бәрін естіп тұрдым кешқұрым.
Қардың жерге қонғанын да естідім,
Қамсыз гүлдің солғанын да естідім,
Топырақтың тоңғанын да естідім,
Соның бәрін естіп тұрдым кешқұрым.
Тынышымды бұзбаса деп ескі мұң,
Тамшы суға алақанын тосты кім.
Ол да маған «Емеспін деп ешкімің»,
Айта берді, айта берді, естідім,
Естігенім үшін-дағы кеш, күнім!
Малтатас
Майдалығы демесең
Малтатас та анық тас.
Мықтылығын ересен
Маңайында жан ұқпас.
Ұсақсынып, уыстап
Кейде елеусіз шаштың ба?
Табаныңның астында
Тағдыры бар тастың да.
Сынбаса да үгілген
Жей бергесін жемір су.
Тағдырынан түңілген
Тас қадірін не білсін?!
Долы толқын келеді
Ақ көбігін сапырып,
Келеді де өледі
Жағалауға асылып.
* * *
Тым болмаса өзіңді өзің алдама!
Жылтырлықтан таба алмайды
жан дауа.
Қуанышын қақпақылға салғанның
Қайғысы да жарнама.
Бір шынайы шырайына жарымай,
Жалғандықты жатырқайды жан ұдай,
Қарап отыр суретіне бір адам
Өзін-өзі танымай.
* * *
Тірілейін!
Берші маған Тірі су.
Тірі болып көрінуге тырысу
шаршатты әбден.
Өлмеген боп өтірік
өзіңді өзің алдағаның кім үшін?!
Керемет боп көрінсем деп күшенген,
Мен бе, ол ма сырты бүтін, іші өлген?!
Бал ма, бақ па,
қойшы әйтеуір бір затқа
Бәріміз де шөлдеп жүрген ішермен.
* * *
Жақтаудағы картиналар,
Жақшадағы сөйлемдер,
Шектеулерді бұзып шығып,
Шешіліп бір сөйлеңдер!
Мозайкалар, шашылыңдар,
Маза бермей миыма,
Ағып сосын келерсіңдер
Ағыспенен құйыла.
Үні таза, мөлдір мүсін
Бұлбұл отыр бұтақта.
Адам азат ойдың құсын
Қуып тықты кітапқа.
Оймақтай-ақ ой шеңбері
Оқулықтан шығыңдар,
Шындап құрап көрсем дедім,
Шыны біткен, сыныңдар.
Будан көйлек киіп алған
Қою тұман билесін,
Ой-санамды иіп алған
Иллюзия күйресін.
Құдай бізге әуел бастан
Сөз сандығын ашпаса,
Бәлкім біздің әлеміміз
Болар ма еді басқаша.
* * *
«Денеңде – сусыздық», – деді
дәрігер бір күні.
Сонда ішімде қалай гүл өсіремін?
Арамшөптермен
соншалық күресіп едім?!
Күресіп едім? Сондай күлкілі!
Олар арам шөп емес,
адал шөп екен!
Айыра алмаппын соны мен.
Басыма бұлтты қондырсам ба екен
Көтеріп әкеп көлімен.
Қауласын шөптер, жауласын ішті,
Гүлдерді қайтем қолтума?!
Қайтемі несі?
Қарайған халық
сол гүлді сұрап толқуда.
Апыр-ай енді, сусыздық менде,
Сусыздық дедім, сусыздық!
Алақай! Таптық!
Ақ парақ алып
Қызыл да жасыл гүл сыздық.
2D емес пе парақ дегенің,
Таппассың одан мың өлшем.
Сусыздықтан емес, өлермін бір күн
Суреттегі сол гүл өлсе.
Тал егіп жатырмыз
Жарандар!
Біз тал егіп жатырмыз. Тал!
Кәдімгі жапырағы жап-жасыл өскін.
Суаратын арығы жоқ екен
тым болмаса ескі,
Қойшы, қайтесің
ұсақ-түйекке шерленіп.
Ертең бұған арқамызды сүйейміз!
Ертең бізге күннен сая, желден ық!
Терезеден құтыдағы гүлдер
қарайды бөлмелік.
Осының бәрі таспаға тартылады,
баспаға басылады мөрленіп!
Арықты сұқ саусағыммен-ақ
қазып берер ем,
Осылайша жас көшеттерге
азық берер ем,
Әттең, қолым қалам ұстауға керек,
Әлде қаламмен қазсам ба екен,
бірақ қазбауыма
Оның да ұшы былғанатындығы себеп.
Қаламға қылау қондыруға болмайды,
Киелі!
Ол тек әдемілікті сүйеді.
Сөйтіп көктем туралы
тамаша жыр жазамын,
Сарғайып бара жатқанда
жапырақтардың жиегі.
* * *
Бір тамшы жауын еді ел тілегі.
Мес қарын бұлт
жел айдап жөңкіледі.
Бүйірі тоқ бұлт енді бүйте берсе,
Қара жерді қуратып өлтіреді.
Бұл халық салар алға басқа кімді,
Жай оғы тіліп түсер аспаныңды
Мергеннің садағының оғы тиіп,
Местен су ағыл-тегіл ақтарылды.
Енді, міне, таудың да етегі түк,
Дүркіреп көк келеді көтеріліп.
Қара жердің таңдайы жібіген соң,
Қалың ел де ертеңге етеді үміт.
«Алдам-ай, мың жасағыр,
Мергенім-ай,
Өзіңді бағымызға бергенін-ай.
Дәл мұндай жақсылықты сенен бұрын
Ешкім де жасамап ед елге бұлай».
Сыналап кіретұғын санамызға,
Қашанда толы емес пе Дала аңызға.
Халықтың пейілімен мың жасаған
Сол Мерген жүр дейді әлі арамызда.
* * *
Тірлікте темір де бір, төзім де бір,
Көңілімде – шұғыла, көзімде – нұр.
Ал өзім ше?
Өзім – ол ойсоқтылау,
Сыздағанын сағыныштың
сезінбегір!
Төзім барда сүруге жеңіл ме өмір?
Сарғайғанда сана да ебіл-дебіл,
Түрлі түске боялып төгілді өмір:
Көктем – жасыл,
Күн – қызыл, көңіл – қоңыр.
Жаңбыр жусын, мейлі, жел үрлесін,
Соның бәрін – сын демей,
жеңіл десін.
Есен болсын десең сен ел іргесін,
Сен есен бол деп жүрмін, өмірлесім!
ПІКІРЛЕР2