Саурық батыр бекініс-қамалын білеміз бе?
19.07.2024
52
0

Міне, бір жылдан астам уақыттан бері «Сүйінбай ақын ізімен» атты тарихи-танымдық ғылыми-зерттеу экспедициясы бірнеше сапарларға шығып, игілікті істер атқарып келеді.
Жақында «Сүйінбай жырлаған Сау­рық батыр» деген тақырыппен өткен бұл экспедиция ауқымды жұмыстар атқарды. Белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нағашыбек Қапалбекұлы, филология ғылымдарының докторы Қансейіт Әбдезұлы, ҚазҰУ-дың тарих факультетінің деканы, тарих ғылымының докторы Досбол Байқонақов, академик, тарих ғылымының докторы Берекет Кәрібаев, этногроф, тарих ғылымының докторы Ахмет Тоқтабай және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысқан экспедиция мүшелері алдымен Ұзынағаш ауылы жанындағы биік жотаға орналасқан Сұраншы, Саурық батырларға қойылған ескерткіш басына барып тәу етті. Онда Сүйінбай музейінің меңгерушісі Аяжан Садуақасова бүгінгі шараның мәні мен мақсаты жөнінде айтып, Сүйінбай жырларын оқып берді.
Саурық батыр ауылы жанындағы Сау­рық батыр кесенесінде құран оқылып, өзара пікір алмасты. Саурық батыр ұрпағы Смет Бәкіров, тарихшы- ғалым Ахмет Тоқтабай және басқалар бұл батыр жайлы қызғылықты деректі әңгімелер айтты.
Осы ауылдың тау жақ іргесіндегі Саурық батыр бекініс-қамалын көп адам біле бермейді. Ені мен ұзындығы жетпіс бес метр болатын бұл бекініске Саурық батыр дәуірінде сарбаздардың қару-жарақ, азық-түліктері сақталатын орны болған. Ғалымдар бекініс алқабын аралап, өлшеп, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Археолог-ғалым Досбол Байқонақов бұл бекініске археологиялық зерттеу жүргізілсе жаңа тың деректер табылатынын айтты. Академик Берекет Кәрібаев қазақ тарихының хандығындағы батырлар рөлі жайлы кеңінен әңгімелеп берді.
Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас бұл шараға арнайы қатысушыларға алғысын айтып, зерттеу, зерделеу ісіне барынша қолдау білдіретінін жеткізді.
Жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы Саурық батыр бекініс-қамалын ғалымдар қауымы тарихи-археологиялық жағынан жан-жақты зерттеу керектігіне тоқталды.
Сондай-ақ, осы қамалды қайта жаңғыртып, бұрынғы қалпына келтіру жөніндегі бүгінгі экспедиция мүшелерінің ұсынысы өте орынды деп атап көрсетті. Бұл болашақ ұрпақты ерлікке, тарихымызды тануға, елжандылыққа тәрбиелейтін көрнекі орын болар еді.
Ұрпақтары Саурық батыр жайлы шыққан кітаптар мен деректерді экспедиция қатысушыларына таратып, батыр бабаларының ерлікке, өрлікке толы өмірі жайлы көптеген тың деректер айтып берді.

Ерлан Мәженов

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір