ЖАСЫЛ ТҮСТІЛЕР ТҮРЕНІ
26.01.2023
6686
0

Австриялық әйгілі психиатр, психолог, невролог, философ Фиктор Франкл өзінің дәрігерлік тәжірибесіне сүйеніп, адамның рухани болмысын терең ашқан бір философиясын назарға ұсынатын еді.
Франклдің «Соқырға таяқ ұстат­қандай» анализінде: «Көз әлемді көреді, бірақ өзін көрмейді. Өзін көрмейтін болғандықтан да әлемді көреді. Енді қызықты қараңыз, маңдайдағы қос жұлдыздың өзін де көретін кезі болады. Көз катаракта деген ауруға шалдыққанда көз бұршағы (хрусталик) бұлыңғырланып, көздің қарашығын іріңге ұқсас ақтаңдақ басады. Су қараңғы соқыр (глаукома) болғанда көздің қарашығы сыртты емес, кемпірқосақ сияқты сызықтарды көреді. Көз өзін көргенде соқыр болады…».
Есіңізге не түсті? Өз-өзіңізді тамашалап, тамсанудан қаншалықты адасыз? Сіз қай «көзсіз»? Біздің еске өтпелі кезеңде әдебиетке келген жастар туралы үлкен мақала жазып, «Алтынкөпірліктер» деп аталы сөз айтқан Темағаң – Темірхан Медетбеков оралды. Әрине, тілеу­қорлығын еске алып, саусақ бүгіп санасақ, Темағаңның қатарында біраз аға ақын-жазушылардың тұрарына талас жоқ. Ақын, әдебиет­танушы Сұраған Рахметұлының әдебиетке енді келген отызға жуық өрімдей жас ақынды тізіп, назар аударып, сөз арнағаны да – жаңағы «соқырлықтан» ада асыл қасиет. Аға ақынның жастар шығармашылығы туралы ізгі ниетпен жазған ақжарма пікірлер топтамасын «Жас тұлпар» қосымшасында арнайы ұсынып отырмыз.

Әлқисса

Жас қаламгерлердің қарқыны үдеулі. Толқыны да долы. Томаға-тұйық емес әйтеуір. Қазақ поэзиясы дәл бүгін қандай бір ескі екі өлшемнен – көп өлшемге көшті немесе өткен бұрынғыдан көш ілгері ілбіп жүріп барады. Жас қазақ поэзиясының керуеніне қарай кертартпа бірдеңелерін сілтеп қалып жүргендердің де еге есірігі естіледі еміс-еміс. Керуен көшеді… Поэзияны еркек, ұрғашы, оралман, жоғалған деп жыныстар мен жыра-жылғаға да бөліп қарауға келмейтін: жоғалған дыбыстарымыз бірі-біріне жамыраған бір биік кезеңге шыққан секілдіміз. Жалпы еті тірі өрендер легі көрінеді жақыннан. Өткен ғасырларда өңшең хаһи арғымақ ақындардың арқасына мінген рухы өлмегендер көшбасында жүрді. Қош! Өлі теңізді тірі толқындар ғана жандандыратыны секілді. Өз теңізінің түбіне құлап, өзегіне жүзіп, тереңіне батып, бұлқынып, тұншығып жүргендердің тұқымынанбыз. Шүкір! Түгенделіп, төлежіп түрендетіп жеткен жас дадаистерге серт сәлем! Әркім өз тарихын шын айтса, тарих сауығады деген тәнік ұғым дүр. Постмодернизм, яки постақиқатизм осыны ұсынады.

Бояудың сұлы түрі…

Бекзат Смадияр – «…Бұл кезең – ұмыту кезеңі…». Бұл кезеңде ұмытылмаудың формуласын іздеп жүр. Ешбір формаға көнбейтін боз бұлт­тар секілді жырлар ұсынып келе жатыр тағы. Жадысына жұққан құдірет­ті сана-кілегейінен нәр тұтып, ойға жұтылып дегендей. Аргентинада Хорхе Луис Борхес (Jorge Luis Borges) постмодернизмнің осы заманауи тұқымын сепкен ақын-ды. Қос жанары көрсоқыр болғанға дейін ізденген жаңашыл – «Іздеймін» өлеңімен бүткіл құрлыққа жасын ойнатқан бек ұлағат­ты шейір-пері. Ізденіспен өмір сүретін кім бар?! Бүгінгі жасыл түстілерде… Әрине, сауалдың жауабы жүрегімде! Бекзатпен (өлеңімен) мен бұдан бұрнағы ертеректе етене танысқан едім. Өсіп, кемелденіп келе жатқан символист! Неге екенін білмеймін осы ақын мен үшін әйтеуір – Константин Дмитриевич Бальмонтке (1867-1942) де өте ұқсас сезілген. Керемет толғаныс, жасыл толқынды лепе, нақты атрибут­тық блюз, іргелі болжамдар мен бозқиян бояулар бар Бекзат­та. Мінеки: «…Ажал сепкен семсердің жауыздығы секілді Сен ұмытыласың, Мен ұмытылғандай – кітаптар ішінен. Кітаптар – боздағым, Кітаптар – ойлардың сатқындығы секілді, Ал жырлар – сенгісі келетін маусымдарым ғой Үсіген. Ал жылдар… Е-хе-хей, жылдар! Әжемдей бәрін жұтқаным – Қоңырлық. Мойнына тас байлап өлген Ойлар кезегі Түсінем, Өмірлік…». Өлеңді һәм ғарыши хақ поэзияны түгел талдау – ақымақтың шаруасы. Математикалық синустармен де «сызып» растап тастай алмайсыз… Әр ойлардан туған айшықты астары және көгенделмеген когнитивтік өсімді, өркени сұлбасына үңілу керек-ті!? Ештеңе дәлелдеместен Бекзат: «… Дәл сол сәт­тің, Азапты сәт ауғанын, Оқылмауға тиісті ойлар серті үшін Жыртқан жырлар жапалақтап жау­ғанын, Одан бұрын жерлеп тұрып өзімді, Жан таба алмай көметін Қорланғаным… Зарық кешкен кезімді Сен көрдің ғой, Неге, Неге кешіктің?! Енді, міне, мен күл сынды тазардым, Ақты аққа бояғанда не шықты…». Осы тұрғыдан жан-жақты бояудың сырын іздесек жетердей!? Енді, осы Бекзат­тың соңынан қиқулаған өңшең жасыл бояулы түрендерге үңілсек бір сәт, тыңдасақ бір мезет ішкі сезіммен?!

Бояудың өзге өңі

Жастардың үніне құлақ түрудің бір ғанибеті – сонау алыста адасып қалған өзіңді көру, есту секілді. Қазақ жастарындағы жасыл түстер, қара жарық бояуларға көмілу бір беу! Ақжан Аманжол деген ақын қызда бір керемет һәм күңгірт бояу бар. Күңгірт күмбірлі күй секілді. Сананы деколонизациядан құтқаратын құдірет – адамның өз жарығына жолығуы… Ақжан: «…соңғы шырпының жалыны…» деп күбірлепті. «Түсте де жүрек болады екен, байқадым. «Жүректің түсі – түстің жүрегі» – айтарым». Ақынның аздап осылай сырға сыңайлануы теріс емес. Екі жүрегі бар сияқты қыршаңқы сырлы. «Жүрегім ғана түсінген, Ақшыл көк түсті өлеңдер!»… Алайда Ақжан әлі 22 жаста ғана. Жүрегі мен көкірегіне, одан соң поэзияға көктеп келе жатқан тал шыбық қарапайым ойы­мен өңге! Өлеңдерінде қилы қыңыраң, трансцендентальдық тағылық, өр мінезділігі байқалады. Көп дара талант­тарда бар бейқылық. Қызықты. «Уақыт­ты тірілту» – өлеңінің ұстыны өте кіді. Мінеки: «…біздің үйдегі сурет­тер, жазулар, бояулар – бәрі де уақытқа сіңіп қалған. уақытқа сіңіп қалған естеліктер әлдеқашан бізден бөлек өмір сүре бастаған. Біз сәт­терге сіңіп кеткенбіз…» Баяғыда Эрнест Миллер Хэмингуэйді сондай қырсық болған деседі. Өзінше оқыған, өзгеге көнбеген, шағын газет­терден тиын-тебен тапқан. Жүрегі жұмыр жерден миллион есе кіші болса да қиялы үлкен, арманы аспаннан кең болса да – кей кем мінезі томырықтау әрі тамақсау, бұйығы бірдеңе. Ақыры не болды?! Өмірінде жөнді оқымаған Хэмингуэйдің өзі оқымаған кітабы өңірінде қалмаса керек. «Классик жазушының тууын» осыдан ғана ұғуға болатындай. Бірақ ол кенет жынданды! «Африканың жасыл дөңдері» ала қашқан алақұс – ғаламдық ақылдың алтын шырағы 1961 жылы өз туған күніне орай өзінің қылша жанын қиюымен адамзатқа «сюрприз» жасады. Ол өзін атқан тапаншаға – «Hemingway» деген мәңгілік атауды қалдырды. Ақжан Аманжолға тәңірі ХХІ ғасырды сыйлады ма?! Мүмкін: «…Оның қолындағы соңғы шырпының жалыны бүкіл әлемді жылытар еді…». Иә…

Сауалға жауап…

Түбінде осы сауалдың түгелі ақынның өлеңдеріне құрбан болады-ау,ә?! Асылан Қуанышұлы деген бір ғайып мұң, тұңғиық туып тұр! «…Жоқ! Мұңайма! Қаншама әлі жасымақпыз, о тоба!? Жел де бүгін ән салады: Ең көңілді нотада…»?! Асылан небәрі 24 жаста ғана. Өзгеше өңі мен өзгеше үні, дикциясы бар. Кезінде Жозеф Пристли (Joseph Priestley) – «…қуансаң да, жұбансаң да, ауырсаң да жаза бер…» деген секілді еді?! Адамның түйсігі мен туа біт­ті қабілеті, қасиеті, ойлау жүйесінің таза зеректігі һәм еректігін еңсеген ғажайып талант бастапқыда химик, соңыра пәлсафашы, ақыры азат­тық, бостандықты жырлаған болатын. Ол өзімен, өз заманында өт­ті, кет­ті. Бүгінгі поэзия мен сана мүлдемге өзге нотадағы ым. «Қар бетіне жазылған есімім секілді…», «Қоңыр көшеде баяу ағып барамын…» – Асылан осылай будақ-будақ жырларымен жаңаша «шифрлеп» өз алдына! Тастүлек – алғыр ет қоректі құстың бір аты. Ақында поэзияға нақты сұқтанған ақын да осы тастүлектің жасын жанарындай от көрінбек. Мұраты дұрыс боларына сенейік. Ол: «…Жүрегімнен жалқы нұр көшкен еді Аңсап өткенді… Мен сағынып отырмын ештеңені және көктемді… Арғы жақ па? Жо-оқ, онда басқа бәйгі (Өртену – сезімге емес), Мына жол – бақытқа бастамайды, Бәрі – уақыт­тың көзіндегі елес…»… Поэзияның шеңбері (сферасы) – ешқашан тұйықталмайтын құбылыс. Егер тоқтаса: Асылан айтқан: «…кері айналған сағатқа қарап ессіз күлеміз…»?! Ұлықбек Есдәулет ақын аға­сында «Дуализм» деген бір өлең бар-ды. Жасыл түстілер үшін жазылған – жасын өлең – Асылан!

Тылсымға қарай ұмсынған…

Әркім өз тауарихатын анық жазса, онда бұ дүниеде құпия деген ұғым болмас еді. Бүткіл жан дүниесі мен көзқарасы өлеңіне сіңген, санасына байланған шырмауық жолды таңдаған ақындар көп әлемде. Олардың қым-қиғаш іздерінің өзі – бір иірім. Солардың бірегейі біздің де өзекке тірелмек. Әрине, Стивенсон Роберт Льюис (Robert Lonis Stevenson1850-1894) Шотландияның шайыры, әлемге әйгілі романшы. Отау егесі он алтыдан бастағанда дімкәс болатын ол 44 жасына дейін 30 роман жазған бейнетқор. «Treasure Island» – Қазына аралы (1882), «Strange Case of Dr Jekyll and Mr Hyde» – Доктор Жекилмен Мистер Хайдтің тарихы (1886), «The Black Arrow» – «Қара оқ» романдарын жазған. Өте еңбеккер, жазарман болған. Бізде осыған ұқсас келуі де (сырт­тай) мүмкін Файзулла Төлтай деген ақын бар. Аяқ алысы жағынан да. Жалпы тұмылсыз поэзия жазу үстінде өте сирек ой ойнататын осы отызға өрмелеп бара жатқан бұла ақын Файзулла Төлтай болып қала беруі мүмкін?! Метафизикалық шырқаудың өлшеміне қарай айтылған сөз – атылған оқ секілді. Жалпы оқырманның ақыннан күтері сәт­ті шығармалар. Тәт­ті арман, жеңіл-желпі ода көне гректік «оде» дәуреніңіз арт­та қалған секілді. Жанрдың да жасайтын өз ғұмырнамасы болады екен. Ойдың оймақтай жыртығынан жырымдалып келіп жұлындай жерден тырс-тырс таматын жұп-жұмыр тамшы жырлары формаға көнбей жатады?! «…Менің жалғыз білгенім – Біз бәріміз тұтқынымыз, өмір деген түрменің. Шыда, жаным, шыдай түс. (Менде де бар жұрт­тағы әл). Мына Өмірден біздерді Өлім ғана құтқарар!» Сескеніп қаласың, әп-сәт­те! Тылсыммен тілдесудің сызды сүгіреті! «Ей, көлеңкем жүре бер, жетегінде шыдамның…» Көлеңкені бүктеп, сығымдап, формасыз жауыр бұлт­тан қорғасындай ауыр салмақты поэзия құрауға көшіп келген ақындардың жұмбағымен қоңсымыз бүгін… Оның – «Өлі ғашықтар» ат­ты өлеңі бар тағы. Сүюдің беймаза лағуы мен бір тал шашқа ілінген тылсымдық туралы толғайды. «Торғайдың көзіндей көзеге» – (Ерболат Баят­тың сөзі – С.Р) күллі тылсымдықты сиғызу үшін мұңайып шырылдайтын Төлтайдың төменгі және жоғарғы кеңістегі төл үні осы изоморфтық шеңберде.

Зат­тардың арғы мәнінде…

Гамлет «бар мен жоқтың» зар толы құмыра шынысын ортаға лақтырған еді. Дәлелденбейтін бейғұмырдың бір шетін Шалқар Дәулеткелді «ұстап» тұр. Есімі әлде Шалқар ма, Дәулеткелді ме, білмеймін… бұл кісіні тірідей көрмеген де шығармын?! Ежелгі еңкіш адамға ұқсас па, әлде бүгінгі біреулер секілді өткір кісілер ме деп?! Өлеңдерін зорайтқыш лупамен оқығам-ды. Аз, кемін сірә, ұмытқам да… Ұзақ қарайтұғым-ды… «…құлазу сынды жалғыздық, жалғыздық сынды аяқталу…» деп жазыпты ол! Жалғыздыққа жанын төсеген Флоберіне барып ем, жылап отыр?! Ги де Мопасанға өкпелі ол мүмкін… Екі жүз жыл бұрын емес дәл бүгін: 2021 жылы жалғыз өлең жазғысы һәм туғысы да келген?! Гюстав Флобер (Gustave Floubert 1821-1880) жалғыздықты жазды. Романтик, либералист Флобер өзін соңынан «алжыған ақымақ» санаған. Дәулеткелді Шалқар Флоберше өзінің «жалқы» екенін осы бірнеше өлеңдері арқылы дәлелдеп жүр! Мысалы: «…Үйге қайта алмаған жылдың әр бір күнінде, Таныс және бейтаныстар көзінше, қол созбайды олар зат­тарға, Зат­тың арғы мәніне, Естімейді сытырлап жанған уықтар мен керегелердің дыбысын. Қиыр шет­тен қудаланған шөп үгітінділерін, Баспайды олар өз көшелерінде, Қайтып оралмағандықтан үйге…». Шалқардың шалыс ұйқастарының шарықтау шегі қайтадан өз «ұйығына» оралуымен поэзиядағы «жалғыздық сапары аяқталады», қайта басталады…

Ай іздеген…

Әлдеқайдан ауыр рок, желдің дыбысын қайталайтын бір пірадардың ойлап тапқан флейтасы… Жел мен селге еш қатысы жоқ жездің үскірігі секілді ышқынған бебеулі акордеон мен кларнет­тің дауысы қазақтың бүгінгі ақындарының өлеңдерінен сезіле бас­таса не дер едік?! Абзал Сүлеймен есімді бір сүлейдің «Үрдіс» өлеңінде осындай үн бар. Кейбір «сілтемесі» Элиот­тікі. Алайда Элиотқа еш қатысы жоқ. Шөлде жүргендей бір шөл қысады да, құсалы оймен аспаннан Ай іздейсің?! Бетпақ даланы түгел айпара құшқан Ай сенің бетіңе қарасын ба?! «Көзі ештеңе көрмейтін Ай қарайды…» деп едік баяғыда. Абзал Сүлейменнің көзі зират­тар басына қадалып сөнген айбалта секілді мыңдаған Айларды көреді. Айлар тірі болатын, шуағы қан-жылы?! Кенет ауыр рок ойнайды. Төсек тартып жатқан кейуананың жанары Айға түседі… «…Сіз зират басына көшкен мыңдаған Айды көрдіңіз бе? …Сіз көрдіңіз бе, мыңдаған Айдың сөнгенін?..» Күпірлікке жол бос. Қалай түсінесіз, еркіңіз! Ештеңе оқымайтын, жат­танды ұғымды, ескі мектептің сәбет­тік нотасымен тура классикалық блюзге қарай шапшып көріңіз! Бұлай толғау үшін де аспан туралы жарым түсінік, түйт­тей де болса түйсік болуы керек шығар?! Абзал Сүлейменнің «Реликті шағала» өлеңіне сүңгу үшін: Ричард Дэвид Бах (Richard David Bach)-тың «Джонатан Ливингстон есімді шағала» ат­ты керемет туындысын оқу мен қатар сәл ғана эксперимент­тік қәріп-билеріне талдау жасай алатын қабілет­те болуыңыз шарт. Бұл шарт – элиталық текті оқырманға ғана лайықты талап болмақ.

Аспанға шырқау…

Роза Аспанқызы деген ақын қыз ғана оған жаңалап жауап айта алатын секілді! Сөзге айналдырсақ: «…Мөп-мөлдір… Алғау­сыз… Бейкүнә…» Ғаламды дейтін, ә?! Сүйкімсіз жылдардың сүйікті сәт­терін, Бейітке байлайтын кей шүбә. Дірдектеп жүгірген даланың төсінде – ең таза ой шығар…» (Роза Аспанқызы)!? Енді… Абзалдан абзалдықты, аярлықты, Аспан қызынан бір стандартпен өсірілер қызғалдақты жырды аңсап керегі не бұдан кейін?! Таптаурын дағдыға қарсы жаңа пікірді біреулер айтуы керек болса олар осы – ақындар. Аспанқызы: «…Өткеннің исі шығатын көне жертөлелерден, Қараңғылықтан, Қапастан. Жаңбырлы түні үйге қонған бейтаныс кісінің жанарынан. Найзағай үнінен, Құдай үкімінен, Сенің үнсіздігіңнен қорқамын, Жаным…» Шырқау – қазақша байырғы ұғым қара өлеңдегі. Көктің сызығы – меридиан да шырқау… Ал кульминация (culmen) тіптен шарықтаудың түп шегі. Осы қыздың өлең – ойы да солай!?

Іштегі дауыс…

Шерлок Холмс детективі арқылы Артур Игнатус Конан Дойль (Arthur Ignatius Conan Doyle 1859-1930)-ді көп оқырман біледі. Ептеген таланты бар, есеп сабағын ит­тің етінен жек көретін Артур анасын жаратушыдан жақсы көрді. Жазды, кет­ті ұза-а-ақ! Тек қана Шерлоктан өзге «сүрідей тұздалған» 66 әңгіме мен 37 кітап жазған жазушының тұмылды қоғамға деген жаңа көзқарасы өте салмақты, ересен жаңалық еді. Оның анасына жазған хат­тарында қоғамның бетпердесін сыпырған тұстары орасан. Онша ғана сан деректерде мыңнан астам хаты сақталған деседі. Соны ойлап отырып Еділбек Дүйсеннің Ана туралы ма, бір өлеңі есімде қалған. Өлеңнің өрмесі су жаңа болатын. Айтайын деген ішкі демі иерархиялық ұстамы мүлдем өзге, біртүрлі өзгеше оқылады, сол тұрғыда өңгеше тәржімалануы да ғажап емес! Мини роман секілді жауһар дейік. «Есімде қалғаны… Сынған терезе сыртында, Самайыңдағы көк тамырлардай, Найзағайдың жарқ еткені ғана. Ішінен жабылған есік сыртында қалғаным ғана. «Мен үшін келіп тұр» дегенің ғана. Есімде қалғаны…» Еділбекте мұндай үшқырлы жебедей ұшқынды орамдар аз емес. Оның өлеңдерінен тек маңғыстаудың «иісін» ғана сезетіндерге құрмет етем. Алайда Еділбек Дүйсен һәм ақын Еділбектегі эсхилдік формасыздықтың эскиздік ізденістері, тәржімагерлікке қарайғы қарашығына жұққан «…Айғыз-айғыз әйнек беті бұлдыр әлі…» секілді қос ұшты сенімдері өзгеше әйтеуір. Оны иір ойларында тағы: «…Жарығым… Мен, бір күні Естеліктерімді босағаға жерлеп, Ырымдарым мен тыйымдарымды босағаға жерлеп, Үміт­терім мен күдіктерімді босағаға жерлеп, Ойым құсет­тенген күйде, Уақыт­тың гүлдегенін күтіп Табалдырықта отырсам….» Бұл өлеңнің соңы – адамзат санасының жұмбақ екенін еске салады!

Тұншыққан үн – «қалам ішінде»…

Ақын өлсе де, өссе де өз теңеуінде өмір кешеді. Ұран да, ұлағат та емес ұзақ арпалыспен жұзақ-жұзақ жыр теріп жүретін Ұмтыл Зарыққанның өлеңдеріне ертеден таныс секілдімін. Ұмтылдың өзінен тыс өзге кімдерді оқитынын білмейтін шығармын… Алайда «Кафка» деген өлеңін оқыдым. Жуырда. Ұмтылды өлеңші емес, мүсінші болсашы деп қиялдап, бір тоқтадық. Каф­каның пошымын сызғанда: «…қысқа қанат­тарымыз алып аспанды қармап, тұншығамыз сонша, өз қабырғамызбен қалаған қуыс «Қамалдың» ішінде…», «…мен сонау шыңырау ұшындағы шүңірек көзден ұшып, түнектен қайтқан қанаты күйік құс сияқтымын…». Ұмтылдың көзінің ішінде сан түрлі жасынды, қызылды, жасылды бояулар ұшып жүргендей. Кафка мен «Қамал» тек қана психологиялық меңзеніс ғана сияқты. Мүсін қашап отыр. Қолынан келмеген, мүлде келмейтін сағыми санамен мүсін қашайды Ұмтыл. «Көзінің жасы сақардай қайнап…», «Шығыстың алып қорғаны ішінде үйірін аңсап азынаған жылқының дауысын естіп пе ең? Қып-қызыл тұман ішінде төгілген күлтелі жалы…» Мінеки, еңірек мүсін керек болса! Дүниедегі мен біліңкірейтін бірнеше мүсінгер, пошымшылар бар. Солардың бірі – Огюст Роден (Rodin, Auguste 1840-1917) атақты «Пұшық мұрынның» (1864) авторы. Ғұмырбойы алысқаны – «Тамұқтың есігі». Импрессионизмге бет бұрған ол адамның санасына кіретін саңылауды айпара ашты. Ұмтыл да жеңіл емес сапардан бір кеңіл есік іздеп жүргендей. Біздің мүсіншілер Сембіғали Смағұл, Зейнелхан Мұхамеджандар секілді ме, әйтеуір ұлт­тық зіл кілт­ті көтеріп жүрген?!

Ескі сүлдер

Анда-санда бір мұнай мен газдың тап қарақұсында орналасқан – «Әдебиет порталына» соғатыным бар-ды. Бірі екіншісіне қарсы орында – Ұмтыл Зарыққан мен Ислам ҚабУЛҰЛЫ есімді екі ақын біріне-бірі көкжелкесіндегі үшінші көздерімен телмірісіп, өмірі тарақ тимеген немесе тарауға көне бермейтіндей деуге болатын шаштары жалбырап, дудырап, күбірлей «дұғасын» оқып отырады! Екі сүгірет, екі сүлдер! Ислам Қабыл ақын ақылдың – «Сүдері» де стилі екі жағынан өзгеше сезіледі. Ие! Мысалы: «…екіге жарылған болмыстың көзімен, Тағдыр құлыбындағы тесікке үңілдім. Күйгелек мінезім – уақыт­тың тезінен, сүрінген кезінен, қармаққа іліндім. Неліктен?! «…құлағым ызылдап, жалғыздық шуынан, кеудеме сәулесі құйылып көктемнің, құпиялы қатпардың жанына сұғылам! тұншығып, дүниенің құрсағын тепкенмін…». Бір штапта ой басқарып отырып, опынымы көбірек ақындардың бір түсі осындай?!

Өңге кейіп…

ХХ ғасырдың алмағайып дүниесі – өзге ғасырлардан мүлдем өзгеше үлгімен қалатын сыңайда. Әлеумет­тану мен эстетика түрі жағынан бұрынғыдан бөлек, герменевтика (hermēneutikos) өнерінің түсіндірмесі поэзияға һәм өлеңге қарай ойысты. Көркемөнердің жаны тек адамзат­тың тілтанудың жаңа әдісімен көгеретін күйді кешіп келеді. Француздың ғұламасы деконструкшісі Жак Деррида (Jacques Derrida1930-2004) ойлары мен сараптары арқылы поэзия, музыка өнерлеріне өз коды мен мөртаңбасын ұсынды. Бұны бүкіл Еуразия, Азия Тынық Мұхит аумағы (АТМА) немесе Ұлы қытай қорғанына паналаған сөз өнерінің өрендері де кеңінен пайдалана бастады. Солардың бірі – қытайлық әсіре батысшы монологист млрд-тың алғашқы онына сиған шейір Оуян Цзянхэ 1956 жылы туған. Сычуаньдық. Ол, «…менің үнім терең үнсіздіктің тұрағы…» десе тағы Сычуаньдық тума теоретик, жаңашыл ақыны Чжоу Лүнью (1952) «…Тілімді кессең менде ым қалады…» (Н.Энхбаяр «Осы заманауи Қытай поэзиясы» ант. 2015). Осыған қарап, лекітіп отырып, Бауыржан Игілік деген қазақтың жас ақынының – «Көкмойнақ мұңына» сүңгіп өтеміз. «…Туу үшін, тойынып өлу үшін – Арам тәнмен толтырып жер уысын, Момын адам жылайды, қоңыр далам?…» немесе тіптен шымырлау ағым: «…Шамыңды сөндіре алмас түн, Әйнегің жел жалап… албасты. Махаббат осындай болады, Ең соңғы… ең тәт­ті… алғашқы…». Бауыржан Игілік поэзиядағы «бүгінгі жат­танды, таптаурын тәртіпті үлгіні өз үнімен бұзғысы» келеді. Хош! Оның ішкі семиотикасы (semeion) табиғи ауанда. Алайда ұлт­тық кептің алтын мәйегіне ерекше құрметпен қарайды. Жалпы біз тілге тиек етіп отырған «жасыл түсті» ақындарды деконструкциялап, шұқшия оқу және оларды жан-жақты сараптау, сұрыптау тура.

Құштарлық…

Дүние әлемде құмырсқадай еңбеккер, өз ісіне емес, өрмелі сөз өнеріне әбден шырмалған ақын-жазушылар аз емес. Жозеф Редьярд Киплинг – (Joseph Rudyard Kipling 1865-1936) ағылшын рухани әлемінде жамай жасын түскендей түрен көтерген оқымысты. 1907 жылы 47 жасында 37 кітап жазып Нобель сыйлығын тек новеллаларының ерекшелігімен еңсерген. Үндістандағы ескі Бомбейде туған, Лондонда бозбала шағы тең өрген, екі енені тел емген арда. Алмаған сыйлығы қалмаған жазарман. Бір ғаламшар, екі шырақ (Ай мен Күн), үш кеңістік, төрт құбыла, бес мұхит, алты құрлықты түгелше түгендеу­ге өзінше түнерген Киплинг – «Жеті теңіз» жыр жинағын ұсынған. Киплинг – саяси колониализмнің жыршысы. Қазақтың жас ақыны Түркістанда туып, Шымкент­те өскен, Алматыда ақындаған Батырхан Сәрсенхан оған қарама-қайшы – «жаңаланизм» ізденіс жолында, сәт­тер, сағат­тар, күндер, апталармен арпалысып келе жатқан, бәрінен дұрысы, ұшынбаған 27 жасар шәһиризеде. «Эпитафия» – өлеңі шәкірт ғұмырдың кіл пәлсафасына берілген жауап: – «Мырзалар, біліңдер бұл жерде қалғыған арудың табаны, КазГУ-дың бойында жүрген. Бұрымын тербеген ебі жел самалы, бұл жерде наздана күлген. Мырзалар, біліңдер өкінген ол дағы, қуанған ұтқанда грант. Кезекпен ауысқан күндердің балдағы, галлюцинация және квант…». Білуге құштарлығы үшін баһадүр жазарман Батырханды құрмет­теу тура!

Құмдағы үзе…

Марлен Ғилымхан өзі кешкен түземнен өлең жәукерлерін теріп, мылқау Көкте меңірейген кеңіс сезініп келе жатқан жан-иба. Оралдың топырағынан боздап туатын боз көденің бір үніндей жырлары бар. Ұлан-ғайыр даланың топырағын сәті келгенде аз кешкен Ұлы Пушкиннің (Александр Сергеевич Пушкин 1833 жылы қазанда 3 күн Оралда аялдаған) іздері әлі өшкен жоқ. Осы Оралда Марлен Ғилымхан ақын тұрады. Ол: «Сарғыш алаулар – көңілсіз демім, жалқынға жалқын жалғана алмайды. Көгілдір сәуле – өмір сүргенім, Аспанның нұры – саулаған қайғы…». Бір шумақта төрт, бес картина немесе сүлей бояулы сүрмелі сүгірет­тер бейнесі аңдалады. Паң даланың тәңіри кірпияздығы, маң құмға аунаған мұңлы аруана-мұнардың ұшқындары осылай нәзік зерленеді екен… «…Сыңарымды іздеп жаңбырдың үні, талыққан тамшы тасалай қалар. Менің ғұмырым – қардың ғұмыры, Қартамыс жерде аз аялдаған…». ХХІ ғасыр әлетіндегі таңғажайып поэзияда жаңа философиялық теңдессіз теңшеулер осылай өз мөр таңбасымен қалды.

Жадағай жағалау…

Бауыржан Майтай есімді ақынның өлеңдерін тауып оқуға құмартқан едім. Поэзия­ның «ішкі үнін» тыңдау оқырман үшін ең жақсы, ең тәт­ті «комплимент­ті» ниетпен. «…Ең ұлы ырғақтың өті, Ақ қарға салынған ізде. Барады бұл жақтың оты, Көп кетіп сарылған күзде. Ойдың бәрі сөз…». Тағы да шашып, шаншып өтеді. Ақынның өзіне-өзі – инфюленсер (influence) немесе ең ұтымды. Тіптен бұ жерде өте өзгешерек, расы сәл жадағайлау. Мысалы: «…Біз айғайға бастық дыбысымыз ауаны сындыра сіңіп кет­ті. Қарғалар, қарғалар аспанда ағып жүріп неге күледі? Қарқылдап күлгені несі? Бізді көріп, өмір сүре алмайтынымызға күлкісі келер, Көзінен қара тамшы мөлдіреп төгілердей…» ?! Қашқарлық ұйғырдың жақсы ақыны Әділ Түнияз (1970 ж. т.) «Жарық шексіз», «Құстар» өлеңдері бар-тұғын. Жастар жағы оқыса артық емес біртүрлі дүние! Бұндай стильмен де жол салған батыстық, әсіре батыстық жыршылар бар, әрине. Қазақ ақыны Бауыржан Майтай да солардың оң қатарынан болуы мүмкін!?

Мерген бала…

Мерген Тоқсан­бай – қарақұлақтанған ақын. Қолтаңбасы әбден қалыптасқан Мергеннің күшті сезімтал, мета-лирикасы тек махаббат аясына ғана байланған десек артық кетеміз. Обалы кәне! Поэзия деген адамның киесіне жазылған «дерт». Дауасыз сезіми орамдардың өмірге келуі – адамзат­тық тағылымдарда мыңдап саналатын құбылыс. Кейде порнопоэзия ауанынан да алыс емес жырлары еміс-еміс естілмек. Қазақы санат­та мұндай бейсана, үн үлгі болмады деуге де келмейді. Қазақта бейпіл сөзден де озық эротикалық фольклор көп. Шеберлікпен, бұла сезіммен келетін керемет эротикалық назымдарды жазып шығару деген де – жұмбағы ересен ғаламатың. Әуені бар құбылымдар. Бұл жолы Мергеннің тек бір өлеңінен ғана ұсына тұрамыз. «Қыз монологы» (Маған ғашық қыздың атынан) өрімі өлшеусіз қилы өрім-сезімдерінен өрілген жыр. «… Ағажан! Мен сіздің өлеңіңізге емес, Өміріңізге енгім келеді. Атар таңды бірге көрерімізге, Сенгім келеді, ағажан! Сүйемін деуге дәтім жетпейді, Сол үшін, Жанарымды оқып, жүрегімді тыңдаңызшы! Өтінем, аясаңыз егер мені шын, Түк сезбейтіндей боп тұрмаңызшы! Ағажан, Өткендегідей, көктемдегідей, Мейлі, үндемей тұрсақ та. Төбем бір көкке жеткендегідей Қуанайын! Түсіңізге кіріп, рұқсат па?!»… Мұндай шеберлік Уильям Батлер Йейтс (William Yates1865-1939) өлеңдерінде жолығып қалады. Йейтстің «Aengus-і» қазақшаға аударылған.

Арман өлтірілмейді…

Арман Әділбек ақын да байырғы әпсаналарда ұшыраса бермейтін небір бейтаныс шешімдерді жалма-жан тауып, шебер өлең құрайды екен. Уақытқа деген әйеңкі назы бар арманы көп ақын. «…Сәт­тер менен барлығын тартып алған сияқты…» – деп әрбір сәт­термен жұлысып отырып жазатындай!? Кезінде осындай жылдам оймен зерлеп өтер сүлейлер қазақтың ой жазирасын текті жыр нәзімен толтырғаны бар көне зәузет­терде. Осы заманғы Арман Әділбекше! «…Тоғыз жолдың торабы арбаған сол бір жанның Ең соңында: Тізесі қалтырап тұрып: Аспанға қол жая күңіренген үні құлағымда жаңғырып, Кеудемдегі жұмақ пен тозақты алып: Орнына сиқырдай шүңет сыйлаған нән елесті: Өзіммен қоса өмір сүру азабына салған бала көңілім менің, Сол бала көңілімнің сарғайған сәті…»
Кезінде ағылшындық Гилберт Кийт Честертон (Gilbert Keith Ches­terton1874-1936) осылай ұшып-қонған алғыр апологі (мысалгер) болса керек. Ол күніне бір кітаптан жазуға дейін барған. Арманның арманы неде деген кісіге осы дәлелдеме де біршама жерге жеткізері хаһ! Арман ойландырған «арманды өлтіруге болмайды» деген Ұлы Достоевскийдің абсурды есте…

Уысында сұлба бар…

Тілек Рысбек – «…Азанда өмір жейде киюден басталады…»!? Егер ол, пері немесе аруақ болса, қандай өмір басталар еді?! Егер көлеңке адамның санасына ғайыпи шіменнен хабарламалар жіберетін аспап секілді бірдеңе болса ше?! Біз көрмеген, білмеген, естімегендеріміздің бәрін ертегіден іздейміз!? Ал мына Тілектің өлеңдеріндегі – лекіл кептер ешқайдан да ұшыраспайтын қисын секілді. Тек адамның бейсанасы шексіздіктен шексіздікке қарай аунаған сәт­терде бізге беймәлім жиіліктердің миға шағылысатын сәтін – «аян» деп қалып жүрміз. Әнтек?! Сол тұрғыда Зигмунд Фрейдке жалтақтай береміз. Демек, Тілек Фрейдке қарай ма, жоқ басқаға ма, кім білер?! «…Алақанымнан аққан көлеңке, Жүзімді жасырғанда, Уақыт­тан үзіліп. Аспанға мағынасыз телмірдім, Мен солай, Бала күнгі сынған айнаға шағылысқан жарқылдың, Жалт-жұлт еткен әнтек, Естеліктерін ғана есіме түсірдім…». Тілектің Момидзиінің түп-тропы нені меңзейді?! Қытайдың кеcпе көжесін ішіп отырып жаза салған ирониясы (eironeia) мағынасыздыққа жүктелмейді.

Күңгірт күй

Алтынбек Мерсадық деген ақынның «аяқ алысы» «түсініксіз», «күңгірт»!? Поэзия деген жұмыржердің көлеңкесіне қарап, көзқарас деген нақылдың өкпе тұсынан үш тілді кілтін сұғатын, оны өзінше бұрайтын бағзы ақындардың «жыны жұққан» секілді… Уақыт­тың сағат тілімен айналатын заңдылығына да күмәнмен қарайтындай. Ескі тәурат­тағы бір жымсыздық, ішкі толқын мен тысқы әсерлерге назданудың трагикалық бір өңі көрінеді. Алтынбек:
­«…Бағыты жоқ жолдар, желігі басылмаған сөздер, Қайғысы қалың жұртымды арзан мұңға жеңдіргісі келетін секілді, Үңгірінде қамалған айқай, қып-қызыл эмоция… қасіретке құмарлығымды жалған ұранға сендіргісі келетін секілді…» тағы да: «…Бұғауда жатқан жаным, бұрмаланған хәлім… Ұзақ та мәнсіз түстерден айнып, құспайтыны секілді. Мен және Менің түйсігім – семіп қалған райхан гүлінің тағдырына ұқсайтын секілді…». Бұл да өте көнеден келе жатқан күңгірт кептің сәлемі секілді. Алайда бәріне күмәнмен қарауға үйренбеу, бейім болмау үшін Мерсадық: «…Академиялық жап-жаңа кітаптай – өзін-өзі жоғалтып үлгерген есер ұрпақтың соқыр көзімен…» оқылмаса?!

Әділет­тің әсері…

Психопоэтика – ақындардың ақадал төл дімкәсі, көпте тіпті болмайтын, болуы да күрделі құлықсаналық – «этикетизм» сіңі!? Әділет Шопен осы қанат­тағы өскін жаңғыз тал секілді. Оны мақтау да керек емес, «әдейі» дат­таудың да… Ақындардың ақиқат іздерін даңғаза шерулер мен популизм (populism) синдромымен шатастырып, іздеушілік басымырық бүгін. Бұл дегенің – текті элиталық оқырманға қастандықпен жасалатын зиянды, қиянат­ты, дүбәра пікір. Эрих Фроммның (Erich Seligmann Fromm) (1900-1980) адамның жарыққа шығуын еңсейді. Кезінде ақын Мейірхан Ақдәулетұлы Эрих Фроммның «Психоанализ және дзенбуддизмін» тәржімалағаны бар. Ақынға ең жақын қисындардың бірі есебінде таңдалады ол.
Әділет: «…Шексіздікке жұтылған көшелер, адамдар өзінен безінген. Болашақты ойлауға да миыңыз бата алады. Сіздің бойыңыздан бұрыннан геометрияға деген әлсіздік сезілген, Ол «Жалғыздық» деп аталады…»?! Ал тағы да ма?! Құрылымның қитұрқылығы мен құрылымы (констуркциясы) ұсынылады үйлесімді мәтін, осындай өрт өлеңмен! «…Оқу да жоқ, жұмыста жоқ біз бе дейсіз, Енді қайтіп өмір сүрдік ботам-ай?.. Жоқ, сіз осы жолы ешкімді іздемейсіз, Өйткені тірі жандардан гөрі, елестер мен арxитектураны шақыру оп-оңай Миыңызда…»!? Осылай мінеки!

Көп өлшемді…

 

Тілеубек Батыс деген ақын бар өлшемдерден мөлшер жасайтын. Шығыста туған (Еуропа үшін) батыстың – Батысы болуы керек! Мифтік сарын, жоғалған біздік-әпсана, ежелгі көшпелі дүниетанымның бедерлері көрінеді. Батыс: «…Қарашығымда жұтылған дүниенің ескі елесін, өлген әлемнің соңғы нүктесіне байладым…». Мифнамеде көбінесе көне гректік сарын немесе үндіқытай сарын ауылдары секілді. Біздің баяғы ертегілерде жын- шайтан көп. Қорғанбек Аманжол ақын қатарлы талғампаз талант­тылардың бірсыпырасы осы тақырыппен көп айналысты. Әрине жөн! Ежелгі эпикалық дастандардың жас шамасы 2500-3000 жыл делініп, бізге келгенде «қырық бір құмалақтың тіліндей долбармен» ғана көрінсе керек… Десек те адамзат пайда болған 60 млн жылдардағы пайымдардың құдіретін ақындардың жады санасына ғана кодтап қойғаны қайда қалмақшы?! Ертегілердегі ежелгі пайым – тәңірге деген жазғандардың зарымен басталып, мұратқа жетумен аяқталады-мыс… Алайда мифология – «мипалаудан» мүлдемге өзгеше ықылымдағы ілім. Сонау паң Шығыстағы таңдардың шуағы, Батыстық іңірдің құбылы жұқпаған үндердің сүлдері тым жақында тұрғандай. Тілеубек Батыстың «Жан ұшындағы жырында»: «…Бір күндер, айлар, бір мезет… Періштелерді үркіткен адал сезімім жоғалды. Кеңістік сыртында қалқиды мұндалап, «Мені бақыт­ты қыл» – деп құдайға салмақ салдым. Ол да уақыт­тың уысында тоналды. Өзімді ұмыт­тым….». Поэзиядағы ең керемет тәсіл – мән жасау һәм мазмұнды сомдау. Николай Васильевич Гоголь (1809-1852) «Өлі жандар» (1842 жылы жарияланып, 1852 жылы жойылған) поэмасында теңдессіз тапқыр абсурдтар жасап берген. Анық әлемнен анық емес мазмұн жасай алды. Реализмнің немесе реализм еместің барлық болмысын ашты. Гоголь өзінің шығармасын жаратушы құдаймен тең деңгейге қояды. Батыстың бір өлеңінде: «…Қарашығымда жұтылған дүниенің ескі елесін, Өлген әлемнің соңғы нүктесіне байладым. Құдайшылығы жоқ Құдайдың құзырына да Алақанымды жаймадым…». Осы тақылет­ті екі өлшемнен көп өлшемге қарай ат көшек жасайтын Батыстардың түрені күшті деуге болады. Пикассо сызбаларымен абсурд жасады дедік. Мүмкін еместің өзінен. Гоголь «Мұрынды», тіпті бөлекше сомдады. Пикассо кубизмімен мұрынды арғы жағынан аударып сызды да! Батыс бүй дейді: «…Терезе ішінде – бір әлем, Терезе сыртында – бір әлем. Сыртында – бозамық, маң дала, мұнар тау, Ішінде – тыныштық – ұлы әуен…». Түс көру жайлы ақындар көп жазады. Батыс: «…Мен сізге түс көріп жақындаймын!…» дейді. Түс деген – өмірден тыс бейқұбылды осылай да айта салуға болады екен.

Өртеуден қалған…

Рамазан Бауыржан 1996 жылы дүниеге келген-дүр. Ол: «…Жалғыз өлгім келеді санамнан тыс…» деді. Екі өлуге бола ма!? «Мың өліп, мың тірілген…» (Жұбан) әдепкі пәлсафа оған «тіл» бітірген… Өте ерте балаңша шағынан өлең жазыпты. Он жасар ұлдың табиғаты нәзік, сәл сылбырлау, ұяң. Алайда өлеңдерінде ішкі қимыл, шәлкем-шәліс ширақтық басым. Тым тұңғиық әйтпесе… Ақырын жұқалап айтысында: Рамазан көп өлеңін Эрнест Хемингуэйшелеп отқа жағып жіберген бір кеште! «…Өлген күнге бағыштап, гүл қоямын, Көше шамы сіңіріп түн бояуын. Темекіні тезірек тұтатып ап, көше кезіп келемін, мұңға оянып…». Күннің батуы – оған өлім!? Чилидің даңқты ақыны Пабло Неруда (Pablo Neruda 1904-1973) жас кезінен сондай момындау өскен. Психологиялық мұң мен қиялдан шыға алмаған өлездігінің «жемісі». «Үмітсіздік толғауы» деген ұзын мұңлы жыры оны жарыққа сүйресе керек. Сталиннің атындағы сыйлыққа Иосиф Виссарионович өлген жылы (1953) ие болған. Соңынан Чили депутаты, өлерінен жыл жарым бұрын Нобель (1971) сыйлығына әрең үлгерген ақын. Оны бізде Әділбек Абайділданов, Бекділдә Алдамжаровтар аударған. Алайда «Жүректің төрт мезгілі» кітабын Фариза Оңғарсынова керемет аударған-ды. Санадан тыс өлім шақыру – өресіздіктің белгісі емес, жадыдағы бір төкпелі құбылыс. Рамазан бірнеше ірі өлең ұсынды. Алайда өзінде өзге біреулердей өрескел «өңештеушілік» болмаған соң барақат, қанағатпен қала берген тәрізді. Рамазанды оқу керек екен! Мысалы: «…Қар барқыт бұлт­тар ұсынып, Жердің көзі – аспанға, Моншақ-моншақ тамшысын ұшырып, Ғаламға құлап әр күндер. Мен мұң ішем тамшы толтырып алақаныма. Кермек-кермек ой жұтып, миымның қан тамырларында…». Тым сирек мүсіндеу һәм кейіптеу.

Сағымға сіңген…

Әсел Кәрібай деген ақын қыз – «…Тицианның барлық бояуын жұтып…» жүрген секілді. Тициано Вечеллио бояулары табиғатқа тартылыстай тартып сіңіретінін айтпақ. Айтады да тым алысқа лақтырылады… Мүмкін бұл да қызықты пайым. Өлең деген – ең сірі бояулардың жұғынынан да қымбат, анық құбылыстарды көрсете алатын тірі бояуландырылған бояулар. Көкжиекке сіңудің ғайыптамасын қаншама ақындар жүрек қанымен қаншама мәрте қалам ұшымен сызған… Көне аңыз әпсанада Аңырбақи (anarbah) тәңірі туралы шығады. Күллі табиғат сұлуықтың сұқтанушысы мағынасында. Соны Әсел: «…Кеудеме көк сеңгір тауларды көшіріп, көзіме көк барқыт теңізді көшіріп, басымнан қарағай өсіп шығардай, ернімнен бөртегүл өсіп шығардай – өзім-ақ, Көктемге айналармын…». Ақын қыз ішкі кінәмімен осылай һәм өңге. Әсел: Ай «…жанарыннан жұлдыздар ағып…» өзіне маза бермей жаза береді осылай!

Сезімге бай…

Сезім Мерген­байдың өлеңдеріне сіңген бір ерекше сезім бар. Сезініс болуы да мүмкін. Қазақта «жер кіндік» деген ұғым бар. Оны «жатыр түп» (кіндік) (сакральное мес­то) деп атауы – ертеден қолданылған кеп. Солай «кіндікті» айналған жырлардың ақеспе түрі – Сезімде. Мысалы: «…Мен сені аяйын, Көз құрсағыңнан үзілген жасқа, Өз төсімді әкеп жаяйын. Жолымды тосып өкіріп тұрған, Автобустарға отырмай. Тротуарларды аяқ ізіме бояйын…». Мұндағы болмашы сезіністің кілті – «көз құрсағынан» туа алмай ілініп тұған көз жасы. Соңғы бояудың әсері оқырманда ғана қалады. Ешкім ойламаған тосын теңеулерді түзбелеу – хас ақында ғана болатын құбылыс. Ақын санасындағы ілгірлікті шөкім милары темір қалбырдағы сасық шпротқа айналған мат академиктің сүреңді уызынан жари алмаған сүмеңдер түк шеше алмаса керек. Ақынды уақыты сыйлайды. Сезім: «… Уа, уақыт! Ілесе алмай саған қалып кетсем ғой. Болып кетсем ғой беймәлім… Жалған жатырын жарып кетсем ғой. Бақұл боп кеткен ойларым…» Кезінде Өтежан Нұрғалиев марқұм аударған Роберт Бернстің (Robert Burns 1759-1796) мұңдары бар еді. Ұмытпасам. «Мен өліп жатырмын…» деген өлеңі болу керек. Мұндай небәрі 37 жасқа ғана келгенде қыршын кеткен ақындардың сезімге өртенген от­ты жырлары аз емес.

Өрімі мейлінше өзгеше…

Айдана Қайсарбек жас ақын – жасыл түстілердің ортасында жүр жасыл ғұмырда. «…Жасанды жарықтың саңырау сәулесі, Жалаған рельстің жылтыры көзде ойнап…». Осы секілді ой түзімдеу әзірше қат жаңалық. Табиғи жарық пен саңылаудың «тірі» екенін сезінесің… Эзра Паунд (Ezra Weston Loomis Pound 1882-1972) – ең нәзік кескіндеулердің шебері. Бастапқыда байырғы Еуропалық батыс тынысымен, соңынан Таң дәуіріндегі көнеқытайлық поэзияға қызыққан. Айдананың айдынында да осы сүгірет­терге де ұқсастығы бар. «…Сенімдер, келіңдер, өлім бар, көріңдер, Беріңдер бір жауап сұраққа мидағы. Қинады деме сен, ішіме сыймады. Ол ол ма?! Жазықсыз тағдырды жаныма жинады. Солар ғой… өлімге қимады…». Жариялы түрде орнықты формат­та, әлде нешінші планда көріну әдісін меңгерген ақын өз айдынында тұрғыластарымен бірге: «өз биігінде» (Т.Айбергенов) ұшып келеді. Алайда поэзиядағы шарықтау­лардың түгелі бірі екіншісіне ұқсай береді деген сөз емес бұл.

Тәңірмен тілдес

Жұлдыз Молдағали – ақын қыз. Шексіз шырқауларға ынтыққан бейсаналы қоңыр. Қобыздың қыл бұрауынан бұрқанған зың. Кейде тіптен шарықтап жүреді. Кейде одан да бетер күй секілді әуезді ғазалмен «сөйлейді». Ол: «…кейде, күлетінім бар айқайлап, жылайтыным бар еңіреп. Әлем ұсқынсыз. Айнала сондай меңіреу. Мен сүретін планетаның неге Көгі жоқ, неге тағдырдан қасірет шегем көбірек?!». Жұмыр жер секілді – жүрегі қаншама жүкті еңсеретіндей… Құдаймен тілдесудің бір түстігі мен шын түстігі – өлеңде ғана секілді!? Жалған дүниенің күнәларын тек қана ақын аманатынан оқуға болатындай. Иә… Күнә мен кісілік кінадан арылудың бейүлгісі осы бір шумақтарда ілулі тұрғандай. Орыстың эмигрант ақын қызы атақты Блох, Раиса Ноевна (1899-1943) Освенцим концлагерь төрінде ащы мұңлы жырлар жазған. Жазатайым жапа шеккен жанның жан дүниесі бүкіл оқырманға лезде жеткені бар. Салыстырмалы түрде бүгінгі зәузат­ты азат­тықтағы ақын қыз Жұлдыздың ұсынғаны да күңгірлеу күй секілді. Мархабат ендеше: «…алты құрлықтың аспайтынын-ай өкшемнен, мен адамдарды көп алдағанмын, көп сенгем! Өз құдайым ғой қуанып алғыс айтсам да, Өз құдайым ғой өкпелей салып сөксем де…». Жұлдызға құрлықаралық поэзияны қазақтың баба тәңірі берген шығар.

Қыраулы тыраулар…

Құндыз Тасқын­бек деген жас ақынның өлеңдері өз бояуымен өзгеше. Бұйығылығы мен формасы да нақты әрі еркіндеу. Ішкерілей құрылған, әдейі енгізілген цитатақұмарлығы жоқ. Құндыз: «Сен ұйықтап жатып оян­бай қалудан қорқасың, Мен ұйықтап жатып оянып кетуден қорқамын…». Америкалық ақын Эмили Дикинсон (Emily Elizabeth Dickinson1830-1886) өлім мен мәңгілік өмір туралы жазды. Тіпті елеусіз қалған тұл кездерінің түгелі бұ дүниеде өт­ті де, 1886 жылы сіңілісінің ұқыптылығымен бүткіл құрлықта түрені күшейе түскен. Құндыз поэзия алаңында әлі де «тұрақты» жаза алатын талант секілді. «…Сөніп бара жатқандай көзімдегі от, Пионаны сыйлап ең, өңімде жоқ…», «Сенен артық білсең ғой тереземді, Еш себепсіз қағатын тамшылар-ым!»… Шіркеулер, мазарлардан естілетін аза жыры мен мешіт­тердегі азан үні секілді күңіреулі жырларға әуес ақындар молайып барады. Бірақ уақыт өткеннен кейін немесе сағат­тар тоқтағаннан кейін өмір сүретін трактат­тар яки ғазалдар әлі – «тірі». Ол солай жырлайды: «…Өкінішпен өрген өңсіз өлеңін, Оқып жатып жасырады өлі өңін», «…Мықтылардың қатарында нақ әлсіз, Күнелтеді мекені жоқ, қамалсыз. Уақыт та тоқтап қалған, сағат та, Бәрі өлген, сен-тірісің, ажалсыз!», «…Маңдайыңа жазылғанда жаза зіл, Қарқылдайды қарға мұңды әзәзіл! Мазар жыры шығар бәлкім оқылған, Қиямет­те тұтылатын аза бұл!». Бергісі: Көнедегі «Париж – құдай ана ғибадатханасы» секілді керемет туындыны жүрегімен оқи алатын жазарлардан ғана мұндай оқыс өрімдер тууы мүмкін дейік. 

Өкінішке көмілген…

«Мәдениет порталына» – Қарлыға деген қыздың топтамасы жария етілді. Виктор Гюгоның (Victor Marie Hugо 1802-1885) «Жалғыздық» тақырыбы ойға келеді. Жалғыздықтың жалғыз сүйенері – түс көру! «…Артында дүлей теңіз, алдында түнекті құрлық, үстінде тұманды Көк, жұлдызсыз үрейлі кеңіс…». Меніңше жалғыздықтан оқтай ой-сөздер жауа­ды. Жан дүниеңді жаңғыртатын да «жалғыздықтан туатын» – жалбыз секілді ойлар! Ал ақын Қарлыға мүлдемге өзгеше шырқыратады. Қарлыға қат­ты кетеді: «…жарала қоймаған өмірлер, түбі жоқ аспандар жасаурар, қағаздан жасалған кебіндер…» немесе: «… Жазулы қылмыс пешенем, түнеріп күз кеп, ауламда жүрмін мен әлі… түнерулі із көп. Жыртып ап аулақ лақтырылған өлеңдеріммен, өкінішке көмілген жүрегімді іздеп…» немесе: «…Мен айтпайтын болғамын жалғыздығымды, байлап алғамын жаныма бар күзгі мұңды. Қартайып жатса да кеселеп қан сіміретін, Жер шары дейтін сүйемін жалғыз жұмырды…». Бөлекше саф, тау самалды, изен иісті табиғи бұлқыныстың лебі еседі. Енді ше, қырағы оқырман ләйім саналы падишаһылары не дейді бұған?

Ендігіге еге…

Мұхтар Күміс­бек ақынның екі өлеңі көк тастың өзегін қақ жарып уыз иісі еңкіп тұрғандай… Ежелгі гректік әнұран ұстынына ұқсас дегенмен құдайдың құдірет­ті мадағындай әуезді дифирамб секілді кейіптеу. «Тұман тауы» –
«…Таулардың заңғар болуы шарт па?! Өмірдің өзі өлшесін. Қарағай өспей қорулы баққа, қар басып жатыр еңсесін…»!? Оның аяқталуы да ересен, жинақы, мығым әрі бояулы сүгіретпен тәмамдалады. Отан және туған жер туралы жырлар кө-ө-өп қазақта. Оның бәрі сәт­ті болмаса керек. «Отан» – қарапайым байрақ жалаулы жыр, тірі алау есебінде. Мінеки: «…Сен жайлы не дей алам, Әуеден төмен түскен медиана. Сен барда бай боздауық, жомарт жұтаң, Көңілшек келеді екен кедей адам. Отан. О, баста Құдайға анық. Бозторғай босағамды шыр айналып, Бозінген ботасына ертек айтып, Бақасы батпағыңда жүр лайланып. Отан. Осы сөз ең дұрысы, Сен бар да қоңды тұяқ, өңді кісі. Бабалардың қанында бұрынғысы, Баласының қолында ендігісі…». Өзге не деу керектігін әзірше білмеймін… Жасыл түстілердің жасын түскендей жырлары мінеки! Адамзат қоғамында адамдар арасына өлшеусіз құндылықтарды ұсынған сөз өнері – тек қана поэзия екеніне осыдан соң көз жеткізсек!

 

 

 

Сұраған РАХМЕТҰЛЫ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір